Этика. Құндылықтар философиясы Аксиология (грек, axios — құнды, logos — ілім) — құндылықтардың табиғаты, олардың әлеуметтік шындықта аталған орны және құндылық әлемінің құрылымы туралы философиялық ілім. Аксиологияның негізгі мәселесі — «Игілік деген не?» деген сұрақты алғашқы болып Сократ қойған. Платон философиясыңда құндылықтар жалпы ізгілікпен байланыстырылып, әмбебапты мәнге ие болды. Мәдениеттануда құндылықтар мәселесі ерекше орын алады, өйткені, мәдениет адамзат жасаған барлық құндылықтардың жиынтығы деген түсінік кең тараған. Құндылықтардың болмыстық жалпы мәнін ашуға бағытталған Аксиологияның философиялық қырынан, оның мәдениеттанулық өлшемі өзгеше болып келеді. Аксиология әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін, мәдени құндылықтардың қалыптасуын, нақтылы даму тектерін және бағдарларын айқындайтын білімдердің нақтылы-тарихи жүйесі ретінде көрініс тапты. Бұл әсіресе тарихи мәдениеттануда анық байқалды. Мәдениет — адамдық қарым-қатынастарды реттеудің маңызды тұлғалық әлеуметтік тетігі, ал құндылық — норма, үлгі, мұраттармен қатар осындай реттеу жүйесінің шешуші элементі екендігі белгілі. Сол себепті Аксиология әлеуметтік-мәдени талдаудың маңызды құралына жатады. Қазіргі мәдениеттануда құндылықтардың тарихтан тыс әмбебапты жүйелерінен бас тартып, тарихи әдістеме арқылы тең құқықты құндылықтар жүйелерінің молдығына негізделген мәдени-тарихи релятивизм мектебі (Дильтей, Шпенглер, Тойнби, Сорокин, т.б.) қалыптасты. Салыстырмалы мәдени зерттеулердің дамуы нәтижесінде кез келген мәдениет құрылымының, басымдылықтарының және мазмұнының салыстырмалылығы туралы идеялар (Боас, Риверс, Бенедикт) өрістеді. Сонымен қоса, Аксиологиялық плюрализм концепцияларының тарауы бұрынғы жалпы құндылықтар ілімінің негіздерін шайқалтып, олардың құрамына нақтылы тарихи-мәдени контекст енгізді. Қалыптар мен құндылықтар әрбір мәдениетке өзіндік сипатымен айқындалғандықтан, бүкіл адамзатқа бірдей тұжырымдалған мәдениет кодексін ұсыну мүмкін емес. Алайда, жалпы қоғамдық ынтымақтастық, үйлесімдік пен келісімді де бекерге шығаруға болмайды, яғни, тұлға үшін ортақ мақсаттар да қажет (Клахкон). Аксиологиялық зерттеудің маңызды жақтарына психоанализ (Әсіре-Мен, Құндылық архетиптерін талдау — К.Юнг), құндылықтар сұхбаты (М.Бахтин), т.б. жатады.
Құндылықтар проблемасын зерттейтін ілім аксиология (ахіа – құндылық және logos – ілім, сөз)деп аталады. Ол – құндылықтар теориясы болып табылады. Аксиология құндылықтар табиғатыы, олардың реалдықтағы орны және құндылық әлемінің құрылысы, немесе түрліше құндықтардың өзара әлеуметтік және мәдени факторлармен, жеке тұлғаның құрылысымен байланысы туралы философиялық ілім. Ең кең мәнінде құндылықтар проблемасы мәдени дәстүрлер мен қоғамның идеологиялық негіздерінің құнсыздану дәуірінде шарасыз пайда болды.
Философия ғылымының дербес саласы ретінде аксиология болмыс ұғымы реальдық және адам қалаулары мен ұмтылыстарының объектісі ретіндегі құндықтар болып екі элементке бөлінгенде пайда болады. Антикалық және орта ғасырлық философияда құндылықтар (этико – эстетикалық жәнне діни) сипаттамалары реальдықтын, ақиқат болмыстың өз ұғымына кірістірілген еді.
Кәсіби философияда құндылықтар туралы ілім аксиология деп аталады және өзінің бастауын жүзеге асқан құндылық – пайдалылықты игілік деп қарастырған ежелгі гректерден алады. Батыстық философияның тарихында бірқатар аксиологиялық теориялар белгілі: натуралистік психологизм (Мейнонг, Перри, Дьюи), трансцендентализм (Виндельбандт, Риккерт), персоналды онтологизм (Шелер, Гартман), мәдени-тарихи релятивизм (Ницше, Дильтей), социологизм (Вебер, Парсонс, Толкотт).
Жалпы құндылық термині еуропалық рационалдық философия мен христиандық моральдың іргелі ұғымдарын теріске шығарған XIX ғасырдағы неміс ойшылы Фридрих Ницшенің атақты «Билікке деген ерік» атты трактатында «құндылықтарды қайта бағалау» қажеттігін афористік тұрғыда негіздегенінен кейін кең қолданысқа түсті. Сөйтіп батыс еуропалық философияның негізгі тақырыбының біріне айналып, танымның барлық салаларында пайдаланыла бастады.
Құндылықтардың көптеген жүйесі мен жіктеу түрлері бар. Олардың жоғарыда аталған діни, философиялық, моральдық, эстетикалық және экономикалық түрлерінен өзге, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, саяси, қаржылық, экологиялық және тағы басқа түрлері аталады. Құндылықтарды материалдық және рухани, жеке және ұжымдық, адамзаттық және ұлттық, дәстүрлі және қазіргі заманғы және басқаша да жіктей беруге болады. Әрбір тарихи нақты қоғамдық құрылым өзіне тән құндылықтар жиынтығымен ажыратылады.
Бұл тұрғыдан алғанда Батыстың Шығыстан, қаланың даладан, көшпенді қоғамның отырықшы қоғамнан, сондай-ақ әрбір ұлттың өзіндік менталитетіне сай айырмашылықтары болады. Сол сияқты адамзаттың дәстүрлі кезеңінде бағаланған нәрселер мен қазіргі заман құндылықтарының арасында да айырмашылықтар бар. Қазіргі құндылықтар белгілі бір әлеуметтік-мәдени қауымның немесе халықаралық қауымдастықтың қандай да бір құндылықтарды насихаттауы барысында қалыптасады. Бүгінгі қоғамдағы жақсы, дұрыс немесе қалаулы деп есептелетін құндылықтар жүйесін жалпы адамзаттық деп атау қабылданған, алайда оның кейбірінің батыстық түбірге ие екендігін ескеру қажет.
Құндылықтар жүйесінің бұл көрінісі қалыпқа немесе нормаға айналып кеткен. Ол қалыптарды әлеуметтік құндылықтарға жатқызуға болады, бірақ норма мен құндылық түсініктерінің айырмасы бар. Құндылықтар – бұл абстрактылы жалпы ұғымдар болса, ал қалыптар – адамдардың әр алуан ахуалдарда ұстанатын ережелір мен ұстындары. Қазіргі қоғамда қалыптасқан құндылықтардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: денсаулық, отбасы мен туыс жақындар, үй мен материалдық игілік, жұмыспен қамтылу және қанағаттану, қоғамдағы әлеуметтік мәртебе мен жағдай, дін мен рухани құндылықтар, білім алу, шығармашылық, демалыс, еркіндік (таңдау мен сөз еркіндігі т.б.), тұрақтылық және басқалары.
Қазіргі заман мен қоғамда адамды ең жоғары құндылық ретінде тану, соған сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, балаларды қорғау, білім мен тәрбиедегі демократиялық принциптерді берік ұстану алдыңғы орынға шығып отыр. Сонымен қатар әр алуан ұлттар, діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі үшін өзара түсіністік, сұхбат пен толеранттылық халықаралық ұйымдар тарапынан насихатталуда. Әрине, мұнан басқа да құндылықтар бар.
Құндылықтарға қатысты әр адамның әр алуан басымдылықтары болады. Сонымен, қорыта айтқанда, құндылықтың басты белгісі оның бойында адамға игі ықпал ететін қасиеттердің болуымен сипатталады. Адамгершілік құндылықтармен айналысатын саланы гуманистік аксиология деп атауға болады. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы адамгершілік, тұлғалық немесе кісілік құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері болды.
Адам мен адамгершілік мәселелері қазақтың ақын-жырауларын да, би-шешендерін де, абыз-әулиелерін де, қараша халықтан бастап ханға дейінгі ақсүйек игі жақсыларын тегіс толғандырған. Батыстағыдай кәсіби философия болмаса да, қазақты тумысынан философ-халық деп бағалауға болады. Оның философиясындағы негізгі тақырып – адам философиясы, кісілік қалыптың өлшемі, не жақсы не жаман төңірегіндегі этикалық мәселелер.