Географиялық сипаттау әдісі – географиядағы ежелгі әдістердің бірі, «жерді сипаттау» ғылымының атауына кіріктірілген. Ол – бақылаулар мен далалық зерттеулердің нәтижесін қорытындылау.
Зерттеушілер нақты нысан, құбылыс, үдеріс туралы географиялық экспедицияның және далалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қажетті ақпаратты жинақтағаннан кейін, оларды жүйелейді және аумақтың толық сипаттамасын құрастырады.
Сипаттамалар бір элементті болуы және бір ғана компонентті қарастыруы мүмкін, мысалы, жер бедерінің сипаты, табиғи-аумақтық кешен немесе жерүсті сулары.
Қазіргі уақытта көптеген сипаттамалар кешендітүрде жүреді, олар аумақтық кешенді толығымен қарастырады: табиғат – халық – шаруашылық.
Сипаттау белгілі талаптар бойынша жасалады.
Ол зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес болуы тиіс, яғни сипаттауға болатынның бәрін сипаттау емес, тек зерттеу жоспары бойынша сипаттау.
Нысанның ерекше маңызды және елеулі белгілері, параметрлері және бейнелері сипатталады.
Сипаттауға алынатын барлық жинақталған ақпарат, нақты санаттар бойынша жүйеленуі немесе бөлінуі тиіс. Бұл нысанның немесе аумақтың құрамын, құрылымын, негізгі сипаттамаларын, олардың арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар географ-ғалымдар: «Географиялық сипаттамалардың сипаттау тілі қызықты болу керек және көркем мәнерліліктің көптеген тәсілдерін қамтуы тиіс», – деп санайды.
Модельдеу әдісі
Модель – бұл зерттеудің таңдап алынған мақсаты үшін неғұрлым маңызды сапасын және қасиеттерін айқындайтын, үдеріс немесе құбылыс туралы қарапайым түсінік беретін, жасанды жолмен құрастырылған нысан. Модельдеу – бұл нысандарды, үдерістерді немесе құбылыстарды зерделеуге және зерттеуге арналған модельдер құрастыру.
Нысан үшін құрастырылатын модель түпнұсқа немесе прототип деп аталады.
Географияда сөздік, картографиялық, құрылымдық, графикалық, математикалық, материалдық деген сияқты негізгі модельдерді айқындауға болады. Сонымен қатар модельдер құрама да болуы мүмкін: математикалық-картографиялық, математикалық-графикалық және басқалар.
Теория зерттеу нәтижелерін қорытындылау формасы, өзара байланысты пайымдаулар мен дәлелдер жүйесі. Ой тұжырымының негізгі екі формасын бөліп көрсетуге болады. Олар пайымдаудың жалпыдан жекеге және жекеден жалпыға қарай жолын қарастырады және дедукция мен индукция деп аталады. Оларға кейбір қасиеттердегі, белгілердегі, қарым-қатынастардағы заттар мен құбылыстардың ұқсастығын анықтауға болатын ұқсастық әдісі де жатады. Далалық және камералдық (ғылыми өңдеу) зерттеулердің деректерін жүйелеу және талдау, оларды модельдерде және карталарда бейнелеу нәтижелері бойынша зерттеушілер нысанның, құбылыстың және үдерістің даму ерекшеліктері мен заңдылықтары туралы жалпы қорытынды жасайды. Осындай қорытынды теория болып шығады.