Азаматтық лирика-лирикалық поэзияның заман жайын,әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы.
Ақын - поэзиялық туынды, өлен, жыр - дастандарды ауызша немесе жазбаша айтып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері.
Альбомдық лирика- орта ғасырдағы француз поэзиясының лирикалық жанры.Бұл жанырға жататын өлеңдерге тән басты қасиет-сыршылдық,нәзік сезімге берілу.Бұл қасиет оңаша, өзімен өзі болып отырып сыр шерту,көлденең адамға білдірмейтін ішкі сезімді,жүрек сырын қағазға жазудан келіп шыққан.
Арнау- әдеби шығарма басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиға байланысты екенін көрсететін, көбінесе өлең түрінде келетін автор сөзі.
Әдеби қаһарман-әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға.Әдеби қаһармандар шығармада өзіне тән рухани және қоғамдық жүк көтереді.
Әдеби процесс-көркемдік дүниенің қозғалысы мен дамуын зерттейтін методологиялық әдіс.
Әдеби сын-көркем шығармаларды талдап,баға беріп,олардың идеялық-көркемдік мәнін,әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы.
Әңгіме-оқиғаны баяндап айтуға негізделетін,қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма.
Драма-(грекше drama-қимыл- әрекет )-сахнаға арналған,уақиғаны,оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін,көңіл күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығарма.
Жанр-әдеби шығармалардың жеке түрлері,көркем әдебиеттің салалары.
Повесть–оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма,эпикалық жанрдың орташа түрі.
Реализм(латынша. realis–заттылық,шындық)-әдебиет пен өнердегі кең қанат жайған,өмір құбылыстарын бар қалпында, нақтылық сипат–белгілерін сақтай отырып, жинақтап, тұжырымдап, шыншылдықпен бейнелеуді мақсат ететін көркемдік әдіс.
Роман –сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік кешкен орта ауқымында, жан–жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма.
Символ–әдебиетте ойды астарлап,басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне.
Стиль-жазушының өмір шындығын танып–білу,сезіну қабілетін,бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға–бітімін танытатын даралық өзгешелігі,жазу мәнері, қолтаңбасы.
Тақпақ-қазақ өмірінде шешендік дәстүрмен байланысты туған өткір нақыл-ғибраттылық, мәнерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасы.
Тақырып-Әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы,айтылатын жай–жағдайлардың бағыт–бағдары.
Тарихи шындық–өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар,өмір сүрген тұлғалар арқау болады.
Трагедия–сахнаға арналып жазылатын әдеби шығармалардың,яғни драмалық жанрдың бір түрі.
Трилогия-мазмұн–мағынасы,сюжеті жағынан бір–бірімен тығыз байланысты,негізгі кейіпкерлері ортақ келетін,өзара жалғасып,тұтасып жатқан үш шығарма.