ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының саяси көзқарастары, ойлары
Қазақ халқының рухани мұрасы да саяси ой-пікірлерге бай. Оның ішінде ең шоқтығы биігі ислам фәлсафасының негізін салушылардың бірі - біздің қандас бабамыз ұлы ойшыл әл-Фараби. Әл Фарабидың ойынша қоғамдағы барлық қиыншылықты жеңетін, бақытқа жеткізетін - ақыл-парасат, адамның ақыл-ойы. Сондықтан адам аянбай, тынбай ғылымды, білімді игеруі керек.
Әл-Фараби басқаруды қайырлы және қайырсыз етіп екіге бөледі. Қайырлы, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Оның айтуында, адам бақытты болуға лайықты, сол бақытын ол табуға тиіс. Оған өзінің іс-әрекетінің, жұмысының, тынымсыз ізденуі мен оқу-үйрену нәтижесінде жетуге болады.
Жүсіп Хасхаджиб Баласағүни (1021-1075) - аты әлемге әйгілі ақын, фәлсафашы, қоғам қайраткері болған. "Құтад-ғубілікте" мемлекетті орталықтандыру, оның бірлігі, мемлекетті басқару мәселелеріне басым көңіл бөлінген. Ол - тек саяси трактат қана емес, онда өмірдің мән-мағынасына, адамның тағдыры, оның қоғамдағы орны мен рөлі, халықтың мінез-құлқы, салт-санасы, әдет-ғұрпы және т.с.с. туралы көзқарастар жинақталған үлкен шығарма. Ол шындыққа, бақытқа жетудің адамгершілік жолдарын іздейді. Әділет, ақыл, рақымдылықты жырлайды. Өмірде әділ заңды, еркіндікті аңсайды.
Қазақ халқының ірі ойшылдарының біріне Қожа Ахмет Йассауи (1093-1157) жатады. Оның басты шығармасы "Диуани Хикмет" ("Даналық кітабы").
"Ей, мұсылман, тағат қылсаң, танбағын,
Ш.Ғазиз жаның - аманаты Алланың.
Харамдықпен, ұқ, жиганмал - жалғанын,
арышатты жылан қылар малыңды, - деп дүниеқорлық, байлық соңына түспеуді, арамдықпен мал жимауды уағыздайды, парақор әкімдердің о дүниеде тартар жазасын естеріне салады.
Жәңгірдің баласы Тәуке хан 1680 жылы таққа отырғанда қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жөне экономикалық жағдайы ауыр еді. Рубасылар, сұлтандар өзінше бөлек билегісі келді. Орта Азия билеушілерімен қарым-қатынас тұрақсыз еді. Мұның бәрі қазақ мемлекеттігінің тұтастығына, сыртқы шапқыншылықтан қорғануға нұқсан келтірді. Сондықтан хандық өкімет билігінің беделін көтеріп, ақсүйектердің бөлініп, оқшаулануын тоқтату, халықты біріктіру үшін Тәуке хан "Жеті жарғы" деп аталған қазақ әдет-ғұрып заңдарының жиынтығын жасатты.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында саяси идеология ретінде ағартушылық кең өріс алды. Орта Азияның, Қазақстанның, Батыс Қытайдың тарихы мен мәдениетін зерттеуші Шоқан Уәлиханов (1835-1865). Шоқан өз өмірінің негізгі мақсаты - халыққа қызметету, оның мақсат-мүддесін патша шенеуніктері мен жергілікті байлардың зорлық-зомбылығынан қорғау, қолынан келгенше оның рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді. Шоқан Азия мен Қазақстан жағдайында халықты аяусыз қанап, соның нәтижесінде билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе - олардың қолындағы шексіз билік деп ұқты. Сондықтан халықты қанаудан құтқару үшін бай-манаптардың билігін жою немесе тым болмаса олардың саяси үстемдігін шектеп, бұқара халықтың демократиялық құқығы мен бостандығын кеңейтпек болды. Жалпы, ол билікті халықтың еркімен шектеуді дұрыс деп санады.
Бұл кезде қазақ халқынан шыққан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) де өмір сүрді. Ол халықты дүниеге "дұрыс көзқараспен" қарауға тәрбиелеуді өзінің негізгі мақсаты етіп қойды. Тек білім, ағартушылық қана бұқара халықты билеп-төстеушілердің қысым-қыспағынан қүтқара алады деп, барлық күш-жігерін олардың білімін көтеруге арнады.
Ыбырай қазақ қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Сондықтан ол 1887 жылы Ырғызда 20 орындық интернат және қазақ қыздарына арнайы мектеп ашты. Ол мектептердің мақсаты қазақ жастарын жоғары адамгершілік рухында тәрбиелеу деп ұқты.
Бұл кезде қазақтың кемеңгер данасы,заңғар ақыны, асқан ағартушысы, жазба әдебиетіміздің негізін салушы Абай Құнанбаев (1845-1904)-та өмір сүрген еді. Абай қазақ даласында барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болды. Ол адамды "ақыл, білім, ерік" жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрестік дамуын аңсады.
XX ғасырдың басында пайда болған алғашқы зиялылар тобы да зор ықпал етті. Оларға: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Бақытжан Қаратаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар және басқалар жатады. Олар Ресейдің отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын басқарып, қазақ халқының ұлттық бірлесуін мұрат етті. Олар қазақ елінің өзін-өзі басқару, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, адам құқықтары мен бостандықтарын сыйлау, демократиялық принциптерді қазақ жеріне кіргізуді мақсат етті. Алаштың білімді де білікті асыл азаматтары қызыл империяның құрбаны болып кетті. Бірақ олардың ісі, саяси мұраты өлген жоқ.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
(Ш. Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы, 1995, 127-бет)
(М. Әуезов. Шығармалар. Ал- маты, 1969, 12-том, 295-бет).
(Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. А., 1972, 305-б.).
Достарыңызбен бөлісу: |