ІЛИЯС-САТИРИК
Иманғазинов М.М., ф.ғ.д., профессор,
Нұрдыбек М., ф.ғ.м.
Салямхан Н.С. студент
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қ.
Мақалада Ілияс Жансүгіровтің негізгі сатиралық еңбектері талданады. Сонымен
қатар, Қазақстандағы сатира мен юмордың тарихы және ондағы жанрға жазушының
қосқан үлесі қаралған.
В статье рассматривается основные вехи сатирических произведении Ильяса
Жансугурова. Также в нем заложен история возникновения сатиры и юмора в
Казахстане, и его вклад писателя в этом жанре.
The article examines the main milestones satirical works Ilyas Zhansugurov. It also laid
the history of the emergence of satire and humor in Kazakhstan, and its contribution to the
writer in this genre.
Кілт сөздер: сатира, юмор, эпиграмма, антика, эзоп, седр.
Ілияс Жансүгіров саналы өмірінің творчествосымен айналысқан кезеңінде прозада,
сатира жанрынада бір сәтке де қалам суытпағандығына оның жүздеген айшықты
шығармалары дәлел бола алады. Өзінің осы жазып кеткен туындыларына сәйкес әдебиет
зерттеушілері мен сыншылары оны қазақтың профессионалды прозасының, сатирасының
бастауындағы белгілі қаламгер қатарына жатқызуы тегін емес-ті. Бұл жанрда жазылған
туындыларында халық өмірінің талай белестері анық көрсетілген.
Ал жазба әдебиетіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ сатирасы
бұрынғыдан
гөрі
ажарлана
түсті.
Өйткені,
жоғарыда
айтылған
әдебиет
реформаторларының арасында сатира мен юмордың игі дәстүрлерін жалғастырушы Абай
қосылып, бұл жанрдың идеялық-көркемдік аясы ұлғайып, жаңаша жазу, жаңаша ойлау
екпіні күшейді. Осы аталған сатира майданындағы тамаша сөз зергерлерінің өмір
белестері мен шығармаларына зер сала қараса, олардың бәрі де жас шағында әр нәрседен
әсер алып, еліктеп, үйреніп, табиғи дарынын ширықтырып, үнемі даму үстінде
болғандығын байқаймыз. Бұл әр адам басында болатын табиғи құбылысты Ілияс та
басынан кешірген. Осы кезеңдегі өмір туралы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық
көрген «Біздің Ілияс» атты кітабында Құсайын Шөкенов түрлі фактілер келтіреді. Кітап
иесі Ілияспен өзінің жас шағы мен балалық балғын сәттерін бірге өткізген. Олардың
әкелері Жансүгір мен Шөкен бір атадан тарайды. Ілиястың жас кезінде-ақ күлкі-әжуаға,
қалжың, қағытпаға әуес болғандығы, аяқ астынан кез болған қандай да бір қас қағым сәтті
ретіне қарай күлкіге, жеңіл юморға айналдырып әкетуі, сонымен бірге бір жерде естіген
қызғылықты оқиғаны дәміне келтіре айтып, айналасын көңілдендіріп отыруы оның
әдетіне айналғандығы туралы айтылады. Бұл әдет тіпті есейіп, үлкен жазушы болған сәтте
де жас шағындағы «сүйекке сіңген әдетіне басып», көңіл-күйді бір сәтке болса да
желпіндіріп отыратын мінезін профессор Бейсембай Кенжебаев былай деп есіне алады.
«Ілияс аз сөйлейтін, бірақ қу тілді болатын. Сөйлегенде сөзді тауып, ақылды, дәлелді,
жүйелі, жатық, өткір, көп ретте күлкілі етіп сөйлейтін. Күлдіргі, мысқыл әжуа әңгімелерді
әрі көп білетін, әрі келісті қылып жазатын. Ол қандай қызық, күлдіргі әңгіме айтып, жұрт
қарқылдап күліп жатса да, өзі күлмейтін. Тек үстіңгі ернінің бір бұрышын ерекше бір бүлк
еткізіп қойып отыра беретін. Ілияс тегі ауыр мінезді, сабыр иесі адам еді. Жүріс-тұрысы
байсалды болатын, салмақты, ұстамды сөйлейтін»[1,196 б.] десе, академик М.Қаратаев:
«Ілияс еш уақытта да шешен сөйлемейтін және ондай талабы сезілмейтін де. Дегенмен,
ойлы, дәлелді сөйлеу және арасында жіңішкелеп әзіл-қалжың, қыстырып сөйлеуге шебер
еді» [2,163 б.] - дегендері оның мұндай қасиеті мінезіндегі туа біткен әдеті екендігін
дәлелдейді.
Сөзімізді қуаттау үшін «Азамат ақын» кітабындағы бірді-екілі фактісіне жүгінсек:
Құсайын Шөкенов Ілияспен ойнап жүріп екеуі оңашада былай деп әңгіме айтып береді:
«Ертеде Тұрсын деген қадірлі адамның әйелі өліп, балалары жетім қалғансын, оны халық
үйлендірмекші болады. Өзіне ыңғайлы қыз болса, шағын малын құртып жібермей-ақ
өзіміз көмектесер едік деген қорытындыға келген жұрт қолдарындағы азды-көпті малын
Тұрсынға әкеледі. Болатшы деген кілең шұбар жылқылы байдың әйелі Толпыш бір шұбар
байталды қосады. Бікен еліндегі Балабай деген біреудің бой жетіп отырған қызын
айттырады. Бірақ Балабай қызын беруге асықпай жатып алады. Оның мәнісі – Тұрсынның
замандасы Ахмедиде. Ахмедидің әрі жүйрік, әрі жорға атына Балабай қызығады да, «не
сұраса беремін» деп сол жорғаға жабысады екен, ал ол көнбейді. Енді Балабай «сол боз
жорғаны Ахмеди берсе ғана қызымды шығарамын Тұрсынға» деген соң, бүкіл ел дал
болады. Түптің түбінде досының көңіліне қарап Ахмеди сол боз жорғасын Тұрсын үшін
Балабайға қияды. Тұрсын үйленіп, көңілі жайланған соң қалың малға мал қосып
бергендердің көңілін табуға кіріседі. Той жасап, жасаудан түскен шашағы жерге
сүйретілген түйенің үстіндегі бас кілемді Болатшынң әйелі Толпышқа бөледі. Ал
Ахмедидің ауызға ілінбей қалғанын ұнатпаған жұрт арасында күңкіл сөз шығады. Бір той-
томалақта ел Ахмедиден ән айтуды қалапты, сонда ол былай деп жырлаған екен:
“Базына замандасқа жарасқан да,
Көмбеге жан ұшыра таласқанда.
Озған кім, шабаны кім, қалғаны кім,
Амал не, ажыратпай адасқанға.
Балабай қалап алды жалғыз бозды,
Жалғыз боздан айырылып табан тозды.
Атты, жаяу жалбаңдасып жарысқанда,
Болатшының әйелі Толпыш озды» [3,176 б.]
-деп Ілияс бала кезінде осы жайтты жиі ауызға алып отырады екен. Сонда Ілиясқа
Ахмедидің тоқмейілсіген досы Тұрсынға айтқан жеңіл астар мен күлкі тудырар теңеулері
көңіліне ұнағандықтан, ұзақ уақытқа дейін есіне сақтап жүреді. Одан керек болса, ішкі
ойды астарлата жеткізуді, досының қателігін мойындату үшін, сонымен қатар, ренжітіп
алмауы үшін де қандай сөз пайдалану керектігін үйренеді.
Тағы бірде Құсайын Шөкенов екеуі Сарқанға бірге барғанда Ілиястың тауып
айтқан бір сөзін былай есіне алады: «Сарқанда Рахым молданың үйіне келіп, оның тамақ
жегендегі «ынсаптығын» көреді. Имам тамақ жегенде екі көзі жұмулы болады екен,
шынысын дастарқанға қойып, бір бауырсақты әлденеше рет бөлшек етіп, оған сары май
жағып аузына салғанда көзін бір ашып қояды екен де, көзін қайта жұмып түйенің сүтін
қатқан қызыл күрең шайды ұрттап отырады. Сонда айналадағы жұрт «ынсапты екен,
қасиетіңнен айналайын шариғатты ұстап, нәпсісін тиған ғой» деп таңырқасады. Сонда
Ілияс имамның бұл мінез-құлқын былай деп келеке-мазақ етіп, Құсайынның құлағына
сыбырлайды: « - Әмісе көзін жұмып отыратыны – дүниеге көзім түссе, күнә болады деп
сақтанатын шығар?» [4,16 б.] - дейді, оның үстіне күніне бір семіз қой мен бір тегене
қымыз ішетінін еске алып. Ілияспен бірге өсіп, оқыған Ыбырайым Маманов оның
Қарағаштағы «Мамания» мектебінде білім алып жүргендегі бір сәтін былай деп
баяндайды: «Қарағаш мешітінің имамы Хасен молда «Мамания» медресесінде
оқушыларға дін және құран үйрететін. Хасен молда араб сөзіне тілін орамалмен ұстап
тұрып созатын әдеті бар еді. Соған Ілияс қабырға газетіне екі шумақ мынадай өлең
шығарады:
“Молдекем Тұтқышбайды мазалап тұр,
Тілін созып жылатып жазалап тұр.
Дін үйретіп балаға зорлықпенен,
Баратын жұмақ жолын тазалап тұр.
Тұтқышбай молдекеме бағынып тұр,
Оқудан көңілі қалып, ошағын сағынып тұр.
Молдекең жас баланы аяр емес,
Қызарып екі көзі қағынып тұр”[5,266 б.] -деп Хасен молданы мазақ етіп,
күлкілі образын жасайды. Өзін мазақтаған кімге жақсын, суретті көрген Хасен молда
авторы Ілияс екенін біліп, оны оқудан шығаруға әрекет жасайды, бірақ Есенқұл
Мамановтың (Қарағаштағы «Мамания» мектебінің негізін салушы) араласуымен Ілияс
оқуда қалады» деп есіне алады. Сонымен, Ілиястың жас кезінде, қай отырыста болмасын
айналасын күлкіге толтырып, кез келген жайды ретіне қарай әзіл-қалжың, келемеж,
мазаққа айналдыруы оның әдет-дағдысына айналғанын байқаймыз.
Ел арасында жай айтылған сөзден де күлкілі бір мән-мағына тауып алып, оны
боямаламай-ақ қисынын келтіріп айтып, елді күлдіріп отыруы да – мінезіндегі
қалыптасқан әдет. Мәселен, жанжалдасып қалған екі адамның біреуі ұл баласы жоқ
біреуге «ә, қубас!» десе, екіншісі оның сөзіне шамданып «май бас екенсің ғой?!» деп
дырау қамшымен май басын қан жалатып екі тартқан көрінеді. Мұны Ілияс жас кезінде
жиі айтып күлдіріп отырады екен. Ілиястың жас кезінде сатираға жақын болуын оның
айтыспен байланыстылығынан да іздеу қажет. Олай деуіміздің себебі – Ілияс бозбала,
жігіт шағында айтысқа талай рет түскен жампоз айтыс ақыны болғаны мәлім. Ауылда
өтетін той-думандардан қалмай, өз жанынан өлең шығарып, айтысқа әуес талай жігіт,
қыздармен сөз таластырады, мұны өзі кейінірек былай деп еске алады: «Хат білген соң
өлең оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссасын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін
аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі мен болдым. Жарып той бастап, таңдап
әріптес алып айтысып, «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл
әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті», - дейді.
Ілекең, сөз жоқ, талай ақындармен айтысқа түсті ғой, ал қолдағы бар деректерге
сенсек, оның бұл өнерде өзіндік қолтаңбасы ерекше көңіл қоярлық екенін айтпасқа
болмайды. Айтыс өнеріндегі қазіргі кезде көп мән берілмей жүрген олқылықтар,
салқындық, жіңішкелеп әзіл қыстыру, қапысын тауып жер қақтырып мысын басу,
қажетіне орай кекесін-мысқыл, сатиралық элементтерді шебер пайдалану қасиеттері
Ілияста басым болғанын бірді-екілі көз көрген қариялардың естеліктері жоққа
шығармайды.
Ілияс Жансүгіров Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы болған, өнер
зерттеушісі Бүркеева Алтын өзінің «Көз көрген», «Ақынның үнін тыңдаған» деген зерттеу
мақалаларында 84 жасқа келген Ысқаққызы Айтолықтың 17 жасында Ақсу ауданындағы
Жайпақ деген жерде 23 жасар Ілияспен айтысқандығы құнды дерек келтіреді. Онда Ілекең
«Шилі өзен қамыс-ай» деген халық әнінің әуенмен айтысқандығы, сөзі өткір, салған
мақамы жүрекке тиіп, мейірімді көзқарасы жадында қалып қойғаны туралы айтылады.
Екінші «Ақынның үнін тыңдаған» деген мақалада Ілиясты көрген, тәлімін алған Ақсу
ауданы, «Қаракемер» совхозында Қабдолдаев Жұман өз естелігінде 1935 жылдың қыс
айында ақынның үйіне келгендігі туралы айтады. Аты шыққан ақынды ауыл құшақ жая
қарсы алады. Сол түні және келесі күні Ілияс «Мұңлық-Зарлық», «Еңлік-Кебек жырларын
ерекше ырғақпен әндетіп, түрлі әуенге салып жырлайды. Оның күмбірлеген үні, домбыра
тартуы өте тартымды шығады. 10-15 шақырым жердегі ауылдардан адамдар тойға
жиналады. Үйге ел сыймай кетеді. Солардың ішінде ерекше көзге түскені – Тойымбала
дейтін ұзын бойлы, бота көзді, сұлу келіншек «жас ақынмен айтысамын» деп бірер ауыз
өлеңді тастап-тастап жібереді. Айтысудан тайынатын Ілияс па? Екеуі біраз сөз
таластырады. Ілияс сол кезде асып-саспай, әр сөздің мән-мағынасы, ішкі құпиясы, түп-
төркініне зер сала, ойлап-пішіп, оған дәл жауап қайтарып отырады. Ондағы айтыстың кілт
тоқтап қалуының бір себебі – айтыста әзіл-қалжың айта отырып, енді қыз бен жігіт
арасындағы бір-біріне тиісу, қағыту, сезімге барардан бұрын, өз-өздерін таныстыра келе,
бір рудың елінен екендіктерін білген соң Ілияс «Тойымбала менің қарындасым болып
шықты, енді мен айтыспаймын» деген сөзі итермеші болады. Тойымбала да «Ілияс өз
ағайым екен, енді мен айтысты доғарамын» деп кейін сырғып отырады.
Құсайын Шөкенов өзінің «Біздің Ілияс» деген кітабында «Ілиястың өз аузынан естіген
Борамбектің қызы Әлишамен айтысқандығы туралы бір дерек келтіреді. Онда Ілияс пен
Әлиша арасындағы айтыс та қалжың-қағытпаға ұласып, Ілиястың өткір, ащы сөздеріне
шыдамаған шешесі екеуінің араларына түсіп «сен жеңдің, жол сенікі» деп Ілиясты
арқасынан қағып айтысты тоқтатады. Бұл деректерді нақтылай көрсетіп отыруымыз –
Ілиястың жас кезінде айтысқа түсіп, өзінің бұл жолда да ешкімнен кем түспегендігін,
сонымен қатар, бұл өнері болашақта қаламгердің сатира саласындағы қызметіне мол
септігін тигізгендігі айтылып отыр. Айтыс өнеріндегі сатираға тән көптеген
компоненттердің өлең жолдарында кездесетіндігі туралы айту қажет. Айтыста сатираны
пайдалану дегеніміз - өнер жарысы, сөз сайысы, халықтық эстетика десек те, айтыс
ақындары қарсыласының сағын сындыру мақсатымен бірін-бірі сынап, мысын басып,
әжуа-келеке етіп, мазаққа айналдыру тәсілдерін көп пайдаланады. Сол арқылы мерейі
өсіп, жеңіп шығатындар да аз емес. Бұған дәлел – Біржан мен Сара айтысы. Айтыс үстінде
Сараның осал емес екендігін байқаған Арқаның серісі одан мін таппай, қосылар адамы
Жиенқұлдың түр сипаты, мінез-құлқындағы «ақаулықты» қызға тели отырып, кекесін,
мысқыл, мұқату арқылы Сараның мысын басады. Содан кейін-ақ тасқындаған сөз тартысы
қайғы-мұң, налаға қарай көш түзейді. Біржан мұны түсіне қойып, Сараның қор болып бара
жатқандығын жырға қосып, өнеріне бас иеді де, оны арашаламақ ниетін сездіреді.
Шөжемен айтысқан ақындар да оның ата-тегіне мін тағып, кемтар соқырлыған көрсетіп
«ит соқырсың» деп жеңбек болғанда, дәл табылған қисынды сөз, мысқылға толы мір
оғындай тілі арқылы беттерін қайтарғандығы мәлім. Ол өзінің заманында азулы алты
қарыс Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тазбала сияқты ақындармен айтысқа түсіп, тілінің
ащылығымен, қарымдылығымен көзге түскені әдебиеттен белгілі. Махамбет Өтемісұлы
айтыс ақыны болмаса да, оның өлеңдеріндегі образдылық, алмастай өткірлік, қызу қанды
жігерлілік, айбарлы да найзағайдай сұстылық Ілиястың тек поэзиясы ғана емес, сонымен
бірге шығармаларының сатиралық қарымтасына да өз әсерін тигізгені анық. Бұл жайында
профессор Ханғали Сүйіншәлиев мынадай тамаша пікір айтады: «Махамбет қазақ
поэзиясында қоғамдық күресшіл сананы нығайтып, сын-сықақ сарынын қалыптастырды.
Қазақ сатирасының қоғамдық, әлеуметтік мәнін күшейтті. Сатира жанрының өткір
үлгілерін көрсетіп, кейінгі көп ақындарға көп ұстаздық етті». Бұл сөздері Ілиясқа да
қатысты айтылған. Олай деуімізге негіз – Ілияс өзінің балалық шағында әкесі Жансүгірдің
Махамбеттің, сонымен қатар Біржан – Сараның, Шөженің, Шернияз, Ақан, Базар,
Сүйінбайлардың шығармалары мен жыр-дастандарын, өлеңдерін мұқият жинап, елге
насихат етіп жүргендігінің куәсі болып қана қоймай, оларды оқып, кейін кеңес өкіметі
тұсінда бірқатарларын жарыққа шығарған адамдардың бірі. Бала кезінде оқыған
Махамбеттің өлеңдері әсер еткені сонша, кейін оның туған жеріне арнайы сапарға шығып,
көтеріліске қатысты тарихи орындарда болып, ол жерден баға жетпес құнды материалдар
жинап әкеледі. Соның негізінде «Исатай - Махамбет» пьесасы мен либретто жазады.
Өкінішке орай, бұл туындысын 1937 жылдың дүрбелеңіне қатысты көзінің тірісінде
сахнаға шығара алмады.
Жалпы, Ілиястың шығармаларындағы поэтикасына сатира жанры бойынша ерекше
әсер етіп, оның біртабан қаламгерлік даму дәрежесін көтерген Абай екендігі талассыз.
Оның тұсындағы талай ақын-жазушыларға Абай рухани күш-қуат бергенін әдебиеттану
ғалымы жоққа шығармайды. Бұған негіз – ХХ ғасырдың басында дәстүрлі Абай сатирасы
күш алып өз алдына отау тігу процесі басталып, оның қатары күннен-күнге көбейе түскен.
Бұл процеске білек сыбана қызу кіріскен ақын-жазушылар қатарына С.Торайғыров,
С.Көбеев, осы тұста тек сатиралық шығармалар жазып жүрген С.Төлешев,
А.Тоқмағамбетов, М.Дәулетбаев, Қ.Тайшықов, Б.Сүлеевтермен бірге Ілияс та Абай
дәстүріндегі сатирада қалам тербейді. Ілияс Абайдың творчествосына, оның ішінде
сатиралық мұраларына көп көңіл бөлген. Абай әдебиет ортасына үлкен жаңалық әкелуші
реформатор деп жоғарыда айтқанымыздай, ол қазақ сатирасына елдің сиқын кетіріп,
жайсыздық тудырып жүрген, эстетикалық талғамнан жұрдай адамдардың толық
образдарын жасады. Ілияс сол шығармалардың бірде-біреуін көңілден таса қылмай оқып,
оған үлкен мән беріп, өзінің алғашқы сатиралық шығармаларын да сол тұрғыда жазуға
талпынды. Бұл жөнінде өзі: «1916-1917 жылдан маған жазуға ынта туды. Оған себеп – сол
кездегі қазақ әдебиетінің әсері болды. Абайша бірдемелер (балдырған) жазуға талпынсам
да ештеңе шығара алмадым ғой деймін» [6,196 б.] - дейді.
Ілияс өлеңдерінде адамдардың жат мінездері мен қылықтарын, пысық көрінген
өтірікші жылпостарды, надан ұлық пен би-болыстарды Абайша жырлайды. Мәселен,
«Көңілдің жүргісі» деген өлеңінде:
«Я мақтамай, я боқтамай,
Бәрін дос деп бекер жүр.
Жақын көріп ақтамай,
Алаңдықпен шекті өмір.
Кейде жылан, кейде шоқ,
Кейде ынжық, кейде жоқ,
Кейде жаяу, кейде атты,
Кейде баяу, кейде отты», [7,296 б.]
деп Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңіне еліктеп, бірде өзінше, бірде Абайша салған өрнек
пен нақыштарды қайталайды.
Мырзабек Дүйсенов бұл ойға қатысты мынадай пікір білдіреді: «Қартайдық қайғы
ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңінде Абай өз дәуіріндегі адамдардың, әсіресе қолына
азын-аулақ билік тие бастаған, соқыр кеуде надан ұлықтардың, сұм-сұрқия қулардың,
өтірікші жылпостардың жат мінездерін шеней келіп, «қара қарға сияқты шуласар жұрт», -
дейді. Не кісі сүйер ісі жоқ, не адам қызығар түсі жоқ қара қарға – жағымсыз бейненің
теңеуі. Абай дәуіріндегі әлгіндей сұрқиялар Ілиястың жас бала, жігіт кезінде өмір сүрген.
Солардың Ілияс та Абайша шенеп отырады». Бұл пікір Ілиястың сатиралық шағармалар
жазуды Абайдан үйренді деген ойдың дәлелі болса керек. Ал сатира жанрындағы өлеңнен
прозаға ауысуы бұл – 1920 жылдардың бас кезі. Нақтырақ айтсақ, 1922 жылдың қараша
айында Ілияс оқуға түсіге Алматыға келгенімен, ол талабына қолы жетпеген соң, «Тілші»
газетіне қызметке кірген сәттен басталады. Газет қызметіне араласуы – оның білім
дәрежесіне де үлкен әсер етеді. Ақындық, жазушылық талабы мол болғанымен, оқуы,
білімі таяз болғандықтан, өз бетімен оқу оқып, білімін толықтыруға күш салады.
Сатирадағы проза жанрына ден қоюы осы кезеңнен бастау алады. Өйткені, өзімен қызмет
істейтін тілшілердің көпшілігі жазушылық өнері бар прозаик, сатирик, фельетонистер еді.
Олар сол кездегі газеттегі жанрлардың бірі – фельетонды әркім әр түрлі, бір-бірімен
жарыса, бәсекелесе жазатын. Бұл ахуал Ілиясты да еліктірді. Сол кезде жазғандары тек
«Тілші» газетінде ғана емес, сонымен бірге «Жас Қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты
баспасөз орындарында жарыққа шығады. Жазғандары сол уақытта елімізде жүргізіліп
жатқан науқандық саяси, шаруашылық, ағартушылық жайларды қамтиды. Сатираның
түрлі компоненттерін шебер пайдалана отырып, жаңа дәуірдегі жаңалықты дұрыс түсініп,
бағалай алмай отырғандарды, жаңа істердегі игіліктерге кедергі келтіріп,
бұрмалаушыларға батыл, қарымды қаламын қадайды. Баспасөз қызметінде аз уақыт
істеген кезінде өзінің әріптестерінен жазу техникасын үйрене отырып, тіпті кейде олардан
асып түсерлік дәрежедегі журналист ретінде көзге түседі. Оның жазғандары бірінен-бірі
өтерліктей іргелі де айтары мол құнды материалдарға айналып, қалың көпшіліктің сый-
құрметіне бөленеді. Осы еңбегіне лайық оны 1924 жылы «Тілші» газетінің хатшысы,
кейінірек редакторы етіп тағайындайды. Ілиястың сатиралық тұрғыда жазылған еңбектері
«Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шығатын.
Сықақтарын газет беттеріне, көбінесе, Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа,
Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар
Ілияс Жансүгіров шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр
атау таба білу шеберлігі ерекше екендігін атау қажет. Әр сықақ-әңгімеге жақсы тақырып
қою да оңай шаруа емес. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де, сонымен бірге, тақырып
атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы ғана
оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілияс алдына жан салмайтын.
Айталық, «Құйрықты базар», «Сұрпақбай сұғанақ», «Тәшкендікке тарт», «Пұшық
мұрынға кетік ыдыс», «Жалаңаш жиылыс» және тағы басқа әңгімелер дәл өздерінің аты
айтып тұрғандай, шығарманың қысқа фабуласын айқын танытады. Әрине, бұл да сатирик
жазушының ажырамас асыл қасиеттерінің бірі екендігін айту абзал.
Ілияс Жансүгіровтің бүгінгі күні жарыққа шығып, газет бетін көрген сатиралық
шығармалары елуге жуық. Сол жазғандардың біразы ең алғаш 1933 жылы Семей
қаласында баспадан шыққан очерктер мен әңгімелер жинағына топтастырылған. Оған
«Ташкендікке тарт» сатира әңгімесі, фельетондары «Сөз Қамысбаевқа», «Жарапазан»,
«Сыйға - сый, сыраға - бал», «Жарайсың, Шұлғаубауым», «Қыз көзінше неге замечание
жасайсың?!», «Шалқыбай», «Құйрықты базар», «Алдандық», «Құқ», «Пұшық мұрынға
кетік ыдыс», «Ура», «Жайлаубектің жауыры» және тағы басқа очерктері кірген. 1935
жылы сатиралық шығармалары басқа жанрдағы туындыларынан бөлек «Құқ» деген атпен
Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасынан 123 беттік көлемде жарық
көреді. Жинақта жазушының отызға тарта ең таңдаулы сатиралық туындылары шығып,
қалың оқырман назарына жол тартты. Ілияс ақталғаннан кейін 1961-1964 жылдар
арасында жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелері мен
фельетондары» деген атпен 328 беттік көлемде кітап болып баспадан шығады. 1963 жылы
Темірбек Қожакеевтің құрастыруымен шыққан «Бұл кім өзі?» жинақ кітабында Ілияс
Жансүгіровтің «Сұрпақбай сұғанақ», «Қуыршақ» атты фельетондары жарық көрген. 1995
жылы Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойына орай 1935 жылы шыққан «Құқ»
жинағының нұсқасы қайта өңделіп, «Қайнар» баспасынан жарық көрді. І.Жансүгіров
сатира жанрында басқа ақын-жазушылардың шығармаларын да кеңінен насихаттауға көп
күш салған. Мәселен, 1928 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын
тәмамдап келгеннен соң, жергілікті қазақ ақын-жазушыларының жазғандарының ішінен
күлкі, әжуаға, мысқылға икемі бар қаламгерлердің өлеңдерін топтастырып, 1929 жылы
Қызылорда қаласындағы баспадан көлемі 98 беттік жинақ шығарады. Бұл еңбегі
Қазақстанда ең алғаш шыққан сатиралық 4 кітаптың бірі болып, қазақ әдебиетінің
қомақтана түсуіне өзіндік бір үлес қосады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш. Шығармалары. А.,1989
2. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Монография. А.,1965.
3. Әбдірахманова Т. Ақын арманы. А., Жазушы. 1965.
4. Бердібаев Р. Роман және заман. А., 1967.
5. Ілияс Жансүгіров. Өмірі мен творчествосы.А.,1967.
6.
Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А.,1959.
7.
Иманғазинов М. Жан қайығын жарға ұрдым. А.,1994.
Достарыңызбен бөлісу: |