Инклюзивті білім беру дегеніміз қоғамымыздағы барлық балаларды білім беру процесіне қосу мақсатында құрылған білім беру жүйесі. Және де ерекше білім беруді қажет ететін балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеуде жасына, жынысына, діни қатынасына, даму ерекшеліктеріне және экономикалық жағдайына қарамастан, ата-аналардың қатысуымен, балаға түзету-педагогикалық және де әлеуметтік қолдау көрсету арқылы, сапалы білім беру жағдайларын жасау үшін, балалардың білім алу қажеттіліктері мен жеке ерекшеліктеріне баланы ғана емес, әлеуметтік ортаны да бейімдеуге арналған мемлекетіміздің енгізген саясаты.
Инклюзивті білім алушылардың қатарына әлеуметтік аз қорғалған және материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан,ата-ана қамқорлығынан айырылған, мүгедектер тобына тіркелген және дамуында бұзылыстары бар, зорлық-зомбылық көрген және т.б бұл секілді жағдайлардың салдарынан тұрмыс-тіршілігі бұзылған және де осы мән-жайларды отбасының көмегінсіз де, өз бетінше де көтере алмайтын балалар жатады.
Қазіргі таңда көптеген дамыған елдерде жалпы адами рухани құндылықтары мен әлеуметтік талаптарға сәйкес білім беру жүйесінде барлық балалар тең және де еш кедергісіз білім алуға тиіс деген шешімдер қабылданған. Біздің елімізде де Қазақстан Республикасының Заңнамаларына сай балаларды қорғау мақсатындағы халықаралық құжаттарға сәйкес,ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалар және барлық оқушылардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып,сапалы білім алудағы тең құқығы туралы ұғым енгізілген.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды үш топқа бөліп қарастырамыз,олар:психикалық және дене дамуында түрлі бұзылыстары бар балалар; оқытудағы ерекше қиындықтары, мінез-құлық және эмоциялық қиындықтары бар балалар; әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, тілдік және де мәдени ерекшеліктерінен байланысты ерекше білім беру қажеттілігі туындайтын балалар.
Осы топтардың ішіндегі үшінші топқа тоқталып өтейік.Бұл топқа микроәлеуметтік және де педагогикалық көмек көрмеген әлеуметтік зжағдайы төмен отбасыдан шыққан немесе бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл аудармайтын отбасылардан, әлеуметтік тұрғыдан қатерлі топтағы отбасылардың балалары (ішімдікке,нашақорлыққа жақын ата-аналар), сонымен қатар жергілікті әлеуметтік ортаға бейімделу қиыншылықтары бар (босқындар, мигранттар, оралмандар) немесе оқу тілін түсінбейтін және де оқу тілінде сөйлей алмайтын балалар жатады.
Қазіргі күніміздегі білім беру жүйесі ерекше білімді қажет ететін балаларды шешімін табуы тиіс мәселе ретінде қарастырмай, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін жақсы қабылдап, әр балаға индивидуалды ерекшеліктердің барлығын білім алу процесін кеңейтудің мүмкіндігі ретінде қарастырады. Қазақстан Республикасында сапасы жағынан жаңа білім беру жүйесін жалпы және инклюзивті бағытта құрып, бекіту әлеуметтік–экономикалық жағдайымыздың өзгеруімен байланысты. Қазіргі таңда республикамызда инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында өте маңызды принциптер мен құндылықтар қарастырылу үстінде.
1.Әрбір баланың жалпыға білім беру мекемелерінде оқуда және сапалы білім алуда тең құқылы болуы.
2. Әр баланың оқуға қабілеттілігін мойындап, қажетті жағдайлар жасау.
3. Балаларға отбасында дамуға жағдай жасап, барлық мәдени, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің және басқа да қоғамның жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік беру.
4. Ата-аналарды балаларының бірінші мұғалімдері, тең құқылы серіктестері ретінде оқу процесіне қосу.
5. Жеке тұлғалық, жекелік бағыт негізінде құрастырылған оқу бағдарламаларын бейімдеу. Бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың оқу дағдыларын өмір бойы дамытуға әсер етіп, қоғамның өміріне толыққанды қатысу мүмкіндіктеріне бағытталуы тиіс.
6. Инклюзивті білім беруде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жағдайларды жасау қажет екендігін мойындау.
7. Оқытудың инклюзивті моделін іске асыруда заманауи зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижелерін қолдану.
8. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде пәнаралық және топтық бағыттарды қолдану, ол үшін педагогтар, ата-аналар, логопедтер, психологтар, дефектолог-мұғалімдер және т.б. мамандар бірігіп жұмыс жасаулары керек.