Интернеттің қолдану аясы кеңейген сайын ақпараттық кеңістікте адамның қауіпсіздігіне байланысты небір терминдер өмірге келуде. Бұл терминдердің пайда болуына жаңа факторлардың ықпалы бар
Интернеттің қолдану аясы кеңейген сайын ақпараттық кеңістікте адамның қауіпсіздігіне байланысты небір терминдер өмірге келуде. Бұл терминдердің пайда болуына жаңа факторлардың ықпалы бар. Соңғы жылдары ғаламторда балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың көбейгені көңілге алаңдаушылық тудырады. Ғалымдар осы құбылысты "кибербуллинг" деп атады. Буллинг пен кибербуллинг баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізеді. Қазіргі таңда еліміздегі жасөспірімдердің 12 пайыздайы осы кибербуллингтен зардап шегеді екен.
Осы мәселе турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», деген болатын. Бүгінде жат ағымның жетегінде кеткен жастардың басым көпшілігін де осы кибершабуылдың құрбаны деп қарауға болады.
Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Қоғамда “буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады” деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді.
Мамандар да кибербуллингтің, әсіресе пандемия кезінде, өршіп тұрғанын айтып жүр. Кибербуллинг – интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін.
Осы күні ғаламторда баланың өз-өзіне, жақындарына, туыстарына қол жұмсауына итермелейтін ойындар да аз емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын кибербуллингтердің "жемісі" саналатын «Көк кит», «Тыныш үй», «Мені сағат 04:20-да оят», «Қызыл жапалақ», «Киттер мұхиты», «Құс жолы», «NaN», «F57» сынды ойындар дүние жүзін дүрліктіргені белгілі. Енді осындай қауіпті ойындардың қазақ тілінде де пайда бола бастағаны жұртшылықты алаңдатуда.
Кибербуллинг өз құрбанына тәулігіне 24 сағат бойы тыным бермейді, жасөспірімнің өзінің қорғаусыз қалғанын сезінтіп, ауыр психологиялық күйге ұшыратады. Жасөспірім өзін кім аңдып жүргенін білмейді және қауіпті ұлғайтып көрсетуге бейім келеді. Аңдушылардың аты-жөнінің жасырын болуы қорқыныш, үрейін күшейте түседі. Кибербуллинг кім-кімге де қатты әсер етеді. Тек жасөспірім ғана емес, ересектер де оның құрбанына айналуы мүмкін.
Психологтар балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң 21 елде бар екенін айтады. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Сондықтан мамандар шетел тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зорлық көрген балаларға көмектесу жолдары туралы ата-аналар мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған. Сондай-ақ мұндай жағдайға тап болмау үшін қандай әрекет ету қажеттігі айтылады. Қазір Қазақстанда жасөспірімдерді интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама мен сайттар жоқ десе де болады. Тек safekaznet.kz қызметі арқылы шағымдануға болады. Ондағы мамандар посттың заңсыздығын тексеріп, қажет жағдайда парақшаны бұғаттайды.
Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігі жайында Қазақстандағы интернет-қауымдастықтың президенті Шавкат Сабиров: «Жыл өткен сайын ғаламтор қолданатын балалардың саны артып келеді. Бұл, әрине, алаңдатпай қоймайды. Бізде бір кездері халықты интернетті қолдануға үйретті ғой, дәл сол сияқты балаларды интернеттен қорғануға үйрету керек. Оның барлығы ұлттық бағдарламада жазылуы тиіс. Негізінен баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ана жауапты болуы қажет. Мектептің басты міндеті – оқытып, білім беру. Қазір мектепте болып жатқан бұзақылықтың барлығы ғаламтордың әсерінен. Балалар интернетте көргенін өмірде қайталайды. Сондықтан олардың тәрбиесіне ден қою керек», – деді.
Адамдар неліктен басқа біреуді ренжіткісі келетінін айту қиын. Кейде өзіміз қаламасақ та, біреудің көңіліне келетін қылық жасап, артық сөздер айтып жатамыз. Телефон арқылы немесе интернетте адамды әдейі ренжіту, қорлау оңай болып көрінеді. Мұны істеген адам басқаның жанын ауыртқанын сезбейді де. Егер де сен интернет технологияларды біреуді әдейі ренжіту, қорлау немесе ызасын келтіру үшін пайдалансаң, онда бұл – кибербуллинг. Тіпті, сен біреу туралы ренішті постқа лайк бассаң да, немесе ренішті постты жіберсең, бұл да – кибербуллинг. Буллинге ұшыраған адам үмітсіздік пен шарасыздық күйге түседі. Кей кездері буллингтің кесірінен адамдар өзін-өзі өлтіру жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Сондықтан буллинг қашанда жақсы емес, бірақ әр уақытта көмек сұрауға болады.
Осы тұрғыда халықаралық «Expo&Women» ұйымының басқарма төрағасы Ләззат Асқарова:
– Көп жыл мектепте жұмыс істедім. Балалармен тығыз қарым-қатынаста болдым. Алайда буллинг сөзі бұрын-соңды қолданысымызда болған жоқ еді. Әрине, балалар арасында түрлі кикілжің, түсінбестік болып жатады ғой. Ұстаз әрі сынып жетекшісі ретінде бұл мәселелерді барынша шешуге, балаларға қол ұшын созуға тырысып жүрдім. Кейінгі жылдары бұл мәселе тым күрделеніп кетті. Бұған ең алдымен адамдардың «маған барлығы рұқсат етілген» деген түсінік-танымы себеп болып отыр. Екіншіден, біз құқық түсінігін де бұрмалап алған тәріздіміз. Аузыңа келгенді айтуға, өзіңнен жасы кішіні қорлауға, сенен жақсы оқитынды келеке қылуға, телефоны қымбатырақ болса көре алмауға етіміз үйреніп барады. Бұл да адами құндылықтардың құрдымға кетіп бара жатқандығының бір көрінісі. Осы мәселе мені балалардың анасы, немерелерімнің әжесі, қоғам белсендісі ретінде алаңдатады, – деді.
Кибербуллинг сөзінің мағынасына тереңнен үңілу үшін жақында қайтыс болған жазушы Аягүл Мантайдың өлімі туралы айтуымызға тура келеді.
Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров суицид салдарынан қайтыс болған жазушы Аягүл Мантайдың өлімінен кейін әлеуметтік желіде өзін-өзі ұстаудың этикасы болуы керектігін айтып, "Әлеуметтік желі кодексін" қабылдау мәселесін көтерді. Депутат желінің жоғары деңгейдегі мәдениетін қалыптастырудың маңызын, оның басты аспектісі адамның жеке басына қол сұқпау, адамның ар-ожданын ардақтау екенін атап өтті. Әлеуметтік желіде жазушының өзіне қол жұмсауына әлдекімдердің жеке басына айтқан сөзі себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр.
Бала тәрбиесін ата-әжеге емес, әлеуметтік желіге, интернетке табыстаудың зардабын ең алдымен ата-ана тартады. Заманауи технологияның мүмкіндігі күн санап түрленіп жатқан ХХІ ғасырда осы мәселеге мән беретін кез келді. Бауыр етіміз жамандыққа бармасын, ала жіптен аттамасын десек, алдымен өзіміз үлгі болып, балаға барынша көп көңіл бөлуіміз қажет. Ол – өз қолымызда!