Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады



бет1/2
Дата14.03.2023
өлшемі348,87 Kb.
#74157
  1   2
Байланысты:
Кенесары Қасымұлы


"Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады": Қырғыздар Кенесары ханға ескерткіш қоюды ұсынды
Қырғыз жазушысы Замир Осоров пен "Бейбітшілік үшін күрес" қоғамдық қорының мүшесі Валерий Яковлев қазақтың ханы Кенесарыға қырғыз астанасында ескерткіш қойып, орталық көшелердің бірін қазақтың ханының атымен атау керектігі туралы бастама көтерді. Айтуынша, қазақтың соңғы ханы мұндай құрмет-қошеметке кеңестік заманының лидерлеріне қарағанда лайықтырақ.
Замир Осоров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында:
«Біз ел астанасына қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесарыға арнап ескерткіш қойсақ дұрыс болады. Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен ұлы адам патша қуғыншыларынан қашып бізге келді. Ал біз оның басын кесіп, патша өкіметіне тапсырдық. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауырмалдықты сақтап қалды", - деп жазады. Ол бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрап, Кенесарыға ескерткіш орнатып, орталық көшелердің біріне ұлы ханның есімін беруді ұсынды. 
Қырғыз жазушысының бұл жазбасы жерлестеріне ұнамаса керек. Осоров мырза артынан тағы бір жазба жариялап, "Кенесары Шу жазығында қырғыздармен соғысты десеңіз, өзі де өлді. Ал қырғыздар патшалық Ресей билігінің алдында құрдай жорғалап, құлдық көрсетіп, ханның мәйітін қорлады. Бірақ Шабдан батыр да патша шенеунігі ретінде көп қырғызды өлтірді және соған мақтанды. Елдің әр аймағындағы қырғызды жазалау науқанын жақсы атқарғаны үшін Ақ патшадан марапат алды", - деп жазған. Қаламгер Бішкектің ең үлкен көшелерінің біріне Шабдан батырдың аты беріліп, ескерткіш те орнатылғанын, алайда ол мұндай қошеметке мүлдем лайықты емес екенін атап өтті. Ол Кеңес үкіметі мен патша баскесерлерінің қолынан шейіт кеткен қырғыздарға да ескерткіш қоюды ұсынды. Сондай-ақ Осоров Кенесарының қырғыздарға соғыс, жер үшін келді дегенге сенбейтінін жеткізді. 
"Ақ патшаға қарсы күрескен батыр ондайға бара қоюы екіталай... Ол қырғыздың би-манаптары мен халқынан көмек сұрап келсе керек. Бірақ, қырғыздар оның арқасына пышақ сұқты. Ал оның басын ең құнды олжа ретінде патша билігіне апарып беруі осының дәлелі. Қырғыздың бір ғана руының билерінің бұл ақылсыз әрекетінен бүкіл қырғызға сатқын, қылмыскер деген ат келді. Егер біз Кенесарыға ескерткіш қойсақ, бұл – қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жақсартатын қадам болады!", - дейді жазушы.
Соңғы посттарының бірінде белсенді азамат шындыққа тік қарауға қорықпауға шақырды. 
"Қазақтың ханына деген қатынасымызды өзгертуден қорқатындар ханға ескерткіш орнатуды Гитлерге ескерткіш орнатумен салыстырыпты. Иә, Кенесарының қатыгез болғанын мойындаймын, бірақ хан билеген уақыт та қатыгез болды. Оның тағдыры да қатыгез еді. Патшалық тарихшылар да, кеңестік тарихшылар да Кенесары ханның образын Ақ патшамен күрескені үшін қаралауға тырысты. Ол кезде патшалық колонизаторларға қарсы шыққан барлық лидерлер басмашы мен бандит болып жарияланған еді. Олар өз елдері мен халқы үшін өмірлерін берген адам, сондықтан ең құрғанда өмірлік жолын біліп, құрметтегенге лайық. Кеңес өкіметінің зұлмат саясатынан көз жұмғандар саны Кенесарымен ұрыста қаза тапқандардан әлдеқайда көбірек. 
Қазақ ханы Кенесары, қырғыз ханы Болот сияқты (Қоқанд хандығы) бірінші кезекте сырттан келген жауға қарсы күресті. Сондықтан ол өз мансабы, жүрексіздігі үшін халқымыздың қаймағын атуға берген кеңестік лидерлерімізден гөрі ескерткішке лайықты. Мен тарихшы емеспін, бірақ тіпті біздің мықты тарихшыларымызға зерттеулерін терең әрі қарапайым жасау үшін білім мен шынайылық жетіспей жатады", - деді сөз соңында қырғыз жазушысы. 
Кенесары ханның тарихтағы рөліне қатысты қырғыздардың пікірі бір жерден шықпайды. Қазақ-қырғыз тарихшыларының арасындағы бұл дау бір жылдары мемлекет басшыларының деңгейінде сөз болған.

Талас Омарбеков. Кенесары хан күресі мен өлімінің ақиқаты


Кенесары туралы әңгімелегенде оның өзі немесе серіктері туралы тарихи шындық бұрмаланбай, дұрыс көрсетілу керек.
Биыл атақты Кене ханның, қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Абыройлы атадан асыл туған Кенесарының бүкіл ғұмыры ат үстінде, жаумен айқаста өтті. Бытыраған халықтың басын біріктіріп, дербес мемлекет құру мақсатында өмірінің соңына дейін айқасты. Дарынды қолбасшы, батыр, саясаткер Кенесары Қасымұлының өмірі мен ұлт-азаттық көтеріліс туралы деректер тарих бетінен мәңгі өшпейді.
Патша өкіметінің 1822 жылы жарыққа шыққан жарғысы қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі хандық билікті жойып, даланы Сібір әкімшілігіне бағынатын округтерге бөлуге жол ашты. Терең ойластырылмаған бұл шара қазақ даласында табанды қарсылықтарға тап болды. Әсіресе, қазақтарды басқаруда аса ықпалды Абылай хан әулеті мұндай шешімге қарсы өре түрегелді. Оның үстіне 1824 жылдан бастап отаршыл билік Арқа өңірінде баса көктеп, әскери бекіністер салуға кірісті. Құнарлы жерлер мен көк шалғын жайылымдарға көшіп келген орыс шаруалары қалауларынша қоныстанып, жергілікті халықтың тынысын тарылта түсті. Отарлауға қарсы күресті алғаш Уәли ханның үлкен ұлы, Абылайдың немересі Ғұбайдолла сұлтан Абылайдың тағы бір ұлы Қасымнан туған Саржанмен бірге бастады. Ғұбайдолланы орыс билігі екі қайтара тұтқындап, итжеккенге жер аударды. Осы күреске ол кезде әлі жасөспірім Кенесары да қатысты. Кенесарының әкесі Қасым Абылай ханның қалмақ әйелінен туған еді. Абылай әулеті орысқа қарсы күресте Қоқан хандығымен одақтаспақ болып әрекеттенді. Алайда қоқандықтардың тұмсығының астынан арыны көрмейтін, таяз саясаты жағдайды тұйыққа тіреді. Кенесарының азаттық үшін күреске шыққан бауырлары Саржан және Есенгелдіні келіссөзге барғанда Қоқан билушілері қаныпезерлікпен өлтірді. Көп кешікпей Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауиге мінәжат етуге барған Қасым да қоқандықтар қолынан қаза тапты. Бұған мойымаған, керісінше, шыңдала түскен Кенесары қазақтардың азаттық жолындағы күресіне басшылықты өз қолына алды. 1841 жылдың қыркүйегінде Торғай өзеніне жақын маңда оны Орта жүз бен Кіші жүздің игі жақсылары ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Енді Кенесарыға қосылу үшін жан-жақтан қазақ сарбаздары ағылды. Көп кешікпей-ақ оның сарбаздарының саны жиырма мыңға жетті. Өзінің ерекше табиғи дарыны және жоғарыда аталған туыстары мен бауырлары бастаған соғыстарға жастай қатысып, бай әскери тәжірибе жинақтауының арқасында ол төңірегіне жиналған Ағыбай, Иман, Жанайдар, Басығара, Жәуке, Жанайдар тәрізді батырлар бастаған қалың қолды кемеңгерлікпен басқара білді. Оның тамаша қолбасылық дарыны туралы орыстардың өздері де, шетелдіктер де аз жазған жоқ. Сондықтан да оған тоқталып жатпаймыз. Кенесары әрі шебер дипломат, саяси тұлға ретінде де ерекшеленді. Орыстың оңай жау емес екендігін түсінген ол, о баста орыспен араны бейбіт жолмен реттеуге аса назар аударды. Оның Омбы, Орынбор, және Батыс Сібір билеушілеріне, Петербургке жазған хаттарында осы сарын байқалады. Осындай саясат ұстанған Кенесары тіптен, 1840 жылы I Николайға жазған хатында оны асқақтата марапаттап, «ұлы патша» деп дәріптеді, императорды қақпанға түсірмек болып, саяси қулықпен одан шен, шекпен де сұрады. Кенесарының орыстар алдындағы осылай, «әдейі кішірею» тактикасын түсінбеген қазақтың Тілеш Шойынбаев тәрізді тарихшылары тарихшы Е.Бекмахановпен айтысқанда осы хаттарға сүйеніп, Кенесарыны «хандыққа қол жеткізуді аңсаған феодал-монархист» ретінде біржақты айыптады. Алдағы уақытта тарихымызда мұндай қателіктерге жол берілмеу үшін Кенесары ханның астарлы дипломатиясын дұрыс түсіндіруге аса мән беруіміз керек. 
Алғаш Сыр бойындағы қамалдарды Қоқан билігінен азат етуді ойлаған Кенесарыға қарсы орыстардың жорықтары 1843 жылдан бастап үдеп кетті. Кенесары оларға бірнеше рет ойсырата соққы берді. 1844-1845 жылдары орыс жазалаушыларының Кенесары әскерін қоршап алып, жойып жібермек болған әрекеттері іске аспады. Алайда қазақтың кейбір сұлтандарының орыстармен ауыз жаласып, көтерлісшілердің соңына түсуі жағдайды ауырлата түсті. Енді көтерлісшілердің қозғалыс ауқымы тарыла бастады. Сондықтан да Кенесары 1845 жылыдың жазында жаңа жайылымдық жерлер іздеп, әлі де патша үкіметінің ықпалына түсе қоймаған Сыр бойына келді. Бұл өңірге орыстардың ене қоймаған себебі, мұнда Қоқан қамалдары орналасқан еді. Осында ол, біраздан бері қоқандықтармен күресіп жүрген Жанқожа батырды өзіне бірігуге үгіттеп, «...сізден сұрайтыным: егер сіз келіссеңіз, онда мен Ұлы және Орта Ордадан жігіттер жинап, Созақ қаласына келемін, ал сіз Кіші Ордадан жігіттер жинап, қоқандықтармен соғысу үшін Созаққа келіңіз” деген сарында хат жолдады. Жанқожа бұл ұсынысты құп алды. Кенесары мен Жанқожа біріккен күштері қоқандықтар қарауындағы Жаңақорған, Жүлек, Созақ тәрізді қамалдарды қоршап қоқандықтарды талқандады. Әскердің бір бөлігі Ақмешітті де қоршауға алған еді. Алайда сарбаздар арасында жұқпалы аурудың таралуынан және барлаушылар арқылы Қоқан мен Бұқара хандықтарының бірігіп, қарсы шабуылға дайындалып жатқанын естіген Кенесары жігіттерін шығынға ұшыратпау үшін Балқаш, Іле өңіріне қоныс аударады. Осында Қамал атты түбекте қыстап шыққан ол, генерал-майор Вишневский бастаған жазалаушылардың және оны қолдаушы қазақ сұлтандарының қыспағына ұшырады. Жауларымен ұрыс жүргізе отырып, Кенесары амалсыздан Ұлы жүз аймағына өтіп, Шу өзені бойына көшіп келді. Бұл ауыр ахуалды Кенесарыға жақын Досқажа жырау өзінің туған өлкемен қоштасу жырында төмендегіше сипаттайды:
«...Көреміз бе дүние-ай,
Мына жатқан есілдің
Көкорай тартқан өзенін?!
...Көрдіңіз бе иесіз
Әруақтың қалғанын?! 
Аман бол, қалдың көгеріп,
Бастары самал тауларым!
Арасы биік бауларым!
Кетемін деген есте жоқ,
Көшірді дұшпан жауларым!..».
Иә, Кенесары Ұлы жүз аумағына амалсыздан қадам басты. Алайда ол өзін осындағы туыстары Рүстем, Сүйік пен Әли Абылайханов бастаған төрелер қолдар деген үмітте еді. Өкінішке қарай, Ұлы жүз руларын билеген осы төрелердің өздері Кенесарыға келгенде екі жүзді, тиянақсыз саясат ұстанды. Бұған олардың билікке құмар жеке амбицияларын айтпағанда, қалыптасқан геосаяси ахуал да кесірін тигізді. Ұлы жүзді билейтін 11 қазақ сұлтаны және руларды басқаратын 28 би 1846 жылы 23 маусымда генерал-майор Вишневскийге Кенесарыны қолдамайтындарын айтып уәде берді. Жазбаша сақталған бұл құжатта алғашқы тұрғандар Сүйік Абылайханов, Әли Әділов болып табылады (қараңыз: Национально-освободительная борьба казахов под предводительством Кенесары Касымова (Сб.докумеентов. Алматы «Ғылым», 1996.-446-447 б.).). Алайда бұлардың арасында кейіннен Кенесарымен бірге қырғызға аттанған, Әулиеата өңіріндегі Дулаттарды билеген Рүстем сұлтан да, Дулаттың Ботбай руының биі Сыпатай да, Дулаттың Шымыр руының биі Байзақ та жоқ екенін көреміз. Кейбір авторлар қателесіп, Вишневскийге уәде бергендер қатарына Рүстем сұлтанды да қосып жіберіп жүр (қараңыз: Кенесары хан. Алматы 2017.-65 б.).
Осыдан соң Ұлы жүздің жоғарыдағы құжатқа мөрлерін басқан басшылары Кенесарыны қолдаудан бас тарта бастады. Ал бұл іс Кенесары қолының санын күрт азайтты. Осылайша, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аймағы бұл тұста екі отарлаушы мемлекет Ресейдің және Қоқан хандығының мүддесі тайталасқа түскен өңірге айналды. Халыққа ықпалды Абылай ұрпақтары мұндайда кімді қолдарын білмей састы. Ақыры Ресейдің Ұлы жүз аймағын отарлауы оларды Ресей жағына шығуға мәжбүрледі. Мұны Кенесары көтерілісі жеңіліске ұшыраған 1847 жылы сәуірде Ресей Сыртқы істер министрлігі басшыларының бірі граф К. Нессельроденің Николай I императорға жазған ұсынысынан да байқай аламыз. Онда мынадай жолдар бар: «Генерал-губернатор князь Горчаковтың пікіріне сәйкес Ұлы жүздің аталмыш төрт сұлтаны - Сүйік Абылайхановты, Ғалиды, Кәкімді және Рүстемді өз руларының басшылары етіп бекітіп, олардың әрқайсысына Орта жүз сұлтандарымен бірдей жылына 343 сом күміс ақша мөлшерлерінде жалақы тағайындауға рұқсат ету керек» (қараңыз: «Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках. Алма-Ата.1964. Т.2.334-335 б.»).
Қазақ хандарының әруағын сыйлай отырып, мынаны да айтуға мәжбүрміз: Абылай тұқымының осындай тиянақсыздығы кейбір Ұлы жүз руларының Кенесарыға әскер жинап берулеріне кедергі болды. Алайда мұндайда Кенесары туыстық байланыстарға ғана сенім артты десек, біржақтылыққа салынар едік. Ол сонымен қатар жаңа аймаққа келгенде көптеген рубасылар мен билер, атақты батырлар қоқандықтардың зомбылығынан құтылу үшін өзіне қолдау көрсетеді деп ойлады. Шындығында да ханды мұнда Саурық, Сұраншы, Тойшыбек, Сыпатай, Бұғыбай, Байсейіт тәрізді батырлар мен билер жылы ықыласпен қарсы алып, солардың арасында ол, әсіресе, Дулаттың Шымыр тармағын басқаратын Байзақ датқаға сүйенбек болды. Мұны жоғарыда аталған Досқожа жыраудың Кенесарыға бағытталған жыр жолдарынан айқын аңғара аламыз:
«...Қоныстан аумақ болсаңыз,
Жіберіңіз тез хабар.
Жоғары дулат төрт ауыл –
Жазы, Саңырақ ерлермен 
Байұзақ батыр(Байзақ Т.О.), Бөгенге.
Бекіредей тасқа басын сабаған,
Аранға түскен аюдай,
Қайғымен іші жараған, 
Байұзақ неге тоқтасын,
Сіз көшемін дегенде..».
Иә, Кенесары сенімін Байзақ ақтады. Өзі басқаратын Дулаттың Шымыр руынан қол жинап келіп, соңына дейін ханмен бірге болды. Қырғызға жорық басталғанда тау басында бекініп жатқан қырғыздарға бару үшін Байзақ Кенесарыға тау шатқалынан жол ашуды ұсынды. Өзі куә болған осы сәтті Нысанбай жырау төмендегіше жырлайды:
«Әйтелік - деп Байұзақ,
Қамшы басты бекерге.
-Таудан жолды салайық,
Жабыл! - деді нөкерге.
Аттан түсіп алдымен,
Өзі бір тасты көтерді.
Басшы болды Байұзақ
бір қайратты етерге.
Байұзақ аттан түскен соң,
атынан түсті ханымыз.
Ханымыз аттан түскен соң,
Төгілер болды арымыз.
Бұзбасақта ол тауды,
түсе қалдық бәріміз...»
Міне, Кенесарының сенімді серігі Байзақтың қырғызға қарсы соғыста шешуші рөлі осындай. Осы ұрыста Наурызбайдың батырлығын баяндағанда да жырау Байзақты төмендегіше тағы атап кетеді: «...Жеткен екен қамалға
Наурызбай атты сұр берен,
Қарқарадай астында
Байұзақ берген көк дөнен.
Күн шығыс жаудың шетінен
Қамалға кірді көлденең». 
Байзақтың тағы бір көрінетін жері Самсы мен Қызылсу кемерінде қырғыз батыры Бидерінің қарсы келгенде жекпе-жекке шақырған кезі. Сонда қазақтар атақты батырға қарсы шығудан тайсалып, тосылып қалды. Осы сәтте Байзақтың жігіттерін қайрап айтқан жалынды сөздерін Нысанбай төмендегіше береді:
Қара ағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы 
- Бидері кірді майданға –
Қырғыздың бір баласы.
Оның бізден артық па,
атасы мен анасы?! 
Бидеріге қарсы барыңдар,
Бізден бір батыр данасы.
Таусылдың ба, Мәмбеттің
найза ұстаған баласы?». 
Байзақтың бұл жерде өз әкесі Мәмбет батырдың атын бөліп айтатын жөні бар. Бүгінде Тараз қаласының Тектұрмас атты әулиелі мекенінде сүйегі жатқан Мәмбет кезінде Кенесарының атасы атақты Абылай ханның сенімді серігі, жас батыры болған. Оның ерліктеріне разы болған Абылай хан өзі де қызына үйленген керей руының атақты байларының бірінің қызын алып беріп, осылайша Мәмбет батырмен бажа болған. Міне, Кенесары мен Байзақты жақындастыратын осындай туыстық байланыс бар. Ал жоғарыдағы жекпе-жектерге келсек, қырғыздың Бидері батырын да, онан соң жеке шыққан Ораз батырын да, онан соң жекпе-жекке ұмтылған Жаңғараш бидің інісін де Наурызбай хан майданда өзі өлтірді. Осы қырғыздың үш батырының денелері де, астарындағы тұлпарлары да қазақтардың қолында қалды. Ал ұрыс даласына шауып барып Бидерінің тұлпарын ұстап алған Ағыбай батыр оны Кенесары ханға әкеліп тарту етті. Қырғызбен болған қырғын соғыста Кенесарының Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Қабан, Бұқарбай тәрізді серіктері ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Алайда Нысанбай жырау айтпақшы «Алатаудың тасындай» саны көп қырғыз бәрібір жеңіске жетті.
Мәселенің бұлай аяқталуына ең алдымен қырғыз сарбаздарының сан жағынан әлдеқайда көп болуы емес, Кенесары ханның қырғыздарға қарсы қатал күшпен бағындыру саясатын ұстануы да себеп болды. Ханның шектен шыққан қаталдығы қырғыздарға ғана емес, қазақтардың өздерінде шошындырды. Әдетте, бүгінгі тарих ғылымында осы тақырыпты жазып жүргендер осыған назар аударады. Мұндайда да біржақты болмағанымыз жөн: Осы қырғызға бағытталған жорықта қазақ ханы ретіндегі Кенесарының ғана емес, Керей мен Жәнібектен басталып, Абылайға дейін мемлекеттілігін елге мойындатқан Қазақ хандығының тағдыры шешілетін сәт туды. Бұл — не абыроймен өлу немесе жеңіске жетіп, Қазақ хандығын сақтап қалу еді. Өкінішке қарай, қалыптасқан ауыр ахуал Кенесарыны амалсыздан алғашқы жолды таңдауға мәжбүрледі. Және осы таңдау қалай десек те оны тарихымыздағы ең ұлы хандар қатарында және қазақтың соңғы даңқты ханы ретінде тарихта қалдырды. Қырғыз жорығында Кенесары жан бағып, қашып шыққанда оның өзі де, ол басқарған Қазақ хандығы да абыройдан жұрдай болатын еді. Кенесарының қырғызға жорығындағы қаталдығын айыптайтын тарихшылар міне, осыны ескермейді. Сонымен, нәтижесінде, 1847 жылдың көктемінде Кекілік-Сеңгір тауының етегінде Майтөбе деген жерде ханмен ортақ келісімге келе алмаған Рүстем төре (бұл жоғарыда граф К. Несселроде Николай I патшаға жалақы тағайындауға ұсынылғандардың бірі) мен Сыпатай батыр бастаған 12 мың қазақ сарбаздары ұрыс даласын тастап кетті. Әрине, мұның да әртүрлі себептері бар және бұл туралы аз жазылған жоқ. Десек те, тарихымызда тағы да бұрмаланып жүрген сәл шегініс жасауды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Кенесарыны тастап кеткендер туралы айтқанда, әдетте, олардың басшысы ретінде Сыпатай батыр кінәланады, шын мәнінде осы Ботпай руына аса ықпалды Абылай хан тұқымы Рүстем төре тасада қалып қояды. Бұл - бір.
Екінші, әлі күнге дейін тарихта түзетілмеген қателік: Кенесарыны тастап кеткен қазақ сарбаздарын сатқын ретінде, қырғыздар жағына шығып кеткендер ретінде көрсету. 1943 жылы жарық көрген алғашқы «Қазақ тарихында» бұл туралы мынадай жолдар бар (еңбек орысша жазылғандықтан аудармасын бермедік): «...Между тем, ночью неустоичивая часть войска дезертировала. Другая часть, во главе с биями Сыпатаем и Урестемом из рода Дулатов, изменила востанию и перешла на сторону врага». (бөліп көрсеткен біз-Т.О.). (қараңыз: История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней - 3 изд...-Алматы, 2011,357 б.). Бұл жолдарды Кенесары көтерілісін алғаш рет зерттеген, тарихтан алғаш ғылым докторы атанған Е. Бекмаханов жазған. (Осындайда ескерте кетер тағы бір нәрсе: Е.Бекмаханов қазақта алғашқы доктор атағын алған тарихшы болғанымен, кейбіреулер айтып жүргендей, алғашқы кәсіби тарихшы емес. Қазақтың алғашқы кәсіби тарихшысы төлеңгіттер тарихынан 1938 жылы Мәскеуде бірінші диссертация қорғаған Халел Әділгереев. Бұл кісі де төре тұқымынан. Х. Әділгереевті Е. Бекмахановтың өзі де қатты құрметтеген және кезінде Е.Бекмахановтың еңбегін қолдағаны үшін ол Алматыдан Шымкентке жер аударылған). Міне, осылайша, Е.Бекмахановтың қисайып кеткен қаламының ұшы Сыпатай мен Рустемді ғана емес, бүкіл Дулат тайпасын қашқындарға емес, сатқындарға айналдырып жіберді. Егер әңгіме осымен ғана бітсе, бізде үндемей-ақ қояр едік. Бірақ бұл жағымсыз пікір әдеби-драмалық шығармаларда өрбіп, елге таралды ғой.
Осындайда зерттеушілер ескермейтін бір маңызды мәселе бар. Ол — Байзақ басқарған дулаттардың Шымыр руының ханымен бірге қалып, қырғызға тұтқын болуы. Әулиеата төңірегіндегі шымыр руының ақсақалдары бір табын жылқы айдап барып, Байзақ пен оның серіктерін қырғыздан босатып алды, ал ханды олардың босатпағаны белгілі. Бұл мәліметтер Бішкек мұрағатында сақтаулы. Мұны кезінде профессор А. Махаева да өзінің еңбегінде жазған болатын. Мәселе осылай бола тұрса да, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің кеңестік билік тыйым салған «Хан Кене» атты драмалық шығармасында мәселенің байыбына толық бармай, Байзақты ешбір негізсіз, Рүстем төре мен Сыпатайдың ықпалында жүрген қауқарсыз қария ретінде көрсетеді және Кенесарының қасіретіне барлық дулат тайпасын орынсыз кіналайды. Тегінде Мұхаң өзінің драмалық шығармасын жазуда ертеректе Жүсіп Басырғаниннің редакциялауымен жарық көрген Нысанбай жырау бұрмаланған үлгісін пайдаланса керек.
Кенесарының сенімді серігі болған Байзақты Досқожа, Нысанбай тәрізді қазақ жыраулары ерекше құрметтегеніне қарамастан, кейінгі және қазіргі кейбір зерттеушілер де оны назардан тыс қалдыруда немесе М. Әуезовке ұқсап бұрмалап бейнелеуде. Мысалы, белгілі тарихшымыз, марқұм Жанұзақ Қасымбаев өзінің 2002 жылы яғни тәуелсіздік тұсында жарық көрген «Последний поход хана Кенесары и его гибель» атты іргелі монографиясында Байзақты дулат емес, қоңырат тайпасына деп қате көрсеткен. Ж. Қасымбаев дулаттар Кенесарыны сатып кеткендіктен Байзақты дулат болуы мүмкін деп ойлап, осындай өтірікті қосып жіберсе керек. «Кейіннен Қоқан әмірі төрт зеңбіректің аузына байлап атқан Байзақ елге құрметті тұлға. Жамбыл облысында бір аудан оның есімімен аталған болса, Астанада, Алматыда, Таразда оның атында көшелер бар. Өзі туып өскен өлкеде, зеңбірек оғы паршалап жіберген денеден қалған екі саусағының басына орнатылған сәулетті күмбезі алыстан көзге шалынады, аудан орталығына ескерткіші қойылған.
Мұны айтып отырғанымыз, қазақтың даңқты және соңғы ханы Кенесары туралы әңгімелегенде оның өзі немесе серіктері туралы тарихи шындық бұрмаланбай, дұрыс көрсетілу керек. Осындайда айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе, Кенесарыны қырғыздардың қалай өлтірілгені сан-саққа жүгіртілуде. Біреулер оны үлкен қазандағы ыстық суға тірідей пісірген десе, тағы біреулер жотасынан жарып, жүрегін алған, жүрегін түк басып кеткен екен деп жазады. Ханды долданған қырғыз әйелдері итке талатып, таспен ұрып өлтірген дейтіндер де бар. Кенесарының өр тұлғасын тарихымызда көпе-көрнеу төмендету үшін оны ар-ұждан тұрғысынан масқаралап, арсыздар қатарына қосқан ғылыми еңбектер де әлі кітапхана сөрелерінде тұр. Мысалы, редакциялық коллегиясына М.Әуезов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, А. Нүсіпбеков тәрізді бүгінде елге қадірлі ғалымдарымыз кірген және өздері де автор болған «Қазақ ССР тарихы» атты іргелі еңбектің В. Шахматов жазған бөлігінде Кенесары туралы былай жазылған: «...Кенесарының өзі бейбіт халыққа мейірімсіз қатаңдық істеді. Оның бұйрығымен жүздеген адам өлтірілді. Ол жұртты қорқытып, өзіне көңілдeстікке қазақ қыздарын алдыратын болды, қыз беруден бас тартқандар болса , қазақ старшиналарын аманатқа алып, оларды қинап, кісендеп ұстайтын болды...» (қараңыз: Қазақ КСР тарихы. I том. - Қазақ мемлекет баспасы, Алматы, 1957. -339 б.). Жоғарыдағы исі қазаққа қадірменді ағаларымыздың кітапты басуға жібере де: «Кенесарының көтерілісін «реакциялық, феодалдық-монархиялық» деп жаздық қой, ал, енді Кенесарының өзінің жеке басын осынша төмендетпей-ақ қоялық» деп қазаққа жаны ашымас В.Шахматовқа тоқтау салуға жарамағандары қынжылтады.
Иә, қырғыздағы Кенесары тағдырына қатысты тағы басқа әңгімелер аз емес. Бұған айтарымыз: екі бауырлас халықтың арасында сыздаған жараға айналған осы мәселені ұшықтыра өрбіту қажет пе? Қалай десек те қазақтың соңғы ханы Кенесары бүгінде халқымыздың намысын қайрайтын ұлтымыздың асқақ мақтанышы. Оның қайсар тұлғасы әлі қазақтың ғана емес, отаршылдыққа қарсы күрескен түркітілдестердің сандаған ұрпақтарын ерлікке шақырып, тәуелсіздіктің заңғар биігіне ұмтылдыра беретін болады.
Кезінде XX ғасырдың 20 жылдарында Ферғанада басмашылық қозғалысты қызылдар талқандаған соң, шетелге эмиграцияға кетіп бара жатқан башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті басшысы, кейіннен түркі дүниесіне әйгілі ғалым болып, Түркияда көз жұмған Ахмет Заки Уәлидидің өзінің башқұрт халқына арнаған өсиетхатында «...башқұртым ел боламын десең сен, қазақтан қол үзбе, өйткені қазақтардың дербес мемлекет құру дәстүрі бар, Кенесары тәрізді азаттыққа шақыратын қаһарман хандары бар, ол болашақта сөз жоқ тәуелсіздік алады. Сонда сен башқұртым орыстың құшағында қалып қойма» деп ақыл айтқан еді. Міне көрегендік деп осыны айт, бұған не дерсің? Иә, Кенесары тұлғасы қазақ халқының санасында мәңгілік орын тепті. Мұны кезінде орыс ғалымдары да мойындады. Мысалы, Б.Герасимов өзінің «Поездка в Барлыкские минеральные источники в 1903 г.” деп аталатын еңбегінде Кенесары туралы жырлаған қазақ жыршысы оған қарап: «Мен сіздерге біздің сұлтанымыз (батырымыз) Кенесары туралы жырлап беремін. Оның о дүниелік болғанына көп уақыт өтсе де, қырғыз (қазақ-Т.О.) халқының жүрегінде ол тірі және мәңгі өлмейді», - деп айтқанын айтады.(қараңыз: Герасимов Б. Поездка в Барлыкские минеральные источники в 1903 г.//Путевые наброски.// Записи Семипалатинского отдела Зап.Сиб. отд. ИРГО, Вып.II.Семипалатинск. 1905. С.18-19.). Иә кезінде Кенесарының ерлігін бүкіл қазақ даласы жырлады. Мұндай шабытпен айтылған туындыларға кеңестік заман ғана уақытша тосқауыл сала алды. Бірақ Кенесары туралы шындық өткір қанжар тәрізді қап түбінде жатпайды ғой.

Балалық шағы


Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Ресей империясы өзіне шекаралас жатқан Қазақ хандығын, күллі Азия елдері мен жерлеріне бастар қақпа деп есептегендіктен, оны Ресейге қосып алу қажеттігіне ерекше мән берген-ді. Қазақ хандығы аумағын империяға күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүрді. Ресей отаршылдығының ерекшелігі – «орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отыратындығында, сөйтіп, жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатынында» (М.Шоқай) еді. Атасы Абылай хан заманынан бері үдей түскен бұл процесс жас сұлтан Кенесары санасына ұлт тәуелсіздігіне төнген қауіпті терең түйсінтті. Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысы» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жойып, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеді. Сол мақсатта қазақ даласына орыс шаруалары ағылып келіп қоныстана бастады. Абылай ханнан кейін орнына билікке келген Уәли хан (1781 – 1821) патша әкімшілігінің Көкшетау алқабында қала құрылысын бастауына келісім берді. Уәли өлгеннен кейін хан сайланған баласы Ғұбайдолланы Ресей үкіметі бекітпей тастады және орта жүзде хандық билікті жойды. Қарсылық көрсеткен Ғұбайдолланы тұтқындап, Сібірге жер аударды. Осыған байланысты Кенесары Ресей мен Абылай хан арасында жасалған жазбаша келісімшарттың бұзылғанына наразылық білдірді. Оның: «Алла қостаса, қазақтардың басын біріктіреміз де, қайтадан Абылай хан тұсындағыдай дәрежеге жетеміз» деген пікірі әкесі Қасым сұлтанның, бауырларының, көптеген қазақ батырларының тарапынан қолдау тапты. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 ж. Қоқан билеушісінің нұсқауымен К-ның бауыры Саржан өлтіріледі. 1840 ж. әкесі Қасым төре қаза тапты. Кенесары Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды көздеді. Отаршылдарға қарсы соғысты бастамас бұрын К. бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап: Николай І патшаға, Орынбор ген.-губернаторлары В.А. Перовскийге, В.А. Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д. Горчаковқа хат жолдады. Ақылды саясатшы және әскери қолбасшы ретінде Кенесары жаудың мықты қарулы күші бар екендігін жақсы түсінді, сол себепті соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс және өзге ел шеберлерін тартуынан көрінеді. Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды. Кенесарының жауға қарсы жорығында Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан, Бұқарбай, Мыңжасар, т.б. батырлар аянбай шайқасты. Әскери қимылдар 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей әскері мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты әлдеқайда басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Азаттық үшін шайқаста Кенесары қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда патша әкімдерімен құпия байланыста болған манаптар оған мойынсұнбады. Кенесары бағынудан бас тартқан қырғыздарға шабуыл жасады. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түседі. Кенесары айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді.
Көтеріліс
1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты.
Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығыныңиелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей әскері мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Кенесары сұлтан ең алдымен 1837 көпестердің керуенін күзетіп келе жатқан хорунжий Рытовтың әскерін тас-талқан етті. Кенесары қолы алғашқы ең көлемді әрекетін 1838 жылы 26 мамырда Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымұлы патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты 1836—38 жж. Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды. 1840 жылғы Кенесарының Ташкентке жорық жасау жайлы ойынан бас тартуға тура келді. Себебі, сарбаздардың арасында жұқпалы ауру тараған болатын. 1844 жылы 21 шілдедегі түнгі шайқаста Кенесары қолы Ахмет Жантөреұлының әскерін тас-талқан етті. Ұрыс даласында патша үкіметін қолдаған 44 сұлтан ажал құшты. Ал Жантөреұлына көмекке келген Дуниковский Кенесарының әскеріне жақындауға қорыққандықтан ешнәрсе жасай алмады. 1845 жылы Кенесары ханның әскері Мерке бекінісін басып алды. Дәл осы жылы патшаның бұйрығымен Кенесары ауылына Долгов пен Герн елшілігі келді. Қос тарап ешқандай да келісімге келе алмады. Патша өкіметі көтерілістің алдыңғы нәтижелерін жоққа шығаратын қисынсыз талаптар қойғандықтан Кенесары патшаның барлық талабын орындаудан бас тартты.

Ақ киізге көтерілуі


1841 жылы Кенесары хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.
1841 жылы Кенесары хан тағына отырғаннан кейін, көтеріліске қатысушылар әскери қимылын үдете түсті, олар қоқандықтардың елеулі күштері бекінген Жүлек, Ақмешіт, Жаңақорған, Созақ қамалдарын қоршауға алды.
Кенесары өзінің басты мақсаты — азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді. Алайда ұлт-азаттық күрестің 1844—45 жылдары қарқыны үдей түскен кезеңде де қазақтардың басы толық бірікпеді. Көтерілістің бас кезінде-ақ қазақтар қарама-қарсы екі топқа бөлінді: бірі Кенесары жағында болса, екіншісі патшаның жүргізген саясатын қолдады.
1846 жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бойұсынған қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары оны Кіші және Орта жүздер аумағынан ығыстырды.
Кенесары Қасымұлы хан, саясаткер, дипломат ретінде қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Оның әскерінің жалпы саны кейде 20 000 адамға дейін жетті. Халықтың бас көтеруіне Орта жүздің көптеген сұлтандары мен билері қосылды.
Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол 18 ғ. соңы мен 19 ғ. басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды қамтуымен ерекшеленеді.
Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты. Әскерді ұзақ дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп басқару құрылымын құрды. Ол қажет ақпараттарды жеткізіп тұратын тыңшыларына да сүйенді, саяси күрес пен дипломатияның тиімді әдістерін қолданды. Мемлекеттің ішкі саясатын хан өзі қатаң бақылауға алды, ру аралық қақтығыстардың жолын кесті.
Хандықтың құлдырауы
Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843 жылы шілденің 27 І Николай империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қағазға қол қойды.
Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843—44 жж. біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. Шегіне келе Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды.
Кенесары Тоқмақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды. Кенесары сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.[1]
Сыртқы саясаты
Кенесары сыртқы саясатында ортаазиялық хандықтармен одақтас және әскери қатынастар орнатты.Әкесі Қасым төре кезінде Қоқан хандығымен қатынастарды сақтады.Бірақ әкесі мен ағасын қоқандықтар өлтірді,кейін өзі тұтқындалған.Қоқандық хан Мұхаммад Алихан оны тұтқыннан босатты және отбасы мен мүлігін қайтарды.Кенесары Хива хандығына жол бастады.Хива ханы Аллакули оны құрметпенен қарсы алып,Бұқараға қарсы одақ құруды ұсынды.Бірақ бұл ұсынысты қабылдай тұра,Бұқара жағын ұмытпады.Бұқара әмірі Насрұлла хан Хиваға қарсы одақты ұсынды.Кенесары хан оған Қоқанға қарсы одақты ұсынды.Сөйтіп,Кенесары екі хандықтан да көмек алуға талпынды.Ресей империясымен қатынастар ауыр болған,хандық билік таратылғаннан кейін патша үкіметі оны хан ретінде мойындамады.Кенесары империямен бейбіт туралы келіссөздер жүргізді.1841-1843 жж. Кенесары мен Ресей империясы бейбіт келісімге жетті.Бірақ Орынбордың губернаторы ретінде Обручев келіп,бейбіт туралы келісімдер бұзылып,Кенесарыға қарсы жазалау әрекеті басталды.1844 жылы Орынбор губернаторы атынан елші ретінде шекаралық комиссия мүшесі Баймұханбет Жаманшы келіп,ханға Обручевтің хатын берді.Герн мен Долгов басқарған,патша үкіметінің елшілігі келді.Елшіліктің мақсаты:Кенесарыны Ресейге бағындыру және оның талаптарын орындату.Кенесары да өз талаптарын айтқан.Екі жақ та бір-бірінің талаптарын мойындамағандықтан,бұл келеіссөз нәтиже бермеген.Кенесары қырғыздарды ұмытқан жоқ.Өзінің адамдарын Ормон ханға жіберіп,бірақ ол ханның кеңесшілері Кенесарымен одақ құрғысы келмеді.Одан кейін Кенесары Қытайды таңдады.Елшілікті Даогуану императорына жіберген.Даогуану Абылай ханның кезіндегі қатынастарды қайта құруға уәде берген.
Өлімі
Қоқаннан қайтып келгеннен кейін Кенесары Орта Жүздің жеріне келген.Бірақ оған дейін Ресей шешуші әрекеттерді ойластырды,содан Орта Жүзде күресті жалғастыру мүмкін емес болды.Сонда Кенесары Ұлы Жүзге бару туралы шешім қабылдады.Ұлы Жүзге інісі Наурызбайдың қасына жүз жігітті оларға көшпенді жер бөлуіне жіберді.Рүстем Сұлтан Наурызбайды қабылдап,жер бөлуді және Кенесарыны қолдайтынына уәде берген.1846 жылы хан Орта Жүзден кетті.Ұлы Жүздің аумағына келген ол қырғыз манаптарымен келіссөздерді бастады.Олар ханды қолдаймыз деп уәде берген,негізінде қосарланған саясат жүргізген болатын.Екі жақтың арасындағы тыныштықты қырғыздар Саурық батырдың өлтіргенімен бұзды.1847 жылдың сәуірінде олардың әрекеттеріне жауап ретінде Кенесары 15 мыңдық әскерімен Қырғызстанға басып кірді.Бұл шабуыл өте қатал болды, содан қырғыздар соғысқа дайындықты бастады.Майтөбе қаласында - Кеклик-Сэнгирде Орманның жетекшілігімен қырғыз манапасымен шайқас өтті.Бірақ шайқас кезінде Сұлтан Рүстем мен Сыпатай Кенесарыны сатып кетіп, оның әскерінің басым бөлігін алып кетті.Шайқас бірнеше күнге созылды.Кенесары ұсталып және тұтқында үш айдай болған,өйткені қырғыздар онымен не істейтінін білмеген.Содан оны өлтіру туралы шешім қабылданды.Көз жұмбас бұрын Кенесары намаз оқуға рұқсат сұраған.Басынан айырылды.Оның басын қырғыз манабы Ормон балауыз мөрімен жазылған хатпенен Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Горчаковқа сыйлап,қырғыздардың Ресей империясына деген адалдығын көрсеткісі келді.

Кенесары туралы ақын-жазушылар шығармалары


Кенесары қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде қалды. Кенесарының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай» дастаны (19 ғ.) 1875 ж. сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. 20 ғ-дың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тыйым салынған), 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 ж. «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көзі ретіндегі маңызы зор. 1888 ж. Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан К-ның баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес өкіметі тұсында К-ның күрес жолына іргелі ғыл. зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов («ХІХ ғасырдың 20 – 40-жылдарындағы Қазақстан», 1947) саяси қуғын-сүргінге ұшырады. К. тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Тарихшылар (Ж.Қасымбаев, т.б.) өз зерттеулерін жариялады. 2002 ж. Кенесарының туғанына 200 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның есімімен аталатын көше бар.
Кіріспе Негізгі бөлім
1. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының басталу себептері және барысы
2. Қарулы күрестің күшейген кезеңі және оның жеңілуі
Қорытынды Пайдаланылған әдебиеттер;


ХIX ғасырдың 30-шы жылдарында патша өкіметі Қазақстанда отарлау саясатын онан әрі өрістетіп, қазақ халқының саяси дербестігін біржола жоюға бағытталған шараларды кеңінен жүргізе бастады. Әбілқайыр, Абылай хандармен жасасқан шарттардағы Қазақстан жеріне кірмеу, солдат алмау, тек салық төлеу жөніндегі міндеттемелер аяқ асты етілді. Қазақ жерінде әскери шептер, бекіністер салынып, шұрайлы жерлерге патша өкіметінің қол шоқпары болып келген казак-орыстарды қоныстандыру шаралары жүргізілді. Ресейдің қазақ жеріндегі әкімшілігі өзен-көлдерді, құнарлы жерлерді, ормантоғайларды өз қармағына алды, ал оны пайдаланған қазақтарға салық салынатын болды. Әкімшілік басқару жүйесін қайта құру барысында қазақ жерлері кокругтерге бөлінді. Бұл округтер Батыс-Сібір және Орынбор генерал-губернаторлығына қарады.Олар қазақ жерінде “бөліп ал да билей бер” деген отаршылдық ұранды бұлжытпай іске асырды. Алдымен қазақ жерін сыртынан құрсаулап көптеген бекіністер салынды. Іргелеп ішке кіріп айнала қоршау-құрсау орнатқан Ресей отаршылдары Абылай көз жұмғаннан кейін Қазақстанның ең бір шұрайлы жерлеріне бекіністер салуға кірісті. Сөйтіп, Ырғыз, Торғай, Ақмола, Көкшетау, Ортау, Қарқаралы бекіністері бой көтерді. Қазақ жеріне кеулеп еніп келе жатқан патша өкіметінің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққан Абылай ханның баласы Қасым болды. Ол патша әкімшілігіне хат жазып, кісі жіберіп, оларды түсінісуге, пәтуаға шақырды. Қазақтың ежелгі қоныстарына бекіністер салуды, қазақ жерлеріне казак-орыстарды әкелуді, олар арқылы халыққа қысым көрсетуді тоқтатуын талап етті. Оның бұл хаттарына жауап болмады, жіберген адамдары қайтарылмады. Сонда барып, Қасым патша өкіметіне ашық қарсы шығуды ойлады. Ол бұл күресте Қоқан хандығына сүйенбекші болды. Патша өкіметі тарапынан қысым көре бастаған ол 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына көшіп барды. Оның діні бір, тілі бір қоқандықтардан күткен үміті ақталмады. Олар оның қайсар ұлдары Саржан мен Есенгелдіні, кейінірек өзін өлтірді. Медреседе оқып жүрген ұлы Кенесарыны (1802 жылы туған) Ташкент түрменсіне қаматты. Қайырымды адамдардың көмегімен абақтыдан аман шыққан Кенесары ата мекені Ұлытауға келіп қоныстанды. Осы Ұлытауда жүріп, ол өз өмірін қазақтың тәуелсіз ел, дербес мемлекет болуы жолындағы, күреске арнады. Ол Ресей сияқты аса қуатты ірі мемлекетпен күресу- қазақтың үш жүзінің күштерін біріктіруді, едәуір құрбандықтарды, тек әскери ғана емес, сонымен бірге дипломатиялық күш жігерді де талап ететін ой таразысынан өткерді. Кенесары Қазақстан патшалық Ресейге де, Орта Азия хандықтарына да тәуелді емес, олармен тең қарым-қатынаста болу керек деп есептеді. Ол патша әкімдеріне жазған бір хатында: Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұры, Ақият, Тоқзақ сияқты атабабаларымыз мұра еткен жерлер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, бекіністер салынды. Күн сайын біздің жерлерімізді басып алып, әскери қамалдар салу арқылы халықты ашындыруға жол берілуде. Мұның өзі біздің келешегіміз үшін ғана емес, бүгінгі тіршілігіміз үшін де қауіпті болып отыр деп көрсетті. Патшаның жазалаушы отрядтары мен жергілікті сұлтандардың озбырлығы туралы айта келіп тағы бір хатында ол былай деп жазды: “1825-1840 жылдар аралығында олар біздің ауылымызды 15 рет тонауға, талауға салды. Мұндай қысым мен тонауға, талауға, кісілерімізді өлтіруге шыдай алмаған біз бетіміз ауған жаққа көшуге мәжбүр болдық. Бірақ, олар бізге мұнда да тыныштық бермеді. Сондықтан мен, Қасымұлы қолыма қару алып халқымның ұлы күресін басқаруға шықтым”. Бұл хаттан Кенесарының патша үкіметіне ашық қарсы шыққанын көреміз. Кенесары көтерілісінің басты мақсаты- патшалық Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген аймақтардың дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату еді. Сондай-ақ Кенесарының тағы бір көздеген мақсаты- қоқандықтардың тепкісіндегңі Оңтүстік өңірдегі қазақтарды босатып, оларды Қазақ хандығына қосу еді. Кенесары Қасымұлының қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші- бұқара халық болды. Олар күшейе бастаған отарлық езгіден, феодалдық топтардың қысымынан құтылуға тырысты. Көтеріліске сонымен қатар ақсүйек өкілдері де қатысты. Олар көтерілісті, бір жағынан, өз мүдделеріне пайдалану, бұрынғы артықшылықтарын қайта алу, екінші жағынан, көшпенді дербес феодалдық мемлекет құруды көздеді. 1838 жылы Кенесары туының астына мыңдаған сарбаз жиналған еді. Олардың арасында үш жүздің қазақтары болды. Кенесарыны белсенді қолдағандардың арасында Орта жүз бен Кіші жүздің белгілі руларыҚыпшақ, Төртқара, Жағалбайлы, Шекті, Алшын, Керей, Жаппас, Бағаналы, Тама, Табын, Арғын т.б. ру тайпаларының жігіттері аз емес-ті. Олардың көпшілігі мал өсірген, егін еккен. Осыған орай жер шаруашылығынан зардап шеккендер кедей және орта шаруалар болды. Кенесарының қол басқарған батырлары да халық ішінде аты кеңінен мәлім адамдар еді. Олардың қатарында Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақтың батыры- Иман, Табынның батыры- Бұхарбай, Тіленшіұлы Жоламан, Дулаттың батыры- Бұғыбай, Шапырашты руының батыры- Сұраншы т.б., Кенесарының інілеріНаурызбай, Әбілғазы, әпкесі- Бопай көтеріліске белсене қатысты. Кенесары жасақтарында қазақтармен бірге қарақалпақтар, түрікмен, қарғыз, өзбек, өкілдері де аз болған жоқ. Дегенмен Кенесары барлық әдіс-амалдарын қолданып тырысып басқа да, кейбір феодалдық топтарды, үш жүздің рутайпалық бөлімдерін біріктіре алмады. Көтерілістің бастапқы кезінен-ақ қазақ ақсүйектері бір-біріне қарсы күресуші екі жаққа бөлінді: патша өкіметі әлпештеген бөлігі отарлаушы әкімшіліктің қолдауына сүйеніп, өздерінің саяси қарсыластарын күйретуге күш салды. Кенесарының ымыраға келмейтін қарсыластары Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, Кіші жүздің басқарушы сұлтандары Ахмет пен Мұхаммед Жаңтөриндер, сұлтан Баймағамбет Айшуақов т.б. болды. Кенесары Жетісуға өткеннен кейін көтеріліске қарсы ымырасыздық позицияны Абылай ханның тұқымдары, яғни өзінің туысқандары- Әли мен Сыйықта ұстанды. Бірақ осыған қарамастан, Кенесары Қасымов өзінің туы астында үш жүздегі қазақ руларының едәуір бөлігін топтастыра алды. Омбы облыстық басқармасына қарасты сот-жазалау мекемелері жинастырған мәліметтер бойынша тек Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтерінде ғана көтерілісшілерді 80-нен астам сұлтандар мен билер, ағамандар қолдаған. 1838 жылы көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскерлеріне қарсы алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жүргізді. Олармен шайқаста Ақмола қаласын қиратып, Ақмола округіндегі патша әкімдерімен ауыз жаласып жүрген Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапты. 1840 жылы күзде көтерілісшілер Ырғыз бен Торғай маңында патша әскеріне, орыс әкімшілігін қолдаушы жергілікті бай-шонжарларға қарсы күресті күшейтті. Бұл тұста Кенесарының аты қазақ арасында кеңінен тарап, оның беделі бүкіл қазақ даласында дүрілдеп тұрды. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүзден адам жинап, әкесі Қасым ханның өлгеніне бір жыл толуына байланысты ас берді. Осы астан кейін үш жүзден жиналған жамағат Кенесарыны ақ киізге салып, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады. Кенесары хан болып сайланғаннан кейін ел билеу тәртібі өзгеріп, алымсалық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық байланысын орнатуға көңіл бөлінді. Керуеншілерді тоқтатып, олардан салық алынатын болды. Мемлекеттік құрылыс қайта өзгертілді. Хандық кеңес құрылды. Кеңесіп шешетін жоғарғы органдарға ханға берілген батырлар, билер, сұлтандар, ханның туысқандары кірді. Басқарудың негізгі тұтқасы Кенесарыны өз қолында қалды. Хандық кеңеске негізінен азаттық қозғалысының мүдделеріне адал, жеке басының батылдығымен, дипломатиялық қабілетімен көрінген адамдар енді. Басқарудың арнайы қызметі хандық кеңес шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таратылуын, түсіндіруін және орындалуын қадағалап отырды. Әскери істе де Кенесары және оның көмекшілері бірқатар өзгерістерді іске асырды. Батырлар мен төлеңгіттердің басқаруындағы көтерілісшілердің әскери күші негізінен өз еркімен құралған жасақтар еді. Жасақтар жүздіктерге, мыңдықтарға бөлінді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатылды. Опасыздық жасағандар тек өлім жазасына кесілді. Кенесары Ресеймен тату көршілік қатынас орнатуға ұмтылды. Бірақ Орта жүзге билігін жүргізіп отырған Батыс Сібір губернаторы Горчаков, Орынбор губернаторы Перовский Кенесарымен қарым-қатынаста екеуі екі түрлі көзқараста болып, оның Ресей өкіметімен мәмлеге келуіне кедергі жасады. Әсіресе, өркөкірек Горчаков Кенесарыны менсінбей, оның орыс әкімшілігіне деген өшпенділігін қоздырды. 1841-1842 жылдары Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алып, Қоқан хандығының елірме әуселесін басты. Қоқандықтар келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы ордасына қайтып оралды. Бір айтып кететін жәйт, Кенесары Бұхара әмірімен және Хиуа хандығымен қарым-қатынасындағы саясаты біршама өзгешелеу еді. Кенесары олармен өзара толық сеніділік қатынас орнатты. Кейде Хиуа басқарушысы қазақ жасақтарын зеңбіректерімен, оқ- дәрімен жабдықтап отырды. 1843 жылы Орынбор генерал-губернаторы Перовский кетіп, оның орнына Обручев келді. Кенесары мен Персовский бір-біріне сыйластықпен қарайтын. Сондықтан көп мәселелер әділдікпен шешілетін. Енді Орынбор әкімшілігіне орыс патшасының Кенесарыға қаны қас тағы бір ұлығының келуі оны Горчаковпен бірігіп, Кенесарыны құғындауына кең мүмкіндік жасады. Сөйтіп, Горчаковпен бірігіп, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісін тұншықтыруға, Кенесарының көзін жоюға 1843 жылы 23 маусымда патша Николай Біріншіден рұқсат алды. Соғыс шығынын өтеу үшін 14 мың сом, Кенесарының басын кесіп әкелген адамға сыйға беру үшін түтін салығы есебінен үш мың сом қаржы бөлінді. Әскерлер соғысқа әзірлік жағдайына келтірілді. Кенесарыға қарсы орыс әскерлерінің жорығы 1843 жылы 27 маусымда басталды. Ырғыз өзенінің бойында патша әскерінің бір тобымен кездескен Кенесары өзінің патша өкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтып шайқасты болдырмады. Бұл тұста екі жақта әскери дайындығын мұқияттап жатты. Тамыз айында Кенесарыға қарсы сұлтандар Жантөрин, Айшуақов, полковник Гекке және Бизянков бастаған бес мың әскер жіберілді. Омбы, Петропавл, Қарқаралыдағы әскер күштері де Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. 1 және 7 қыркүйекте Кенесары жасақтары мен патша әскерлерінің арасында күшті шайқастар жүрді. Көп адам шығынға ұшырады. Бірақ екі жақта жеңіске жете алмай, майдан шебінен кері шегінді. Кенесары жасақтары енді ашық соғысқа бармай, байтақ даланың әр тұсынан көрініп, тұтқиылдан тиісіп, жау әскерін мазалап берекесін кетірді. Тынымсыз жорықтан шаршаған, үнемі қауіп-қатердің өтінде жүрген патша әскерлері түні салқын, жауын-шашынды күз түсе бере ешбір нәтиже шығара алмай бұрынғы тұрақтары Ор бекінісіне қайта оралды. 1844-1845 жылы жылдар қазақ даласындағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы өрлеудің ең жоғарғы шегіне жеткен кезі еді. Оғап Сыр бойының, оңтүстіктің қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Жасақтардың жауынгерлік дайындығын жетілдіруге, оларды дұрыстап қаруландыруға көңіл бөлінді. Зеңбірек, мылтық, оқ-дәрі жасау, оларды сатып алу, азық-түлік дайындау жұмысы жолға қойылды. Патша әкімшілігі әскерлеріне тыңшы жіберуі, барлау жұмысы ұйымдастырылды. 1844 жылдың жазында Кенесары жасақтарын құртуға, халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша әскерлерінің үш үлкен тобы шықты. Олардың алдына Кенесары жасақтарын қоршап, шешуші соққы беру міндеті қойылды. Осы міндетті ойдағыдай іске асыру үшін, олар Сібірден Кенесарымен шайқас жүріп жатқан жерлерге бет алған генерал Жемчужниковтың әскерімен күшейтілді. Кенесары бұл күштердің басын біріктірмеуге, сөйтіп өзінің жасақтарын қоршап алуына мүмкіндік бермей, оларды бір-бірлеп құрту тактикасын қолдануды жөн көрді. Сібір әскерінің алдынан шыққан оның шағын тобы Ақмолаға қарай қаша соғыс салып, Кенесары күші Ұлытауға бет алыпты деген лақап таратып, жау күшін осы жаққа тартты. Негізгі күшпен Ақмола бекінісіне шауып, Жантөрин шоғырын қоршап, ондағы 44 сұлтанды өлтірген Кенесары мен оның батырлары 1844жылы 14 тамызда Атбасар бекінісін тікелей шабуылмен басып алды. Бұл оқиға патша әкімшілігін қатты састырды. Дуниковский, Жантөрин, Жемчужников әскерлеріне көмекке полковник Ковалевскийдің отряды жіберілді. Жоғарыдағы айтылған шайқастардан кейін Кенесары жасақтары Мұғалжар тауларына барып бекінген еді. Кенесарының 1844 жылғы шайқастарындағы табысы оның даңқын барлық жерлерге жайды. Бұхара әмірі мен Хиуа хандығы онымен тығыз байланыс жасауға ұмтылып, оған сыйлықтар жолдады. Кенесары патша өкіметінен бітім сұрап, даулы мәселелердің барлығын келіссөз арқылы шешейік деді. Патша әкімдері оған онша көп сене қойған жоқ. Дегенмен келіссөз жөніндегі ұсынысты қабыл алып, Кенесарының кепілдікке алып кеткен туыстарын, әйелін тұтқыннан босатты. Кенесарымен келіссөз жүргізу үшін патша өкіметі Долгов бастаған бір топ адам жіберді. Олар Кенесары патша әкімшілігіне сөзсіз, ешбір шарт қоймай бағынатын болса, оған кешірім жасалады деп мәлімдеді. Кенесары бұл мәселені ойланып көремін деп елшілерді екі ай бойы ұстады. Елшілер бітім болмайтынына көз жеткізіп, “кетеміз” дегеннен кейін Кенесары Орынбор генерал-губернаторына хат жазып, оларды аттандырып, жіберді. Ол хатында патша өкіметі өзінің қазақ жеріндегі бекініс-қамалдарын бұзып, қазақ халқына істеп отырған зорлық-зомбылығын тоқтатқанда, ғана Ресей бодан болуға дайын екенін мәлімдеді. 1845 жылы Кенесары Ұлы жүзге қоныс аударып, Жетісуға келіп тоқтады. Ақши, Күрті, Жиренайғыр деп аталатын жерлерді мекен етіп, осы арада ол Ұлы жүздің халқын біріктіруді, қырғыздармен одақ құрып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтіп оның қол астындағы қазақтарды босатуды көздеді. Кенесары Қытаймен мәмлеге келіп, онымен келіссөз жүргізу үшін Құлжаға елші жібереді. 1845 жылы қазан-қараша айларында Кенесары жасақтары қоқан хандығына жорыққа аттанады. Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алып, Ақмешітті /қазіргі Қызылорда/ қоршауға алды. Бірақ жорықты жалғастыруға осы жақта жұқпалы індеттің күшеюі бөгет жасады. Ол кері оралып, Жетісу жерінде өзінің келешегіне байланысты жоспарларын ойластырды. Бұл тұста патша әкімшілігі Кенесарының төңірегіне тор құрып үлгерген еді. Ол қырғыз манаптарының және патшаға адал болып жүрген қазақтың бай шонжарларының басын қосып, Кенесарыға еңсесін көтертпейтін ең соңғы соққы беруге әзірленді. 1846 жылғы жазғы айлардың бірінде мың қаралы жасағымен Кенесары қырғызға бет алды. Хан солтүстік қырғыз манаптарынан өзіне бағынуын талап етті. Қырғыз манаптары Орман, Жантай және Жанғараш тайпалар өкілдерінің құрылтайын шақырды. Сарыбағаш, Бұғы, Саяқ, Солто, Шерік және басқа тайпалардың өкілдері қазақ ханының талаптарын орындаудан бас тартты. 1847 жылы сәуірде Кенесары жасақтарымен қырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен қақтығысу Ыстық көлінің тау шатқалы қойнауында және Шу өзенінің бас жағында өтті. Кенесары Тоқмақтың маңында Кеклік сеңгірі деген жерінде үш жақтан қоршалған қайырымсыз қатал қамауға түсті. Оны қамаған қырғыз манаптарының жасағы, генерал Вишневскийдің ақ қалпақ киіп, пулеметтен оқ жаудырып, зеңбірегінен от шашып келе жатқан офицерлері мен солдаттары, Қоқан хандығының мыңнан астам сарбаздары еді. Кенесары қолы өзінен күші он есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Жасақтағы жігіттер арыстанша алысып, соңғы демі біткенше қарсыласты. Талай боздақтар осы шайқаста жан тәсілім қылды. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай тобы болды. Бірақ аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естіген ол ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп берілді. Патша әкімдерінің кеңесі мен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Сөйтіп бәрі бітті. Кенесары Қасымұлының көтерілісінде бірсыпыра қайшылықтар орын алды. Олар: бір жағынан қазақтарды Қоқан хандығынан азат ету мақсатымен соғыс, екінші жағынан, туыстас, қандас қырғыздармен ескі кек алу соғысы, үшіншіден, өзіне қолдау көрсетуден бас тартқан қазақ руларынан қарсы басып-шаншу саясаты. Кенесары тұсында қарт бурадай жарадық, жауды жасқап жапырып, жауған қардай боладық, дұшпанның алдын орадық, Кене ханнан айырылып, шіл боғындай тарадық, көрінгеннен қорғалап, кісі аузына қарадық – деп Нысанбай жырау айтқандай, Кенесары мен Наурызбай өлгеннен кейін ұлт-азаттық қозғылысы басылып, бостандыққа деген үміт үзіліп, қазақ жерін қайтадан қара түнек қаптады. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы патшаның отарлау саясатына қарсы жүргізілген ең ұзақ соғыс еді. Қазақ халқының феодалдық хан мемлекеттігін қалпына келтіру бұл жолы да жеңіліспен аяқталды. Оның жеңілу себебі, дамудың феодалдық саясатында тұрған қазақ халқының бытыраңқылығы. Байтақ даланы жайлаған қазақ халқы үш жүзге және Бөкей ордасына бөлінді. Осы елдің басын қосу оңай болмады. Жүздерге жіктенген қазақ рулары көтерілісті негізінен өз жерлерінде қолдап, Қоқан және Қырғыз жерлеріне басып кіруден өздерін алшақ ұстады. Кенесарының өзін қолдамаған ауылдарға озбырлығы, ауыр жазаға тартуы да көтеріліс қатарын әлсіретті. Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалысын қазақтың бай-шонжарлары, ауқаттылары қолдаған жоқ, қайта оны басуға патша әскерлеріне көмек көрсетті. Үшіншіден, көтерілісшілердің жетілдірілген қару-жарағы болмады. Төртіншіден, ұлт-азаттық қозғалысын басуға, Қазақстанның отар ел болып қала беруіне көршілес Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары да, қырғыз манаптары да мүдделі болды. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жерінде үш жүздің халқын түгелге жуық қамтыған және ұзақ уақыт бойы жүргізілген көтеріліс еді. Оның патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бұқаралық сипатымен және қазақ халқының тарихында ірі прогресшіл бағытымен айқындалды. Біріншіден, бұл қозғалыс бұқараның азаттық үшін белгілі саяси мектебі ретінде көзге түсті. Патшаның отарлау саясатына қазақ халқының кейінгі жылдардағы қарсылығы осы көтерілістің негізінде өсіп дамыды. Оның сабақтары отарлау саясатының қаншалықты озбыр, қанішерлік, халықтың тәуелсіздігін аяқ асты етіп отырған саясат екенін түсінуге, оған қарсы күресте өзінің еркі мен жігерін ұштауға көмектесті. Екіншіден, патша өкіметіне тегеурінді қарсылық көрсетіп, оның отаршыл аппаратына ірі-ірі соққы берген бұл көтеріліс халықтың күш-жігерін дұрыс ұйымдастыра білгенде жеңіске жетуге болатынын көрсетіп берді. Сонымен бірге ол қазақ халқының өсіпөркендеуіне, ұйымдасып дамудың даңғыл жолына шығуына феодалдық бытыраңқылықтың тұсау болып отырғанын да көрсетті. Үшіншіден, Кенесары көтерілісі патша өкіметінің қазақ халқына құлдық қамытын кигізіп, біржола езгіге салатын, отарлау саясатын ширықтыра жүргізетін сәтін біраз кешеуілдетті. Көтеріліс отаршылдық саясатты қазақ даласына енгізудегі соңғы тосқауыл, ақырғы қамал іспетті. Одан кейінгі он жылдық ішінде болған 1853-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлының да, 1856-1857 жылдардағы Жанқожа батырдың да патша өкіметіне, қоқандықтарға қарсы азаттық күресі Кенесары бастаған қозғалыстай ауқымды бола алған жоқ.

Кенесары Қасымұлы (1802 - 1847 ж.ж)


Кенесары Қасымұлы (1802–1847) — мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.
1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы — Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.
Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В. А. Перовскийге, В. А. Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П. Д. Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім — екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», — деді.
Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, — деп жазады Кенесары император І Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», — деп жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды.
1844–1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.
Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.
Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.
Уақыт тезінен өткен жыр (Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанының тарихи негізі жөнінде Кене хан бастаған қозғалыс XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы азаттық қозғалысының шарықтау шегі, соңғы қорытындысы еді. Сонымен бірге бұл қозғалыс ортақ мақсатқа қысқа сәтке болса да батыстағы Жоламан Тіленшіұлын, оңтүстік батыстағы Жанқожа Нұрмұхамедұлын,арқадан Ақжолтай Ағыбай Қоңырбайұлын, оңтүстік шығыстағы Саурық Ыстанбекұлын, Сұраншы Ақынбекұлын, Байзақ Мәмбетұлын және басқа тұлғаларды бір ту астына жинай білді, біріктірді. Басқаша айтқанда, Кене хан бастаған қозғалыс бүкіл қазақ елін ортақ мақсатқа біріктіре алатын ұлттық идея бар екендігін көрсетіп берді. Нысанбай жырау Кене хан бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын терең түсініп, ақын ретінде ханның қоғамдық-саяси ұстанымын қабылдап, сондықтан да бұл күрестің ыстығы мен суығын, ащысы мен тұщысын оның бастаушысымен бірге күрестің соңғы сәтіне дейін бөліскен тарихи тұлға. Ел арасында Нысанбай жыраудың Кенесары ханның қолына қосылуына байланысты мынадай бір әңгіме сақталған. Кенесары қолы Сырдың бойындағы Жалағаш өңіріне ат басын бұрады. Жергілікті халық хан мен оның оның қосынын үлкен құрметпен қарсы алып, түрлі шаралар өткізеді. Сол өткізілген шаралардың бірі қонақтардың алдына келіп алпысқа жуық ақын-жыраулардың өз өнерлері арқылы ел тілегін білдіруі еді. Сыр бойы жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала кетеді. Біздің түсінігімізше, жырау хан қосынына оның Жетісуға бет алған кезеңінде қосылған болу керек. Өйткені, оның шығармашылығы да басым түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды. Жырау Кенесары мен Наурызбайға байланысты баянын ә дегенде-ақ Абылай хан ұрпағының саяси ұстанымына байланысты өз көзқарасын білдіруден бастайды. Бұл әулетті ол қазақтың жері мен елінің тұтастығы және тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен әулет болғандығы үшін құрмет тұтатындығын анық білдіреді. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел қорғаны, ал оның қызметі ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтан сескенген жалғыз қазға» теңейді. Басқаша айтқанда, «Кенесары-Наурызбай» жыры бұл мемлекетшіл ұстанымдағы жыраудың шығармашылығынан туған жыр. Осы ретте Нысанбай жырау шығармашылығына қатысты мынадай бір жағдайды ескерген жөн. 2 ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамында, елдің қоғамдық санасында саясаттану (политизация-авт.) үрдісі жүріп жатты. Оған түрткі болған қазақ елі мен жеріне жан-жақтан төнген қауіптің және ішкі алауыздықтың күшейе түсуі болды. Сондай-ақ сыртқы күштердің араласуы ішкі қайшылықтарды тереңдетіп жіберді. Міне, осы ретте Нысанбай жырау шығармашылығын оның замандасы Махамбет ақынның шығармашылығымен тамырлас, өзара сабақтас етіп тұрған өзек–мазмұн бар. Махамбет сияқты Нысанбай жырау да азаттық жыршысы. Махамбет сияқты Нысанбай жырау да шығармашылықты нақты іс-әрекетпен байланыстырады. Екеуі де қарулы көтерілістің бел ортасында жүрді. Нысанбай ақын да Махамбет сияқты көтерілістің жеңіліс тауып, ал оның қол басшысының қайғылы өлімге ұшырағанын көзімен көріп жеңілістің уын ішіп, құсалы күйде ел аралап жүріп өмірден озды. Екеуінің шығармашылығында да тарихи контекске деген құрмет, дәлдік бар. Сонымен бірге, бұл замандас екі ақынның шығармашылықтарына тән айырмашылықты да байқау қиынға түспейді. Махамбет бұқарашыл, «қара қазан, сары баланың» қамын биік ұстаған әлеуметшіл поэзия өкілі, ал Нысанбай жырау поэзиясында жалпы ұлт мүддесін құндылық тұтқан мемлекетшілдік ұстанымға басымдылық беріледі. Нысанбай жырау шығармашылығын еркін талдауға алуға тиым салынуына байланысты тақырыпты тура түсіну және қорыту ісіндегі ұрпақаралық сабақтастық үзіліп қалды. Осы жағдайды куәландыратын 50- нші жылдардың алғашқы жартысында болып өткен сот процестерінің материалдарына көңіл аударайық. Филолог-ғалым Е.Исмайловтың ісінен. Филология ғылымдарының докторы Е.Исмаилов 1950 жылы желтоқсанда Қазақ КСР-сы ҒА-ның тіл және әдебиет институтындағы қызметінен босатылып, келесі жылы 6 қарашада Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тарапынан тұтқынға алынады. Ғалымға 19 қарашада таңылған айыптау құжатында «Е.Исмаилов Кеңестік билікке жаулық көзқараста болып біраз жылдар бойы антисоветтік ұлтшылдық мазмұндағы жұмыстар жүргізіп, буржуазиялық-ұлтшылдық идеяларды насихаттады» 8) - деп көрсетілді. Сонымен, 1951 жылғы 11 желтоқсандағы Е.Исмаиловты тергеу хаттамасынан: «Сұрау: Сіз 1936 жылы-ақ ұлтшылдық ұстаным тұрғысынан келіп Нысанбай сияқты реакциялық көзқарастағы ақынға, сондай-ақ А.Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев және басқа контрреволюцияшыл қайраткерлерге жағымды баға бердіңіз. Осы ұстанымыңызды растайсыз ба?» Жауап: Ия, растаймын. 1937 жылға дейінгі жазған кейбір мақалаларымды мен шынымен де бірсыпыра реакциялық көзқарастағы ақындардың шығармаларын, сондай-ақ контрреволюцияшыл қайраткерлердің қызметін жағымды тұрғыдан бағалағаным рас. Бұл ұлтшылдық ұстанымда болған менің қателігім». 9) 1951 жылғы 17 желтоқсандағы тергеу хаттамасынан: 3 «Сұрау: Осы 1936 жылы тағы да қандай қазақ жазушылары мен ақындарына жағымды баға бергеніңізді есіңізге түсіре аласыз ба? Жауап: ... 1936 жылы Мағжан Жұмабаев, Шәкерім Құдайбердиев сияқты реакциялық буржуазиялық-ұлтшылдық ұстанымдағы ақындардың поэтикалық шеберлігі жөнінде жағымды пікір айтып, А.Байтұрсыновтың Крыловтан аударған мысалдарына оң пікір бергенім есімде. Бұдан бөлек мен Нысанбай, Әубәкір сияқты реакцияшыл ақындар жөнінде прогресшіл қөзқарастағы шығармашылық иелері ретінде мақтау сөз айттым...» 10) Е.Исмаиловтың әдебиеттанушы ретінде зерттеу жұмыстарының өзекті жібі фольклордағы, ақын-жыраулар мен жазушылар шығармашылығындағы отаншылдық тақырыбы еді. Бұл тақырыпты зерттеу ісіне оның ғалымдық талантының жарқырап көрінгені де анық. Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тергеушілерінің ғалымның соңына түсуінің астарында жатқан себеп те осы жағдай болатын. 1952 жылы 9-10 мамыр күндері болып өткен жабық сот процесінде сөйлеген сөзінде ғалым «1940 жылы Кенесары қозғалысы прогресшіл, жағымды, халықтық қозғалыс ретінде сипатталды. Ал мен Кенесарыға екі жұмыс арнадым, олар ұлтшылдық көзқарас тұрғысынан жазылды. ....Менің пікірімше, кез-келген ұлттық қозғалыс егер ол жер үшін жүрсе прогресшіл қозғалыс. Ал Кенесары жер үшін күресті....» 11) Тарихшы - ғалым Ермұхан Бекмахановтың ісінен. 1952 жылы 5 қыркүйекте белгілі тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов Қазақ КСР - Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тарапынан тұтқынға алынды. Е.Бекмаханов өзінің Кенесары Қасымұлы қозғалысына арнаған монографиялық зерттеуінде Нысанбай, Досқожа, Жамбыл және басқа ақынжыраулардың мұрасын кеңінен пайдаланғаны мәлім. Тергеу барысында Е.Бекмахановтан тергеушілер Кене хан көтерілісін жырлаған ханның замандастары Нысанбай және Досқожа жыраулардың мұраларына оның көзқарасы жөнінде де жауап алады. Ал 50-ші жылдардың басында қабылданған идеологиялық ұстаным бойынша бұл ақын-жыраулар «реакцияшыл, сұлтан, бай-феодалдарды дәріптеген» шығармашылық иелері ретінде бағаланған болатын. 1952 жылы 23 қазанда Е. Бекмахановтан алынған тергеу хаттамасынан: «Сұрау: Эксперттік комиссия даярлаған актісінде Кенесары қозғалысын прогресшіл құбылыс ретінде көрсету мақсатында Сізді реакциялық ұстанымдағы байшыл ақындардың айтқан сөздерін пайдаланды деп көрсетеді. Сол ақындардан кімдерді сіз өз еңбегіңізде насихаттадыңыз? Жауап: Мен еңбегімде Нысанбай және Досқожа ақындардың шығармаларын пайдаландым. Сұрау: Анығырақ, қалай? Жауап: Мен Нысанбай жыраудың «Кенесары дастанын» пайдаландым. Дастаннан үзінділер келтіре отырып мен Кенесарының халық арасындағы беделі жөніндегі ойымды, оның қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін делелді етіп көрсетуге тырыстым. Нысанбай шығармасын мен «Қазақ 4 КСР тарихының» бірінші басылымына және өзімнің «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабыма алып шықтым. Досқожа шығармаларын мен Кенесары Қасымовтың патшалық билікке қарсы күресте халық мүддесін қорғаушы тұлға екендігін көрсететін тұжырымдарыма сүйеніш ретінде алдым». Сонымен, 1951-1952 ж.ж. Есмағамбет Исмаилов және Ермұқан Бекмаханов сияқты ірі ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына байланысты ұйымдастырылған сот процестері барысында құпия қызмет мекемелері тергеушілері қандай мақсаттарды көздеді? Тергеу барысы көрсеткендей биліктің көздеген мақсаты Отан соғысындағы жеңістен кейінгі уақытта қазақ қоғамында жаңа серпін алған ұлттық сана-сезімге соққы беріп, жаңадан қалыптасып үлгерген шығармашылықтағы зиялылар буыны арасында үрей сеуіп, еркін ойға ешқандай да жол бермеудің әрекеті еді. Басқаша айтқанда, гуманитарлық ғылым саласындағы зиялыларға қарсы бағытталған бұл шаралар Кеңсетік билік жағдайында тынымсыз жүргізіліп отырған перманентті репрессиялық актілердің кезекті бір көрінісі болатын. "Кенесары - Наурызбай" жырына қатысты арнайы көңіл аударуға лайық мәселе жыраудың хан қолы мен қырғыз жасақтары арасындағы шайқастарға байланысты ұстанымы болса керек. Жырда Кене ханның қырғыз жеріне шабуылын дәріптеу жоқтың қасында. Ия, рас, баяндау барысында хан әскеріндегі қазақ батырларының ерлігін, азаматтығын бір-біріне деген қайырымдылығын, қиын сәттердегі қаһарманды істерін көрсету бар. Сондай - ақ бұл жағдай соғыс қисынына сәйкес арнада баяндалады. Сонымен бірге нағыз талант иесі тарихи оқиғаны баяндауда әділ. Нысанбай жырау Кене хан мен Наурызбай сұлтанның, басқа да қазақ батырларының биік рухы алдында басын ие отырып, екінші жақтың елдік болмысын, қайсар рухын, басқыншыға көрсеткен қарсылығын баяндауға келгенде жомарт, тарихи шындықты жалған, жасанды өзімшілдікке жеңіл түрде жығып бере салмайды. Жырда қырғыз елінің Кәрібоз атты манабы Наурызбай сұлтанға айтқан сөзінде: "Қыс бойы елімді шауып, малымды талауға салдың, атамекен қонысымызды тастап босқынға айналдық. Қабылданған жолды бұзып Жаманқара атты елшімізді өлтірттің. Тірімізге жасаған қиянатың аз болғандай Есқожа, Қанай сияқты ардақты кісілеріміздің көріне тиістің. Қатыгездігіңде шек болмай тіпті бесіктегі бала мен аяғы ауыр ананы өлімге қидың. Мұншама өшігетін қырғыз елі саған не істеп еді?" 23), - дейді. Кәрібоздың сөзінде берілген бұл фактілер тарихи шындықтан алыс емес-тін. Мәселен, Б.Солтоноев аталған еңбегінде Кене ханның қолдары қазіргі Бишкек қаласының күн шығыс бетіндегі Қарасу аталатын жерде отырған тынай атты рулы елді шапқанда "жас баланың және жүкті әйелдің ішін жарып, баласын бауыздап, керегенің басына іліп, сұлу келін-қыздарды олжа ретінде әкетуге даярлап, үш жеріне оқ тиіп жаралы жатқан Қалпақ деген кісінің інісін жанды жерінен қайыс қанжығаға байлап, күшпен суырып алып өлтірген..." 24). Сол сияқты қырғыз жақтан келген Жаманқара атты 5 елшіні екі бірдей бүйрегін жұлып алып өлтіріп, мәйітін жұртқа тастап кеткен" 25). М. Әуезов жоғарыда аталған мақаласында Кәрібоздың бұл орынды айтқан дауына Наурызбайдың қарсы айтар уәжі болмағандығына көңіл аударады. Ал Кәрібоз болса елінің ыза-кегін білдіріп "мейманаң тасыса Наурызбай досың да кетер жаныңнан", бұл салған ойраныңа жауап та берілер, шешуші шайқасқа жетсек "Жаппар Ием жар болып, сазайыңды әліақ берерміз!" 26), - деген ойды білдіреді. Кене хан қолының қырғыз жеріндегі соғысына байланысты Рүстем сұлтан мен Сыпатай батырдың "сатқындығы" туралы біраз жазылды. Қайсыбір авторлардың бұл мәселеде біржақтылыққа ұрынып, оқиғаны тарихи контекстен бөліп алып қарауға бейімділігі байқалды. Осы ретте мынадай тарихи фактілерге тиесілі дәрежеде көңіл аудару қажет-ақ. Кене хан өз қолдары және ауылдарымен Жетісуға 1845-1846 жылдардың қысында келді. Ханның әскері де және соңына ерген ауылдары да мұнда шаршап-шалдығып, азып-тозып жетті. Көксу өзені бойындағы Майтөбе және Күренкей атты өңірге келіп тоқтайды. Бұл Абылайдың көзі тірі ұлы Сөк сұлтанның билігіндегі жалайыр тайпасының ауылдары орналасқан өңір еді. Кене ханның бұл өңірге ат басын тіреу, әрине, жайдан-жай еместін. Біраз уақытын орта және кіші жүз жерінде өткізген ханның қазақ қоғамының ішінде ғасырлар бойы қалыптасып және қабылданып заң дәрежесінде жүретін салт-дәстүрге, жол-жоралғыға көз жұмуы, әрине мүмкін емес-тін. Өйткені қазақ қоғамының күнделікті ішкі өмірін реттеп отырған бұл басқару және іс жүргізу механизмі біз қарап отырған мезгілде жоғары деңгейде жұмыс істейтін. Өкінішке орай бұл жағдай орыс тілді құжаттық дерек көздеріне басымдылық берген зерттеу жұмыстарында көлеңкеде қалып келді. Сонымен Жетісу жеріне әскерімен және ауылдарымен көшіп келген Кенесары Қасымұлы мынадай жағдайларды ескерген еді. Біріншіден, бұл хан тарапынан атасы Абылайдан бұрын және одан кейін де қазақ қоғамында көне замандардан бері қабылданған ата салт-дәстүрді өзінің де ұстанатындығын, сол жолмен өзінің де ұлы жүз жеріне келгендігін көрсету және білдіру әрекеті еді. Атасы Абылайдың Шыңғысхан заманынан келе жатқан жолды ұстанып мұнда, яғни ұлы жүз арасында билік жүргізу үшін Әділ және Сөк сияқты ұлдарын жібергендігін (18 ғ.) ол, әрине, жақсы білетін. Міне, осы ата салт-дәстүр, жол бойынша ұлы жүзде ағалық жолы ноқта ағасы жалайыр руына тиесілі болғандықтан сол елдің арасына келіп тоқтап, оның билік жүргізіп отырған басшылары арқылы жалпы ұлы жүздің басқа да руларымен тіл табысудан үміттенеді. Ханды мұнда алып келген тағы бір жағдай, ол Жетісудың бұл өңірінде егіншілік мәдениетінің біршама даму алғандығынан еді. Осы аймаққа келіп табан тіреу арқылы ол өз әскері мен ауылдарын аса мұқтаж астық өнімдерімен қамтамасыз ету мүмкіндігін де қарастырған болатын. Жетісуға келген соң ханның әскері мен ауылдарын астықпен қамтамасыз етуге байланысты үмітінің біршама ақталғанын байқаймыз. Көктем шыға ханның 6 өтінішімен жергілікті халық хан әскері мен ауылдарына деп біраз көлемде бидай, арпа және тары сияқты дақылдарды егеді. Сонымен бірге бұл тарихи кезеңде Қоқан хандығы Жетісу өңірінде өзінің бекіністерін салып, жергілікті халықтан алым-салық жинап орнығып қалған еді. Бұдан бұрын Қоқан әскеріне Сырдария жерінде соққы беріп, Меркі бекінісін алған Кене хан ендігі уақытта Қоқан билігінен бүкіл Жетісу өңірін тазартуды ойластырды. Одан әрі сәті түссе қырғыз елінің қолдауын алып ортаазиялық хандықтар мен Ресейге қарсы өз ұстанымын нығайта түсуден үміттенді. Кене ханның әскері мен соңына ерген елінің Жетісу жеріне келуі ұлы жүз жұртының арасында зор қобалжу, дүрбелең туғызды. Бүкіл қазақ даласын өзінің жанкешті қаһармандық істерімен сілкілеп өткен Кенесары қозғалысының Жетісу жеріне де келіп жетуі жергілікті жұрт арасында екі ұдай пікір қалыптастырды. Қарапайым халыққа аты мен ісі аңызға айналып үлгерген Кенесары хан мен оны қоршаған батырлары қазақ елі мен жерін жан-жақтан ентелеген жаудан құтқарып, елге сенім әкелетін, сөйтіп жаңа өмірге бастайтын жұмбақ күштей көрінді. Өзі хан, өзі батыр бастаған қозғалыс туралы ел арасында кең тараған жағымды сиқырдай қауесет оның қатарына қосылуға ықыласты жастардың санын көбейтті. Ал олар Қоқан хандығының түрлі зорлықзомбылығын көрген Жетісу өңірінде аз емес-тін. Ол жөнінде өз ретінде айтылады. Өңірде қалыптасқан саяси жағдайдан біршама жақсы мәліметі бар елді басқарып отырған сұлтандар мен билердің Кенесары ханның мұнда келуіне байланысты ұстанымы қарапайым халықтың ұстанымынан өзгеше еді. Қатарында Сөк Абылайханұлы, Әли Әділұлы, Әкімбек Абылайұлы сияқты сұлтандар, Қарабай Төлесұлы, Мәнке Боқтыбайұлы, Тіленші Балпықұлы сияқты билер бар басқарушы топ орыс әкімшілігімен 20-30 жыл бұрын басталып кеткен өзара қатынасты тоқтатуды қош көрмеді. Олар Кене хан қолының Жетісу жеріне келуіне ел өміріне қолайсыздық туғызатын жағдай ретінде қарады. Ұлы жүз елін билеуші топтың бұл ұстанымы 1846 жылы жазда Көксу және Лепсі өзендері бойында болып өткен кеңестердің шешімінен анық байқалды. Көксу бойындағы кеңес. Өткізілуі 1846 жылдың 1 маусымы күніне белгіленген «Лепсі конгресі» (А.Янушкевич бұл жиынды осылай атаған) жиырма күннен астам уақыт кешігіп, осы айдың 23-і күні басталады. Орта жүз бен ұлы жүздің билеушілерінің басын қосқан бұл жиынның кешігіп өтуіне себепші болған жағдай Көксу өзені бойындағы Кене хан қосында хан мен ұлы жүз билеушілері арасында өткен бір жетілік кеңестің шақырылуы еді. (27) Бұл кеңеске Әли сұлтан бастаған ұлы жүздің Сары, Мәнке, Тойшыбек, Қарабай, Тіленші, Диқамбай, Тазабек сияқты беделді де ықпалды билері мен батырлары қатынасады. Бір жетіге созылған кеңестің қызу айтыс, пікірталас жағдайында өткендігі байқалады. Кене хан Жетісу жеріне келген себебін түсіндіріп, жалпыұлттық ісіне қолдау жасап, әскеріне жігіт, көлік, 7 сондай-ақ азық-түлік берулерін сұрайды. Жиналыс барысында сөз алған Сары және Мәнке сияқты билер ханның қаһармандық ісіне деген құрметі мен сыйын білдіре отырып, сонымен бірге ханның талабын орындап оның қолына жігіт, азық-түлік және көлік берген күнде, ертең-ақ бұл өңірге қадам басқалы отырған орыс әскерін тоқтата аларлық күштің жоқ екендігіне көздерінің жеткендіктерін, бұл жағдайдың орта жүз бен кіші жүздің жерінен ығысып мұнда келген Кене ханның өзіне де аян екендігін айтады. Бұған қосымша, Ресей құрамында болуға келісімдерін бұдан бұрын беріп қойғандықтарын көлденең тартады. Қорыта айтқанда, Көксу кеңесі Кене ханның күткеніндей нәтиже берген жоқ еді. Ол ұлы жүз билеушілерінің қолдауын ала алмады. Лепсі конгресі. Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті дуандарының аға сұлтандары (Құнанбай бастаған), сондай-ақ ұлы жүздің дулат, албан, суан, шапырашты және жалайыр руларының сұлтандары мен билері бас қосқан келесі жиналыс 19-23 маусым аралығында өтіп, оған Сібір қазақтарының шекара бастығы генерал Вишневский төрағалық жасайды. Жиналыстың мақсаты аталған ұлы жүз руларының басшыларына қазақ елінің бұл бөлігінің Ресей құрамына қабылданғандығын ресми түрде мәлім етіп, өз ретінде ру басыларынан Кенесарыны «жалпы қазақтың жауы санайтындықтары жөнінде міндеттеме алу» болды. Жиналыс 23 маусым күні оған жиналған 11 сұлтан, 27 би және 1 молда қолдарын қойған мәлімдемені қабылдаумен аяқталады. Онда ұлы жүз билеушілері Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті округтерінің аға сұлтандарымен кеңесе отырып бірауыздан шешімге келгендіктерін білдіріп, «біздің жаққа келген бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымұлы мен оның пікірлестерін берік сеніммен жалпыхалықтық тыныштықты бұзушы біздің жауымыз санап, онымен ешқандай да қатынас жасамай, Кенесары мен оның пікірлестерінің біз тұрған жерден кетуін талап етеміз» деген тұжырымға келгендіктерін мәлімдейді. 28) Сөйтіп, Лепсі конгресі Көксу басқосуының шешімін бекітіп берді. Басқаша айтқанда, Кенесары көтерілісіне байланысты Құнанбай бастаған орта жүз билеушілерінің ұстанымына ендігі уақытта ұлы жүз билеушілері де қосылды. Жай қосылып қана қойған жоқ, Ресейдің экспансиялық саясатына қарсы шыққан Кенесары хан ұстанымын ашық мәлімдеме түрінде айыптады. Бұл Ресей дипломатиясының жеңісі ғана емес, сонымен бірге қазақ қоғамына тереңдеп еніп, оны бөліп-жарып, өзара қарсы қойып басқару ісіндегі әдісінің салтанат құруы да еді. Бұдан былай кімде-кім қазақ арасында Ресей билігіне қарсылық көрсетсе, ол «жалпыхалықтық тынышытықты бұзушы», яғни қазақ халқының жауы болып саналуға тиіс болды. Бұл тәжірибе кеңестік билік тұсында жетіле түсіп, жаңа идеологиялық әдіс-құралдар арқылы қолданысқа түсті. Ескеруге лайық жағдай, Кенесары хан ұстанымын айыптап, мәлімдеме құжатқа қол қойғандардың басында ханның туыстары, Абылай ханның туған ұлы Сөк Абылайханұлы, немересі Әли Әділұлы және басқа тоғыз сұлтан тұрды. 8 Сонымен бірге, Көксу және Лепсі кеңестері Ресей билік орындарына байланысты қазақ билеушілері арасында шарасыздықтан туған ымырашылдық ұстанымының басымдық алғаны байқалады. Ал бұл жағдай өз ретінде қазақ жерінде он жыл бойы жүрген Кене хан бастаған азаттық қозғалыстың аяқталғандығын да айғақтайтын еді. Қырғыз жасақтарымен қақтығысқа түскен ханның бұдан былайғы көңіл-күйінде ашу-ыза, кек және өкініш үстем түсіп жатты. Өзіне туыс сұлтандар мен ұлы жүздің ру басы билерінен қолдау ала алмаған Кенесары хан Іле өзенін кесіп өтіп Шу өңіріне бет түзейді. Ол жөнінде Нысанбай жырау: .... Сыйынып барған елінен, Кене хан үзді күдерді. Дегені болмай қалған соң, Қабағы ханның түнерді. .... Қазан айы болғанда, Қатуланды, қаттанды. Іріктеп алған ерлермен Хан қамаудан аттанды-дейді. (29) Нысанбай жыраудың Іледен Шуға бет алған ханның көңіл-күйіне байланысты берген мәліметі шындықтан алыс емес. Жырау берген мәліметтің жалғасын Жамбыл ақынның айтқан естелік әңгімесінен кездестіреміз, сондай-ақ ол мәліметтен Жетісу өңірі халқының хан мен оны қоршаған батырларына қатынасын байқағандай боламыз. Жамбыл ақын Іледен төмен түскен ханның Тойшыбек бидің ауылына тоқтағанын айтып, одан ары: «атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң, Ұлы жүз дулат елі қалмай жиналды, күні-түні Кененің ауылын босатпайды. Дулаттың батыры Сыпатай да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, 30) төре Рүстем де қалмай келді»-деп көрсетеді. 31) Бұл жерде Жамбыл ақынның ұстанымы қарапайым халықтың ұстанымына жақын. Іледен қайтқан хан туралы айта келіп: «Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді? Ол етектен алған «иттерден» жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба? Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетті, елдің ішіне іріткі салды- 32) деп көрсетеді. 32) Ақынның көрсетуіне қарағанда жаңа жердегі ел ортасына келген Кене хан «екі күн ұдайы ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап, ауыр ойланып» рухани дағдарыс күйде болған. Тек жас Сұраншы мен Бәйсейіт батырлармен болған өзара жүздесуден соң ғана болашаққа деген үміті оянып көңілі жібіген сияқты. Естелігінің соңын Жамбыл ақын «Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір қалың, қайратты қол» құралғанын айтып, кезінде бұл жағдайды ұстазы Сүйінбай ақынмен бірге жырлап, содан мынадай жолдар қалғанын келтіреді: 9 ...Кенекем келді алыстан. Ақауызы арқырап, Ақ сауыры жарқырап, ...Кенесары келген соң, Өңкей ерді көрген соң, Ерлігін жаннан асырған, Бес қаруын асынған Келді Саурық, Сыпатай, Жас Бәйсейіт, Сұраншы, Келді бәрі қалмастан, Кенесары алдында Өңкей көкжал бас қосқан...33) Жамбыл естелігі мен жырында поэтикалық пафос бар. Ол рас. Сонымен бірге бұл берілген жолдарда бізден сәл де болса алыстап кеткен, сондықтан да бізге түсініксіздеу болып көрінетін, яғни қолына қару алып, баптап арғымақ мінген батырлар дәуірінің тарих қойнауына кеткелі тұрған соңғы кезеңінің табы бар. Ақын-жыраулар шығармашылығы арқылы бізге жеткен дерек көздерінің өткен тарихымыздың ішкі әлемін түсінуге қосқан баға жетпес үлесі де мүмкін осы болар. Қорыта айтқанда, Кене ханның қырғыз жасақтарымен қақтығыстар қарсаңында Жетісуда қалыптасқан саяси жағдай хан қолының пайдасы жағында емес-тін. Ресейдің Батыс Сібірлік әкімшілік орындары жергілікті ұлы жүз басшыларын Кенесары хан ұстанымын қолдамауға иландырып үлгірген еді. Сондай-ақ ішкі ауызбірлігі және Ресей экспансиясына қарсы қоярлық нақты күші жоқ қазақ қоғамы үшін басқа балама жол да жоқ-тын. Қалыптасқан объективті жағдай азатшыл ұстанымдағы Кене хан мен оның қосынын қайшылықты да күрделі жағдайға әкеліп тіреді. Бұған қосымша қырғыз елінің іргесіне келіп тоқтаған Кене хан көрші әрі туыс халықтың билеушілеріне сырттан төнген қауіпке қарсы одақ құруды ұсынды. Тура осы мезгілде қырғыз билеушілеріне Батыс Сібір әкімшілігі тарапынан да ұсыныс түсіп, онда Кенесарыға соққы беру жөнінде айтылып, қажет болса әскери көмек беруге даяр екендігін білдіреді. Қырғыз манаптары Ресей әкімшілігі тарапынан айтылған ұсынысты қабыл алады. Міне осы баяндалған жағдай Кенесары хан қолының қырғыздармен болған қақтығыста жеңіліс табуын тек бір ғана фактімен, яғни Рүстем сұлтан мен Сыпатай батырдың өз қолдарын алып майдан даласынан кетіп қалуымен байланыстырудың тым бір жақты тұжырым екендігін көрсетеді. Кене ханды Жетісуға алып келген мақсатының және қырғыз жасақтарымен ақтық шайқасының тағдыры жоғарыда баяндалған 1846 жылғы Көксу және Лепсі өзендері бойында болып өткен кеңестерде шешіліп қойған еді. Тіптен шайқас деуге келмейтін Кекілік Сеңгірдегі оқиға Ресей әкімшілік және әскери басшылық орындарының сценариі бойынша даярланған қойылымның соңғы актісі болатын. Ұзақ мерзімге созылған тынымсыз арпалысты күрестен және 10 соңынан қалмаған шарасыздықтан әбден қажыған Кене хан айлалы жауы құрған тұзаққа қалай түсіп қалғанын өзі де сезбей қалды. Сонымен, Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырынан ХІХ ғасырдағы қазақ тарихының ең бір күрделі беттерінің арнасымен танысқандай боламыз. Жырдан жыраудың нағыз талант иесі екендігі, сондайақ қиянат пен зорлыққа, әділетсіздікке жаны қас оның отаншыл және мемлекетшілдік ұстанымдағы азаматтық тұлғасы анық байқалады. Оның шығармашылығынан туған «Кенесары-Наурызбай» жыры ХІХ ғасырдағы ұлт өмірінен кейінгі ұрпаққа жеткен маңызды мәдени ескерткіш және отан тарихын тура да терең түсінуге көмектесетін дерек көзі ретінде ешуақытта құнын жоғалтпақ емес. Ескертулер 1. Әдебиетте жыраудың өмір сүрген мезгілі ретінде осы жылдар қабылданған. Бұл көрсету даусыз емес, яғни анықтай түсуді талап етеді. Жыраудың туған жылы ретінде 1822 жыл алынған және бұл тұжырымға негіз ретінде зерттеушілердің Нысанбайдың «15 жасында Кене хан қолына келіп қосылдым» деген көрсетудің қазақы көрсету тұрғысынан шартты екендігі есепке алынбаған. 2. Әуезов М. «Кенесары-Наурызбайдың» қысқаша әңгімесі._______? 3. Бұл әңгімені бізге баяндап берген 85жастағы Жылқыайдар ақсақал. 2012 жылы күзде Бұқарбай батырға арналған ғылыми конференцияға барған бізді Жылқыайдар ақсақал 80-дегі інісі Доларас ақсақал екеуі Нысанбай жыраудың жерленген қорымына ертіп барып бата жасауға себепші болған еді. Мекен-жайы: Қызылорда облысы Жалағаш ауданы «Аққошқар» ауылы. 4. Хан Кене. Алматы. 1993, 53б. 5. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. А., 1994, 114, 121бб. 6. Н.Середа. Бунт Киргизского султана Кенесары Касымова (1838-1847) А. Кенесарин. Кенесары и Садык. г.г. Атырау-Уральск 1992, 21-22б.б. 7. Сонда, 24, 31-33б.б. 8. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша департаментінің мұрағаты (бұдан былай ҚР ҰҚК АОжАҚбДМ). (Мұрағат №04010), Исмаилов Е. ісі, 1 т., 59-59об п.п. 9. Сонда, 93 п. 10. Сонда, 93-99 п.п. 11. Сонда, 2 т., 386-389 п.п. 12. Сонда, 398-398 об п.п. 13. ҚР ҰҚК АОжАҚбДМ., Мұрағат №06771, Е.Бекмахановтың ісі, 1 т., 2-2об п.п. 14. Сонда, 51-52 п.п. 11 15.Сонда, 328 п. 16. Сонда, 2 т., 299-300 п.п. 17. Хан кене., 18-19 б.б. 18. Сонда, 33 б. 19. Қырғыз тарихшысы Белен Солтоноев «Қызыл қырғыз тарихы» аты еңбегінде XVIII ғасырда қырғыздың ханы Садырдың тұсында екі елдің ара қатынасы бұзылып, мәселе бейбіт жолмен шешіле қоймаған соң Абылай хан қолымен жорыққа аттанып Талас және Шу бойы қырғыздарды бағындырып, Ыстық көлге дейін барып, қайтар жолында өзімен бірге аманатқа Арқаға бір мың түтін (енді бір мәліметтерде алты жүз) қырғыз отбасын көшіріп ала кетеді (қараңыз: Солтоноев Б. Қызыл қырғыз тарихы. Бішкек, 1993 ж. 1 кітап, 170-171 б.б.) 20. Хан Кене, 34 б. 21. Солтоноев Б. Аталған кітап, 202 б. 22. Аристов Н.А. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы: Очерки истории и быта населения Западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. Бишкек, 2001, С.484; Бұл оқиғаға Е.Бекмаханов та көңіл аударған. Қараңыз: Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. Алматы, 1992. С.330. 23. Хан Кене,34б. 24. Солтоноев Б. Аталған кітап, 205 б. 25. Сонда, 207 б. 26. Хан Кене, 36-37б.б. 27. Янушкевич А. Дневники и письма из путешествия по казахским степиям. Алматы, 1966, стр.49,50,54; Махаева А. Тойшыбек би және оның заманы. Алматы, 2006, 63б. 28. Присоединение Казахстана и Средней Азии к России (XYIII-XIXвека). Документы. Автор-составитель Н.Е.Бекмаханова. Москва, 2008, с. 171-172. 29. Хан Кене, 19б. 30. Байұзақ датқа Мәмбетұлы бұл арада «қоңырат» руынан еді деп жазып алушылар сәл жаңылысқан. Датқа дулат тайпасынан еді. 31. Хан Кене, 146 б. 32. Сонда. 33. Сонда, 147-148 б.б. Мәмбет Қойгелдиев, профессор
1837-1847 ЖЖ. КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ БАСТАҒАН ШАРУАЛАР КӨТЕРІЛІСІ 
Көтерілісітің себептері
Көтеріліс барысы
Көтерілістің жеңілу себептері
Көтерілістің тарихи маңызы
Қолданылған әдебиеттер
Көтерілісітің себептері. XIX ғасырдың 20 жылдары патша үкіметі Қазақстанда әкімшілік-басқару жүйесін өзгертті. 1822 жылғы Сібір қазақтары туралы Устав, басқарудың округтік жүйесін енгізді. Ол бойынша қазақ қоғамы округке, болысқа, ауылға бөлінді. Округтік приказдардың құрылуына қазақтар наразылығын білдірді. Орта және Ұлы жүздердің түйіскен тұсындағы қазақ жерлерін бірте-бірте басып алуды тездеті. Қазақтардың дәстүрлікөшіп-қонатын жерлері тарылды, ол жерлерге қазақтарды казактарды қоныстандыра бастады. Бұл қазақ халқының наразылығын тудырды.
Қасым төренің ұлы Саржан қазақ жерлерін отарлау саясатына қарсы күреске шықты. Патшаның жазалаушы отрядтары ығыстырған Саржан сұлтан өзінің жолын қуушылармен бірге Қоқан бегінің көмегімен үміттеніп Қоқан хандығына көшіп барады. 1836 ж. Саржан осында Қоқан басқарушысының нұсқауы бойынша жауыздықпен өлтірілді. Патша үкіметінің Жаңа Елек (Илек) өзені бойында әскери шен тұрғыза бастауы. Белгілі би Жоламан Тленшіұлы бастаған көтеріліске себеп болды, көтерілістің басты мақсаты: Отаршылар күшпен басып алған жерді иелеріне, қазақтарға қайтару еді. Осы көтерілістер ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарын қамтыған Кенесары көтерілісініңалғышарттарын әзірлеуде белгілі рөл ат-қарды. Кенесары Қасымұлы көтерілісінің басты мақсаты: Қазақстанның патшалы Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген жерлердің дербестігін сақтау. Қазақ жерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды, алым-салық жинауды тоқтату. Тағы бір мақсаты – қоқандықтар тепкісіндегі қазақтарды азат ету. Қазақ хандығын құру. Кенесары Қасымұлы көтерілісі бүкіл Қазақстанды қамтыды, көтерілісттің басты қозғаушы күші – қазақ шаруалары еді, олардың мақстатиы: отарлық езгіні, феодалдық топтардың қысымын көтеріліс арқылы шешуге тырысты. Ал, көтеріліске қатысқан ірі ақсүйек өкілдерінің талабы, 1 –ден көтерілісті өздерінің ұсақ мүдделеріне пайдалану, артықшылықтарын қайтарып алу.2-ден көшпенді дербес мемлекет бостандығын қалпына келтіру. 1841 жылы тамыз айында Кенесары хандық билікті қалпына келтірді. Кенесары хандығы Қазақ қоғамының билер сотын жойып, оның орнына хандвқ сотты енгізді. Арнайы қаржы мәселесімен айналысып, баж салығы мен алым –салықты ретке келтіріп отырды. Кенесарының қатысуымен құрылғанбасқару ісі хандық кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуын қадағалан отырды. Батырлар мен төленгіттер басқаруындағы әскери күш жасақталды. Әскерде қатаң тәртіп орнатылып, опасыздық үшін өлім жазасы берілді.
Көтеріліс барысы: Бұл ұлт-азаттық күрестің басында тұрған Сырым, Саржан, Жоламан, Исатай мен Махамбеттердің күрес дәстүрін одан әрі жалғастырды.
Абылай ханның немересі, Қасым төренің баласы, әуелде сұлтан кейіннен хан Кенесары (1802-1847 жж.) бұрынғы Көкшетау облысының елді мекенінде дүниеге келген. 1837 жылы қараша айында К.Қасымұлы Петропавл қаласынан шыққан керуенді қорғайтын Ақтау бекінісінің қазақтарына шабуыл жасап, тұңғыш рет қарулы қарсылық білдірді. 1838 жылы мамыр айында Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, бекініс өртелді. Осы жылдың күзінде Кіші жүзден би Жоламан Тленшіұлы күрес қатарын толықтырды. 1838 жылдың желтоқсан айында Кенесарының батыс Сібір генерал губернаторы князь Горчаковқа және І Николай патшаға хаттарды тапсыруға жіберген өкілдері тұтқындалды. 1841 жылы тамыз айында Кенесары қолы Ташкентке аттанды. Алайда сарбаздар арасында жұқпалы аурудың тарауынан жорық жүзеге аспады. Көтерілісшілердің бір тобы қоқан әскерлері орналасқан Созақ, Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт бекіністерін қоршады. 1842 жылы В.А.Перовскийдің орнына Орынбор өлкесінде губернатор болған В.А.Обручев қарулы қолмен көтерілісті басуды ойластырды. 1842 жылы Сотников бастаған Батыс Сібір жазалоу отряды Ақсақал төбе маңында 1000 түйе, 3000 мың жылқы, 10000 қойды айдап әкетіп, 100 адамды өлтірді. 1843 жылы маусым айында 1 Николай патша Войсковой саршина Лебедев бастаған жазалау отрядын көтерілісті басуға жіберуге келісім берді. 1843 жылы тамыз айында Кенесарыға қарсы сұлтан А.Жантөреұлы, сұлтан Б.Айшуақұлы, полковник Геке және Бизановтар басқарған бес мыңдық екінші топ ұйымдастырылды. Осы жылдың жазында Қарқаралы мен Омбы маңында жазалаушылардың бес мыңдық екінші тобы жасақталды. 1844 жылдың шілде айының 20-21-не қараған түнде көтерілісшілер А.Жантөреұлының отрядын қоршап 44 сұлтан ұрыс даласында қаза болды. Войсковой старшина Лебедев Орынборға шақыртылып дәрменсіздігі үшін орнынан қуылды. Осы жылдың аяғында Орынбор шекаралық комиссиясының өкілі би Баймұханбет Жаманшин Орынбор губернаторы Обручевтің хатын Кенесарыға әкеліп тапсырды. 1845 жылы сәуір айында Кенесары аулына Долговтың сонсн соң Герннің елшілігі келді. Патша елшілерінің талабы Қазақстанды бұрынғыша отарлау жағдайында қалдыру мақсаты болатын. Елшілер негізгі мақсаттарына жете алмай қайтып кетті. Осы тұста елші Долгов арқылы Кенесерының қойған талаптары: Алым-салық жинауды тоқтату, қазақ ауылдарындағы жазалаушы отрядттардың жүгенсіздігін тоқтату, қазақ жеріндегі барлық патша бекіністерін талқандап, жою. Осы жағдайдан соң патша үкіметі мен Кенесары арасындағы келіссөздер де тоқтатылды. Сонымен 1845 жылдың жазында көтерілісшілердің мақсаттарынан таймайтынына толық сенген патшұа үкіметі қазақ жерін бекіністер арқылы отарлауды жалғастырды. Торғай, Ырғыз, Ұлытау өзендері бойында тезарада тұрғызылған бекіністер осы жағдайдың негізгі бір көрінісі болды. Кенесары қалыптасқан осы тұстағы жағдайды талқылау мақсатында 1845 жылы қазақ батырлары мен сұлтандарының қатысуымен жиын өткізді. Жиында қарастырылған негізгі мәселе Патша үкіметінің қысымының салдарынан Сарыарқадан оңтүстік аудандарға ығысу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – Қоқан ханның езгісіндегі қазақ руларының дербестік алуына көмек көрсетіп, өзіне көмек жасау еді, алайда күші басым патшаның жазалау отрядтарына қарсылық көрсете алмай Кенесары Қоқан ханының қол астындағы қырғыз жеріне жақындады. Қырғыз манаптары Кенесарының Қоқан хандығына бірігіп күресу жөніндегі ұсынысын жауапсыз қалдырды. Сол себептен 1847 жылы қазіргі Тоқмаққа жақын Майтөбе деген жерде қырғыз манаптарымен шайқаста Кенесары қолы жеңіліске ұшырап, өзі қаза болады. Ресей империясынан
Көтерілістің жеңілу себептері: Ресей империясынан жеңілдіктер алған бірқатар жүзге бөлінген қазақ рулары көтерілісті Кенесарының өзін қолдамаған ауылдарға сұлтандар мен билердің орталықтанған феодалдық мемлекетті қалпына келтіруге мүдделі болмауы. Қоқан және қырғыздармен күресуден өздерін алшақ ұстауы. Сұлтан билердің озбырлығы көтерілісшілер қатарын сиретті.
Көтерілістің тарихи маңызы: 1837-1847 жвлдврдвғы күрес үш жүзді қамтыған, отаршылдық езгіге қарсы бағытталған ХІХ ғасырдағы ең ірі көтеріліс болды. Кенесары қозғалысы – қазақ елінің ішкі қайшылықтарының патша үкіметінің отаршыл саясатымен байланыстылығын көрсетті. Негізінен Кенесарының көзқарасының қалыптасуына әсер еткен - әкесі Қасым. Көтерілістің басты қозғаушы күші – қазақ шаруалары. Көтеріліске Көкшетау өңірінен қатысқан сұлтандар :Шеген, Қанқожа Уәлиұлы, Таны Тортайұлы, Айғаным ханым; Ақмрла округінен: Күшік, Жадай, Жанай Айшуақұлы болды.
Көтеріліске Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл округтерінен қатысқан сұлтан, би, старшындар саны – 80-нен астам.
Кенесары әскеріндегі белгілі батырлар: Ағыбай, Иман. Жоламан, Бұқарбай, Бұғыбай, Аңғал, Жеке, Байсейіт, Сұраншы т.б. болған.
Кенесары әскерінің соңынан ермегенЖетісу жеріндегі белді тұлғалардың аылдарын ойрандауы – олардың Ресейден көмек сұрауына себеп болды.

1846 жылы шекаралық комиссиясының төрағасы генерал майор Н.Ф.Вишневский Жетісу мен Орта жүзге әскери сапарының мақсаты: Біріншіден Ресей билігін мойындаған ру басшыларымен кездесу, екіншіден Кенесарымен күреске Жетісу қазақтарын тартып көтерілісшілерді әзірлеу. Кенесапының Қоқан бектеріне қарсы күресін қолдаған Ұлы жүздің батырлары Тайшыбек, Саурық, Сұраншы, Байзақ, Медеу би т.б. 1847 жылы Майтөбеде қазақ әскері жасағының жеңілісіне Рүстем сұлтан мен Сыпатай бидің ұрыс қарсаңында жауынгерлерімен бөлініп кетуі де себеп болды.


1837-1847 жж. Көтеріліс үш жүзді қамтыған, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ірі көтеріліс болды. Қозғалыс ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі азаттық көтерілісінің бір құрамдас бөлігі болды, көтеріліс патша үкіметінің Орталық Азияны жаулап алуын тездетті.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Кенесары Қасымовтың ұмытылған есімін халқына қайта оралтты. Оған егеменді Қазақстанның елордасы Астана қаласында ескерткіш орнатылған. Ол туралы кітаптар жазылуда, ғылыми форумдар өткізіледі. Республиканың барлық түкпірінде оның есімі құрметпен аталады. Мұның бәрі Кенесары ханның арманы – Қазақстанның егеменді және тәуелсіз мемлекет болуының арқасында жүзеге асты.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заман бүгінге дейін. 5 томдық. Алматы, 2010, 3-том
2. Жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы. Алматы, 2005.
3. История Казахстана (с древнейщих времен до наших дней). Алматы, 2001.
4. История Қазахстана. Курс лекций /Под. Ред. Ж.Касымбаева, Алматы, 2001.
5. Новая и новейшая история Казахстана. Алматы, 2004.
6. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы (оқулық). Алматы. 2005.
7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы .(оқулық) 2008.
8. Аманжолов К.Р.Қазақстан тарихы. (дәрістер курсы) Алматы, 2004; осы авторТүркі халықтарының тарихы, Алматы,1988.
9. Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. М., 1957.
10. Бекмаханов Е.Б. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан. А.,1992.
11. Абылай хан. Алматы, 1992.
12. Кенжалие И. Исатай-Махамбет. Алматы, 1991.
13. Қасымбаев Ж.К. Кенесары хан.Алматы,1993.
14. Анчиков Г.В. Қазақ батыры- Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Алматы, 1992.
15. Касымбаев Ж.К. О некоторых вопросах истории национально-освободительного движения в Казахстаневторой половины ХІХ века . Ташкент, 1989. 16. Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. А., 1994.
16. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. А.,1999.
17. Зиманов С.З. Народно-освободительноевосстание под предводительством Исатая Тайманова. В кн. История Казахской ССР, т.3. А., 1979.
18. Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ век). Алматы, Білім, 1999.
19. Казахско – русские отношения в ХVІІ-ХVІІІ веках. А., 1961.

1837-1847 ЖЫЛДАРЫ КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ БАСТАҒАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІС


Кенесары Қасымұлының қысқаша өмірбаяны
Абылай ханның немересі, Қасым төренің баласы, әуелде сұлтан кейіннен хан Кенесары (1802-1847 жж.) бұрынғы Көкшетау облысының Көкшетау елді мекенінде дүниеге келді.
Кенесары күреске жастайынан араласты. Атасы Абылайдың, әкесі Қасымның, ағасы Саржанның ел тәуелсіздігі жолындағы күресін жалғастыруды алдына мақсат етіп қойды. Көтерілістің болашақ басшысы Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнады, құралайды көзге атқан мерген болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ерік-жігері, қажымас қайратымен және жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын. XIX ғасырдың орта кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірі Л. Майер «Кенесарыға көзсіз ерлік тән еді» деп жазды. Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашаң жүзді, орта бойлы және жауырыны қақпақтай төртпақ тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзін-өзі аса байсалды ұстай білетін. Әңгімелескен адамының пікіріне әрқашан мұқият назар аударатын. Қонақжай қасиеті ерекше күшті еді. Әкесімен және ағаларымен бірге жүрген кездерінде олардан қолбасылық тәжірибесін едәуір үйреніп алған болатын
Ұлт-азаттық көтерілістің алғышарттары мен басты себептерi
Қазақтардың патша үкіметіне қарсы барынша бұқаралық және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы болды.
XIX ғасырдың 20-30-жылдарында отаршыл өкімет билігі мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден, Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі байырғы жергілікті халықты қатты күйзеліске ұшыратты, олардың күн көрісін қиындатып жіберді. Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар енгізген алым-салықтарды жою еді. Көтерілістің қозғаушы күші қатардағы қарапайым көшпелілер, сондай-ақ старшындар мен би, батырлар, тіпті сұлтандар да болды. Көтерісшілердің қалың қолына үш жүздің атақты батырлары жетекшілік етті. Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен, Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбек Сейдаққожа Оспанов басшылық етті. Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті.
1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды. Ол Қазақстандағы ірі көтерілістердің бірі еді. Оған үш жүздің қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты.
Ұлт-азаттық көтерілістің басталуы, етек алуы
Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір казагы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді. Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады. Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді. Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды.
Кенесары хандығының өзіндік ерекшелiктерi
1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір ортамықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган - өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды.
Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Мал өсірушілер — зекет, ал диқандар - ұшыр төлейтін болды. Патша әскерлерімен соғысты одан әрі жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет етті. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау қолға алынды. Салық жинауда халықтың жағдайы жеке-жеке ескерілді. Меншігінде малы 40 бастан аспайтындар алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болып белгіленді. Диқандар өздерінің өндірген өнімінің оннан бір бөлігін төлеуге міндетті болды. Көтеріліске деп жиналған астықты патша үкіметі жиі-жиі тәркілеп кетіп жүрді. Тәуекел етіп, көтерілісшілерге астық апарып сатқандар жазалаушы әскердің қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақтардың егіншілікпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердің сауда керуендерінен алынатын баж салығы едәуір табыс беретінін ескерген Кенесары ондай керуендерді тонауға тыйым салды. Сауда керуендерінің толық қорғалуын қамтамасыз етті. Керуенбасыларын жеке өзі қабылдап та отырды. Баж салығын төлеуден жалтарғандарға қосымша салық салынды. Баж салығынан түскен қаржыға Орта Азия базарынан қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алынды.
Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды. Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгісі бойынша хан өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін енгізді. Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Көтерілісшілерді әскери өнерге үйретумен орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары айналысты. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды. Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдаланды. Олар көтеріліс басшысына патша әскерлерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жемшөппен қамтамасыз етті.
Патша өкiметiнiң көтерiлiстi тұншықтыру әрекетi
Отаршылдыққа қарсы күреске қазақтардың үш жүзінің бәрі бірдей белсене қатысуы патша үкіметінің зәресін үшырды. Сондықтан да ол көтерілісшілерге қарсы неғұрлым белсенді әрекеттер ұйымдастыруға көшті. 1842 жылы Орынбор губернаторы Перовскийді Обручев алмастырды. Мұның өзі Кенесарының ендігі жерде Орынбор генерал-губернаторымен қарым-қатынасының нашарлауына алып барып соқтырды. Екі арадағы бейбіт келісім бұзылды. 1842 жылы Сотниковтың отряды Кенесарының ауылына қарақшылық шабуыл жасады. Жазалаушы отряд қыруар көп малды айдап әкетті, он адамды тұтқынға алды. Тұтқынға алынғандардың қатарында Кенесарының әйелі Күнімжан да болды. Кейінірек қазақтар ханның басқа ауылдарына да шабуыл жасай бастады.
Ресей императоры Кенесары бастаған көтерілісті басу мәселесін ұдайы ерекше бақылауда ұстады. 1843 жылы ол қазақ ханына қарсы жорық ұйымдастыру жөнінде жарлық шығарды. Ханның басына 3 мың сом мөлшерінде сыйлық жарияланды. Көтерілісшілерге қарсы старшина Лебедев басқарған 300 солдаттан тұратын жазалаушы отряд жіберілді. 1843 жылдың тамыз айында сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б. Айшуақұлы бастаған екінші әскер жабдықталды. Онымен бір мезгілде Омбыдан, Петропавлдан, Қарқаралыдан да әскерлер шықты. Патша үкіметінің әскерлері жергілікті жер жағдайын нашар білді. Оның үстіне, дала сарбаздарына қарсы ұрыс жүргізудің ерекше әдісі қажет еді. Мүның бәрі де патша үкіметі жазалаушы әскерінің сілесін қатырды.
Туған өлкенің жер жағдайын жақсы білетін Кенесары жауға қарсы шабуылды одан әрі үдетті. 1844 жылы шілденің 20-сынан 21-іне караған түні Кенесары хан Тобыл өзенінің жоғарғы ағысында Жантөре сұлтанның әскеріне күйрете соққы берді. Кескілескен шайқаста сұлтанның 44 адамы қаза тапты. Бұл кезде Дуниковскийдің әскери тобы таяу манда болған еді. Бірақ оның ұрысқа араласып, А. Жантөре сұлтанды құтқарып қалуға батылы жетпеді. Кенесарының жеңіс жігерлендірген негізгі күштері 1844 жылғы тамызда Екатерина станицасына шабуыл жасады. Бекіністің маңындағы елді мекенді өртеп жіберді, 40 адамды тұтқынға алды, қыруар малды айдап әкетті. Сонымен қатар мылтық, пистолет, қылыш, найза сияқты көптеген қару-жарақ түрлерін олжалады. Арнайы жіберілген жазалаушы отряд Кенесарының ауылына жете алған жоқ. Үкімет басындағыларды абыржушылық пен үрей биледі.
Көтерілістің жеңiлу себептерi және тарихи маңызы
Кенесарымен болған соғыстың ұзаққа созылуы патша үкіметіне елеулі шығын келтірді. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы Кенесары ханға Долгов және Герн бастаған елшілік жіберуді қажет деп тапты. Олар Кенесарыны патша үкіметінің талабын орындауға көндіруге тиіс болды. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізуді де көздеді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің қай жерлерде қаншалықты мөлшерде орналасқанын дәл білуі тиіс болды, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында тағы қандай бекініс салуға болатынын анықтап қайту еді. Патша үкіметі мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатуды көздеді. 1845 жылы Долгов пен Герн бастаған елшілік ханның ордасына жетті. Кенесарыға оның әйелі Күнімжан қайтарылды.
Жүргізілген келіссөздер барысында Кенесарыға қабылдауға болмайтын шарт қойылды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде ғана көшіп жүруге рұқсат берілді. Кенесарының Ресейге толық бағынуы және соғыс қимылдарын біржолата тоқтатуы тиіс болды. Орынбор ведомствосына қарайтын қазақтардың барлығы да Ресей империясының азаматтары ретінде әрбір үйдің 1 сом 50 тиын мөлшерінде түтін салығын төлеп тұруы тиіс екендігі, ханның Орынбор қазақтарынан зекет алуына тыйым салынатындығы айтылды. Кенесарының қылмысты істерді қарауына рұқсат етілмейтіні ескертілді. Ханның қашқын орыс пен татар және башқұрттарды жасырын ұстауына тыйым салынатыны, оларды Ресейге қайтаруы тиіс екені туралы сөз болды. Кенесарының Ресейге «ұнамайтын» шет мемлекеттермен және жеке тұлғалармен қарым-қатынастар жасауына рұқсат етілмейтіні де ескертілді. Кенесары Долгов пен Герн елшілігінің қойған шарттарының түпкі мақсаты оның хан лауазымын иеленуге құқығы жоқтығын тұспалмен түсіндіру екенін оп-оңай ұқты. Хан патша үкіметі қойған бұл талаптардың бірде-біреуін қабыл алған жоқ. Келіссөздер тұйыққа тірелді. Патша үкіметінің елшілігі көздеген мақсатына жете алмады. Елшілер кеткеннен кейін хан әскери кеңес шақырып, енді Жетісу аумағына қарай көшуге шешім қабылдады. Патша үкіметі содан кейін-ақ Ырғыз өзені бойында Орал, ал Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті. Кенесары мен Қоқан хандығы қарым-қатынасының шиеленісіп кетуінің өзіндік себебі де бар еді. Өйткені Қоқан хандығының билеушілері 1836 жылы оның бірге туған бауыры Саржан сұлтанды, 1840 жылы әкесі Қасым төрені өлтірген болатын. Мұның өзі оның Қоқан хандығының билеушілеріне деген ыза-кегін өршіте түсті. Қоқан хандығына қарсы күресте Кенесары Жанқожа Нұрмұхамедұлы батырдың көмегіне сүйенді. 1845 жылы Кенесары хан Қоқан хандығының Жаңақорған, Жүлек және Созақ сияқты бекіністерін тартып алды. 1846 жылы Қоқанның және бір мықты бекінісі Меркіні де қолға қаратты. Содан бастап Қоқан хандығының қазақтарға озбырлық жасауы уақытша болса да тыйылды. Бірақ Кенесары өзіне Қоқан мемлекеті сияқты және бір қатерлі дұшпан тауып алды.
Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбор өлкесінен қалай да ығыстырып шығаруға ұмтылды. Соның салдарынан Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу жеріне қарай ауыстыруға мәжбүр болды. Сібірдегі өкімет билігі Омбыдан генерал Винневский басқарған елеулі әскер күшін зеңбіректерімен қоса Жетісуға жедел түрде жіберді. Азық-түліктің тапшылығы Кенесарыны егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Күші басым патша үкіметінің қысым жасауымен Кенесары Іле өзенінің оң жақ бетіне өтіп, одан әрі Алатаудың етегіне көшіп барды. Ал патша үкіметі оған Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетін жолды кесіп тастады. Ұлы жүздің СұраншыБайсейітТайшыбек сияқты батырлары Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуip күшейтті.
Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлады. Бірақ оның бұл әрекетін Қытай үкіметі қолдамады. Ресей империясымен қарым-қатынасымызды бүлдіріп аламыз деген қауіппен Кенесарының өтінішін қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Қазақтардың арасында беделі күшті әрі жауынгер ханды қабылдаудың ешқандай да қажеті жоқ деп ойлады. Оның үстіне, бұл кезде Қытайдың өзі де қазақтармен діні бір ұйғыр және дүңгендердің көтерілістерінен мазасы кетіп, қатты аландаулы болатын.













Көтерілісшілер қырғыз жеріне жақын келді. Бұл кезде қырғыздар Қоқан хандығының ықпалында болатын. Хан солтүстік қырғыз рулары білеуші манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Бұл талаптар патша үкіметімен және Қоқан хандығымен одан әрі күрес жүргізу үшін күш біріктіру қажеттігінен туған еді. Хан қырғыздарға арнаған үндеуінде былай деп жазды: «Менің мұнда келгенімнің мақсаты, сендермен жауласу, қан төгісу емес, қайта қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, оларды күшейту, Қоқанның қол астынан бөліп алу, қоқандықтардың қысымынан құтқару болып табылады». Қырғыздарда Шыңғысхан ұрпақтарына бағыну дәстүрі қалыптаспаған еді. Сондықтан да олардың ханға бағынуы, сөйтіп өздерінің тәуелсіздігінен айырылуы, әрине, қырғыз ақсүйектерінің ойына кіріп те шықпағаны әбден табиғи нәрсе еді. Оның үстіне, қырғыздар Абылай ханның қырғыз аумағына жасаған жорықтарын да ұмыта қойған жоқ болатын. Қырғыздар патша үкіметінің Сібір әкімшілігі тарапынан едәуір қолдау табатынын да сезді. Вишневский қырғыздарды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауға ашықтан-ашық айдап салды. Алатау қырғыздары Қоқан хандығының қолдауына сүйенді. Қырғыз манаптары ірі тайпа өкілдерін құрылтай жиналысына шақырды. Ықпалы күшті манап Орман барлық қырғыздардың билеушісі болып тағайындалды. Құрылтайға жиналған манаптар Кенесары ханның ұсынысын қабылдаудан ашықтан-ашық бас тартты. Кенесары ханның қырғыздарға қарсы аттанған екі мың сарбазы жеңіліс тапты. Оның бір мыңы қырғынға ұшырады, екінші жартысы аш-жалаңаш, қару-жарақсыз, жаяу-жалпылап кері қайтты. Қазақ сарбаздарының бірқатары тұтқынға алынды. Мұның өзі қырғыздар тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген батылдық пен қатыгездік болып шықты. Қырғыздар жағы қолға түскен тұтқындар үшін орасан зор көлемде төлем талап етті. Кейінірек қырғыздар тарапынан келісім жасауға арнайы адамдар келді. Қазақтар мен қырғыздар арасында бейбіт келісім жасалды. Тұтқындар алмастырылды. Екі жақта бұдан былай бір-бірімен бейбіт көршілікте, тату-тәтті достықта тұруға серттесті. Бірақ қырғыздар көп ұзамай-ақ бұл келісімді бұзды, Кенесары ханның жақын серіктерінің бірі Саурық батырдың ауылына шабуыл жасады. Олардың бұл шабуылы қырғыз батыры Жаманқараның өлімі үшін кек алу мақсатымен ұйымдастырылған еді. Қырғыздар қазақтардың 700-ге жуық жылқысын айдап әкетті, Саурық батырды өлтіріп кетті. 1847 жылғы сәуірде Кенесары он мындай қолмен Қырғызстанның жеріне басып кірді. Қырғыздармен шайқас Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауында өтті. Көтерілістің отаршылдыққа қарсы азаттық сипаты өзгере бастады. Кенесарының өз қарсыластарына қаталдығы, жазықсыз қырғыз ауылдарын тонауы оған деген қарсылықты өршіте түсті.
Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады. Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұлтанымен және аз ғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады. 1847 жылы қазіргі Бішкекке жақын Майтөбе деген жерде қырғыз манаптарының әскерімен шайқаста Кенесары және оның жақтастары мерт болды. Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты».
Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871) «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.
Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады.
Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта — патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.
Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды. Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.
Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметтеп қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді

Глосарий:


Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілістің әйгілі басшысы.
«Бөліп ал да, билей бер» -патша өкіметінің саясаты қазақ даласына кеңінен таралып, отаршылдық саясатты күшейтті.
Қолданылған әдебиеттер:
Бекмаханов Е. Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысы. Кенесары көтерілісінің қозғаушы күштері // Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.- Алматы,1994.- Б. 174-200Алматы, 1997.- Б. 492-520
Кенесары хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.98-101
Қозыбаев М. Хан Кене немесе Кенесары Қасымұлы // Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- Б.103-116
Қазақстан тарихы, 11 сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт, Алматы «Мектеп», 2007 ж.

Кенесары жазған хаттардан


Тарихи құжаттар өз кезеңінің атмосферасын ең дәл беретін жәдігерлердің бірі. Бұл жолы ҚР Ұлттық Архивіндегі 83 қорға Ресей архивтерінен әкелінген Кенесары хан мен Көшек сұлтан қолымен Шағатай жазуынмен жазылған хаттардың аудармасын ҚР Ұлттық Архивінің ғылыми қызметкері Ахат Әшуұлы аударған екен. Оның айтуынша хаттарда қос сұлтанның ел жағдайы, шекара мәселесі, соғыс барысындағы тұтқынға түскен боздақтарды босату жөніндегі, оның ішінде Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлының тағдырына алаңдаушылық білдіріп және бірнеше белді азаматтардың отбасы мүшелерінің босатылуын талап етіп шағатай тілінде өз қолдарымен жазып мөрін басқан.
– Ел бастаған ер Абылай ханның ұрпақтары да шеттерінен «атаға жете туған» оғландар, тіпті Қасым ұлдарымен қатар атқа қонған ер Бопай ханшайымның батырлық өмірінің өзі қаншама кітапқа жүк болар еді. Ел-жұртын бастап патшалықтың озбырлығына қарсы тұрып, бораған оққа жалаң қылыш-найзамен қарсы шапқан рухы өр, жаужүрек Абылай ұрпақтарының бастаған әділетті күресінің ақиқаты әлі толық ашылған жоқ, тарихшыларымыз бен зерттеушілерімізге аз да болса мәліметтер беріп үлесімізді қосу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасымен кезінде отарлаушы болған Ресей мемлекетінің архивінен әкелініп, ашылып зерттелу мен жариялануын күтіп жатқан Шағатай тілінде орыстармен жазысқан сұлтан Кенесары мен Көшектің хаттарын ашып аударып жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық Архивіндегі 83 қор жалғасты қаралуда. Бұл жолы қос сұлтанның ел жағдайы, шекара мәселесі, соғыс барысындағы тұтқынға түскен боздақтарды босату жөніндегі, оның ішінде Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлының тағдырына алаңдаушылық білдіріп және бірнеше белді азаматтардың отбасы мүшелерінің босатылуын талап етіп шағатай тілінде өз қолдарымен жазып мөрін басқан, аударылмаған, еш жерде жарияланбаған нұсқаларын ұсынып отырмыз.
Әуелі хатқа назар аударсақ:
«Өткен жаз күнінде қазылық дуаннан шыққан орыс Сарыжан сұлтанның елін шапты, көп мал, көп қазына, көп адам алды. Тұранның бір қызы, Байтас дегеннің қатыны, бір баласы және Қоңырбай деген бір бала, және Маймұрын дегеннің қатыны және бір баласы, баршасы қырық адам қолды болды, айтылған адамның тірісін жіберіңдер. Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлын жіберіңдер?!»
Міне бұл Кенесары мен Көшек сұлтанның орыс дуанына жазған хаты. Саржан сұлтанның ауылы шапқыншылыққа ұшырап, тоналып, көп адамдарының қолды болғаны айтылады. Біз бұдан Саржан сұлтанның қастандықпен қаза тапқаннан кейінгі артында қалған ауылының жағдайын аңғарамыз, әрі бұл хаттың жазылған уақытын 1838 жыл деп болжай аламыз. Себебі Саржан сұлтан тірі тұрғанда ауылына ата жауын аттап бастырмаған баһадүр батыр, 1837 жылы Бопай ханым да осы ауылға алты баласымен көшіп келеді, хаттың «өткен жаз күнінде...» деп басталуы 1837 жыл екендігін білдіреді. Тек Саржанды мұсылман бауырласпыз деп алдап шақырып, қапыда өлтірген Ташкент құсбегінің опасыздығы болмаса мұндай жағдай туылмас та еді. Сөзіміз түсінікті болу үшін сол тұстағы жағдайға шолу жасайық.
1825-1836 жылдар аралығында Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс – Саржан сұлтан Қасымұлы бастаған көтеріліс. 1822 жылдан бастап Орта жүзде хандық биліктің жойылуына байланысты ресейдің шекаралық басқару мекемелері ашылып, окург және әскери бекіністер салына бастады, онымен қоса Солтүстік Қазақстандағы шөбі шүйгін, суы мол, жайылымы шұрайлы Есіл өзенінің бойындағы өңірлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі айырықша түрткі болды. Саржан сұлтан Әкесі Қасым төрені тірек етіп Інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарындағы барша халықты ашық түрде зорекерлікке қарсы бас көтеруге үгіттеп, 1825 ж. Қарқаралы округіне қарасты Қарпық болыстығы қазақтардың көтеріліске шығуына тікелей себепкер болды. Саржанның басшылығындағы қарулы жасақ керуен жүретін жолдарға және окург приказдарға тұтқиылдан қырғидай тиіп, іс басқарып отырған өңірлік билік орындарын әуреге салды, бұл көтерілісшілер қатарында өз інісі Кенесары сұлтан да болып, жасындай жарқырады.
1826 жылдың басында Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевичтің бұйрығымен жіберілген 200 казак жазалаушы жасағымен қиян-кескі шайқаста қару-жарақтың жетіспеушілігінен жеңіліске ұшырады, көтерілісшілердің біразы тұтқынға түсті. Осыдан кейін Орынборға қарай ойысқан Саржан сұлтанды Орынбор ген.-губернаторы Кіші Жүз өңіріндегі келеңсіздіктерге басты кінәлі ретінде көрсетіп, оның жолын кесуді мақсат етті, алайда оған Кіші жүз қазақтарымен қоса патша билігіне наразы орыс, татар, башқұрттар да келіп қатарына қосылып, былайғы жерде Хиуа, Қоқан хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатуына жол ашты, осылайша жасақ саны артып, көлемі кеңейе түсіп, күші мығымдалып, қатары жер-жерден шыққан көтерілісшілермен толыға берді. Қарқаралы, Көкшетау окургтеріне шабуыл жасау барысында сұлтан Абылай Ғаппасов пен сұлтан Сартай Шыңғысовқа тізе қоса отырып көтерілісті басқарды, алайда Қарқаралы окургының аға сұлтаны болған ет жақын туысы Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерілістің жолына көптеген кедергілер жасап атақ пен мәнсап үшін патша жасағына көмектесті. Осы және басқа да мәселелердің туылуы мен күшінің әлсіреу қаупінің бар екендігіне болжал жасай отырып күшін нығайтып, қолын молайту үшін Саржан сұлтан 1832 жылы.
Бұл барыста Ташкент құсбегіне бағынышты болып келген Ұлы жүз қазақтарын да өз қол астына тарта бастады да, біртіндеп оларда Саржан сұлтанның қол астына өтуге ынталылық танытты, осы мәселені ішіне бүккен Қохандықтар неше мәрте дау-дамай тудырып, ел арасында келеңсіздіктер жасады, тікелей шабуылдауға батына алмаған Қохандықтар Ташкент құсбегі арқылы 1836 жылдың жазында Саржанды әкесімен, інілері Ержан мен Есенгелдіні, сонымен қатар олардың қасында үнемі болатын үзеңгілес, жорықтас, қандыбалақ бірқанша батырларды қонағасы береміз, қолдау жасаймыз, сыйлаймыз деп алдап Ташкентке шақырып, алдын ала сайлап қойған жоспарлары бойынша олардың барлығын өте жауыздықпен өлтірді.
Бұдан кейінгі тізгінді Саржанның інісі Кенесары Қасымұлы қолына алып, Көшек, Бопай сынды батыр бауыр-қарындастарымен бірігіп Ресейдің отарлық саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына басшылық етті. Кенесары мен Көшек сұлтан орыс дуанына жазған хаты Саржанның өлімінен кейінгі оның ауылының қандай күй кешкендігі, мал-мүлік қазыналарының тоналып, адамдарының аяусыз қырғынға ұшырап, тұтқынға түскенін ашық айтып, оларды қайтаруын талап еткен. Ендігі жерде зерттеуші, тарихшыларымыз аты аталған Тұран, Байтас, Қоңырбай, Маймұрын сынды адамдардың кім болғанын және Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлының кейінгі тағдыры қалай болғанын жұртқа жеткізсе деген үмітіңміз бар. Батырлардың өз қолымен жазып мөрін басқан бұл хаттың маңызы өте зор әрі құнды құжат және дәлел болып табылады.
Бопай ханым туралы қысқаша мәлімет:
Бопай сол кездегі көтерілістің бәріне белсене қатысқан батыр қыз. Қасым төренің Саржан, Есенгелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай қатарлы алты ұлының ішіндегі үкілеген жалғыз қызы. Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылған. Жастайынан ат құлағында ойнап өсіп, бес қаруды тең игерген өжет қыз ағалары бастаған көтерілісті қолдау мақсатында өзінің күйеуі мен қайын ағалары Сартеке, Досан Әбілқайырұлдарын үгіттей бастайды, алайда олар қолдау білдірмегендіктен өзінің алты бірдей баласын алып, ағасы Саржанның қаралы ауылына келіп қосылады. Бопай батыр 600 адамнан құралған ерекше жасақты басқарып, аға жолын жалғастырған Кенесары қолын толық жабдықтаумен айналысты, осындай өте маңызды істермен жорықта жүрген кезінде ауылы шабуылға ұшырап, баласы қолды болады, жоғарыдағы хатта аталған ұлы Нұрхан міне осы жолы көп адаммен бірге қолды болған. Кенесары мен Көшек елдің жоғын жоқтап, жан-жақтан анталаған жауларымен алып жүргенде ағасының ауылын қапыда басқан орыс әскерінің ісіне ашынып, адамдарды қайтаруын талап еткен хат міне осылай жазылған.
Сұлтан Кенесары баһадүрдің Николай Петровичқа жазған хаты
Сұлтан Қасым да балаларымен қоса Ташкент билеушісінің қолынан қастандықпен қаза тапқаннан кейін 1837-1847 жылдар аралығындағы он жыл бойы Кенесары көтеріліске тікелей бас қолбасшылық істеді. Бұл уақыт аралығында өте күрделі де шиленісті оқиғалар туылды, сұрапыл соғыс, қанды қырғындар, шапқыншылық пен тонау, отарлау мақсатындағы айнала салынған бекініс қамалдар, қазақ даласының тарылуына, хандық биліктің жойылуына байланысты көтерілістер, т.б. мәселелер кезіндегі келісімшарттар мен наразылықтар, барымта-сырымталарға толы сол уақыттарда Кенесарының орыс билеушілерімен жазысқан хаттарының бірлі-жарым нұсқаларына қолымыз жетіп, қорымызға түскеніне аса қуаныштымыз. Ұлттық архив қорындағы сол құнды хаттарды шағатай тілінен аударып жұртқа жеткізу бақытына ие болғанымызға бек қуаныштымыз әрі хаттардың астарына үңіліп тариыхшылардың зерттеуіне, сұлтандардың ғұмырнамасын ашуда бұның рөлі өте жоғары деп білеміз. Мына хаттың аудармасына назар салайық:
Сұлтан Кенесары баһадүрден Николай Петровичқа көптен-көп дұғай сәлем. Бізді сұрасаңыз әлхамдулилла саламатпыз және сөзіміз мынау:
Біз патша қол астындағы еліне шын жарастық пен елдік бердік, бізге шын жарастықпен елдікті патша берсе, біздің жіберген елшіміз Асат Атанбекұлының тілегін беріп тезірек қайтарғайсыздар. Асат пен Томанның өз сөзіне иланғайсыздар, біз әр сөзімізде тұрамыз. Асат пен Томанға тапсырғанымыз патша бізге жарастық пен елдік берсе он жылға дейін кеңдік берсін. Қуандық елін және Сүйіндік елін патша жұртымен жау болып жүрген уақытта көшіріп зорлықпен алып отыр, еліміз Қаратуда еді, бізге көшіп келемін десе Құсбек жібермей отыр, енді Құсбекпен ел болсақ елдікпен, жау болсақ жаулықпен патшаның елін орнына қондырып, одан соң патшаның қандай қызметі болса да қыламыз. Қуандық пен Сүйіндіктің билері бізге келіп жатыр бізді көшіріп алыңыз деп.
Бұл хаттан Кенесары Баһадүрдің сол кездегі аумалы-төкпелі жағдай астында ел-жұртының басын құрап алу мақсатын аңғарамыз, себебі патшалық қазақ даласының құйқалы да шұрайлы өңірлеріне бекініс қамалдарды көптеп салып, өз адамдарын әкеліп қоныстандыруына байланысты және жақындарының жау қолынан қаза тауып, өрісі мен қонысы тарылып, қалың елімен босып жүрген уақытта орыстың басқарушыларына уақытша бағыну мен кеңдік сұрау арқылы Ташкент құсбегі қол астына қаратып алған Орталық қазақ даласын ұстап тұрған негізгі күш болып табылатын Қуандық пен Сүйіндік елін патшалықтың айбарын пайдаланып өзіне қаратып алу мақсаты айқын көрінеді. Егер осы іргелі елді өз қарамағына алса жан-жақтағы жауынгер елді жинап, күшін нығайтып, кейінгі отаршылдық пен зорекерлікке қарсы шығуына болар еді. Патшалыққа қарсы тұру үшін Қохан билігімен одақтасудың соңы қанды оқиғамен аяқталып, күші әлсіреп, адамдары азайған кезеңде Асат, Томан қатарлы дипломатиялық сауаты бар елшілерін дұғай сәллеммен орыстарға жібергенімен олардың арызын қабылдамай кешеуілтете берген кездегі орысқа түбеселікті бағынуға дайын екендігін білдіріп жазған бұл хаттың берер деректері өте мол, ары қарай тереңдей зерттесе көптеген астарын ашуға болады. «Бұл патшаның елі, патша елдік берсе қызмет қыламыз» деуінің астарында өз күшін нығайту мақсаты бар, ал патшалық елшілерін жібермеу арқылы Кенесарыны қолға түсіргісі келді, бірақ оған ол жол бермеді, өте парасатты сұлтанның анталаған жауының ортасында отырып керемет айламен қазақ даласын сақтап, хандық билікті қалпына келтіру жолындағы стратегиясын осы мәліметтер арқылы ашуға болар еді.
ІІ хат:
1840 ж. Сұлтандар Кенесары мен Көшек Қасымовтардың Батыс Сібір генерал-губернаторв княз П. Д. Горчаковқа жолдаған хаты


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет