Ішкі секреция бездерінің аурулары кезіндегі жүйке жүйесінің бұзылыстары



бет1/5
Дата10.02.2023
өлшемі25,22 Kb.
#67001
  1   2   3   4   5

 Ішкі секреция бездерінің аурулары кезіндегі
жүйке жүйесінің бұзылыстары
Организмдегі реттеуші жүйелерге жүйке жүйесімен қатар эндокриндік жүйе немесе ішкі секреция бездері жатады. Олар гормондар деп аталатын биологиялық белсенділігі өте жоғары заттар жасап шығарады. Гормондар тікелей қанға бөлініп, бүкіл организмге таралып, тіндер мен жасушалардағы зат алмасу үрдістеріне, организмнің өсуі мен жыныстық жетілуіне, адамның психикалық дамуына, барлық мүшелер мен жүйелердің қызметіне әсер етеді. Ішкі секреция бездері бір-бірімен және жүйке жүйесімен өзара тызыз қарым-қатынаста болады. Организмнің жалпы реактивтілігі, әртүрлі патологиялық үрдістердің ағымы, мысалы инфекциялық процесстің, жаралардың жазылуының және т.б., жүйке және эндокриндік жүйелердің жағдайына тәуелді болады.
Әртүрлі зиянды ықпалдардың салдарынан ішкі секреция бездерінің қызметі бұзылғанда адамның физикалық және психикалық жағдайында түрлі өзгерістер дамиды. Ішкі секреция бездерінің бұзылыстары әдетте гормондардың артық немесе жеткіліксіз мөлшерде бөлінуі түрінде болады. Бұл екеуі де теріс өзгерістер шақырады.
Негізгі ішкі секреция бездерінің құрылысына, қызметіне және олардың зақымдануына байланысты ауруларды қарастырып шығайық.
Гипофиз. Оны кейде мидың астыңғы қосымшасы деп те атайды, өйткені ол өзінің аяқшасымен аралық мидың бөлігі болып табылатын гипоталамуспен тікелей жалғасып жатады және ол ми негізінің ортасында, бас қаңқасының сына тәрізді сүйегіндегі түрік ері ойығында орналасады.
Гипофиздің үш бөлігін ажыратады: алдыңғы, ортаңғы және артқы. Гипофиз бірқатар гормондар түзеді. Олар ішкі мүшелердің қызметіне, басқа эндокриндік бездердің қызметіне (жыныс бездерінің, бүйрек үсті бездерінің, қалқанша бездің), қантамырлар тонусына әсерін тигізеді. Сондықтан кейде оны бейнелі түрде «эндокриндік бездер оркестрінің дирижері» деп те атайды. Гипофиз гормондары аралық ми нейрондарына тікелей әсер етеді, ал осы нейрондардың аксондары өз кезегінде гипофиз қызметін реттеп отырады. Осының нәтижесінде өзара әсерлескен күрделі жүйе – нейроэндокриндік жүйе немесе гипоталамо-гипофизарлық жүйе құрылады.
Гипофиз зақымданғанда бірталай бұзылыстар пайда болады, солардың ішіндегі негізгілерін атап өтейік.
Алдыңғы бөлігі зақымданғанда адамның бойы өзгереді. Гормондардың артық түзілуі кезінде адамның бойының ұзындығы шамадан тыс артады (гигантизм немесе алыптық). Бұл әсіресе жасөспірім кезеңінде байқалады. Бойы қатты өсіп, арық, кеудесі жіңішке, терісі боз болады. Кейде алақандары мен табандары ерекше өсіп кетеді. Пульсі жеткіліксіз, аяқ-қол ұштары көгеріңкі, суық болады. Жыныс мүшелері көбінесе нашар дамыған болады, қыздардың сүт бездері дамымаған, етеккірі кеш басталады. Психикасы тарапынан олар жалпы салбырлықпен, апатиямен сипатталады, зейіні шашыраңқы әрі нараш, есте сақтауы төмендеген, бірақ зиятының бұзылуы байқалмайды. Өзінің қалыпсыз бойына байланысты мұндай балалар айналасындағылардың келемежіне айналады, бұл олардың түнеріп, ішінен тынып жүруіне, кейде тітіркенгіштігіне, ашуланшақтығына әкеледі. Ал кейде олардың арасында ақкөңіл, мейірімді, қарапайымдау, мінезінің бостығымен ерекшеленетін, сондықтан басқа балалардың ықпалына тез берілетіндері кездеседі.
Гипофиз қызметінің төмендеуі осыған керісінше құбылыстар шақырады – бойы өсуінің тежелуі, кейде өте қатты дәрежеде (ергежейлік, нанизм). Әдетте бойының өспей қалуынан басқа терісінің ерте солуы, жыныс мүшелерінің нашар дамығандығы анықталады, зият бұзылыстары негізінен болмайды. Инфантилизм белгілері байқалады, кейбірінде өзіндік эйфория (қуанышты, көтеріңкі көңіл-күй), қалжыңға, өткір сөзге құмарлық байқалады. Алайда көбінесе физикалық жетілмегендік салдарынан ұжымда бөтенсу, тұйықтық, күдікшілдік, ызақорлық түрінде көрініс табатын психикалық қысылушылық дамиды.
Бой өсуінің бұзылыстарынан басқа, гипофиз зақымданғанда едәуір зат алмасу бұзылыстары пайда болуы мүмкін (көмірсу және май алмасуының). Кейбір жағдайда зат алмасуы тым күшейіп, қатты арықтау (гипофизарлық кахексия) болады, бірақ бұл жағдай балаларда сирек кездеседі. Ал кейде керісінше қатты семіру байқалады. Мұндай балаларда дененің әсіресе бет, кеуде, жамбас, іш аймақтарында майдың жиналуы байқалады. Жыныс мүшелері нашар дамыған. Әдетте мұндай балалар жалпы енжарлықпен, тез шаршағыштықпен сипатталады, ал кейін, жасөспірім кезеңінде өзінің кемістігін сезіну белгілері арта түседі.
Гипофиз қызметінің бұзылу себептері әралуан. Көбінесе бұған энцефалит, мерез, ісік аурулары, туберкулез сияқты аурулардан кейінгі интоксикацияның әсері және туа біткен ақаулар жатады.
Эпифиз. Оны кейде мидың жоғарғы қосымшасы деп те атайды, өйткені ол көру төмпешіктері мен төртқырат арасында орналасқан және аралық мимен байланысқан. Ол бездік жасушалардан және нейроглиядан тұрады.
Эпифиз жыныстық жетілу кезеңіне дейін қызмет етеді, сондықтан оның маңызы әсіресе балалық шақта өте зор болады. Жеті жастан бастап эпифиздің көлемі біртіндеп кішірейе береді де, он бес жасқа жақын оның қызметі тіпті азаяды. Осы кезден бастап жыныс бездері жетіліп, қызметі күшейеді. Эпифиз жыныс бездерінің қызметін тежейді.
Эпифиздің бүлінуі (көбінесе ісік, туберкулез салдарынан) ерте жыныстық жетілуге әкеп соғады. Мұндай кезде 7-8 жасар балалардың жыныс мүшелері ересек адамдікіндей болады. Қыздарда 10-11 жасынан сүт бездері дамып, етеккірі басталады. Нейрогуморальдық жүйеде болған қатты өзгерістерге байланысты бұл балалардың сана-сезімінде психопатиялық белгілер пайда болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет