2.1 Мұғалім мамандығының негізгі ерекшеліктері;
2.2 Мұғалім иммиджі;
2.3 Қазақ ұстазы.
3. Қорытынды 4.Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе. Ұстаздың өз ісінің ұстасы болуы – бүгінгі білім кеңістігінің басты талабы. Зергердің шеберлігі әшекейдің көркінен байқалады, суретшінің шеберлігі суреттің бейнесінен байқалады, бағбанның шеберлігі бақшаның әсемдігінен байқалса, ал ұстаздың шеберлігі шәкіртінен байқалады.
Секунд сайын қарыштап дамып жатқан заманда, білім қажеттілігінің деңгейі де артуда. Сол себепті шәкірт сұранысы артқан сайын, ұстаз жүгінің де ауырлай берері анық. Баршамызға белгілі бүгінгі ұрпақ буынының психологиясы, өмір сүру дағдысы, тәрбиесі, қабылдау деңгейі мен ойлануы да бұған дейінгі ұрпақ ағымымен салыстыруға келмейді, айырмашылық жер мен көктей. Бір техниканың орнын екіншісі алмастырып, әлсіздің орнын мықты басып, мықтының орнын ең күштілер ауыстырып жатқан қоғамның мұқтаждығы – білімді ұрпақ! Жай ғана білімді емес, бәсекеге қабілетті, білікті, дамушы, дамытушы ұрпақ болуы – шарт. Еліміз білімді ұрпаққа қаншалықты мұқтаж болсақ, білікті ұстазға одан артық мұқтаж.
«Біліктілікті» ғылым шеңберіне қамап қою – үлкен қателік. Біліктілік одан да биік көкжиекке ие. Ғылым – жазылған қағидалар мен зерттелген тақырыптардан тұрады. Бекітілген заңдылығы тағы бар, ұстаздың алдымен осы ғылымды игеруі керектігіне талас жоқ. Бірақ «Ұстаздық жол» заңдармен шектелмеген, қағидалары жазылып бітпеген. Күн сайын игеруді, сәт сайын меңгеруді талап етеді. Кешегі ұстаздар да өмірінің соңына дейін бала жанын зерттеді, бүгінгілер де зерттеуде, ертеңгілер де зерттемек. Бүгінгі әдіс ертеңгі ұрпаққа жарамауы мүмкін, бүгінгі қағида ертеңгі қалыпқа сай келмеуі мүмкін. Күн сайын жаңаруды, жаңғыруды талап ететін ұстаздық істің нәтижесінің де ұлы болары сөзсіз.