Жалпы экология негіздері



Дата21.01.2022
өлшемі20,18 Kb.
#24155

ЖАЛПЫ ЭКОЛОГИЯ НЕГІЗДЕРІ

1-дәріс. Экология пәні, зерттеу әдістері, мақсаты мен міндеттері

Дәрістің мақсаты: Студенттерді эколгия пәнімен таныстыру. Сонымен қатар экология ғылымының қалыптасу жолдары мен тарихына сондай-ақ экология ғылымының зерттейтін мәселелеріне баса назар аудару. Алғашқы дәрістің мақсаттарының бірі дара организмдер экологиясы – аутэкология ұғымымен және аутэкологияның зерттеу объектілерімен таныстыру.

Дәрістің сұрақтары:

1. Экология пәнінің әдістері, мақсаты.

2. Аутэкологияның міндеттері

3. Экологиялық факторлар жиынтығы

1. Экология пәнінің әдістері, мақсаты. Экология – биология ғылымының бір саласы ретінде қалыптасып дамыған. Экологиялық зерттеулер өткен ғасырда Чарльз Дарвин еңбектерінде сипат алғанымен, «Экология» терминін 1866 жылы ғылымға алғаш енгізген Э.Геккель. Экология термині гректің ойкос – үй, тұрақ, мекен және логос – ғылым деген сөзінен шыққан. Экология барлық тірі организмдерді, олардың тұратын мекен-жайын және сол тұрақты тұруға қолайлы ету үшін атқаратын міндетті зерттейді.

Ең алғаш «экология» деген сөзді пайдаланған Генрих Дэвид Гюро. Экологияны ғылымға бірінші болып енгізген белгілі табиғат зерттушісі, дәрігер, аса дарынды неміс ғалымы Э.Геккель. 1869 жылы Э.Геккель экологияға мынандай анықтама берді: Экология табиғаттың экономикасын білу, сонымен қатар тірі организмдердің ортадағы басқа органикалық және органикалық емес заттардың арақатынасын зерттеу.

Экологиялық мәселелерді зерттеуге үлес қосқан ғалымдар:

Ф.Клементс (АҚШ), Ч.Элтон (Ұлыбритания), Х.Б.Одум (АҚШ) С.С.Шварц (бұрынғы Советтер Одағы), Р.Дажо (Франция)

Қазіргі кезде көптеген ғалымдар келіскен анықтама мынау: Экология – қоршаған ортаны қорғаудың ғылыми негізі, тірі организмдердің өмір сүру жағдайларын, олардың өзара қатынастарын, табиғи ортамен байланыстарын зерттейтін ғылым.

Экология ғылымының ең басты мақсаты – биосфера шегіндегі ғаламдық проблемаларды бақылай отырып ондағы тіршіліктің тұрақтылығын сақтау.

Экология ғылымының зертту нысаны – биологиялық және географиялық микро және макрожүйелер (түр, популяция, биоценоз, экожүйелер, т.б.)

2. Аутэкология (грекше autos - өзім) – жеке организмдердің қоршаған ортамен қарым – қатынасын зерттейтін экология бөлімі. Аутэкология ұғымын алғаш рет 1896 жылы Шретер особьтар экологиясы үшін қолданды. Аутэкология алдымен организмдердің (особьтардың) өлі материядан айырмашылығын: зат алмасу, көбею, өзгергіштік және тұқым қуалаушылық, өсу мен дамуы, тітіргенгіштігі, қозғалысы және бейімделушілік қасиеттері бар тіршілік иелері ретінде қарастырады.

Аутэкологияның міндеті – түрлердің алуан түрлі экологиялық жағдайларға (ылғал, жоғары төменгі температураға, ортаның тұздылығы) физиологиялық, морфологиялық және т.б. бейімделуін анықтау. Соңғы жылдары аутэкологияда жаңа бағыт – орта ластануының әсеріне организмнің жауап қайтару тетіктерін қоса зерттеу пайда болды.

3. Экологиялық факторлар

Орта – организмнің өсіп – көбеюіне, тіршілігіне, дамуы мен таралуына тікелей немесе жанама әсер ететін қоршаған орта компоненттерінің жиынтығы.. Тірі организмдер – ашық жүйелер, сондықтан қоршаған ортамен зат және энергия арқылы алмасып отырады. Организмдер үнемі өзгеріп тұратын қоршаған ортаның әсерін сезініп, бейімделе отырып, өздері де осы жағдайларды өзгертіп отырады.

Организмге әсер ететін кез – келген орта жағдайларын немесе орта компоненттерін экологиялық факторлар деп атайды. Экологиялық факторлар тірі организмдердің тіршілігіне, санына (молдығына), географиялық таралуына тікелей немесе жанама әсер етеді.

Экологиялық факторлар табиғаты бойынша және тірі организмдерге әсер етуі бойынша әр түрлі. Барлық факторларды шартты түрде үлкен 3 топқа бөледі – абиотикалық, биотикалық және антропогендік (немесе антропикалық).

Абиотикалық факторлар - тірі организмдерге тікелей немесе жанама әсер ететін өлі табиғат факторлары. Оларға климаттық (температура, ауа қысымы, жел, ылғалдылық, жарық т.б.), атмосфералық (атмосфераның химиялық құрамы), топырақ (эдафикалық), геоморфологиялық, гидрологиялық және басқа факторлар жатады.

Биотикалық факторлар – тірі организмдердің бір – бірінің тіршілігіне және тіршілік ететін ортасына әсері. Олар түр іші және түр аралық болып бөлінеді. Түр іші факторларына - демогрфиялық, этологиялық (мінез - құлық), бәсекелестік және т.б. жатады. Ал түр аралық факторларға популяциялық деңгейдегі әртүрлі теріс әсерлер (бәсекелестік, аменсализм) және оң әсерлер (комменсализм, мутуализм, симбиоз) жатады.

Антропогендік (антропикалық) факторлар – адамның қатысуымен қоршаған ортаға, организмдердің тіршілігіне немесе өсімдіктер мен жануарларға тікелей әсер ету. Антропогендік факторлар жыл өткен сайын күшейіп келеді. Соңғы кездері антропогендік факторлардың әсерінен биосферада күрделі экологиялық проблемалар пайда болды. (биоәртүрліліктің азаюы, парникті эффекті, қышқыл жаңбырлар, орманды ағаштардың көптеп қырқылуы, шөлейттену, ортаның улы заттармен ластануы т.б.)

Антропогендік факторлар организмге тікелей (ағаштарды кесу, аң аулау) және жанама әсер ету (ортаның ластануы, өзендерге су қоймаларын салу) болып бөлінеді. Антропогендік факторларға техногендік факторлар (радиация, ластану, құрғату жұмыстары, электромагнитизм және т.б.) да жатады.

Өз-өзін бақылау сұрақтары:

1. Экология ғылымының басты мақсаты не?

3. Аутэкология қандай организмдерді зерттейтін ғылым саласы

4. Экологиялық факторлардың жиынтығын атаңыз

5.Биотикалық факторлардың қарым-қатынас типтерін атаңыз

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Ә.Т.Қанаев, З.Қ.Қанаева, Экология Оқу құралы, Алматы «Қазақ университеті» 2008

2. Ж.Ж.Жатқанбаев, Экология негіздері, Алматы, 2004

3. А.Т. Қуатбаев Жалпы экология: Оқулық / Алматы : Дәуір, 2012. - 376 б. - (МВА)

4. Ұ.Б.Асқарова, Экология және қоршаған ортаны қорғау, Алматы, 2007

5. Бозшатаева Г.С., Оспанова Г.А. Экология.- Алматы.- 2003.

6. Мұхажанова, Н. А. Жаһандық экология: оқу құралы. - Алматы : Экономика, 2011. - 172 б. - (Т. Рысқұлов ат. ҚазЭУ-дің осы заманғы оқу басылымдары)

7. Үпішев Е.М. Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау : Оқулық /- Алматы : Экономика, 2006. - 480 б.

8. Экология және табиғатты тиiмдi пайдалану: Оқулық / Ә.С.Бейсенова және т.б.- Алматы: Ғылым, 2004.- 328 б.



9. Экология және тұрақты даму : Оқулық / ҚР Білім және Ғылым мин-гі бекіткен ; ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы. - Алматы :Дәуір, 2011. - 312 б.

https://www.facebook.com/permalink.php?id=251749648339472&story_fbid=251750241672746

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет