Жүйке жүйесі (нервная система) - адам мен жануарлар организмдерінің қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Жүйке жүйесін зерттейтін морфологияның бөлімін гр. neurologia (грек, neuron — жүйке, жүйке жасушасы; logos — ілім) деп атайды. Жүйке жүйесінің қызметтері рефлекстер арқылы іс жүзіне асады. Рефлекс — сыртқы, немесе ішкі орта әсерлеріне организмнің жауап қайтару реакциясы. Жүйке жүйесі мүшелерін негізінен жүйке ұлпасы құрайды. Жүйке жүйесі организмдегі орналасу орындары (топографиясына) мен құрылысына сәйкес: орталық және шеткі бөлімдер болып екіге бөлінеді. Жүйке жүйесінің орталық бөліміне ми және жұлын, ал шеткі бөліміне — мидан және жұлыннан организмнің шеткі аумақтарына таралатын мүшелер: жүйке түбіршіктері, жүйкелер, жүйке тораптары, жүйке түйіндері (ганглийлері) және жүйке талшықтарының ұштары жатады