Жүргенов Темірбек Қараұлы



Дата11.05.2023
өлшемі16,58 Kb.
#91905
Байланысты:
Жүргенов Темірбек Қараұлы


Жүргенов Темірбек Қараұлы (10.11.1898, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап а. — 25.2.1938, Алматы) — мемлекет қайраткері. Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы "Қазақ мұңы” газеті редакциялық алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған.
1920 жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, 1921 — 1923 ж. Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып тағайындалады, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының Орталық Атқару комитеттеріне мүше болып сайланады, өлкелік және республикалық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысады. Орталық Азияда құрылған республикалар аумағының ұлттық-территориялық межеленуіне ат салысады. Бұл мәселе төңірегінде «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттеріне мақалалары жарияланды. 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.В.Бартольд, профессор С.Е.Малов секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. 1929-1930 жылдары - Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары. 1930-1933 жылдары - Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары. 1933-1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Жүргенов — ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В. Затаевичке көптеген мәліметтер берді. 1937 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
1937 жылы 3 тамызда "халық жауы” деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 ж. 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталған.
Қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы Жүргенов есімімен аталады (1989). Осы академияның алдында Т.Жүргеновке арналған ескерткіш (2002, мүсінші Е.Сергебаев) орнатылған. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Т.Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. Туған жері Жалағаш кентінде, Қызылорда қаласында (2005) ескерткіштер орнатылған. 2014 жылы 1 мамырда Қызылорда қаласында шығармашылық үйі ашылып, оған Темірбек Жүргеновтің есімі берілді және бюсті қойылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет