КІРІСПЕ
Диссертация жұмысының өзектілігі. Жоғары білім адамзат өмірінің ең маңызды бөлігі болып табылады. Білімнің бірінші деңгейлі маңыздылығы көптеген жағдайлармен анықталады: ол жоғары білікті мамандарды дайындау механизмі, берілген қоғамда білімді мүшелерді қалыптастыратын құрал, болашақтың интелектуалды потенциалын ұдайы өндіретін тәсілі және рухани мәдениеттің маңызды элементі болып табылады «Жоғары мәдениет адамының білім алу» процесі сонымен қатар күнделікті өмірді іске асыру тәсілдеріндегі терең өзгерістермен қатар жүреді. Бүгінгі таңда университеттер білікті мамандарды даярлауда ғана емес, сонымен бірге белгілі бір салаларды дамытуда да маңызды саналады. Университет үнемі саяси қоғамға әсер етеді, сонымен бірге саяси қоғам да жоғары білімге маңызды ықпалын тигізеді. Бұл ықпалдың формалары алуан түрлі, және оның тиімділік дәрежесі де әртүрлі, сондықтан саясат пен жоғары білімнің өзара ықпалдасуы ұлттық білім беру жобасының жолдарын сараптау көзқарасы бойынша да, жалпы саяси мәдениеттің дамуы тарихын зерттеу көзқарасы бойынша да өзекті.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғалы бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, жан-жақты реформалар жүргізу үрдісі аяқталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы күнінен бастап дамыған елдерден үлгі алуға тырысқан Қазақстан Республикасы өз ішіндегі жаңашылдықтарды басқа елдермен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы енгізіліп келеді. Мұндай сипаттағы қатынастар және әлемдік жоғары білім тәжірибесіне сүйену жаңадан реформалар жасалып жатқан елдердің барлығына тән. Қазіргі таңда білім беру жүйесінде жетістіктерге жету үшін Қазақстан Республикасы мен Батыс Еуропа білім беру саясатын өзара саралап және салыстырып зерттеу өзекті мәселе болып табылады. Себебі, батыстағы державалардың ұзақ уақыт бойы қалыптасқан білім беру модельдері жоғары деңгейде. Ал, бұл алдағы интеграция мен тәжірибе алмасуға және білім саласының дамуына ықпал етеді. Болашаққа қадам басу үшін өткеннің өнегесін ескерген жөн, сол себептен аталған мәселе зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Қазіргі қоғам талабы болғандықтан және тарих ғылымындағы жаңа тиімді әдістердің дамуына байланысты жоғарғы білім тарихына жете назар аудару мәселесі туындап отыр. Әрине, бұл негізде біз еліміздегі жоғары білім тарихын жалпы әлемдік тарихи даму контекстінен бөліп ала алмаймыз. Сондықтан, бұл еңбекте алғаш жоғарғы білім қалыптасып дамыған Батыс Еуропа елдерінің жоғарғы білім жүйесі тарихы мен Қазақстандық жоғары білім тарихы әрқайсысының уақыт, контекстілік ерекшеліктерін ескере отырып, салыстыруды жүзеге асырады. Мұның ең басты қажеттілігі – Қазақстан Еуропалық жоғары білім интеграциясына енуі үшін өзінің қабылдауға тырысып жүрген жүйесін толықтай зерттеп, жете ұғынуы қажет. Осы ретте, Қазақстандағы және Батыс Еуропадағы жоғары білімнің даму тарихы қандай жолмен жүзеге асырылғаны, қандай әсерлерге ұшырағаны мен еуропалық жоғары білім аясына еліміз қандай тарихи ахуалды ескеріп енгені тиімді екенін білу аса қажет деген ойдамыз. Сондықтан да, бұл жоғары білім жүйелерінің саясатын салыстыра зерттеудің тарих ғылымы үшін маңыздылығы артып отыр. Себебі, бүгінде жоғары білімді дамытудағы жаңа бағытты ұстанып, ол жолға түсу туралы қызу айтыстар кезінде жоғары білім тарихының және қазірдегі ахуалын барлық жағынан ғылыми зерттеудің және олардың мәнін, қазіргі әлемдегі міндеті мен түйінді компоненттері – студенттер мен оқытушылардың бұл жүйедегі орнын тарихи аяда қарастыру қажеттілігінің рөлі зор. Осыған орай, жоғары білім жүйесін зерттеудің шешуші маңызы бар. Мұндай зерттеу өткеннің жетістіктері мен олқылықтарын ескере отырып, дүниежүзілік осы саладағы ерекшеліктерді негізге алып, жоғарғы білімнің дамуынан озып, ғылыми негіздер даярлауы, білім беру саясатын, оның дамуы стратегиясын, басым бағыттарын анықтау үшін ақпараттық талдау базасын жасауы, алға қойылған мақсаттарға жету үшін неғұрлым тиімді жол салуға тиіс.
Қазіргі әлемде білім рөлінің артуы мемлекет өз білім беру саясатын жалпыеуропалық білім беру кеңістігінде қалыптастыруды есептеуге тиіс экономикалық және қоғамдық дамудың дүниежүзілік тенденцияларымен түсіндіруге болады. Сондықтан, Қазақстан мен Батыс Еуропа білім саясаттарын салыстыру, Батыс Еуропадағы жоғары білім саясатының қалыптасу және дамуы үрдістерін, сонымен қатар, Қазақстанның білім беру саясатының ерекшеліктерін қарастыру және қазіргі уақытта Батыс Еуропа мен Қазақстандағы жоғары білім беру саясатының жүзеге асырылуын салыстырмалы түрде зерттеу аса өзекті мәселе болып табылады.
Бұл қатынаста Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты батысеуропалық елдердің тәжірибесі ерекше қызық болып табылады және екі себеппен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл елдер қазіргі уақытқа дейін қалыптастырылған негізгі жоғары білім беру модельдерін, атап айтқанда, англосаксондық (Ұлыбритания) және континенталді (Германия мен Франция) құрайды. Екіншіден, дәл осы мемлекеттер (Италияның қолдауымен) біртұтас еуропалық білім кеңістігін құруға ниет білдірген. Ең басында экономикалық интеграцияға үміт артқан олар, бастапқы саналы түрде түсіну кезеңінен жоғары білім жүйесінің мақсатты, мазмұнды, ұйымдық әрі әлеуметтік нұсқауларын жаңарту деңгейіне жетіп, аталмыш мемлекеттер жоғары білім саясатын қалыптастыруда бірегей тәжірибе жинақтағаны анық. Сол себепті зерттеу жұмысында осы мемлекеттер салыстыру объектісі ретінде алынып, олардағы толыққанды тарихи және уақыт контекстіндегі өзгерістер мен ерекшеліктері Қазақстанға үлгі ретінде негізге алынады. Осыған орай, жоғары білімді бастапқы пайда болу кезеңінен, яғни университеттің қалыптасуынан бастап қарастыру қажет. Университет – таза еуропалық құбылыс, еуропалық өрекениеттің азығы мен жетістігі ретінде жалпы еуропалық мәдениеттің жемісі әрі оның «уақытсыз және транснационалды мәнімен» мәдени символы болып табылады [1,68 б.].
Қазіргі университеттер көбіне өз ізашарларының ерекше корпоративтік рухын, корпоративті академиялық мәдениетін сақтап қалды. Қазіргі заманда, адамзат мәдениетінің кеңістігінде университет рөлінің мәнін түсіну үшін университеттік идеяның қалыптасуы мен дамуының тарихына көз жүгірту қажет, себебі университеттің идеясында оның миссиясы салынған. Кеннет Р. Минот айтып өткендей, «...университеттерді бір ғана өлшемнің көзқарасымен сипаттауға тырысу терең қателікке айналады. Біз басқалардың барлығынан бөлек, бір жағынан әртүрлі университеттер арасында, екінші жағынан, қоғам мен мәдениет арасындағы қарым-қатынастардың тәсілдері және олардың институционалдық құрылымына қарап сынайтын университеттердің негізі қалануының тарихи жағдайларын да есепке алуымыз керек» [2, 42-56 б.]. К. Ясперс университет идеясын шындық призмасынан өткізіп қарастырып, әрбір ұлы университет өз халқының жемісі, алайда, сонымен бірге, ол интернационалды болуға тырысады деп қарастырған. Ал біз осы қағиданы салыстырмалы талдау жұмысының негізі етіп аламыз.
Қазақстан жоғары білімінің реформалау процесінің маңызды құрамдас бөлігі отандық тәжірибені, ұлттық ерекшеліктер мен елімізде қалыптасқан жоғары білім тәжірибесінің әлеуметтік-тарихи тексерілуі болып табылады. Реформалар бұрынғы мәселелерді шешпей, жаңа әрі оданда күрделі мәселелерді туындатуы мүмкін. Осы сипаттағы қателіктерді болдырмау үшін жасалынып отырған инновациялардың әлеуметтік тәжірибесіне жете талдау жасау керек. Сонымен қатар, уақыты келіп жеткен шешімдерді қабылдау және оларды жүзеге асыру барысында оң тәжірибе мен әлемдік дәстүрге сүйену және біздің қоғам мен білімімізге негіз болған ерекшеліктерді де есепке алу аса зор маңызға ие. Осы бір фактіні есепке ала отырып, Батыс Еуропа жоғары білім саясатының осы саладағы әлемдік тәжірибесі мен маңыздылығын сипаттап, оның өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар, еуропалық жоғары білім интеграциясына қосылуға ұмтылудағы Қазақстандағы көрінісіне салыстырмалы талдау жасау уақытқа сай әрі мақсатталған деп тұжырымдауға болады.