КІРІСПЕ
Курстық жұмыстың өзектілігі: Қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа таралып келе жатқан шешендік сөздерін келешек ұрпаққа тиімді жеткізу, сол арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамытып, өмірге деген көзқарасын таныта білу – әдебиет пәні мұғалімінің басты міндеті. Оқушыларға шешендік сөздерді оқыту барысында мұғалім қазақ халқының би-шешендерінің өмір тарихын оқытып, олардың тапқырлықтары мен ойларының дәлдігін, сөз шеберлігін ұғындырады. Оқушыларға бидің ел-жұртының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өткен-кеткен көне шежіресін, тарихын, қоғамдық даму барысын, айнала қоршаған табиғатын сан алуан қасиеттерін, құпияларын жетік білетін, бүгінгіге баға беретін, болашаққа болжам жасап, адамдардың қырлы-қырлы мінез-құлықтарын айтқызбай-ақ дөп басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар біртума жандар екенін дәріптеу. Би-шешендердің екі-ақ ауыз сөзбен дауды шешуі, жаудың бетін қайтаруы – олардың басты қасиеттерінің бірі. Шешендік сөздердің тәрбиелік мәнін ұғындырып, ұшқыр ойға жол ашу, сол арқылы оқушыларды адамгершілік қасиеттерге баулу. Сабақ өту барысында шешендік сөздерге талдау жасату, мән-мағынасын ашу. Шешендік сөздерді оқытуда мұғалім әдіс-тәсілдерді орынды әрі тиімді пайдалана білуі керек. Соның ішінде белгілі ұстаз Қанипа Бітібаеваның технологиясын шешендік сөздерді оқытуда пайдалану. Шешендік сөздердің зерттелу тарихына шолу жасау. Рабиға Сыздықованың шешендік өнерді үйрету әдістемесінің шешендіктану және лингвистикалық негіздеріне тоқталу.
Курстық жұмыстың мақсаты: Шешендік сөздерді оқыту арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамытуды қалыптастыру.
Курстық жұмыстың міндеттері:
шешендік сөздерді оқытудың теориялық негізін беру;
шешендік сөздерді оқытуда жүргізілетін практикалық жұмыстар;
шешендік сөздерді оқыту жұмыстарына сараптама жасап, қорыту.
Курстық жұмыстың құрылымы: курстық жұмыстың құрылымы кіріспеден, бір бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРДІ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ
Шешендік сөздерді оқытудың теориялық негізі
Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты, өресі биік, өз Отанын сүйетін азаматты тәрбилеу – әр мұғалімнің алдына қойған мақсаты.
Әдебиет сабағы ақыл-өнегеге, ғибратқа, даналыққа, имандылыққа, адамгершілік үлгілерге толы болу керек десек, шешендік сөздерде осының бәрін кездестіруге болады.
Мектепте шешендік сөздерді оқытудың негізгі мақсаты – оқушылардың өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, жауаптаса алатын тұлға деңгейіне көтеру, яғни ұлттық шешендік сөйлеудің айла амалдарын, шешендік өнердің сыр мен сымбатын, тапқырлықты, тақырыптық тәсілдерді қолдану бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру.
Бүгінгі қоғам сауатты, білімді, өз ойын еркін де ұтымды жеткізе алатын, рухы таза, ой-өрісі биік, шыдамды да еңбекқор тұлғаны талап етеді. Жалпы, әр баланы жеке тұлға деп қарай отырып, бойларындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың қалыптасуына көңіл бөліп, олардың рухани адамгершілігін дамыта оқытуды басты назарда ұстау қажет. Жан-жақты жетілген, қоршаған ортасының қадір-қасиетін бағалай алатын тапқыр, көрген-білгенін бағамдай алатын зердеі, зерек балаларды қалыптастыру үшін қазақ әдебиеті сабағында шешендік сөздерді оқыту өте тиімді.
Соңғы кезде қазақ балаларына арналған ауыз әдебиетінің үлгілерін, оның салаларын оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оқу материалдарына аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, жырлар, шешендік сөздердің түрлерін балалардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізу дүние танымын кеңейтуге, жан-жақты дамуына ықпал етеді. Жас ұрпаққа қазақтың би-шешендерінің өмірінен мәлімет беріп қызықты тұстарынан сөз қозғау өнегелі істерге апарар жол. Шешендік сөз – адамзат тарихындағы рухани материалдық мәдениеттің дамуының негізгі құралдарының бірі. Шешендікке құрылған әңгімелерді, аңыздарды және өлеңдерді оқыту оқушылардың тілін ұштайды, сөздік қорын байытады, өмірге деген көзқарасын оятып, дүниетанымына жол ашады.
Әдебиет сабақтарының танымдық мақсатында мыналар ескерілуі қажет:
1. Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы.
2. Шешендік сөздердегі ұлттық мәдениет және парасаттылық.
3. Асыл сөздің астарындағы ұлағатты сөздер.
4. Дау-жанжалдардың бітімін екі-ақ ауыз сөзбен шешіп, ел мен елді бітістіріп, жарастырып келелі мәселелерді тындырып отыратындығы.
Билер мен шешендердің көрегендігін, даналық сөздерін оқытып, жатқа айтқызу жас ұрпақты шешендікке, ата-бабадан қалған мол мұраны игертуге баулиды.
Оқушыларға шешендік сөздерді үйрету туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, мұғалімге назар аударылады. Мұғалім күнделікті сабақ беру үрдісінде шешендік сөздерді орынды жерінде ойын дәлелдеуде дәнекер етсе, оқушыларды тіллге шебер, ойы орамды, мәдениетті сөйлеуге тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда – оқушылардың шешендік сөздерді меңгеру нәтижесінде сана-сезімі мен ақыл ой ұшқырлығы, сөз шеберлігі, дұрыс ойлау жүйесін қалыптастыру.
Шешендік сөздер жалпы білім беретін мектептерде 5-ші сыныптан бата-тілектерден, би-шешендердің қысқаша өмірбаяны мен шешендік сөздерімен басталып, ары қарай жалғасатырылып оқытылады.
Шешендік сөздерді оқыту барысында оқушылардың 1) көру түйсіктері, 2) есту түйсіктері, 3) қабылдау түйсіктері маңызды рөл атқарады.
Шешендік сөздерді оқыту оқушылардың сөйлеу тілін дамытып, тапқыр болуға, кез келген мәселенің шешімін өз беттерімен шешуге, салт-дәстүрді құрметтеуге, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге баулиды.
Халқымыздың ертеден өзінің мәдени-этникалық білімі мен тәрбие берудегі ұлттық тәрбие негізін қайта жаңғырту арқылы халқымыздың мәдени құндылықтарына көңіл аударылуда. Себебі, бүгінгі күні халқымыздың ұлттық мәдениетінің қайта өркендеу жағдайында келешек ұрпақтарымызды халқымыздың салт-дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптарында ертеден сақталып келе жатқан мәдени бай мұраларымыздың қадір-қасиетін сезіне білу заңды құбылыс деп санауымыз керек. Өйткені, бүгінгі жас жеткіншектер өз халқының рухани мол қазынасын тереңірек оқып білуі арқылы өз бойларына сіңіріп, ұлттық ерешеліктерімізді қадірлей білуге мүмкіндіктер алады. Сондықтан да қазіргі таңда қоғам салауатты да жігерлі ұрпақтарды тәрбиелеу барысында қазақ шешендік өнерінің сан ғасырлар бойы тереңнен тамырланған негіздері бар екені және шешндік өнер қашанда ұлт тағдырына, ел, жер мүддесіне сай қоғамдық қызмет атқаратындығы мәлім.
Шешендік – қадірлі өнер. «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ бекер айтпаған. Қоғам тарихына көз салсақ, қай халықтың болсын күрделі қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлері, қолбасшылары, ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болғанын байқаймыз.
Шешендік сөз бата-тілектен бастап, бүкіл өнеге, өсиет сөздерді қамтиды. Жас ұрпақтың өзінің ана тілінде еркін мүдірмей сөйлеу үшін тілін дамыта оқыту қажет. Сол себепті де шешендік сөз және сөз мәдениетін дамыту мен қатар ой - өрісін, дүниетанымын қалыптастыру арқылы ұлттық ерекшеліктерімізді анықтаймыз.
Шешендік сөз бата -тілектен бастап, бүкіл өнеге, өсиет сөздерді қамтиды. Жас ұрпақтың өзінің ана тілінде еркін мүдірмей сөйлеу үшін тілін дамыта оқыту қажет. Оқушылардың тілін дамыту қазіргі кезде оқу-тәрбие ісіндегі басты мәселе деп танимын. Сол себепті де шешендік сөз және сөз мәдениетін дамыту мен қатар ой - өрісін, дүниетанымын қалыптастыру арқылы ұлттық ерекшеліктерімізді анықтау үшін:
Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту
Ана тілін ардақтау, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына тәрбиелеу.
Сөз құдыретін тануға үйрету
Сөздік жұмысын жүргізу.
Салыстыру, байқау қабілетін дамыту
Оқушылардың таным белсенділігін арттыру үшін осы бағыттарды іске асыруға тырысу керек. Шешендік сөздерді оқыту және оның мағынасын түсіндіру оқшыларды жақсы әдепке үйретіп, жаман қылықтардан жирендіреді.
Оқушылар өздерінің ой-көзқарасын жеткізу, пікірін қорғай білу және шешен адамдар ел ішінде дау-шараға араласып,ел ішінде шешімін таппай жатқан әртүрлі жанжалдарды, ру, жүз арасындағы жайлы мағұлматтар алды.
Сонымен қатар шешендер билік айтқан кезде қарасөзбен емес, тақпақтап, мақалдап сөйлейтіндігі жайлы да айтылды.
Шешендік сөздерді оқытуда мынадай талаптар қойылады:
Қазақ халқының даналығы мен дәстүрлі шешендік асыл қазынасын оқыту, мән – мағынасын ашу.
Шешендік сөздердің мазмұны мен құрылысына түсініктер беру.
Ой зерделігінен туып, халық жүрегіне ұялаған парасатты шешендікті таныту, тарихымызды танытып, ұлттық намысымызды оятып, рухымызды көтеретін би – шешендер сөздерін саралап, жүйелеу барысындағы ой – толғаныстар. Сөз тереңдігін түсініп, бағалай білуге, сұлулық сезіміне баулу.
Қазақ халқының шешендігі жайында айтылған пікірлермен таныстыру.
Ата – баба салт – дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу.
Оқушыларға халықтың негізгі қызметтері мен шаруашылықтарымен таныстыру. Халқымыздың ұлттық дербестігін сақтай отырып, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу.
Шешендік сөздерді оқытуда оқушылар сөз құдіретін эстетикалық, танымдық тәрбиені сіңіреді, оқушылапдың оқу әрекеттері, ойлау қабілеттерін, өзіндік ізденісін жетілдіріп, сөз өнерінің рухани құндылығын тануға көмектеседі. Оқушылар ойын еркін, шешен жеткізе алу, әдеби-теориялық білімін жазба жұымыстарда сауатты қолдана алуын қалыптастырады.
Сонымен қатар шешендік сөздерді оқыту арқылы сөйлеу мәдениеті мен ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастырып, тілдік амал-тәсілдерді қарым-қатынас мақсатына қолдануға төселдіреді.
1.2 Шешендік сөздерді оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер
Қазақтың шешендік сөздері жалпы білім беретін мектеп оқушыларына тәрбие берудің аса қасиетті де құнарлы қаруы болып табылады. Себебі, оқушылардың жас және дара ерешеліктерін ескере отырып, шешендік сөз өнерінің қуатын арттыратын тілдік құралдар, дидактикалық сипаттағы ақыл, нақыл сөздер таным үрдісі мен дұрыс ойлау қажеттіліктерін ашуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар шешендердің сөйлеу әрекетін, сөйлеу түрлерін, шешен бейнесін талдаудан туындаған шешендік сөз тағылымы қазіргі жасөспірімдерді тәрбиелеуде өзекті мәселе болып отыр. Өйткені шешендік сөз өнері өмір шындығымен, әлеуметтік уақыттың қатал да құбылмалы мінезімен бетпе-бет келгенде адамаға рухани жәдігер болып, көзден алыс, көңілге жақын құбылыстарды түсінуге жетелейді.
Халық даналығының жас ұрпақты тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулуда тәрбиелік мәні ұшан-теңіз. Жас ұрпақтың жақсы жақтарын көре біліп, оны жариялай білу де мұғалімінің шешендік өнері болып табылады. Оқушыларға инабаттылықпен қарым-қатынас жасай отырып, ізгілікпен оның жақсы ісін, мінезін, сөзін, білімін бағалай білу үшін ұстаздық сезімталдық пен шешендік қажет. Бұл педагогтің шешендік тәсілі.
Мысалға, 9 сынып оқушыларына Төле бидің баласына келінді қалай тапқаны жайындағы оқиғаны «Данышпан үкілер» әдісімен былайша талдаттым:
Мәтінмен жұмыс істеудің негіздері.
Данагүлдің үлкендердің алдын кеспей, аттан түсіп, сәлем беруі
Маңызды өмірлік даналық.
«Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол»
Таныс және таныс емес.
Төле бидің дауларды шешуі. Келіні Данагүлге ауыл-аймаққа ақыл айтатын басшы болуды ұсынуы.
Иллюстрациялық бейнелеу.
Төленің ұлына жар іздеуі --- Данагүлдің үлкендер алдын кеспеуі--- Төле би шақырғанда Данагүл мен қыздардың аттан түсіп сәлем беруі---- Төленің Алакөздің үйіне құда болуы---Төленің келіні Данагүлге ауыл аймаққа ақылшы бол дегені.
Үлгі боларлық қорытынды.
Үлкенді құрметтеп, алдын кеспеу, үлкендердің батасын алуға құштар болу.
Талқылауға арналған маңызды тақырыптар
Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел. Қазіргі қоғамдағы балалар тәрбиесі.
Міне, осылай оқушылар мәтінді талқылап шығады. Төле бидің баласына жар таңдап алғандағы Данагүлдің алыстан келе жатқан атты ер адамдардың жолдарын кеспей, күтіп тұруында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Бұл әдіс оқушыларды терең ойлауға, халқымыздың әдет-ғұрпын жаңғыртуға, сөздерді орынды қолдануға, тапқыр болуға жетелейді.
Ойлаудың белсенділігі оқушылардың әрбір сабақ тақырыбына ден қойып, отырған ынта-ықыласы тек қана проблемалық жағдайды туғызуы және оны бірлесіп шешуге жетелейтін қызметінің арқасында ғана мүмкін болады. Өйткені проблемалық жағдаятты шешу кезінде оқушыларда өз күшіне деген сенімділік пайда болады, яғни ой мен іздеу арқылы ақиқаттың бейнесін тану мүмкіндігіне ие екендігіне көз жеткізіп, соны ұйымдастырған ұстазына деген ризашылық сезіммен сенім ғана емес, танымдық қызығушылығы артып, білімге деген көзқарасы жаңа сапаға көтеріледі.
Әрбір оқушыға шешендік сөздердің астарлы мағынасын талдату, белгілі бір шешеннің сөз стилін талдау, дауды шешу, тапқырлық, логикалық жұмбақтарды шешкізу, ыммен сөйлесу сияқты шешендік өнерді үйрететін түрлі үрдісті проблема қоя отырып ұйымдастыруымыз қажет. Мысалы, Сократ ақиқатты танытудың істі сұрақпен бастап, жауабын бірге іздеп, нәтижесінде тыңдаушысының өзі ақиқатқа жеткендей ететіні белгілі. Бұл сенімділікті қалыптастыру әдісі. Дидактикадағы әдістері талдай келе, М. Махмутов оларды екі әдістер жүйесін құрайтынын айтады.
Әдістер
Сабақ өткізу әдістері әдістерәдістері
Оқу әдістері әдістерәдістері
хабарлайтын
түсіндірме
ынталандыру
қозғау салатын
нұсқаушылық
атқару
репродуктивтік
ішінара ізденіс
тәжірибеелік
ізденіс
Сонымен қатар, оқушыларды шешендік өнерге бейімдеу әдістерді (монолог әдісі, пайымдау әдісі, репродуктивтік әдісі, диалог әдісі, эвристикалық әдісі) барлық сабақтар барысында қолданылуы зерттелген болса, енді сол ерте кезде шешендік өнерді үйретумен тығыз байланыста қалыптасқан бұл әдістер шешендік сөздерді зерттеу тақырыбында үлкен орын алады.
Монологтік әдіске «Риторика теориясына» қатысты еңбектерге сүйене отырып, Квинтилиан әдісі, Аристотель әдісі тұрғысынан анықтама береміз. Квинтилианның шешен дайындаудағы әдістемелік жүйесі төмендегідей болып келеді:
- риторика теориясын әбден меңгеру;
- шешендік үлгілердің классикалық түрлерін танып, үйрену;
- еліктеулер жасау;
- өзінің жеке шешендік тәжірибесін жүргізу.
Осындай талаптардан соң монолог жасаудың алгоритмдерін Квинтилиан былайша көрсетеді:
- тақырыпты таңдап алу;
- сөйлеуге байланысты материалдарды мүмкіндігінше мол жинау;
- сөйлеудің аргументтерін орналастыру, сөзді құрастыру;
- құрастырылған сөзді айту.
Монологтің ерекше әдісі туралы Аристотель еңбектерінде аз зерттелмеген. Аристотель зрттеулерінде монолог әдісінің басталуындағы ой қозғалысы әлеуметтік жағдайлармен байланысты жалпы шаттардан басталып, сол жалпы мәселе жеке тілдік стилмен аяқталатындығын көрсетеді. Сондықтан да диалог құрудың дидактикалық әрі риторикалық негіздері ұқсас екендігін байқау қиын емес.
Арнайы топтауды қажет ететін әдіс – эвристикалық әдіс. М. Махмутов зерттеулерінде оқытудың эвристикалық әдісінің ішкі екі түрін анықтайды: сабақ оқытуды ынталандыру әдісі және оқытудың ішінара ізденіс әдісі. Сабақ өтудің ынталандыру әдісі – оқу материалы ішінара мұғалім тарапынан түсіндіріліп, проблемалық танымдық міндеттер, проблемалық сұрақтар, жаңа білімдерді ашу жолымен өздігінен меңгеруге арналған тапсырмалар түрінде беріледі. Мұның ерекшелігі – танымдық үрдістің барлық немесе жекелеген кезеңдерін өз бетімен өтуді талап ететін жұмыстарды орындау жөні ндегі оқушының жеке ізденіс қызметін оның мұғалім түсіндіргендерімен ұштастыру қабілеті. Сонымен қатар, екінші әдісі бойынша мұғалімнің оқушы бойында белсенді оқу әрекетін туғызатын мүмкіндіктер атап көрсетілген. Оқудың ізденіс әдісі ретінде оқушының интеллектуалдығы танылып, фактілік материалды жинау, оны жүйеге келтіру, т.с.с.
Шешендік өнер тарихы оқушылардың жас ерекшелігіне, білім деңгейіне байланысты мектеп бағдарламасында әр сыныпқа арнайы енгізілген. Шешендік өнерге оқушыларды баулу бағытында би-шешендердің қысқаша өмірбаяны мен ел аузында қалған өсиет сөздері, көркем шығармалардың түрлі жанрлары арқылы берілген.
Шешендік сөздерді оқыту арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамытуда Қанипа Бітібаеваның тенологияларын қолдану тиімді болып келеді. Мысалға, 9 сыныптағы Мөңке бидің шешендік сөздерін оқытуда Қанипа Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясын қолданғанда, Мөңке бимен болған «Төрт тентек» оқиғасын оқытып, оқушыларға ой тастаймын. Ой тастау үшін арнайы проблемалық сұрақтар қою керек. Мысалы: Бұл оқиғаны Мөңке қалай шешті? Мөңке кішкентай болса да, оның бұл дауды шешуі нені аңғартады? Мөңке дауды әділ шешеті ме? Сендер Мөңкенің орнында болғанда бұл дауды қалай шешер едіңдер? Және т.б. сұрақтар қою арқылы оқушыларды ойлануға шақырдым. Оқушылар ойланып, сұрақтарға жауап беріп, жауаптарын ортаға салып, талқылайды. Бұл оқиғада Мөңкенің тапқырлығы, кішкентай болса да бүкіл ел шеше алмаған дауды өзі шешіп, шешу үшін рұқсат сұрағанының өзі оқушыларды тәрбиелікке, үлкенді құрметтеуге, тапқырлыққа, ақылдылыққа жетелейді. «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы арқылы оқушы мәтінді түсініп оқып, проблемалық сұрақтарға жауап беруге, жүйелі ойлауға, өмірде де кез келген мәселені шешуге үйренеді.
Қанипа Бітібаева оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыру, оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту туралы: «Ой, ойлану, ойлату барлық пәндерге де керек. Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе – өзіндік пікірде жатыр. Көркем туындыны оқытудың ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Мектепте әдебиетті оқытудың мән-маңызы шешендік сөздерді оқыту, талдау, оқырмандық пікір қалыптастырумен ашылмақ. Әдебиетті оқытуда мұғалім оқушыларға көркем туынды туралы оқулық авторы, не ғалымдар пікірін қайталауда, не соны қаз-қалпында мазмұндатуды мақсат етпеуі керек, ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешелігі де, күрделілігі де осында», – деп технологиясының маңыздылығын атап көрсетеді. «Әдебиет – асыл ойдың сабағы. Бала әр сабаққа ойланып келіп, сабақтан ойланып кетуі керек. Ойсыз өткен сабақ – бос, өнімсіз сабақ», – дейді Қанипа Омарғалиқызы. «Әдебиет – сөз сабағы, көбінде сөздік әдістер арқылы білім берілетін пән. Ал айтылатын сөздің бәрі есте қала ма, жоқ па, ол – әрине, зерттеуді қажет ететін мәселе....», – дейді Қанипа Омарғалиқызы.
Қ. Бітібаева «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы әдеби айтыс, пікірлесу, диологиялық әңгіме, проблема шешу, іздену сияқты өнімді әдістермен қатар оқушылардың өз бетімен ізденуіне, зерттеу жұмысына негізделеді. Жобалау, модель жасау, оқушыларды өз беттерімен жаңа өнім жасауға бағыттау – ұстаз технологиясының ең негізгі алтын діңгегі. Оның барлығында оқушы жеке тұлға, дара субъект ретінде қабылданады. «Біздің бүгінгі күні алдымызға қоятын негізгі мақсатымыз – тілді қадірлеп, мәдениетті дамыта білетін, біздің жолымызды ары қарай жалғастырып, жетілдіріп әкететін азаматтар дайындау. Ол үшін біз тілімізді – ұлттық қазына, ал әдебиетімізді – өнер деп оқытуымыз қажет», – дейді ұстаз.
Әдебиет сабағындағы ең басты жұмыстардың біріне оқушылардың көркем туындыны қабылдауы, одан әсер алуы, көркем туындыны бүкіл бітім-болмысымен түсіне білулері жатады. Яғни, мұғалім осы мақсатапен ізденуі керек, осы мақсатта оны жүзеге асырудың ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып, пайдалануы керек. Көркемдеп оқу әдісі әдебиетті оқытуда үлкен рөл атқарады. Ол оқушының көркем шығарманы қабылдау белсенділігін, әсерлі сезімін дамытуда өте тиімді болып келеді. Әдебиетті өнер деп танытуда, көркем туындыны өнер туындысы деп қабылдауда, сөз қасиеті мен құдыретіне, оның эстетикалық нәзік нәріне тұшындыруда бұл әдіс алғашқы баспалдақ, яғни көркем шығарманы оқушы жүрегіне бастайтын алғашқы сезім көпірі ретінде ежелден-ақ тиімді әдіс болып, мұғалімдер тәжірибесінен кең орын алуда. Бұл әдістің негізгі тәсілдері мұғалімнің мәнерлеп оқуы, оқыған шешендік сөз бойынша оқушыларға пікір айтқыза білу оқушылардың оқу еңбегін ұйымдастыру түрлеріне жатады.
Шешендік өнерді меңгертудің басты бір әдісі – оқушыларға түрлі проблемалық жағдайлар қойып, соның шешуін тапқызу, тіл арқылы білдіру, сөйлеу тілінің әсерлі де дұрыс, дәл, орынды болуын қадағалау. Сондықтан да, әдістер жүйесін іріктеуде проблемалық әдістер жүйесін танымдық, ізденімпаздық тұрғыдан қалыптастырып, дамытатын әдістер ретінде қарастыру жөн.
Оқытудың бұл түрін М. Махмутов еңбектерінде проблемалық жағдаят негізінде қарастырады. «Проблемалық ситуация» (жағдаят) – адам пайда болған құбылысты, актіні, шындық үрдісін қалай түсіндіруді білмеген, өзіне мәлім әрекет тәсілімен мақсатқа жете алмайтын жағдайда туған оның интеллектуалдық қиналуы. Мұның өзі түсіндірудің жаңа тәсілін немесе әрекет тәсілін іздестіруге түрткі болады. Проблемалық ситуация деп продуктивтік, шығармашылық, танымдық қызметтің заңдылығын айтамыз. Ол ойлаудың басталуымен байланысты, белсенді ойлау қызметі проблемалар қою және шешу үрдісінде жүзеге асады», – деп анықтама береді. Мұнда біздің шешендік өнерді үйрету мақсатымыз жоғарыдағы анықтаманы басшылыққа ала отырып, «проблемалық ситуация» ретінде оқушыларға жеткізе алу.
5 сыныптағы Жиренше шешен мен Қарашаш сұлудың әңгімесін оқытқанда «ПОПС формуласы» әдісін қолданып көрейік.
Бірінші сөйлем: «Менің ойымша, Қарашаш ақылына көркі сай қыз».
Екінші сөйлем: «Себебі, мен оны былай түсіндіремін Жиренше Қарашаштың ақылдылығына көзі жетті».
Үшінші сөйлем: «Оны мен мына фактілермен, мысалдармен дәлелдей аламын, Қарашаш өз отынын өткінші жаңбырдан шапанын жауып құтқарып қалды».
Соңғы сөйлем: «Осыған байланысты мен мынадай қорытынды шешімге келдім, Қарашаш өзінің шешендігін, ақылдылығын таныта білді».
Бұл әдіс арқылы оқушылар өз сөздерін дәлелдей алуға, ойын жинақтауға үйренеді.
Әрбір тақырыпқа сәйкес проблемалық жағдаятты туғызу және оның шешу жолын іздеу, табу – шешендіктегі «эвристикалық әдіспен» терең үндесіп жатыр. Осыдан кейін шешендіктің өзіндік әдістерінің дидактикадағы жоғары сапалы әдістермен байланыстылығын оқушылардың игерілуі ойымен, санасымен, тілдік сапасымен тығыз байланыстылығы бар екендігін көрсетеді.
Демек, әдебиет сабағында шешендік өнер жайында оқушылар бойында білім, білік, дағдылар сіңіріліп қалыптастырылады. Бұл жұмыстар пәнаралық байланыста, кешенді жүйелі түрде жүргізілсе, оқушылардың шешендік қабілеттері арта түсері даусыз.
Сөзді сөйлеу, тыңдай білу, сөздің тура мағынасы мен ауыспалы мағынасын түсіне білу, сөздің шыққан тамырын тани білу, ыммен сөйлеп түсіну, сөздің астарын түсіну сияқты қасиеттерді оқушы бойына дарыту үшін мұғалімнің әдіс-тәсілдерді орынды қолданып, шешендік сөздің табиғатын, оқытудың бағдарын дұрыс қоя білгенде ғана орын алады. Сөздің мәнерін, техникасын, тыңдаушысының жан-күйін аулай білу, сөйте отырып, тек көптің көңілінен шығатын «әсіреқызыл сөзді» емес, ақиқатты таныту сияқты қабілет адамға өзінен-өзі келмейді. Ол – оқу мен арнайы тәрбиелеу, баулу мен дағдыландырудың, олардың тамаша үйлесімінің нәтижесі ретінде ғана мүмкін болатын құбылыс.
Шешендік сөздерді оқыту жұмыстарына сараптама жүргізу
Шешендік сөздерді оқытуда оқушылардың сөйлеу тілін дамыту үшін
Мұғалімнің өзі төселген бір әдіс-тәсілмен жұмыс істеуі немесе өзі білетін барлық әдісті бір сабаққа үйіп төгуі міндетті емес бұл бір сүрлеу, бір ізбен жұмыс істеудің тиімсіздігін дәлелдейді. Мұғалім сабақ өту барысында әдістерді үйлесімді түрде сол сабақтағы оқу-тәрбие мақсаты, тақырып ерекшелігі, сабақ өткелі отырған сыныптың жеке-даралық, жағдайларын ескере отырып, таңдап, сұрыптап ала білуі керек.
ҚОРЫТЫНДЫ
Шешендік сөздер ауызекі айтылып, ауызша таралған, халық жадында сақталған. Сөйтіп, бізге ауыздан-ауызға өңдеу мен жөндеуден өтіп, қысқарып, бастапқы қалпында емес кейінгі ұрпаққа жеткен. Халықтың ойынан шыққан баталы сөз, ақылды ойлар, көркемде қисынды сөздер халықпен бірге жасап, үнемі жасарып, жаңарып отырған. Шешендік сөздердің ауқымы кең, мазмұнына қарай әр түрлі мәселелерді, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, халықтың көзқарасын, дүние танымын, ел-елдің арасында жүргізілетін келісім сөздер, халықтың атақ-абыройын қорғайтын сөздерге дейін қарастырды.
Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі өнері. Шешендік – сирек ұшыырасатын қасиет-дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады.
Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие-өнер мектебі болған. Елді елдікке, бірлікке шақыруда халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше. Халқымыз «Сөз қадірін білмесең, өз қадіріңді білмейсің», «Сөз сүйектен өтеді», «Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» деп, сөз өнерін ерекше бағалаған.
Шешендік сөздер – ғасырдан ғасырға ұласып, халық игілігіне жарап келе жатқан ұлттық мұрамыздың бірі. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр қисынға құрылған бұл сөздер тыңдаушының көңілінен шығып, оны сөзсіз иландырады.
Сонымен қатар, шешендік өнерде жас ерекшеліктің маңызды болмағаны, қазақ халқының суырыпсалмалылық қасиетін, көрегендігін айқындайды.
Қазақ шешендік өнері ауыздан-ауызға көшіп, түрлі айтушының еркімен өңделіп, өзгеріп, толықтырылып, бүкіл халықтық мұраға айналған. Қазақ шешендерінің сөзі көлемі шағын, ықшамды, әсерлі, тапқыр, батыл, мәнділігімен ерекшеленеді.
Шешендік сөздер оқушыларға адамгершілік қасиеттерді жоғалтпауды, ата-анаға құрмет көрсетуді, досқа адал болуды дәріптейді.
Жас ұрпақты аңыз-әңгімелерге қанған, ертегілерді білетін қиялы ұшқыр, бата-тілектердің мәнін ұғынатын ақылды, нақыл сөздердің мағынасына терең үңілетін тапқыр болуға тәрбиелеу – қоғам талабы.
«Сөз – ұлы күш, өте кішкентай және тіпті елеусіз бола тұра ғажайып нәрселер жасай алады» деген пікірде осылайша аз сөзбен көп мағына бере алған құдыретті айтқан болу керек. Олай болса жас ұрпаққа сапалы білім, ұлағатты тәрбие беру негізінде ұлы ғұламалар еңбектерін пайдалану арқылы шешендікке тәрбиелеу, сөз құдыретін түсіндіре отырып, адами құндылық қасиеттерді бойына қалыптастыру заман талабына сай құбылыс деп білемін.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
Адамбаева Б. Алтын сандық.- Алматы: Жазушы, 1989.- 195 6.
Негимов С. Шешендік өнер.- Алматы: Ана тілі, 1997.
Қалимұқашева Б. Д. Шешендік өнерге баулудың дидактикалық принциптері. Бастауыш мектеп.-Алматы: Мектеп, 1999.-№ 10.- 10 б.
Шешендік шиырлары - Алматы: Қайнар, 1993.
Қадыршаев А.С. «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-əдістемелік негіздері». Алматы, 2001 ж. (автореферат)
Қосымова Г. «Шешендік өнердің негіздері». Алматы, 2007 ж.
Сыздық. Р. Шешендік сөз//Қазақ əдеби тілінің ауызша түрі. Алматы, 1987 ж. 15 б.
Хамайқызы К. «Шешендік сөздер арқылы оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу» Оқушы тәрбиесі, 2013. 26 б
Нұрғазина С. «Шешендік сөздерді оқыту» Қазақстан мектебі, 2010
Қалимұқашева Б. «Шешендік сөз өнерін оқып үйренудің қажеттілігі» Ұлағат, 1999
Байғожаева Т. «Шешендік өнерді меңгертудегі проблемалық жағдайлар» Бастауыш мектеп, 2006
Сейдина Б. «Шешендік сөз өнерін меңгертудің теориялық мәселелері» Қазақстан мектебі, 2010. –№11 27 б.
Оразбаева А. «Шешендік сөздер – оқушыларды тәрбиелеу құралы» Оқушы тәрбиесі, 2013.-№4 15-18 б.
Қалимұқашева Б. «Сөйлеу мәдениеті және шешендік өнер: оқу-әдістемелік құрал» Астана: Фолиант, 2010
Қыдыршаев А. С. «Шешендіктануды оқытудың әдістері»: Білім берудегі менеджмент 2002. - №2
Қалимұқашева Б. «Шешендік өнерді үйрету әдістемесінің дидактикалық мақсаты» 2000 Ұлағат-№3. 8 б.
М. И. Махмутов. «Мектепте проблемалық оқытуды ұйымдастыру». Алматы 1981. 28 б.
Қылышбаева Г. «Шешендік сөздерді оқыту арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулу» Ұлағат 2009.-№5-90-100 б.
Б. Адамбаев «Шешендік сөздер». Алматы. «Отау», 1992
Б. Адамбаев. Халық даналығы. Алматы. 1976
Н. Төреқұл. Қазақтың 100 би-шешендері. Алматы. 1996. 57 б
Байғожаева Т. «Шешендік өнердегі адамгершілік тәрбие» Білім берудегі менеджмент 2005.-№2 86-89 б.
Достарыңызбен бөлісу: |