Көк бөріні көкке көтерген елміз «Қазақ елі» атты композициямның ең биік шыңына Көк бөрінің бейнесін сомдадым. Өйткені, бұрын Түркі қағанаты кезінде біздің байрағымызда Көк бөрі, яғни, қасқыр бейнеленген. Көк бөрі – батырлықтың, өжеттіліктің символы. Халқымыз бойында оты бар, ержүрек, батыр жігіттерді Көк бөріге теңеген. Аң патшасы арыстан, жүректі жолбарыс, айбарлы аю да кәмпит үшін цирк аренасында билейді. Ал, қасқыр – өте текті жануар, ол ешкімге бағынбайды, ешкімнің ықпалына көнбейді.
Композицияда Көк бөрінің астында халық ақ киізге көтеріп сайлаған, ел басқарған ханды көреміз. Одан кейін адамзатты имандылыққа баулыған ғұлама, ең алғаш ислам дінін таратушы ғалым Қожа Ахмет Иассауи бейнесі. Күш атасы Қажымұқанның үстіңгі жағында Франциядағы ең биік Эйфель мұнарасы тұр. Бұл – палуанның Францияда өткен жарыста әлем чемпионы болып, қазақ халқының абыройын асқақтатып, өзін дүние жүзіне мойындатқанын көрсетеді. Оң жағынан қарағанда, адамға дос, жанашыр боп жүретін киелі құс — қарлығашты көреміз. Қарлығаш қонған жерде бақ-береке орнап, құт келеді деген ырым бар.
Үш үй – үш жүздің отауын білдіреді. Оның астында тұрған би қамшысын көтеріп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып тұр. Сол жағынан қарағанда, тастағы таңбаларды (петроглифті) көреміз. Ежелгі адамдардың таңбалаған тастары олардың өмірінен өзіндік сыр шертеді. Оның астында тұрған — бабалар жасаған балбал тастар мүсіні.
Қорқыт ата – аңыз бойынша алғашқы қобызды жасап, күй тартқан жырау. Өлмеудің амалын өнерден, өмірден өмірбақи іздеген қобызшы.
Алдыңғы жағынан қарағанда, ата-бабамыз аңсаған егемендіктің белгісі, көк туымызға рух беріп тұрған қыран құс бейнесі көрінеді. Қыран бүркіт – қайсарлықтың, еркіндіктің, тәуелсіздіктің, мықтылықтың белгісі.
«Алып анадан туады» дегендей, батыр да, ғұлама да анадан туған. Ананың бірінші тұруы осы ұғымды білдіреді. Ал, бала – болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Оның астында әлемге әйгілі ойшыл, философ әл-Фараби бейнеленген. Мұнда батыр образында Сұлтан Бейбарыстың бейнесі тұр. Ол – бүкіл Мысырды билеген қазақтан шыққан қыпшақ батыры. Пирамида десе, бірден әлемге әйгілі Мысыр еске түседі.
Қасқырды Құдай шөп емес, ет жейтін етіп жаратқан. Оның жазығы не? Қазір, өкінішке қарай, жер бетінде табиғи тепе-теңдік (баланс) жоғалып барады. Қарны тойып қампиған, бақайшағына дейін қаруланған, шет елдің неше түрлі қаруларын асынған, астына табанында шаңғысы бар мотоцикл мен джип мінген қаскөйлер ас таппай жүрген аш қасқырларға қорлық көрсетуде. Мен бірде теледидардан бір қазақ жігітінің машинасымен қасқырдың құйрығын мыжып, екіншісі басынан теуіп жатқанын көріп, төбе шашым тік тұрды. Одан кейін тағы қасқырдың жаңа туған балаларын қылқындырып, жерге ұрып жатқан жастарды көріп, жағамды ұстадым. Бұл не деген сұмдық?! Олар мұнымен қоймай, бұл ерсі іс-әрекеттерін ұялы телефондарына түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жариялап, өздерін батыр етіп көрсетіп жүр, көргенсіздер. Егер шынымен батыр болса, қасқырмен қарусыз айқаспай ма? Оның батыл екенін сол кезде көрер едім, қаруына сенген қорқақтың. Біздің сенім артып жүрген жастарымыздың осындай қылықтарын көріп, олардан келешекте қандай үміт күтеміз?!
Кеңес одағы кезінде «Ну, погоди» мультфильмінде қасқырды қоянға күлкі қылып, ақылды қасқырды ақымақ етіп көрсетті. Бұл біздің рухымызды төмендету үшін шығарылған саясаттың бір түрі екенін біз кеш білдік.
Әлемге дамыған өнерімен, мәдениетімен таныс Рим қаласында қасқырдың адам баласын анасындай асырап, емізіп тұрған ескерткіші сонау Х ғасырларда қойылған. Сол қаланың символына айналған, көкжал мен адамзаттың бір-біріне деген мейірімділігін бұл ескерткіштен сезесіз. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристер осы бейнені көруге, жанында суретке түсуге асық. Баяғыда, бала кезімде бір ақсақалдың қасқыр туралы айтқан әңгімесі әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
Сыр өзенінің бір жағында тоғай бар, ал, екінші жағы мал бағуға қолайлы, жазық жайылым жер. Сол жерде Сырбай аңшы мен әйелі Айша екеуі тұрыпты. Аңшының жары Айша талай жылдар бойы бала көтере алмай, сәбиге зар болып жүргенде, түсіне марқұм, батыр бабасы Қасқырбай кіріп, аян береді. «Қызым, Сырдың арғы бетінен бергі жағасына арлан азық іздеп жүзіп келетін болады. Сен одан қорықпа. Оған жейтін қорегін апарып, жерге көміп тұр. Ол азығын өзі алып кетеді. Аңшы күйеуің мұны білмесін, атып қояр. Айтқанымды орындасаң, өмірге ұл бала әкелесің,» – дейді.
Айша іштей жүрексінгенмен, батыр бабасының айтқанын орындайды. Күйеуіне білдіртпеуге тырысып, мал сойылғанда итке бергенсіп қойдың ішек-қарнын жасырып алып кетіп, арлан келетін жерге көміп тұрады. Көмген бойда арлан азығын әкетіп тұрады. Арада біраз күн өткен соң, Айша өзінің аяғы ауырлағанын байқайды. Айы-күні жетіп, босанатын уақыты да жақындайды. Бұл кезде арлан әдеттегіше көмулі тұратын қорегін іздей бастайды. Сәби күтіп, толғатып отырған әйел оған азық апарып бере алмай, үйден шыға алмай қиналады. Ертесіне тоғайдан шыққан қасқыр өзеннен жүзіп өтіп, қорегін іздеп, аңшының көзіне түседі. Қасқырдың бұл әрекетін аңдып жүріп, байқаған мерген ашуға мініп, дереу оны мылтығымен атып түсіреді. Терісін сыпырып алып, төріне іліп қойып, келген қонақтарға «Міне, мен атып алған арлан, қараңдар!» деп, мақтанышпен айтып отырады екен. Айша аман-есен босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Үйінің төрінде ілулі тұрған қасқырдың терісін көзімен көріп, өз көзіне өзі сенбей, мән-жайды түсініп, күйеуінің бұл ісіне күйініп, оған іштегі сырын, ашу-ызасын айта алмай, қатты қынжылады. Сәбилі болуына себепші болған киелі арланнан іштей кешірім сұрап, аянышын білдіреді. Енді ұлымның атын Арлан қоямын деп үміттеніп, бұл шешімін күйеуіне айтады. Ал, күйеуі кенеттен: «Үйдің қожайыны мен емес пе, ұлымның есімін өзім қоямын,»– деп ашуланады. Сол кезде ақылды Айша: «Сен тура мен босанған уақытта арланды атып, терісін төрімізге тұмардай іліп қойдың. Бұған себепші өзің болғасын айтып отырғаным ғой, отағасы,» – дейді.
Күйеуі сол кезде барып ойланып, амалсыздан: «Е-е, онда мұның жөн екен. Арлан болса, Арлан болсын,»– деп келіседі.
Арада көп күндер, айлар өтіп, Айша тағы да жүкті болады. Сөйтіп, балықтың етіне жерік болады. Киік, қоян, қырғауыл сынды аңдардың етін жеп жүрген аңшы, амалсыздан, баласы екеуі балық аулауға барады. Кенет, баласы ағысы қатты Сырдария өзеніне құлап, ағып кетеді. Суда жүзуді жақсы білмейтін аңшы жар дегенде жалғыз баласын құтқаруға қауқары жетпей, шарасыз күйге түседі. Осы кезде өзі атып өлтірген қасқырдың (қаншығы) серігі арғы беттегі тоғайдан атып шығып, өзенге секіреді. Жүзіп келіп, өзенде ағып бара жатқан баланы тістеп алып, тоғайға еніп кетеді. Елге келіп жар салған аңшы «Қасқыр баламды жеуге алып кетті, қасқырдың азығы болған баламның ең болмаса сүйегін алып келейік», — деп, қайықшыға жалынады. Қайықпен арғы бетке өтеді. Тоғайдың етегінде, Сырдың жағасында тірі жатқан баласын көріп, аң-таң болады. Өзі жалғыз жауым, дұшпаным деп жүрген көкжал қасқырдың жақсылығына таңқалады. Осыдан кейін аңшы аңшылық кәсібін тастап, бұдан былай мылтық ұстамауға серт береді. Үйіне келіп, төрінде ілулі тұрған көкжалдың терісін жерге көміп, Көк бөріге дұға бағыштайды. Осылайша, баланың әкесі жыл сайын туған күніне орай қасқыр қалдырып кеткен жағаға барып, қой сойып, құрбандық шалады екен. Содан кейін қасқырлар көзден ғайып болады. Жер ауыстырды ма, әлде біреулер атып алды ма, ол жағы белгісіз, жұмбақ күйінде қалады.
Екінші сәбиін күтіп жүрген Айша уақыты келіп, өмірге қыз бала алып келеді. Әйел бұл жолы сәбидің есімін қоюды күйеуіне тапсырады. Аңшы Сырбай ойланбастан: «Қыздың атын «Бөрікүл» деп қойсақ, қалай болады?» дейді. Аңсаған арманы орындалған Айша күйеуінің бұл сөзін қуана құптайды.
Арада сырғып айлар, жылжып жылдар өтеді. Арлан ержетіп, Бөрікүл бойжетеді. Осы уақытта әке-шешесі оларға барлық сырды баян етеді.
Болған оқиғаны түсінген қос бала Көк бөрінің басына барып, көк тас қояды. Сөйтіп, көк тасқа мынадай жазуды ойып жазады: «Бабамыздың байрағы болған, балалық шағымыздың қорғаны болған Көкжал қасқырға мәңгілік бас иеміз.» Кім біледі, мүмкін, қасқыр боп көрінген Қыдыр болар бәлкім… Ол тек Аллаға ғана аян.
Шіркін-ай, адамзат та арлан сияқты текті болса екен! Қазіргі таңда Ұлы даланың арланы атанған қасқырлардың жейтін азықтарын қаруланған қаскөй жауыздар қырып-жоюда. Кең даладағы жейтін азығы қалмаған соң, амалсыздан қорамыздағы төрт түлігімізге шабуға мәжбүр болып отыр. Қайтсін енді?! Текті Көк бөріні бейшара халге түсіріп жіберді ғой адамзат. Қасқырға қиянат көрсетпейік, біздің баяғы байрағымыздың символы болған Көк бөріні, көкжалды аялайық, ағайын! Қалталы азаматтар қолдаса немесе қалтама қомақты қаржы түссе, Қазақстанда қасқырға ескерткіш қояр едім.
Тілеуберді БИНАШЕВ, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.