Лекция Тақырып: Жүрек. Жүректің құрылысы мен қызметі Жоспар: Жүректің құрылысы. Жүрек етінің қасиеті. Тамырдың соғуы. Кілт сөздер: жүрек, систола, диастола



Дата09.11.2022
өлшемі270,1 Kb.
#48920
түріЛекция
Байланысты:
Лекция-1662697194552


12 Лекция
Тақырып: Жүрек. Жүректің құрылысы мен қызметі
Жоспар: Жүректің құрылысы.
Жүрек етінің қасиеті. Тамырдың соғуы.
Кілт сөздер: жүрек, систола, диастола,
Иллюстративті материал: дәрістің мультимедиялық формасын студенттер кафедрадан алады.
Жүректің құрылысы. Жүрек көкірек қуысының сол жағына қарай төмендеу орналасқан. Жүрек конус пішінді бұлшық еттен тұратын мүше. Адам жүрегінің массасы 250 –ден 300 грамм мөлшерінде болады.
Жүрек өзіне құйылатын вена сабауларынан қанды қабылдап және оны артерия жүйесі арқылы айдайтын қуыс-бұлшықетті ағза болып табылады. Жүрек қуысы 4 камераға бөлінеді: 2 жүрекше, 2 қарынша. Жүректің оң және сол жақ бөліктері пердемен бөлінген. Әрбір жүрекше мен қарынша тесік арқылы өзара жалғасқан. Бұл тесіктердің жиектері жақтаулы қақпақшалармен жабдықталған. Жүректің сол жақ қақпақшасы екі жақтаулы, ал оң жақ қақпақшасы үш жақтаулы болады. Жақтаулы қақпақшалар қарыншаларға қарай ашылып – жабылып тұрады да, олар сіңір арқылы бекілген. Жүректен шығатын өкпе артериясы мен қолқаның тесіктерінде айшық қақпақшалары болады. Осы қақпақшалар қанды артерия мен қолқадан қарыншаға кері қарай өткізбей бір бағытқа қозғалтып отырады (23-сурет).
Сол жақ жүрекше мен сол жақ қарынша өзіндегі қанның қасиетіне қарай сол жақ немесе артериялық жүректі құрайды; оң жақ жүрекше мен оң жақ қарынша оң жақ немесе веналық жүректі құрайды. Жүрек камералары қабырғаларының жиырылуы систола деп, ал олардың босаңсуы диастола деп аталады.
Жүректің формасы біршама жалпайған конус тәрізді. Жүректің негізі-жоғары, артқа және оң жаққа қарай орналасқан. Ол жүрекшеден, алдынан- қолқадан және өкпе сабауынан түзіледі. Жүрекшелерден құралған төртбұрыштың оң жақ жоғары бұрышында төменгі қуыс венаның кіретін жері, төменгі сол жақ бұрышында төменгі қуыс венаның кіретін жері орналасады,солға қарай екі оң жақ өкпе венасының кіретін жерлері, негізінің сол жақ жиегінде екі сол жақ өкпе венасының кіретін жерлері орналасады. Жүректің алдыңғы немесе төсқарғалық беті-алға


23-сурет. Жүрек қанның қасиеті. жоғары және сол жаққа

қарағанда, төстік денесі мен III-VI қабырғалар шеміршектерінің артында орналасады. Жүректің бойлық білігіне көлденең жүретін және жүрекшелерді қарыншалардан бөліп тұратын жүректің жүлге-арқылы жүрек жүрекшелерден тұратын жоғарғы бөлігіне және қарыншалардан түзілетін үлкен төменгі бөлігіне бөлінеді.


Жүрек көлемі жағынан,сол адамның жұдырығына тең келеді деп есептеледі: ұзындығы 12-13см, ең үлкен көлденеңі- 9-10,5см, алғы артқы шамасы-6-7см. Еркек жүрегінің массасы 350г (дене массасының 1/215бөлігі), әйелдікі-250г (дене массасының 1/250бөлігі).
Жүрек етінің қасиеті. Жүрек бұлшық еті көлденең жолақ бұлшық еттер қатарына жатады да, скелет бұлшық еттерінің құрылысынан айырмашылығы болады. Жүрек бұлшық етінің талшықтары бір – бірірімен өсінділері арқылы байланысқан, соның нәтижесінде ет талшықтарында пайда болған қозу, бұлшық етті қамтып, басқа бұлшық еттерге тез таралады.
Жүрек бұлшық етінің ерекше қасиеті, ол жиырылу қабілетінің ұзақ болмауында. Қаңқа бұлшық еттері көптеген секунд немесе минут бойы үздіксіз жиырыла алады, ал жүрек бұлшықеті бар болғаны секундтың үлесіндей уақыт ішінде жиырылып, босаңсып отыратын жағдайда болады.
Қарыншалардың қабырғасы жүрекшелердің қабырғасына қарағанда едәуір қалың болады, оның себебі қарыншадан түсетін жұмыстың көлемі артықтау болып келеді. Қанды қан айналымының үлкен шеңбері арқылы өткізуде әсіресе сол қарыншаның жұмысы өте ерекше.

Тамырдың соғуы. Жүректің әр бір жиырлу кезіндегі артериялар қабырғасының ырғақты тербелісі тамырдың соғуы деп аталады. Артерия қабырғасының ырғақты тербелісі тамырдың соғу толқыны түрінде, бүкіл қан тамырлары жүйесіне таралады.
Тамырдың ең жылдам соғуы жаңа туған сәбилерде байқалады, оларда орташа есеппен алғанда, минутына 130 рет соғады, бір жастағы балаларда 110-120, 10-11 жаста -75-90, 12-13 жаста -75-90, 15-17 жаста 65-75. Сөйтіп, өсіп –жетілу дәрежесіне қарай организмде тамыр соғу біртіндеп азая түседі. Жүректің соғу жиілігінің олай төмендеуі сопақша мида орналасқан кезеген жүйке орталығы тонусының бірте –бірте жоғарылау нәтижесіне байланысты. Тонус, әсіресе, дене еңбегімен және дене тәрбиесімен шұғылданған адамдарда жоғарылайды.
Бірақ жас шамалары бір қатар балаларда тамыр соғу жиілігі едәуір тұрақсыз. Қыздарда тамырдың соғуы ұлдарға қарағанда әр уақытта жиілеу болады. 14-15 жастан ары қарай тамырдың соғу жиілігі біртіндеп ересек адамдарға теңесе бастайды.
Тамырдың соғуын иық, самай, ұйқы және басқа да артерияларды саусақпен ұстау арқылы байқауға болады. Сонда жүректің соғу ырғағын және жүректің біршама жиырлу күшін көрсетеді. Тамырдың соғу жылдамдығын сфигмограф құралы арқылы жазып алуға болады.
Әдебиеттер:
1. К. Дүйсенбин. Жасқа сай физиология және мектеп гигиенасы. А., 2003ж.
2. М.. Нұрышев «Адам анатомиясы» оқулық, А.Қарасай, 2006 348 бет
3. М.. Нұрышев «Адам анатомиясы» оқулық, А.Қарасай, 2006
https://youtu.be/25z3-ckU4nk

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет