Лекциялар курсы Редакциясын басқарған


 ХVІІІ ғасырдың екінші  жартысы мен ХІХ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті



Pdf көрінісі
бет16/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1102
түріЛекция
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29

3.  ХVІІІ ғасырдың екінші  жартысы мен ХІХ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті 
 
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы мәдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір 
сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды 
жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды. 
Рухани мәдениеті: Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - 
қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге 
тиісті еді. Мұны балаларына үйрету әрбір атаның, отбасы тәрбиесінің негізі болды. Тек ата-анасынан айырылған 
жетімдер ғана мұндай тәрбиеден қалған. Соның үшін қазақ қауымы “жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары” 
дейді. Ру, тайпа және жүздің шежіресін таратып айта алатын адамдар халық ішінде құрметтеліп “шежірешілер” 
деп аталды. Ерте заманда шежіре   ауызша түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілсе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра 
шежірелік  жинақтар  таспаға  түсірілген.  Олар:  “Көшен-Қарауыл  шежіресі”  (ХVІІІ  ғ.),  “Жәңгір  хан  шежіресі” 
(1835),  Ш.Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” және т.б. 
 Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте 
құнды  мұралары  –  ақын-жыраулардың  өлең-жырларында  халықтың  өмір  тіршілігі,  көңіл-күйі,  салт-санасы, 
өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, 
жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай 
күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, 
Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында 
көрнекті  орын  алатын  ХVІІІ  ғасырдағы  атақты  жырау  Бұқар  Қалқаманұлының  (1668-1781)  бірнеше 
шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-
толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен. Жырау қазақтың 
барлық үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандады. Тәттіқара, Үмбетей, Шал, 
Көтеш сияқты жыраулардың жырлары халық жадында  үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың 
қайтыс  болуына  арналған  естірту  жыры  -  жоқтауы  белгілі.  Үмбетей  жоқтауында  Бөгенбай  -  халық 
қорғаушысының мінсіз бейнесі. Ал Тәттіқара ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысып, 
жорықта туған толғауларында жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың 
алдында бас имеуге шақырады. 
XІX  ғасырда  қазақ  әдебиеті  ұлттық  дарынды  тұлғалардың  көптігімен  де,  бір-біріне  ұқсамайтын  дара 
туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дәуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, 
Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты әйгілі ақындар қатары Сара, 
Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала және басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен толықты деуге болады. 
Түрі  мен  мазмұны  жағынан  айтыстар  бір-біріне  ұқсамайды.  Олардың  кейбіреулерінің  негізгі  мазмұнында 
халықтың өмірі, оның шаруашылық-тұрмыстық проблемалары, рулық қоғамдастықтың ерекшеліктері сөз болса, 
Біржан мен Сара айтысында қазақ әйелдеріне жеке бостандық беру мәселесі көтеріледі. Мұндай айтыстармен 
қатар бірін-бірі қалжыңмен қағыту, танысу, амандасу, көңіл көтеретін әзіл-оспаққа құрылған айтыс түрлері де аз 
кездеспейді. 
Осы кезеңнің музыкалық мәдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 
1836-1838  жылдардағы  Исатай  Тайманұлы  бастаған  шаруалар  көтерілісінің  белсенді  қатысушысы  ғана  емес, 
көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты 
шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады.  
Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық 
күресінің жыршысы  және ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді. 
Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ әдебиетінде өзіндік 
орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы 
(1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. 
Ахмет Байтұрсыновтың “Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, 

 
102 
күйіне салып толғай алуында” деп тұжырымдағаны сияқты, бұл ақындар да қара басын күйттеген ақын емес, 
халқының үнімен елдің мұңын жеткізуші болды. Зар-заман ақындары өмір сүрген кезең патшаның отаршылдық 
саясаты дәуірлеп, қазақ жерінің нағыз талауға түскен кезі еді. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, 
“Әттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл әшкерелеп, 
озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара менің қазағым”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа” өлеңдері 
арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді. 
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дәстүр үлкен орын алды. 
Қазақтың дастандары араб-парсы әдебиетімен, фольклорымен байланыста болды. Абай қазақтың классикалық 
әдебиетіне  дастандар  алып  келді.  (“Ескендір”,  “Масқұт”,  “Әзімнің  әңгімесі”).  Абай  (Ибраhим)  Құнанбайұлы 
(1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды. Оның пікірінше, әрбір ойлы адам қоршаған өмір шындығына 
өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс. Абайдың бүкіл шығармашылығы әрекетсіздік пен жалған ұятқа 
деген ымырасыздық идеяларына толы. Ол ел ішінде бірлік пен татулық болғанда ғана қоғамның негізгі күштері - 
ғылым, алдыңғы қатарлы идеялар, мәдениет толық көлемде дами алады және бүкілхалықтық игілік әкеледі деп 
санады. Қоғамды алға дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Яғни, бұл даму егіншілікті, қолөнерді, сауданы 
дамытумен тығыз байланыстырылды. Ұлы ақын: 
Егіннің ебін, 
Сауданың те гін 
Үйреніп, ойлап, мал  ізде”  
деген болатын. Сол сияқты ақын орыс әдебиеті мен мәдениетімен таныс болды. М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, 
Н.Крылов  шығармаларын  аударумен  шұғылданды.  Орыс  әдебиеті  үлгілерін  қазақ  халқы  арасына    тұңғыш 
таныстырушы болып, олардың өскелең идеяларын насихаттады. 
Осы  кезеңнің  дара  тұлғаларының  бірі  ретінде  Ш.Уәлихановты  (1835-1865)  атаймыз.  1856  жылы 
Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, 
екіншісі - дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов Алатау қырғыздарына тағы 
да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны “Манасты” көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция 
кезінде  Ш.Уәлиханов  тарихи  деректермен  қатар  көненің  көзі  -  ерте  заман  бұйымдарының  құнды  үлгілерін 
жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа 
қаласы”,  “Қырғыздар  туралы  жазбалар”  деген  тарихи-этнографиялық  туындылары  жоғарыда  аталған 
сапарларының нәтижесі болатын. Ш.Уәлихановтың ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын 
аудартып,  1857  жылдың  ақпанында  ол  қоғамның  толық  мүшелігіне  қабылданады.  Оның  ғылыми  мұрасы 
Қазақстанның және көп ұлтты Ресейдің, басқа да халықтардың проблемаларының өзекті тұстарын қамтиды. 
Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының географиясын, этнографиясы мен фольклорын 
зерттеуге  де  үлкен  үлес  қосты. 
А.Құнанбаев  пен  Ш.Уәлиханов  XІX  ғасырдағы  екі  үлкен  білім  жүйесінің  өкілдері  болды:  діни 
(мұсылмандық) және зайырлы (орыстық). Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер 
даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, әдебиет, астрономия, медицина, математика, 
лингвистика пәндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мәдениетіне 
қызығушылық  жолдарына  салды.  Олар  отарлау  аппараттарына  шенеуніктер,  аудармашылар,  оқытушылар, 
әскерилер,  дәрігерлер даярлады. 
Орынбордағы  зайырлы  оқу  орындарының  бірін  1857  жылы  танымал  жаңашыл-педагог,  ағартушы 
Ы.Алтынсарин  аяқтайды.  Ы.Алтынсарин  (1841-1889)  бастамасымен  және  тікелей  қатысуымен  Қазақстанда 
халықтық  азаматтық  мектептер  желісінің  құрылуына  қол  жеткізілді.  Ол,  әсіресе,  қолөнер  және 
ауылшаруашылығы  училищелерін  ашуға  көп  күш-жігер  жұмсап,  байырғы  халық  арасынан  Қазақстанның 
экономикалық  дамуы  үшін  қажетті  мамандар  даярлауға  ерекше  мән  берді.  Ы.Алтынсарин  орыс-қазақ 
мектептерінің оқушыларына арнап “Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы” және “Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін 
үйретуге  алғашқы  басшылық”  атты  оқу  құралдарын  жазды.  Орыс  кластарына  қазақ  тілінен  сабақ  беріп,  ол  
ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту, қазақ әдеби тілін қалыптастыру жолында жемісті еңбек етті. 
XІX екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей 
Шығайұлы,  Тәттімбет  Қазанғапұлы,  Ықылас  Дүкенұлы  сияқты  композитор-музыканттар  үлкен  үлес  қосты. 
Домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптар арқылы түрлі эпостарды, тарихи дастандарды, аңыз-
әңгіме мен жырларды орындап отырды. Аталған композиторлардың дүниетанымы тарихи тұрғыда шектеулі 
бола тұрса да,  олардың  шығармаларында  әлеуметтік  қайшылықтар  бейнеленді. Біржан Қожақұлы, Мұхит 

 
103 
Мералиев,  Ақансері  Қорамсаұлы,  Жаяу  Мұса  Байжанұлы,  Құлтума  Сармұратұлы  сияқты  және  тағы  басқа 
көптеген ақын, әнші, композиторлардың шығармашылық және орындаушылық шеберлігі арқасында  қазақ ән 
мәдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дәрежеге көтерілді.  
Материалдық  мәдениеті:  Қазақтардың  XVІІІ-XІX  ғасырлардағы  материалдық  мәдениетінің  күйі 
қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының 
дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-
саттық, көрші халықтардың  ықпалының  маңыздылығы  да  аз  болған  жоқ.  
Отырықшы  халықтар  өмірінде  жер  шаруашылығы  үлкен  рөл  атқарса,  көшпелі  халықтарда  мал 
шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік 
өмірмен  тікелей  байланысып  жатты.  Көшіп-қону  мал  өсірушілерге  маусымдық  жақсы  жайылымдарды 
пайдаланып  отыруға  мүмкіндік  берді.  Көшіп-қону  көбінесе  меридиан  (оңтүстіктен  солтүстікке)    бағытымен 
жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің 
көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, 
көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, 
көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда  малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың 
басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.  
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама 
үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-
бөлек  қанаттан  жасалды.  Ал  керегеден  жоғары  сидам  жіңішке  ағаштан  жұмырлап  жасалып,  қарны  иілген 
уықтардан  қаусырыла  күмбез  шығарылды.  Уықтардың  аяғы  дөңгелене  жайылған  керегенің  аша  басына 
айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі 
терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. 
Үйдің  ортасында  ошағы,  оң  жағында  төсек,  оның  тұсында  тұскиіз  ұсталып,  төсекті  қоршап  шымылдық 
тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, 
қазан-аяқ, саба  сияқты  ыдыстар  қойылып,  ол  шимен  қоршалған.  
Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, 
арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды, құлын мен бота 
байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың 
аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. Ал, XІX 
ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады. 
Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген. Осыған байланысты қазақтарда 
егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы 
егіншілік  құралдарына  жатқызылды.  Егісті  суғару  үшін  суды  көтеріп  шығаратын  әр  түрлі  құралдар  –  атпа, 
шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды. 
Салт атқа арналған әбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына және егіншілікке байланысты 
негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-бірімен ұқсас болды. Қазақтың ат-тұрман әбзелінің 
ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі 
-  қайыңнан  шауып  жасалған,  алдыңғы  қанаты  кең  “қазақ  ері”  болып  табылады.  Оңтүстік  Қазақстанда  ердің 
“құранды ер” дейтін түрі таралған. Ер-тұрман әбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана 
ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат әбзелдерінің бәрін -  тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, 
таралғы, қамшы және т.б жасап, оларды әсемдеп, көркемдеп отырған. Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман әбзелдерін 
өретін шеберлерді “өрімші” деп атаған. 
Қазақтардағы  көшпелі  тұрмысқа  бейім  шаруашылықтың  үстемдігі  алуан  түрлі  қолөнерінің  - 
тоқымашылықтың,  киіз  басудың,  ағаш,  металл,  тері,  сүйек  және  мүйіз  өңдеудің  дамуына  себепші  болды. 
Тоқымашылықпен және киіз басумен көбіне әйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек-жарақтардың 
тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі 
басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б дайындады. 
Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және 
орыс  мәдениетінің  ықпалы  тұрғын  үйлердегі  керек-жарақтардың  едәуір  өзгерісіне  әкеп  соқты.  Дәстүрлі    үй 
бұйымдарының  орнына  әйнектелген  ыдыс  қоятын  шағын  шкафтар,  жақтаулы  ағаш  кереуеттер,    іші  
құлыпталатын  әр түрлі сандықтар пайда болды.  

 
104 
Қазақтардың  ұлттық  киімінде  этнографиялық  белгілері  сақталып  қалғанымен,  олардың  да  пішіні  мен 
түрлеріне өзгерістер енді. Ер адамдар бітеу пішілген, кеудесінде тік өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, 
етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Ер адамдардың көп таралған сыртқы киімінің түрі шапан болды. Ол 
көбінесе  фабрикалық  маталардан  тігілді.  Ауқатты  қазақтар  түрлі-түсті  бұқара  жібегінен,  барқыттан  қымбат 
матамен әдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар әдемі “мәуіті шапан” мен “мәуіті шекпен” де дайындады. Олардың 
қос шабуынан өрнек салынды. Шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүннің тоқымасынан 
тігілді.  Қазақстанның  барлық  облыстарында  қазақтардың  кеңінен  қолданылған  қысқы  сырт  киімінің  ежелгі 
түрлерінің бірі – күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен дайындалды. Сырт киетін қысқы киімнің 
қадірлісі аң және үй жануарларының терісінен тігілген ішіктер болды. Қазақтардың көбінің қолы жететін және кең 
таралған қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Енді аяқ киім түрлеріне 
келетін болсақ, қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. XVІІІ ғасырда қазақтардың 
жазда киетін өкшесі биік, тұмсығы қайқы етіктері XІX ғасырдың екінші жартысында жоғала бастады. Барлық 
жастағы ер адамдар қыс кезінде негізінен ішінде киіз байпағы бар ұзын қонышты саптама етік киді. Неғұрлым 
ауқаттылары жаз кезінде былғары кебісі бар мәсі киіп жүрді. Бұл аяқ киімдердің барлығы оң және сол аяқ деп 
бөлінбей бірдей тігілетін. Бас киім түрлеріне келетін болсақ, ересек ер адамдардың барлығы шаштарын алдырып, 
басына тақия, тебетей киді. Бұның сыртынан тігілген терісіне сәйкес сусар, пұшпақ және елтірі деп аталатын 
бөріктер киді. Әйелдердің киімдері жас ерекшеліктеріне сәйкес бір-бірінен біршама ерекше болды. Қазақ әйелдері 
ерекше сәнді киініп, киімдерінің сыртынан тағатын кемер белдіктерін күміспен күптеп, алтынмен аптап, қымбат 
бағалы тастармен әшекейлеп отырды. Әйелдердің жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бас киімдері де 
ерекше болды. Мәселен, жас  қыздар шет-шетіне моншақтан немесе бағалы металдан  шекелік тағылған, бай 
нақышты үкілі тебетей - “қасаба” киді. Ұзатылған қыздың бас киімі сәукеле бір жылдан соң ақ мақта-матадан 
дайындалған кимешекпен ауыстырылатын еді. 
Мал  шаруашылығына    негізделген  қазақтардың  тұрмысы  олардың  ішетін  тамақтары  мен  ыдыс-
аяқтарынан  айқын  көрінеді.  Негізгі  тамақтары  ет-сүт  өнімдері  болды.  Қазақтар  ыдыс  пен  керек-жарақтарды 
көбінесе  сынбайтын материалдардан: ағаштан, теріден, киізден және шұғадан жасаған. Олар: торсық, саба, күбі, 
қазан, таба, ожау, астау, ағаш табақтар, мес, мал сауға арналған көнек және т.б. Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты 
сыртқы беті түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Сусымалы мал 
өнімдері үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүр ет пен сары майды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған. 
Сөйтіп,  XVІІІ  ғасырдың  аяғы  мен  XІX  ғасырда  қазақтардың  рухани  және  материалдық  мәдениетінде 
көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды. 
Сонымен, қорыта айтқанда, 1867-1868 жж. әкімшілік реформасы Ресейдің қазақ жеріндегі саяси-әкімшілік, 
әлеуметтік-экономикалық үстемдігін нығайту болса, ал қоныс аударушы орыс шаруаларын жаңа елдерде өзінің 
саяси-әлеуметтік тірегіне айналдыра отырып, қазақтардың рухани және мәдени дамуына ықпал жасау арқылы 
оларды орыстандыру, шоқындыру негізінде империяның тұтастығын күшейтуді көздеді. 
   
 
 
10-тақырып.  ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан 
 
1. Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері. 
2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. Қазақтардың 1916   
    жылғы ұлт-азаттық көтерілісі. 
3. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы   
    және оның  Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері. 
 
1. Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері 
 
ХІХ  ғасырдың  аяғы  мен  XX  ғасырдың  басындағы  қазақ  өлкесінің  әлеуметтік-
экономикалық өмірінде болған өзгерістер ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда 
болуымен,  әсіресе,  олардың  ірі  әкімшілік  орталықтарына  айналып  қана  қоймай,  оларды 
мекендеген  халықтың  шаруашылығында  және  мәдени,  қоғамдық  өмірінде  үлкен  роль 
атқаруымен  сипатталды.  XX  ғасырдың  басында-ақ  Қазақстан  көп  ұлтты  елге  айналды  да, 

 
105 
ғасыр  басында  Қазақстанның  негізгі  территориясы  алты  облысқа  бөлінді:  Сырдария  мен 
Жетісу  облыстары  Түркістан  генерал-губернаторлығына  (орталығы  -  Ташкент  қаласы),  ал 
Ақмола,  Семей,  Орал,  Торғай  облыстары  –  Дала  генерал-губернаторлығының  құрамына 
кіргізіліп,  Ішкі  (Бөкей)  ордасының  территориясы  Астрахань  губерниясына,  ал  Маңғыстау 
Закаспий облысына қаратылды. 
Осы  кезеңде  Ресей  империясының  ішкі  губернияларынан  көші-қон  ағынының  дамуы 
нәтижесінде  Қазақстан  халқының  тез  өскендігі  де  аңғарылды.  Оған  дәлел:  Ресей 
империясының  бірінші  жалпыға  бірдей  санағынан  кейінгі  алғашқы  екі  онжылдықта  (1897-
1917  жж.)  Қазақстан  халқының  саны  4147,7  мың  адамнан  5045,2  мың  адамға,  яғни  25,7% 
көбейген.  Ал,  өлкенің  демографиялық  деректерінің  табиғи  өсу  деңгейіне  салыстырмалы 
талдау  жасасақ,  мынадай  цифрларды  аңғаруға  болады.  Өлкенің  сол  кездегі  негізгі  алты 
облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 
11,3%, ал 1907-1916 жылдарда -15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың 
үлес салмағы 1897 жылғы 33,0% 1917 жылғы 55,7% дейін өскен де, осы екі онжылдық ішінде 
халықтың табиғи өсімі 38,9% болған. Ал, қазақтары басым облыстарда табиғи өсімнің едәуір 
төмен болғандығы көрінеді: Жетісуда - 25,7%, Сырдарияда - 25,6%, Оралда – 20%, Семейде - 
15,6%.  Сөйтіп,  Қазақстанның  байырғы  халқының  үлес  салмағының  азаюына  ғасырдың 
басында  орыстардың,  украиндардың  және  басқа  да  ұлт  өкілдерінің  империяның  ішкі 
аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады. 
Ал,  жалпы  алғанда,  XX  ғасырдың  басында  қазақтар,  орыстар,  украиндар  бүкіл  өлке 
халқының  87%-ынан  95%-ына  дейін  құрады  да,  өлкеде  бұлардан  басқа  татарлар,  өзбектер, 
дүнгендер, мордвалар және басқа да ұлт өкілдері қоныстанды. 
Ерекше назар аударатын тағы бір жайт - ол өлке тұрғындарының 90%-ынан астамының 
ауылдық  жерлерде  қоныстануы  еді.  Олардың  негізгі  кәсібі  ежелден  келе  жатқан  мал 
шаруашылығы  болатын.  Сонымен  қатар,  XX  ғасырдың  басында  егіншілік  халықтың  көп 
бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қоныс аударған орыс шаруаларынан басқа, егіншілікпен 
жергілікті  қазақтар  да  айналысты.  1897  жылғы  санақ  бойынша,  өлке  халқының  55,4%-ы 
егіншілікпен шұғылданған.  
Сонымен,  XX  ғ.  басындағы  Қазақстандағы  әлеуметтік-демографиялық  ахуалға  талдау 
жасаған  кезде,  жалпы  өлкедегі  патшаның  отарлау  саясатының  кең  белең  алғандығын  еркін 
аңғаруға  болады:  біріншіден,  өлкедегі  халықтың  көп  ұлтты  құрамының  қалыптасу  үрдісі 
күшейе  түсті;  екіншіден,  байырғы  халықтың  үлес  салмағы  кеміді  де,  келімсек  халықтың, 
негізінен алғанда, орыстар мен  украиндардың үлесі  өсті;  үшіншіден, қалалар мен олардағы 
халықтың  біршама  өсуі  байқалып,  оның  құрамында  метрополияның  басқа  аймақтарынан 
келген  қоныс  аударушылар  мен  отаршылдық  әкімшілік  пен  кәсіпкерлікке  байланысты 
әлеуметтік жіктер мен топтардың басымдылығы толық аңғарылады.  
XX  ғасырдың    басында  Ресей  патшалығының  отары  ретіндегі      Қазақстанда  негізінен 
өнеркәсіптің  екі  саласы,  яғни  тау-кен  өндірісі  мен  кен-зауыт  өнеркәсібі,  сондай-ақ,  ауыл 
шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, 
тау-кен  өнеркәсібі  түсті  металдар  мен  темірдің  бай  кен  орындарын  пайдаланып  жатқан 
Алтай  мен  Орталық  Қазақстанда  өркендеді.  Бірақ,  ғасыр  басында  мыс,  алтын,  темір  жөне 
басқа  қазба  байлықтарын  шығаратын  еліміздің  тау-кен  кәсіпорындары,  негізінен,  шетелдік 
акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спаск 
мыс  кендерінің  ағылшын-француз  акционерлік  қоғамы  Спаск-Успенск  мыс  кені  мен 
заводын,  Саран-Қарағанды  тас  көмір  кенін  және  рудниктерін  түгелдей  сатып  алып, 
пайдаланды. 
Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын 
шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол 
пайдаланылды.  Өндірілген  көмір  темір  жолмен  және  су  жолдарымен  Ресейдің  Пермь 
губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да 
қалаларына жеткізіліп отырды. 

 
106 
Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі 
де  біршама  дамыды.  Бірақ,  ол  кәсіпорындар  толығымен  шетел  капиталистерінің  билігінде 
қала берді. Тек, І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты "Батыс-
Орал мұнай қоғамы", "Орал-Ембі қоғамы",  "Солтүстік Каспий мұнай компаниясы" өлкенің 
арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты  мұнайдың   мол 
бай кен  орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда 
әкеліп жатты. 
Осындай  себептерге  байланысты,  Қазақстанның  кен  өнеркәсібі  бұл  кезеңде  жергілікті 
капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. 
Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан 
бастап  шетелге  кетіп  жатты.  Осының  бәрі  кен  өнеркәсібінің  Қазақстанның  әлеуметтік-
экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.  
Өлке    өнеркәсібінің  біршама    өсу  жолын  тұтас    алып  қарастырар  болсақ,  мұнда  ауыл 
шаруашылық  шикізаттарын  өңдейтін  кәсіпорындардың  атап  айтсақ,  теріден    былғары  
жасайтын,  май  шыжғыратын,  сабын  қайнататын,  арақ,  спирт  шығаратын,  май  шайқайтын 
және т.б.  кәсіпорындардың белгілі дәрежеде роль атқарғандығы байқалды. 
XX  ғасырдың  басында  да  Қазақстанның  орталық  аудандарының  капиталистік 
өнеркәсібінің шикізат көзіне,  сондай-ақ өнім өткізу рыногына  айналуында темір жолдардың 
салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, 
ең  алдымен  Орта  Азия  мен  Сібірге  Ресей  капитализмінің  ену  құралына  айналған  болатын. 
Ал,  шын    мәнінде,  Орта  Азия  мен  Қазақстанды    Ресейдің  экономикалық  игеруі  осы 
аумақтардың  терең  түкпіріне  темір  жолдар  салудан  басталған  еді.  Темір  жол  желілері 
Қазақстан  аумағында  XІX  ғасырдың  аяғы  мен  XX  ғасырдың  басынан  ірі  темір  жолының 
салынуына  байланысты  тартыла  басталды.  Революцияға  дейінгі  Қазақстанның  негізгі  ірі 
Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, 
ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами 
түсті.  Әрине,  өлкенің  әлеуметтік-экономикалық  өмірінде  жол  қатынастарының  дамуы 
маңызды  рөл  атқарды.  Әсіресе,  олар  сауданың  өркендеуіне  өз  ықпалын  тигізді.  Бұл  темір 
жолдар  өлкені  Ресейдің  өнеркәсіп  орталықтарымен  байланыстырып,  оны  жалпыресейлік 
экономикалық  нарыққа  тартты.  Қазақстанның  әр  түрлі  өнеркәсіп  шикізаттары,  мал 
шаруашылығы  өнімдері,  мал,  астық  сыртқа  шығарылып,  өлкеге  фабрика-завод  бұйымдары, 
тағы  да  басқа  қажетті  тауарлар  әкелінді.  Сонымен    қатар,    қазақ  даласында  пайда  болған 
темір  жол  станцияларына  сол    кезеңде  халықтың  біршама  көп  шоғырлануына  байланысты 
олар  өлкенің  әлеуметтік-экономикалық  және  саяси-мәдени  өмірінің  ошақтарына  айнала 
бастағанын  көреміз.  Осы  кезеңде  ірі  темір  жол  станцияларындағы  халықтың  саны  бірнеше 
мың  адамға  жетті.  Мысалы,    1916  жылы  Орынбор  станциясында  -  9720,  Ақтөбеде  -  3263, 
Шалқарда - 5300, Қазалыда - 3600, Перовскіде - 1852, Түркістанда - 2984 адам тұрды.  1906-
07 жылдары Петропавл (Қызылжар) станциясындағы тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан.  
Сөйтіп, осы кезеңде өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, 
су жолдарының пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың 
бірден-бір  әлеуметтік-экономикалық  негіздерін  қалауға  себеп  болды.  Өлкедегі  мұндай 
өзгерістер ғасыр басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар 
саны 75 мың адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 
675  фабрика-заводтың  кәсіпорындары  болды  да,  ол  жұмысшылардың  28  мыңға  жуығы  ірі 
өнеркәсіп орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы 
еңбекпен  қамтылды.  Ал,  бірінші    дүниежүзілік  соғыс  жылдарында  жұмысшылар  саны  ірі 
өнеркәсіп орындары мен транспортта өсе түсті. Сөйтіп, 1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында 
Қазақстандағы жұмысшылардың жалпы саны 90 мыңға жетті. 
Бірақ, жергілікті қазақ жұмысшылары көбінесе маусымдық жұмыстарға ғана тартылып, 
кәсіби  мамандықтарының  болмауынан  тұрақты  жұмыстармен  қамтылмады.  Тұрақты 
жұмыспен  тек  темір  жол  желілері  мен  тау-кен  өндіріс  орындары  ғана  біршама  қамтамасыз 

 
107 
ете  алды.  Сөйтіп,  өлкедегі  тау-кен  өндірісі,  завод  кәсіпорындары  мен  транспортта  ғана 
жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болды. 
Соған қарамастан, әлеуметтік тұрғыдан өлкенің өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы 
Ресейдің  өнеркәсібі  дамыған  аудандарымен  салыстырғанда  әлдеқайда  ауыр  болды.  Оған 
кәсіпорын қожайындарының өктемдігімен белгіленген жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. 
Мысалы,  Ембінің  мұнай  кәсіпорындарында  12  сағатқа  дейін,  алтын  өндірілетін  кен 
орындарда  10-12  сағат,  тұз  өндірілетін  кәсіпшіліктерде  14-16  сағатқа  дейін  созылды.  Міне, 
осындай  әлеуметтік  теңсіздіктердің  басымдылығын  көрген  және  кәсіп  иелерінің  өздеріне 
алалаушылық  жасап,  құқықтарынан  айыру  шараларын  басынан  өткізген  қазақ 
жұмысшылары  ерекше  ауыр  жағдайда  болды.  Осының  бәрі  күрделеніп  келіп,  қазақ 
жұмысшыларын  өздерінің  әлеуметтік-экономикалық  және  қоғамдық-саяси  жағдайларын 
жақсарту мақсатындағы күреске итермеледі. 
Жалпы  Қазақстан  еңбекшілерінің  саяси  оянуына,  өлкедегі  отаршылдық  езгіге, 
әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен 
шаруалардың  бостандығы  жолындағы  қозғалыстардың  ерекше  серпін  алуына,  әрине, 
патшалық  Ресейдегі  1905-07    жылдарда    өткен  тұңғыш  буржуазиялық-демократиялық 
революцияның  ықпалы  зор    болды.  Біріншіден,  өлкенің    экономикалық  және  саяси  дамуы 
дәрежесінің  салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді.  Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала 
жұмысшылары  қатысты.  Үшіншіден,  аграрлық  қозғалыстар,  негізінен,  қазақ  ауылдарының, 
қоныс  аударған  деревнялардың,  еңбеккерлер  топтарының  іс-әрекеттерінен  көрінді. 
Төртіншіден,  ұлт  зиялылары  қоғамдық-саяси  жұмысқа  белсене  араласып,  ұлт-азаттық 
қозғалысты жаңа сатыға көтерді. 
Сөйтіп,  1905-1907  жылдарда  өткен      Қазақстандағы      жұмысшы      қозғалысы      өзінің 
саяси  дамуының  жаңа  кезеңіне  қадам  басты.  Қазақ  даласында  осы  жылдары  Ресейдегі 
революциялық  процестердің  жалпы    барысымен  тығыз  байланысты  жұмысшылардың 
бірқатар  саяси  және  экономикалық  толқулары  болып  өтті.  Оларға  1905  жылдың 
желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым айында Спасск мыс қорыту 
зауытындағы,  Қарағанды  кендеріндегі,  сондай-ақ,  Семей,  Орал,  Ақтөбе,  Верный,  Қостанай 
және басқа да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады. 
Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық 
қозғалысының  жаңа  сатыға  көтерілу  кезеңін  бастап  берді.  1905  ж.  cаяси  оқиғалар  туралы 
алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала 
саясат  аясына  тартылып,  азаттық  үшін  қозғалыс  тасқыны  құрсауына  енді".  Сол  кезеңдегі 
әкімшілік  орындарына  түскен  мәліметтердің  бірінде:  "Патша  үкімдерінің  жариялануынан 
бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. 
Сауаты  барларының  көпшілігі  астаналық  газеттерді  жаздырып  алуда.  Қырғыздар  арасында 
бұрын-соңды  болмаған  құбылыстар  байқалуда"  –  делінген.  Қазақ  даласында  байқалған 
мұндай  құбылыстардың  бірі  өлкенің  барлық  елді  мекендерінде  қазақтардың  үлкенді-кішілі 
жиылыстарының  өткізіле  бастауы  еді.  Мұндай  жиылыстарда  қазақ  жұртының  көкейтесті 
мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар 
әзірленді.  Осылайша  қазақ  даласындағы  саяси  күрес  патшаға,  орталық  билікке  петиция 
жазып  тапсыру  түрінде  көрініс  ала  бастады.  Қазақтардың  орталық  билік  орындарына 
тапсырған  петицияларында  жерді  тартып  алуға,  салықтың  ауырлығына,  төменгі  басқару 
органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоқы жасалуына 
наразылық  білдірілді.  Сонымен  бірге  өздерінің  діни  істерін  Орынбор  муфтилігіне  қарату, 
қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу сұралды. 
Отарлық  тәуелдіктегі  қазақ  елінің  мұң-мұқтажын  білдірген  петицияларды  жазып,  оны 
тиісті  орындарына  тапсыру  ісі  1905  ж.  көктем  айларында-ақ  қолға  алынған  болатын. 
Мәселен,  1905  ж.  сәуірдің  2-інде  Ақмола  қаласындағы  Халфин  деген  қазақ  саудагерінің 
үйінде  жиылыс  өтіп,  Петерборға  барып  петиция  тапсыру  үшін  арнайы  делегация  сайлап 
жіберу  мәселесі  қарастырылған.  Ақмола  қаласында  өткен  осы  жиылысқа  әкімшілік 

 
108 
орындарында  тілмаштық  қызмет  атқарған  Серкебаев,  Кенжебаев  және  Сатыбалдиндер 
басшылық жасаған.  
Қазақ  даласынан  петициялар  арнайы  делегация  жіберу  арқылы  да,  сонымен  бірге 
жеделхатпен  де  жолданған.  Петицияларды  жазып  дайындау  ісінің  басында  негізінен  сан 
жағынан  аз  болғанымен,  саяси  күрес  қазанында  қайнап,  жаңадан  қалыптасып,  тез  ысыла 
бастаған  ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды. Ол жөнінде М. Дулатов: "1905 жылдан бері 
қазақ  жұрты  да  басқалардың  дүбіріне  елеңдеп,  ұлт  пайдасын  қолға  ала  бастады.  Сол 
бостандық  жылдарында  Семей  облысының  оқыған  басшылары  көзге  көрікті  іс  қылып, 
жұртқа  көсемдікпен  жол-жоба  көрсеткені  үшін  алды  абақтыға  жабылып,  арты  айдалып, 
қалғандары cенімсіз болып қалды”, - деп жазды. 
1905  жылы  Семей  облысы  Қарақаралы  уезінің  Қоянды  жәрмеңкесінде  14,5  мың  адам 
қол  қойған  Қарқаралы  петициясына  Ә.Бөкейхановтың,  А.Байтұрсыновтың,  Ж.Ақбаевтың 
қатысы  болған.  Осы  петиция  туралы  және  оны  дайындап,  көптеген  адамдарға  қолдатудағы 
Ахмет  Байтұрсыновтың  ерекше  еңбегін  жоғары  бағалаған  М.Әуезов  1923  жылы  жазған 
“Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа 
да  оқығандар  бас  қосып,  кіндік  хүкіметке  қазақ  халқының  атынан  петиция  (арыз-тілек) 
жіберген. Ол петицияда аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды 
тоқтатып,  переселендерді  жібермеуді  сұраған.  Екінші  -  қазақ  жұртына  земство  беруді 
сұраған. Үшінші  – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу  үшін, ол күннің құралы 
барлық  мұсылман  жұртының  қосылуында  қазақ  жұртын  муфтиге  қаратуды  сұраған. 
Петицияларды тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті 
мәселелері  осылар  болғандықтан,  Ақандар  бастаған  іске  қыр  қазағының  ішінде  тілеулес 
кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған”, – деді. 
Қазақстандағы революциялық қозғалыстың біршама өрлеуі 1905 жылдың қазан-қараша 
айларында  өткендігі  тарихтан  белгілі.  Өйткені,  бұл  кезде  17  қазандағы  патша  Манифесінің 
жариялануы  Қазақстанның  көптеген  қалаларында  көп  адам  қатысқан  жиылыстарға, 
демонстрацияларға  және  халықтың  қалың  тобының  бой  көрсетулеріне  ұштасқан  болатын. 
Бұл  туралы  Әлихан  Бөкейханов  былай  деп  жазды:  "Қазақтардың  жүріп-тұруы  арқасында 
Манифест  қысқа  уақытта  бүкіл  даланың  қолына  тиді.  Жер-жерде  қазақтар  үлкенді-кішілі 
съездерге  жиналды…  Манифесті  оқыды,  оны  түсіндірді,  болашақтағы  Мемлекеттік  Дума 
сайлауы туралы мәселелерді талқылады. Облыстың ең алыс түкпірлерінен қазақтар топ-топ 
болып  қалаларға  барды,  онда  қала  тұрғындары  ұйымдастырған  қалалық  митингілерге 
қатысты. Орыстар, татарлар, сарттар мен қазақтар бір туысқан от басына қосылып кетті". 
Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 
1905  жылдың  желтоқсанында  Оралда  бес  облыстың  қазақ  халқы  делегаттарының  съезін 
өткізіп,  өз  партиясын  –  Ресей  конституциялық-демократиялық  (кадет)  партиясының 
бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша 
Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған 
байланысты  1906  жылдың  ақпанында  Семейде  қазақтардың  екінші  съезі  өткізілді.  Ол 
кадеттерге  жақын  бағдарламаны  мақұлдады.  Сонымен  қатар,  оған  өлкеге  шаруалардың 
қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, 
ұлттық  мектептер  ашу,  тағы  басқа  да  талаптар  енгізілді.  Олардың  басында  Ә.Бөкейханов, 
А.Байтұрсынов,  М.Тынышбаев,  М.Шоқаев,  М.Дулатов,  Б.Қаратаев  және  қазақ 
зиялыларының  басқа  да  көрнекті  қайраткерлері  жүрді.  Сондай-ақ,  олар  дін  ұстану 
бостандығын  жақтап,  әсіресе  үкімет  пен  жергілікті  органдардың  мұсылман  дініне  қарсы 
шараларына наразылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сонымен қатар, Қазақстанда 
қазақ  тілін  басқа  тілдермен  тең  қолдануды  талап  етті.  Міне,  осыған  орай  мұсылман 
дінбасыларының  ықпалы  күшті  болған  Семейде,  Петропавлда,  Ақмолада,  Верныйда  және 
т.б.  қалаларда  діни  ұйымдар  пайда  болды.  Өлке  мұсылмандарының  діни  талаптар  қойған 
петициялық науқаны кеңейе түсті. Жалпы, мұсылман қозғалысы түрік халықтарының Ресей 
империясы  құрамындағы  автономиясы  және  мәдени-автономиялық  дамуы  туралы  мәселе 
көтерді. 

 
109 
Сонымен  қатар,  осы  кезеңде  Қазақстан  халқының  саяси  ой-өрісінің  дамуында 
Мемлекеттік  Думаға  сайлау  жүргізу  науқаны  маңызды  рөл  атқарып,  онда  қазақ 
зиялыларының  көптеген  өкілдері  белсенді  қызметімен  көрінді.  Мысалы,  1905  жылдың  6 
тамызында  Мемлекеттік  Дума  жөніндегі  патша  Манифесі  қазақ  еліне  де  депутат  сайлау 
құқығын  берген  болатын.  Бірақ,  бұл  құқықтың  жартыкештігі  байқалды.  Өйткені, 
депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ 
зиялылары  мұндай  әділетсіздікті  түзетуге  біршама  әрекет  жасап  көрді.  Нәтижесінде,  қазақ 
халқы  Мемлекеттік  Думаға  әр  облыстан  бір  депутаттан  ғана  сайлау  құқығына  ие  болды. 
Сөйтіп,  Қазақстаннан  бірінші  Мемлекеттік  Думаға  барлығы  9  депутат,  оның  ішінен  4 
миллион  қазақ  халқынан  4  депутат:  Ә.Бөкейханов,  А.Бірімжанов,  А.Қалменов  және 
Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында 
қатынасты.  Бұл  фракцияның  заң  жобасы  ретінде  дайындаған  ең  басты  құжаты  аграрлық 
мәселеге  байланысты  еді.  Мұсылмандар  фракциясы  жер  мәселесіндегі  аграрлық 
тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды. 
Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні 
үкімет  шешімімен  таратылды.  Дәл  сол  күннің  кешінде  Думадағы  оппозицияның  182  өкілі 
(кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест 
дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов та бар еді. Сол 
үшін  ол  келесі  Думаға    сайлану  құқығынан  айрылып  қана  қойған  жоқ,  сонымен  бірге 
жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады. Сөйтіп, халық бұқарасының назарын алаңдату 
үшін  шақырылған  бірінші  Мемлекеттік  Дума  оның  үміттерін  ақтамады,  ал  оның  мінберін 
партиялар өз мақсаттарына пайдаланды. 
Екінші  Мемлекеттік  Думаның  сайлануына  келер  болсақ,  ол  1905  жылдың  6 
тамызындағы  және  11  желтоқсанындағы  сайлау  заңдары  негізінде  өткізілді.  Думаға 
Қазақстаннан  14  депутат,  олардың  6-ы  қазақ  ұлтының  өкілдері:  молда  Ш.Қосшығұлов  – 
Ақмола  облысынан,  би  Х.Нұрекенов  –  Семей  облысынан,  адвокат  Б.Қаратаев  –  Орал 
облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов – Торғай облысынан, Т.Алдабергенов – Сырдария 
облысынан,  қатынас  жолдары  инженері  М.Тынышбаев  –  Жетісу  облысынан  сайланды. 
Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді 
талқылау  жағынан  болсын  бірінші  Думаға  қарағанда  солшыл  бағытта  болған-ды.  Негізгі 
пікір  тартысын  тудырған  мәселелердің  бастысы  аграрлық  және  қоныс  аудару  мәселесі 
болды.  Әсіресе,  депутаттар  Б.Қаратаев,  А.Бірімжанов,  Ш.Қосшығұлов,  Х.Нұрекенов  өте 
белсенді  түрде,  заң  шеңберінде  патша  өкіметінің  қоныс  аудару  саясатына  қайткенде  бір 
ықпал  етуге  тырысты.  Мәселен,  1907  жылы  17  мамырда  депутаттық  сауалға  байланысты 
жарыссөзде депутат  Б.Қаратаев  сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске 
айналған жер мәселесіне арнады: "Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, 
яғни,  130000  помещиктің  мүддесін  қорғау  үшін"  жерсіз  орыс  шаруаларына  қазақ  жерлерін 
тартып  әперіп  отыр.  Екіншіден,  үкіметтің  бұл  саясаты  ашықтан-ашық  ұлы  державалық, 
шовинистік  негізде  жүргізілуде.  Соның  нәтижесінде  жерге  орналастыру  мекемелері 
қазақтарды  "орныққан  орындарынан,  поселке,  деревня  құрап  отырған  үйлерінен  жаппай 
қуып  шығумен  айналысып  отыр".  Әрине,  бұл  сөз  іс  жүзінде  патша  үкіметінің  қазақ 
даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді. Б.Қаратаев орыс 
халқының  еңбекші  бұқарасы  мен  зиялы  қауымын  қазақ  елінің  осындай  ауыр  жағдайына 
көңіл аударуға шақырды. 
Патша  үкіметі  1907  жылдың  3-маусымында  шығарған  заңымен  екінші  Мемлекеттік 
Думаны  да  таратып  жіберді.  Бұл  құжат,  сонымен  бірге,  сайлау  Заңына  өзгерістер  енгізді. 
Патша  үкіметі  Қазақстан  мен  Түркістанда  пәрменді  отарлау  саясатын  жүргізе  отырып, 
Думада  бұл  аймақтардан  депутаттардың  болмағанын  өзіне  қолайлы  деп  тапты.  Сонымен, 
қазақ  депутаттары  қатынасқан  бірінші  және  екінші  Думалар  қазақ  қоғамының  отарлық 
жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. "3-маусым Заңының" 
өмірге  келуімен  бірге,  қазақ  зиялыларының  Думаға  артқан  үміті  де  біржола  сөнген  еді. 
Дегенмен,  "3-маусым  Заңы"  қазақ  зиялыларын  Дума  арқылы  жүргізуді  көздеген  саяси 

 
110 
күрестен  біржола  ығыстыра  алған  жоқ.  Олар  Думадан  тыс  қала  отырып,  құрамы  жағынан 
алғашқы  екі  Думадан  анағұрлым  консервативті,  ұлыдержавалық  бағыттағы  үшінші  Дума 
шеңберінде  де  мұсылман  фракциясы,  сібірлік  депутаттар,  солшыл  кадеттер  және  басқа  да 
одақтастары  арқылы  патшалықтың  қазақ  жеріндегі  отарлау  саясатына,  "3-маусым  Заңына" 
қарсы  әрекеттерін  тоқтатпады.  Ал,  жалпы  алғанда,  сол  кезеңдегі  қазақ  зиялыларының 
мерзімінен  бұрын  таратылған  патша  үкіметінің  бірінші  және  екінші  Дума  жұмысына  және 
оларға қатысты саяси шараларға қатысуы, әрине, олар үшін үлкен өмір мектебіне айналып, 
белгілі  деңгейде  өзіндік  із  қалдырды.  Олар,  біріншіден,  империя  жағдайында  Дума  сияқты 
"өкілетті"  орынның,  ең  алдымен,  орыс  помещиктерінің  мүддесіне,  империялық  мүдделерге 
қызмет жасайтындығына көздерін жеткізді. Ал, екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты 
шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың саяси белсенділігін 
арттыру мен батыл қимыл-әрекеттердің қажет екендігіне де көздері жетті. Сондықтан да бұл 
ізгі  мақсатқа  қол  жеткізу  үшін,  ендігі  жерде  қазақ  зиялылары  саяси  күрестің  басты 
құралдары  ретінде  "Айқап"  сияқты  журнал  мен  "Қазақ"  сияқты  бұқаралық  газет  шығарып, 
өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра 
түсті. 
"Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы 
және  редакторы  Мұхамеджан  Сералин  (1871-1929)  болды.  Журнал  Қазақстандағы  сол 
кезеңнің  идеялық-саяси  ой-пікірдің  аграрлық-демократиялық  бағыттарын  білдірді.  Оған 
Б.Қаратаев,  С.Сейфуллин,  Б.Майлин,  С.Торайғыров,  Ж.Сейдалин  және  басқалар  қатысып 
тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, 
яғни  жер  қатынастары,  көшпенділердің  дәстүрлі  мал  шаруашылығы  және  олардың 
отырықшылыққа  көшуі  туралы  мақалалар  көптеп  жазылды.  Сондай-ақ,  журналда  патша 
өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды. 
Сонымен  қатар,  Орынбор  қаласында  1913-1918  жылдары  А.Байтұрсыновтың 
басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт 
идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық 
партиясының  және  қазақ  халқының  жалпы  ұлттық  қозғалысының  жетекшісі,  экономист-
ғалым  Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  М.Дулатов  және  басқалар  қызмет  істеді.  Олар  ең 
күрделі  аграрлық  мәселеде  жерге  Ресей  патшалығының  тарапынан  мемлекеттік  меншіктің 
күшін  жою  және  оны  қазақтардың  меншігіне  беру,  жер  сатуға  тыйым  салу  талаптарын 
қойды.  
Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық  және қоғамдық-саяси өмірінің 
дамуы  туралы  әр  түрлі  көзқарастарда  болғанына  қарамастан,  ХХ  ғасырдың  алғашқы 
ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті  өз беттерінде ұлттық идеялар 
мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет