Математика сабағы, оның түрлері және олардың ерекшеліктері



Дата02.02.2023
өлшемі44,5 Kb.
#64597
түріСабақ
Байланысты:
Математика сабағының түрлері


Математика сабағы, оның түрлері және олардың ерекшеліктері
Сабақ - оқу тәрбие үдерісін ұйымдастырудың негізгі формасы. Сабақ туралы айтқан кезде оның мынандай негізгі белгілерін атап кетуіміз керек:
- оқу-тәрбие үдерісінің белгілі бір шектелген уақыт (35 не 45 минут) ішінде өтуі;
- сынып деп аталатын жас шамалары бірдей балалардың тұрақты құрамынан тұруы;
- қатаң бекітілген сабақ кестесінің болуы;
- өтілетін материалдардың барлық балаларға бірдей болуы;
- әр түрлі оқыту әдістерін пайдалана отырып, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырудың ұжымдық, топтық, ұжымдық-үлестірімділік, жеке-дара формаларымен іске асырылуы.
Әрбір сабақтың мақсаты, міндеттері, түрі, қолданылатын көрнекі құралдары, әдіс-тәсілдері анықталуы тиіс және сабақтың кезеңдері көрсетіледі.
Оқытудың міндеттеріне сәйкес сабақтың да төрт түрлі міндеттері бар: - білімділік;
- дамытушылық;
- тәрбиелік;
- практикалық.
Педагогика ғылымында сабақтың түрлері өте көп, олардың ішіндегі жиі қолданылатындары - сабақтың дидактикалық мақсатына қарай жіктелетін түрлері. Атап айтсақ: -аралас сабақ;
- мұғалімнің жаңа білімді хабарлау сабағы;
- оқылған материалды бекіту сабағы;
- оқылған материалды қайталау, жүйелеу, жалпылау сабағы;
- тексеру және оқушылардың білімдерін есепке алу сабағы.
Математика сабағы көбінесе аралас сабақ болып келеді. Әрбір сабақтың түріне қарай оның кезеңдері де әр түрлі болуы тиіс. Дегенмен қазіргі кездегі сабақ мұғалімнің түсіндірмесінен, дәптермен және оқулықпен, дидактикалық материалдармен жұмыстан тұрады.
Сабақта қолданылатын әдіс түрлері - сөздік, практикалық және көрнекілік әдістер. Бұлардың да түрлері әрбір сабақта, тіптен әрбір сыныпта әр түрлі болуы мүмкін.
ШЖБМ ерекшелігіне байланысты қалыпты мектептерде қолданылып жүрген жоғарыда аталған сабақ түрлерінен басқа оларды қамтитын мынадай сабақ түрлері бар: бір пәндік, әр пәндік және бір тақырыптық сабақтар.
Бір пәндік сабақ дегеніміз әр біріктірілген сыныптарда бір ғана математика сабағын өткізу сабағы. Бұл сабақты өту кезінде мұғалім бір салада жұмыс істегендіктен, ол назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай көшіруге септігін тигізеді.
Әр пәндік сабақтар дегеніміз математика сабағын басқа бастауыш сынып пәндерімен біріктіріп өткізуге болатын сабақтар. Кейбір әдіскерлер пәндерді екі топқа бөледі де, бірінші топқа математика, қазақ тілі, орыс тілі, еңбек, бейнелеу өнері, яғни өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, ана тілі, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарын жатқызады. Сабақ кестесін құрастырған кезде бірінші топты екінші топ пәндерімен біріктіруге болады. Қазақ тілі мен математиканы оқытуда өзбетінше жұмыс істеуді кеңінен қолдануға болады, өйткені оқу, дұрыс жазу, санай білу және дұрыс есептей білу дағдысын дамыту көп жаттығу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, бұлардың нәтижелі болуы көбінесе оқушылардың өздігінен жұмыс істей алу қабілетіне байланысты.

Ал екінші топқа жататын ана тілі, табиғаттану пәндері жөнінде іс басқаша. Бұл пәндерді оқыту балалардың сабақта өзбетінше жұмыс істеуін керек етпейді емес, қайта бұл пәндер бойынша оқушылардың білімін оқулық бойынша пысықтауды өте-мөте керек етеді. Бастауыш мектеп жасындағы балалармен аталмыш пәндерді оқытқан кезде мұғалімнің ауызекі әңгімесін, көрнекті құралдарды көрсетуін, т.б. басқаша айтқанда, балалармен тікелей жұмыс істеуді талап етеді.


Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады.
Бір тақырыптық сабақтар дегеніміз қатар өткізілетін сыныптарда мүмкіндігінше бірдей тақырыптарды таңдау қажет болатын сабақтар. Бір тақырыптық сабақтарда оқушылардың өзіндік жұмыстарын да тиімді басқаруға болады. Жалпы оқытушының ортақ әңгімесін оқушылар ықыласпен тыңдап, өз ойларын айтып, сабаққа белсенді қатысуға тырысады, сонымен бірге бір пәндік, бір тақырыптық сабақтар ретінде біріктіріп өткізуге де болады. Мұндай ортақ сабақтардан оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, сабақтың сапасы артады. Оқушылармен бірге отырып, көрнекі құралдар, кестелер, суреттер, диафильмдер мен кинофильмдер, үнтаспа т.б. құралдарын қарауға болады.
«Жоғарыда келтірілген сабақтың қай түрін қолданғанда, математикалық білім жоғары деңгейде игеріледі?» сұрағы туады. Л.Канцева, Т.К.Оспанов және т.б. ғалымдар бір пәндік сабақ кестесін түзу тиімді деп есептеп, оны былай дәлелдейді:
1. Біріктірілген барлық сыныптардағы бірдей сабақтар пәндік алаңдаушылықты туғызбайды.
2. Мұғалім үшін де “үлкен” сабақтың логикалық жүйесін дұрыс құрып, “кіші” сабақтардың барысын жете қадағалауға мүмкіндік туады.
3. Бір пәндік оқу жүйесі іс жүзінде бір тақырыптық сабақ жүргізуге мүмкіндік береді.
Шағын жинақты бастауыш мектепте сабақтың жабдықталуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Қатар оқытылатын сыныптарда әр түрлі құралдарды қолдану жан-жақты ойластырылған болуы тиіс. Себебі, бір сыныпқа арналған құрал екінші сыныпқа кедергі жасауы мүмкін. ШКБМ-де соңғы кездері сабақта оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру барысында техникалық оқыту құралдары кенінен қолданылуда. Бір тақырыптық, бір пәндік сабақтар кезінде бұл құралдарды пайдалану өте тиімді.(мысалы; диафильм, кинофильм, сюжетті суреттер). Бір диафильм бойынша әр сыныпқа тапсырма беріп, жас ерекшеліктеріне қарай талдау жұмыстарын жүргізуге болады. Сонымен бірге, ШЖБМ-де лингофондық кабинеттердің де ролі ерекше. Лингофондық қондырғылар өздік жұмысты ұйымдастырған кезде өте қажет құрал, мұғалім бір сыныппен жұмыс істеп жатқан кезде қалған сынып оқушылары өз бетімен жұмыс жасайды. ШЖБМ-тін математика сабақтарында кестелерді пайдаланудың нәтижесінде оқушылардың арифметикалық амалдар кестесін, жазбаша есептеу тәсілдерін үйретуге, есептің шешу кездерін меңгеруге ықпал етуге болады.
Мұғалім оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыс түрлерін пән ерекшелігіне, тақырыптың ауыр-жеңілдігіне қарай ұйымдастыруы қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет