М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін талдау Қорғансыздың күні М.Әуезовтің 1921 жылы «Қызыл Қазақстан»



Дата30.09.2024
өлшемі23,74 Kb.
#146233
Байланысты:
Бақытжан Майтанов. Әуезов “Қорғансыздың күні”


М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін талдау
Қорғансыздың күні - М.Әуезовтің 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 3-4 сандарында «Арғын» деген бүркеншік атпен жарияланған алғашқы көркем шығармасы. 1922 жылы Орынборда «Қорғансыздың күні» деген атпен жеке кітап болып шықты. Мұхтар Әуезов осы әңгімені жазғанда өзінің ішкі жан дүниесіндегі қиналған кезін баяндап берген.
«Қорғансыздың күні» оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды. Жазушы өмір шындығын, заман сипатын, адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер әңгімелеп жеткізеді. Оқиға басталғаннан-ақ оқушыны қорқынышты бір үрей сезімі билейді. Тағдыр тауқыметін арқалаған, жүдеу, үйде еркегі жоқ, соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап калуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан секілді қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп ашады,қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ оқырман Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың құрбаны болған Ғазизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлуі себебін жазушы өте анық та, дәл шебер суреттейді. Қыздың адам айтқысыз озбырлық,көрген қорлықлыға шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған.
Аталмыш шығарманың көркемдік-эстетикалық ерекшелігін талдау барысында журналист, әдебиет сыншысы, әдебиеттанушы, профессор Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерттеулер, эсселер» еңбегіндегі «Қорғансыздың күні» шығармасына талдауға сүйендім.
«Әңгіме сюжетінің өмірлік негізге құрылғаны, протиптері туралы әр алуан пікірлердің қалыптасқаны белгілі. "С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелдендіріп тұрады. Жолдың аузында көлденең созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанмен, енсіз кереге сықылды, жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ: азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып, тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз", - деп пейзаждық суретпен басталатын әңгімеде пластикалық толымдылық пен эстетикалық мағына аса бай.» |1,71|
М.Әуезов өзі көрген жердің табиғаты мен оның «көңіл-күйін» шебер суреттеп тұр. Жазушы Арқалық тауының жалғыздығы мен оның өтіп бара жатырған жолаушыға сыйлайтын сезімін оқырманға дәлме-дәл жеткізу арқылы шығармада баяндалатын оқиғаның да көңілсіздігін айтқалы тұрғандай.
«Бірден-ақ көркем өнердегі дәстүрлі жол мекеншағына (хронотоп) кездесеміз. Мұндағы ең үлкен топос - дала. Ол фольклор мен әдебиеттің барлық жанрларында сан қилы эмоционалды-экспрессивті баяу реңктері мен түрлі жағдайларда бейнеленгені мәлім. М. Әуезов классикалық үрдіс дағдысы бойынша тағы бір кеңістік межесі - Семей қаласын С. әрпімен ғана таңбалайды. "Көңілсіз ұзақ жол" эпизод соңында бүкіл ландшафт ерекшелігімен бірге "Көруге аса көңілсіз" кейіптің құрамына енеді. Дала, жел, жол мотиві "көңілсіздік" мотивіне ұласады. Мотив туралы толғамдар көп.» |1,72|
Бақытжан Майтанов шығарманы талдау барысында әдебиет теориясындағы терминдер мен жазушы шығармасындағы әр ерекшелікке жіті тоқталғысы келгенін байқаймыз. Әдетте, көптеген оқырман «Қорғансыздың күні» шығармасының шарықтау шегін – Ақанның жас қызды зорлағаннан кейінгі күйін параллелизм арқылы суреттеу деп тапса, Б. Майтанов ондай желідегі мотивтің шығарма басында қолданылған сөздерден байқауға болатынын талдап көрсетеді.
"Қорғансыздың күніндегі" жоғарыдағы көрініс негізгі оқиғалық әрекет болмағанмен, соған апаратын кілт. Ал әңгіменің жалпы идеялық-эмоциональдық ауқымы шеңберінде қысқы дала тауқіметі астарлы философиялық символ деңгейіне көтеріледі. Таудың орналасымы мен көлемі нақты геометриялық дәлдікпен бедерленеді. Көшпенділік өмірдің атрибуты - енсіз кереге ұлттық ойлау ыңғайындағы теңеу түзу арқылы "жалғыз таудың" сырт келбетін айқындауға үлес қосқан. Тұрмыстық детальдар да ("жұмыртқаға қатысты") айнала болмысын түс пен сапа үйлесімі түрінде бейнелейді. Метафоралардың бірі ("дәмелендіру") - психологиялық, бірі ("жолдың аузында") - мекеншақтық құбылыстармен егіздес. Санаулы фразалардың логикалық-ассоциативтік, ұғым-заттық, сезім-әсерлік аялары соншалық қалың. Арқалық тауын көру нүктелері де салыстырылады. "Бораннан босамайтын" "Арқалықтың бауыры" - негізгі оқиға өтетін жердің маңайы болғандықтан, болашақ ауыр қасіреттің де таңбалық белгісі екені анықтала бастайды.» |1, 73|
Талдауда М.Әуезов шығармасының көркемдік-эстетикалық ерекшелігі толығымен жазылған. Жазушының қолданған сөздері рецептивті қабылдау үшін қолайлы екендігін, сонымен қатар оқырмандар түсіну үшін абстрактілі және физикалық ұғымдарды символдық түрде жеткізгенін айтады. Зерттеуші жазушының шығармасындағы ұлттық ойлау мен «санаулы фразалардың оқырман ойында бірден логикалық-ассоциативтік, ұғым-заттық, сезім-әсерлік аяларын тудыратынын» атап көрсетеді.
«Күшікбай батырдың "тастан үйген оба секілді жалғыз моласы" ол үшін мәңгі тыныштық мекені болғанмен, жер басқан пенделер үшін мифопоэтикалық сана иірімдерімен астасатын жанды рухани кеңістік іспетті. Өткен күндердің алдағы фабулалық желімен жалғасуға тиіс символикалық мәнін шығармамен таныс оқырман түсінеді. Осы тұстардағы баяндау ракурстарының қалыңдығы автор образының да белсенді қалпын танытады. Ол - М. Әуезов емес, автор. Әрине, қаламгер дүниетанымы мен табиғатының ықпалын мансұқ ету қате. М. Әуезов қазақ прозасының ерте дәуіріне қарамастан, модернистік, постмодернистік әдебиетте кең колданылатын тәсілді еркін ойнатып пайдаланады.» |1,75|
Жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Әуезов Күшікбай батыр туралы оқиғаны бекерден-бекер шығармаға арқау етіп отырған жоқ. Арқалық тауы жай ғана оқиға болған жер емес, кезінде Күшікбайдай батыры бар кезде қорғаны болған, қазіргідей мұңды әрі тақыр жер емес, өз тұрғындарына пана болған жер екендігін айтады. Жығылғанға жұдырық болып, атын ұрлаған сұмның кесірінен жер жастанған батырдың оқиғасы Ғазизаның әкесі Жақыптың да басынан өткен оқиғаға ұқсайды. Жақып та ешкімі болмаса да, ауыл мылжыңы мен сараң адамының малын дауалап, ол үшін алғыс естімеген қаһарман.
«Бүгінгілерге, ерлігіне тәнті ұрпақтарына күш-қуат, жұбаныш, мақтаныш беретін - Күшікбай батырдың айтулы ісі. Шешекпен ауырып, жанталасып жатқанына қарамастан, мұқатқысы келіп, малын барымталаған қарсыласын айбар-айдынмен жеңіп қайтар жолда сырқаты асқынып қаза табатын намыскер батыр көз жұматын жер - ашу-ыза, қыжал мен наланың белгісі. Таусылмай соғатын ызғырық боран - әйгілі батырдың рухымен тамырлас құбылыс. Қыр халқына хас мифтік дүниесезіну жүйесі нақты тарихи-этнографиялық детальдарға сүйенеді. Ретроспективті баяндау компонентінде өрнектелетін намыс мотиві де негізгі әлеуметтік әділет тақырыбының құрамында символикалық танымның бір ұшын түйіп тұрғанын аңғарасыз.» |1, 76|
Күшікбай батыр өлімінің өзін психологиялық параллелизм арқылы жеткізген қаламгер қыр халқының дүниесезінуі мен нарратив жеткізіп отырған идеяны түсіне алуына көп көңіл бөлген. Зерттеуші Б.Майтанов айтқандай, шығармадағы ашу-ыза, батыр рухының құбылысы ызғырық жел мен қатты боран арқылы беріліп тұр. Күшікбай батырдың ісін мақтан тұтып, ата-баба мекені мал үшін қолайсыз болса да, егін егіп күн көріп жүрген тұрғындардың күйбең тіршілігін суреттеген кезде оқырманда еріксіз аяныш сезімі пайда болады.
«Тегі құпиялау амалын М. Әуезов шығарма композициясында ұтымды игерумен болады. Жұмбақтың сыры біртіндеп ашылады. Кездейсоқ жолаушылардың да аты-жөні, болмысы кейіннен таңылады. Олар біршама әсем киінгенмен, қайсыбірі (Ақан болыс) ауқатты болғанмен, Арқалық тауының етегінде, қарлы қаңтардың аязды боранында бәрібір пұшайман хал кешеді. Алдағы трагедиялық ахуалдың хабаршысы - Қалтай шабарманның пысықтығы мен Ақанның нәпсі құштарлығына қатысты қиялы. Қараңғылықта келген жолаушылар. Үйдің "іші" де "қараңғы". Мүлік-зат, көрпе-жастық, төсенішке дейін түгел сипатталған. Алайда аз да кедей жиһаздың "ыждахатты қолмен жиналғаны" да назардан тыс қалмайды. Ол "Көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездірмейтін уыз жас" Ғазиза қылығы мен мінезін аңғартар таңбалық белгі.» |1,78|
Талдау кезегі шығарманың басталуынан байланысу кезегіне жетті. Шығарманың қорытындысын шешіп, «трагедиясына» себепкер болған кейіпкерлердің бейнесін көре аламыз. Жоғарыда айтылғандай, Ақан болыс ауқатты болғанымен, Арқалық тауының көңілсіз күйінде ол да әлсіз көрініп тұр. Тән қалауын баса алмаған Ақанның көңілсіздігін тау көрсетіп тұр ма жоқ әлде Ақанның қорлығын сезіп, жауыз адамның келгеніне Арқалық мұңданып тұр ма?.. Ол жағын әр оқырман өзінше қабылдайды.
«Көркемдік-эстетикалық тұрғыда көңіл аудартатын нәрсе M. Әуезов мүсіндеген портреттер шынайылығы. Қайтыс болған Жақыптың шешесі мен соқырәйелі, жалғыз қызының сырт пішіндемелері жадау үйдегі трагедиялық ахуал аясындағы үндеушілік сарынды жоққа шығармайды. "Кемпірдің жасы қартайып, куаты азайғандығы шын болса да, бетінде ерекше бір қайрат білінеді, еркек пішіндес кесек. Бұл кемпір осы үйдің қазіргі қожасы". Өскен орта, туған жер тұрғындарының этнопсихологиялық, антропометриялық ерекшеліктерін бажайлап зерттейтін жас суреткер далалықтар арасындағы ермінезділік пен тәуекелшілдікті, қайсарлықты аса жоғары бағалайды. М. Әуезов әңгіме ішіндегі әңгімешінің сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, көңіл-ниетіне дейін шетін назармен өрнектейді.»|1,79|
Кейбір деректерде, осы шығармадағы кемпір М.Әуезовтің өз әжесі деген мәліметтер кездеседі. Қалай болғанда да, М.Әуезов Ғазиза мен зағип келініне арқау болып отырған кемпірдің ішкі жан дүниесі мен қайратын шебер көрсеткен. Егер кемпір осындай жасында рухты, намысшыл, қайратты болмаса жаулардың Ғазизаны алып кетіп, өзіне қатын қылып алуы да мүмкін еді. Әжесіне сеніп, өзін биязы әрі тәртіпті ұстайтын қызды масқарадан кемпірдің қайраты да ұстап қала алмағаны өкінішті.
«Осынша қасірет құрығында қалған мүскіндердің зар күйін ысырып тастап, бейкүнә, сорлы Ғазизаны қорлайтын Ақанның тасбауырлығы, Қалтайдың ессіздігі мен арамзалығы қасіреттілік әуенін масқаралық (ужасное) аффект аясындағы жиренішті құбылыс ыңғайымен алмастырады. Бәрібір трагедиялық ахуал басым. Кемпірдің дара мекеншағындағы қуаныш пен үмітке толы әлем қазіргі ахуалмен қайшылықты күйді асқындыра түседі. М. Әуезов трагедиялық оқиға өтетін алаң, пішен қораның ішкі, тысқы орналасымын айна-қатесіз натуралистік дәлдікпен суреттейді. "Сезімі жоқ жауыз қара күштің қылған күнәсі мен зұлымдығына қатты тоң жер, суық балшық, көрдей қап-қараңғы дүние куә болды" деген жолдармен хронотоп белгілері бейнелі-сезімдік, айқын авторлық антипатия түрінде бейнеленеді. Бұған дейінгі бейтарап позиция амалсыз пердесін алады. Ол - сол дәуірдегі оқырман уақытымен есептесуден туған идеологемалық қадам.»|1,79|
Болыс келгеннен кейін «бізге пана болады ғой» деген үмітпен ағынан жарылып бар мұңын айтып отырған кемпірдің үміті мен қуанышы сұмдық дүниеге ұласады. Ғазиза олардың атына шөп бергісі келмеген кезде анасы мен апасы қоймаған соң ғана барып қораға жақындаған. Сол сәтте Қалтай сөз айтуға оқталған кезде «ары жүр» деген қайратты кемпірдің немересі қанша қарсыласса да, зұлымның құрбаны болды. Бар үміт пен қуаныш ауыр қайғыға ұласып, абыройдан айырылған он үш жасар жетім қыздың сағы сынады.
«Шығарма жер басқан адамдар ырқына бағынбайтын, белгісіз күштер үстемдік алатын, соларды жеңуден жеңілуі көп заманалар, мәңгілік ақиқатқа ұқсас дилемма туралы толғандырады. Ақан мен Қалтай - зұлымдық пен зорлықтың, Ғазиза - құрбандықтың таңбалық белгілері. Періштелер мен мақұлықтардың арасындағы көктегі күрестің жердегі көлеңкесі.»|1,80|
Ғазиза бар тыныштықты әкесі мен бауырының моласынан табады. Күшікбай батырдай ерлікпен қаза тапқан жас қыз зұлымдық пен зорлыққа жалғыз өзі қарсы келе алған жоқ. Қарсы келген күннің өзінде ол тым әлсіз еді. Инь и янь секілді бұл өмірде мәңгі бірге жүретін ақ пен қара зұлымдықпен күреске келетін кезде өте жиі жеңіліске ұшырайды. Жазушы М.Әуезов тағдыр тәлкегіне ұшыраған Ғазизаның жан дүниесін оқырманға сезіндіре алды. Болған оқиғадан кейін Ақан болыс пен Қалтайдың ішкі ойы ашылмаса да, жазушы оны үйдегі жағдаймен жеткізді.
«M. Әуезов тығырықтан шығудың жолын айтқысы келмей, қасаң идеологиялық тұғырнамалардан безінеді, ол бұл өмірдің таусылмас қайшылықтарына қайран қалады. Қара түнек ниеттерге қатысты рухани қаруы - Күшікбай, Жақып, Ғазиза, кейуана образдары арқылы адым ашатын этнопсихологиялық құндылықтар, ұлттық ар-намыстың мәдени уақыт пен кеңістігіндегі өлмес, өшпес дағды-машықтары. Жалаң ұраншыл, жалған көңілшектіктен гөрі абсолютті ақиқатқа жақын ұжымдық, метафизикалық, тұрмыстық күй-ахуалдардың үндестігінен терең алшақтық ашу, өмірге кейіс, адамдарға наразылық, сұрқай тіршіліктің алдамшы жүзбен жұмыр басты пенделерді баурына тартар айласына амалсыз төзу сарыны "Қорғансыздың күні" әңгімесінде қазақ әдебиеті үшін мүлде тосын, ерекше тың дүниетаным мен көркемдік-эстетикалық арна - модернизм дәстүрі қаз тұра бастағанын айғақтаса керек.» |1,81|
Қорытындылай келе, Бақытжан Майтановтың «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерттеулер, эсселер» еңбегіндегі «Қорғансыздың күні» шығармасына талдауы бүгінгі өзіндік жұмысымдағы басты еңбектің бірі болды. Шығарманы оқығаннан кейін талдауға жүгінген кезде, шығарма маған басқаша қырынан ашылып, жазушының көркемдік-эстетикалық ерекшелігіне қатысты ой-пікірді жазу жеңіл болды. Зерттеуші, әдебиеттанушы, белгілі ғалым әйгілі қазақ жазушысы М.Әуезовтің трагедиялық шығармасындағы барлық ерекшеліктерге жіті тоқталып, шығарманың құндылығын арттырды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет