Немере тәрбиесіндегі ата мен әженің рөлі



Дата31.12.2021
өлшемі415,21 Kb.
#21300

Немере тәрбиесіндегі ата мен әженің рөлі

Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады, айналасының да көзқарасы оған ерекше-тұғын. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Сондықтан әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дейміз.

Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғасы үзіліп қалды.

 Баланың бойындағы асыл қасиеттерді отбасында ата-әжесі қалыптастырған. Сонымен қатар ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін әжелер сепкен. Ата мен әженің тұңғыш немересін бауырына басып, өз баласынан артық бағып-қағуында үлкен мән бар. Бұл – әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі. Ал көргенді қарт ата мен әже балаға өзінің әке-шешесін құрметтеуді міндеттеп отырған

 Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже баламен үлкен адамша сөйлеседі. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі.

Ал әжелер батырлар жырын айтып баланы ерлікке баулып қана қоймайды, ата-бабасының тарихынан хабардар етіп отырған. Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Әдетте әже тәрбиесін алған баланы жұрт "тәрбиелі бала", "көргенді бала" деп баға беріп жатады. Өйткені әженің мейіріміне бөленіп, тәрбиесін алып өскен бала үй шаруасына бейім болады, өзі мейірімді, адал болып өседі

 Ата мен әже қолындағы бала бүкіл ауылдың баласындай болатын. Көшеде кездескен қариялар "пәленшенің баласы деп, маңдайынан иіскеп, атасы мен әжесін бағатын осы немесе бұл бала бәрімізді бағады деп" баланың санасына құя беретін. Осылайша ата-ана алдындағы баланың борышын еске салып отырған.

Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алған, тарихта есімі қалған ұлылар көп. Зере әжесінің зерделі аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды.

Ал Айғанымдай әженің тәрбиесін алған Шоқан қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көріп, әженің алақанынан түлеп ұшқан. Яғни, қазақтың нар тұлғалы азаматтарының көбі әже мектебінен сусындап өскен адамдар

Әже – отбасының алтын қазығы. Шаңырақтағы қарым-қатынасты реттейді, балаларды мейіріммен, ақылымен өмірге бейімдейді. Әжелер үнемі "арыңды аяқ асты етпе, үлкеннің жолын кеспе, біреуді жамандама, бөтен адамның ала жібін аттама" деген сияқты адамгершілікке баулитын сөздерді қайталаудан жалықпайды.

Бірақ, қазір мұндай әжелер саусақпен санарлық. Өйткені бүгінгі ұрпақтың үлкендермен қарым-қатынаста өздерін ұстауы, жаман қылықтарға жақындығы әже тәрбиесінің жетіспей тұрғанының айқын дәлелі, – дейді этнограф Құралай Сәрсембина.

Әженің емірене маңдайдан сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Балаларымызды әже мейірімінен айырмайық



Назарларыңызға рахмет

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет