Оқытушы: Акимбаева Ж. Н апта: Күні: Тобы: 4-фк-1 Пәні: Қазақ әдебиеті Тақырыбы



Дата25.04.2023
өлшемі27,51 Kb.
#86466

Оқытушы: Акимбаева Ж.Н
Апта:
Күні:
Тобы: 4-фк-1
Пәні: Қазақ әдебиеті
Тақырыбы: С.Сейфуллин өмірі және шығармашылығы.
Жоспар:
1.Сәкен Сейфуллин өмірі, қоғамдықдық қызметі.
2.Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы.
1.Сәкен (шын аты Садуақас) Сейфоллаұлы 1894 жылы 23 мамырда Ақмола облысы, Ақмола уезінің Нілді болысында – Нілді мыс қорыту заводына таяу жердегі қазақ ауылында туған. Қазіргі әкімшілік бөлік бойынша бұл жер Қарағанды облысының Жаңарқа ауданына қарайды. Сәкен Сейфуллин - қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР - інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. Сәкеннің шыққан ортасы шағын дәулетті болған. «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында ақын оқи бастағаннан Нілдіге, Ақмолаға баратын көлік табылмай, әркімнің артына мінгесіп қатынасқанын, Омбы лагерінен қашып келгенде Түрікстанға қарай өтуге ат таба алмағанын күйініп жазған. Оның балалық шағы өз ауылында өтеді. Ауыл молдасынан оқып, аздап хат таниды.
«Әкей орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды арман қылып сөйлеп жүрді»,– дейді Сәкен Сейфуллин. Осы ниетпен Сейфолла баласын 1905 жылы Нілді заводына оқуға жібереді. Алғашқы бір жылда кісі үйінде жалдана жүріп, орысша үйреніп, одан кейін жылдай ол заводтың орыс-қазақ мектебінде оқиды. Завод өмірімен танысу, жұмысшылар балаларымен бірге оқып, олармен араласу жас Сәкеннің қоғамдық өмірдің әділетсізіктерін көріп тануына жол ашады. «Менің екінші түрлі «оқуым» Нілді заводының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды», «екінші сабақ ұсталардың дүкен үйінен аласұрып жұлқынған машина түрінен жер астында жұмыс істеп шығатын шахта, кен жұмыскерлерінің жатақ, тұрмыс күйінен завод үстінде тас көмір, көктас кен үйген жұмыскерлердің тіршілік күйлерінен алған сабақ көңілге нық орнаған «тоқу» болды» дейді ол. Осында жүріп Сәкен Нілді заводы жұмысшыларының патша өкіметіне қарсы 1905 жылдың желтоқсанында өткен ереуілін көреді.
Еңбек адамдарының ортасында болып, олардың өмірдің әділетсіздікке қарсы күресін көріп болашақ ақынның таптық ой-санасының ерте оянуына әсер етеді.1908-1913 жылдары Сәкен Сейфуллин Ақмола (қазіргі Нұр - Сұлтан) қаласында әуелі приходская мектебінде, кейін үш класты қалалық училищеде оқиды. Бұл жылдары ол орысша білімін толықтырып, орыс әдебиеті кітаптарын оқиды, Ақмола маңының әнші-күйшілерімен танысады. Сонымен қатар алыс ауылдардан оқу іздеп келген қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді.
1913-1916 жылдар арасында Сәкен Сейфуллин Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Бұл жылдары оның әдебиетпен әуестенуі арта түседі. 1914 жылы Қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылады. Сәкеннің қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына Омбы дәуірі ерекше ықпал етеді. Мұнда ол студенттердің «Бірлік» атты ұйымының жұмысына белсене қатысады.
Омбыда Сәкен орыстың революционер жазушысы Феоктист Березовскиймен танысады, В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, Н. А. Некрасов кітаптарын М. Горький шығармаларын оқиды. Омбы семинариясын бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин Ақмола уезіндегі Сілеті-Бұғылы деген жердегі ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. Осында жүріп ақын 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерілісін қарсы алады. Көтерілісшілерге тілектестік білдіріп, өлеңдер жазады.
Сәкеннің қоғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталады. Патша өкіметін құлатқан Ақпан төңкерісінен кейін-ақ ол Ақмола қаласына ауысып, саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Сол жылдың көктемінде құрылған Қазақ Комитетінің төрағасы болып сайланады. Онда төңкерісшіл-демократияшыл зиялылармен бірігіп, қазақ әйелдеріне бостандық беру, бұрынғы әкімдерді ел билеу қызметінен босату, еңбекші халық өкілдерін іске тарту, дін иелерінің құқын тежеу сияқты шараларды іске асырады. Сәкеннің қатысуымен Ақмола жастары «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығарады. 1917 жылдың желтоқсанында Ақмола Совдепі құрылғанда Сәкен Совдептің президиум мүшесі және уездік ағарту комиссары болып тағайындалады.
1918 жылы маусым айында патшашыл ақ қазақтар мен чехословактардың контрреволюциялық көтерілісі кезінде Ақмолада кеңес өкіметі құлап, Сәкен бір топ жолдастарымен революция жауларының қолына түседі. Ол «қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатерлі адам» деп табылады да, басқа да тұтқындармен бірге Қызылжар түрмесіне айдалады. Атаман Анненковтың «азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде тоғыз айға созылған ауыр азапты шегеді. Тек 1919 жылдың наурызында ғана Сәкен Омбының тұтқын лагерінен қашып шығады. Дүйсембі деген жалған ат жазылған құжатпен ол Павлодар, Баянауыл арқылы өзінің туған еліне келіп, Түркістанға өтеді. Әулиеата (қазіргі Тараз қаласы) Совдепінің көмегімен Сарысу, Шу өзендері бойындағы елдері советтендіру жұмысына қатысады.
1920 жылдың көктемінде Сәкен Сейфуллин Ақмолаға қайта оралып, Колчак үстемдігі құлаған қалада кеңес жұмысын жандандыруға араласады. Ол уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейді. Сол жылдың жазында қазақтың Автономиялық республикасын жариялайтын құрылтай съезіне дайындалу кезінде Сәкен Сейфуллин қазақ өлкесі бойында құрылған ревкомның құрамына кіреді. Құрылтай съезінде бірінші сайланған Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі болып өтеді. 1921 жылы сәуірде Сәкен Сейфуллин бұрын Сибревкомға қарайтын Акмола мен Семей облыстарын Қазақстанға қабылдап алу жөніндегі төтенше үкімет комиссиясының енеді. Ол Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Омбы қалаларында болып, сайлау жұмыстарына басшылық етеді.
1922 жылы маусымда Қазақ АССР халық комиссарлары Кеңесі Сәкенді оқу-ағарту Халық Комиссарының орынбасары етіп тағайындайды. Сонымен қатар, ол «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып бекітіледі. Советтердің бүкіл Қазақстандық III съезі 1922 жылдың қазан айында Сәкен Сейфуллинді Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы етіп сайлайды. 1923 жылдың қаңтарында Советтердің X съезінде Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшелігіне өтеді.
1925-1937 жылдары Сәкен Сейфуллин Қазақстандағы әртүрлі мәдени-ағарту орындарында жазушылар Одағында, партия тарихы институтында, «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз) журналының редакцияларында басшы қызметтерде болады. Жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқиды.
2.Қоғамдық-саяси зор жұмыстарымен әдеби шығармашылығын қанаттаса жүргізе отырып, Сәкен Сейфуллин жиырмасыншы жылдардың өзінде көрнекті ақын болып қалыптасты. 1922 жылы оның «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұнқарлар» деген пьесалары жеке-жеке кітап болып басылады. Проза жанрында Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» (1927) атты мемуарлық романың «Айша» (1922), «Жер қазғандар» (1928), «Жемістер» (1935) атты повестер мен көптеген әңгімелер жариялады. 1932 жылы қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуге арнаған «Қазақ әдебиеті» (Билер дәуірінің әдебиеті) атты зерттеу оқулығын жариялады. Ол мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарын жазуға қатысты және әдебиет сынына араласып көптеген мақалалар жазды.
Ол Қазақстан үкіметінің басшысы болып жүрген кезінде қазақ тілін мемлектеттік тіл етіп жариялау, мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ тілінде кітаптар, газет-журналдар шығаруды ұлғайту мәселелерін күн тәртібіне қойып, шешімдер қабылдатқан. Бұрын «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» екенін дәлелдеп, мақалалар жазып, осы қателікті түзетуге себепкер болды.
1925-1933 жылдары Қазақстан партия ұйымын басқарған Голощекин саясатына ашық қарсы болғандардың бірі – Сәкен. Қазақстанда әр кезде болған ұлт саясатының бұрмалануы ақынның көркем шығармаларында да («Совет баласы», «Отарбаның жұмсақ вагонында», «Қызыл ат», «Біздің тұрмыс», т.б.) суреттелген. Сондықтан орталықтан келіп ел басқарушылар «шыншыл», «қыңыр» Сәкенді жақсы көрмеген. Оны әрдайым сынап, «партиялық тазалаулардан» өткізіп отырған. Ақыры 1937 жылы «халық жауы» есебінде тұтқындады. Ақын 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түрмесінде, кеше өзі орнатысқан өкіметтің қолынан атылды.
Ақынның «Көкшетау» поэмасы 1929 жарық көрді. Бұл кезең кеңестік өмірдің ең бір белеңді уақытымен шендесіп жатыр. Бұл поэма сынаққа көп ұшырады. Сәкенге бүгіннен алшақтап өткенді аңсадың, өткен дәуірге көңіл бөлдің деген айып тағылды. Осындай жан - жақты қысымға қарамай Сәкен құнды шығарманы дүниеге әкелді. Поэма 4 бөлімнен, 47 тараудан құрылған. Бастала бере Көкшенің әдемі табиғатын көлі мен терегін, қарағайы мен қайыңын, тау мен тасын, ауасы мен суын тамылжыта суреттейді. Табиғат сұлулығына, ел мен жер тарихын, ақындарын, шежіресін қосып сұлулық пен рухани байлық үйлесімділігін жыр етеді. Ақын Оқжетпес, Жеке батыр, Бурабай атаулары жөнінде аңызды ел, жер тарихымен бірге береді. Ақын табиғат сұлулығына адамдар сұлулығын, жер, ел тарихының терең тамырын көркем бейнелер жан дүниесінің ізгілігіне сәйкестендіріп, Көкшенің қадір - қасиетін жерімен, онда тіршілік еткен елімен бірге жырлайды.
Кедейлік, жоқтық зардаптары, білімге үндеу оларға халық мұраттары тұрғысында жауап іздеу жас ақынның азаматтық ой-өрісін көрсетеді.
Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы аға халыққа», «Қазақ сабағы»,
«Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән.
«Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген.
С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі.
Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға көп күш салды, сол тұста әдебиетке келген қаламгерлер М.Қаратаев., К,Бекхожин, Ж.Саин, тағы басқалары С.Сейфуллиннің көмегіне сүйенген. С.Сейфуллин олардың алғашқы кітаптарын бастыруға көмектесіп, алғысөздерін жазған. Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған.
Оқу – білім қуып, жастай қалға кеткен жас өспірімнің елге деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты, ауыл көріністерін, ел тұрмысын, этнографиялық жәйттерді бейнелейтін «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні» өлеңдерінен жақсы көрінеді. Бұл туындыларда есте қалар қанық бояумен салынған табиғи суреттер, бірте-бірте жойылып бара жатқан, қазақтың кешегі өмірінің белгілері – өткен күндер картиналары бар.Ұшқын атқан алғашқы ғашықтық, махаббаттың нұрлы сәулесін жырлауға да жас ақын қаламы бейім, бұл ретте Абай ықпалы мол. Әлеуметтік айқын позиция, халықтық идея, бейнелі тіл орамы, мәдениеттің өлең кестесі бар «Өткен күндер» жинағы қазақ әдебиетіне тегеурінді талант келгендігінің айғағы болды.
«Аққудың айырылуы» поэмасы. Сәкен ақынның бұл поэмасы қазақ сөз өнеріндегі өзіндік көркемдік ерекшелігі бар поэмалардың бірі.Мәңгілік махаббатты жырлайтын поэма табиғаттағы сұлулықты, табиғаттың төл перезенттері болған аққуларды қорғау, адалдықты жырлау, жауыздыққа қарсы тұруды ту еткен. Аққу - киелі құс. Аққу құс - сұлулықтың, тазалықтың куәсі. Аққу құс - шын ғашықтықтың, адал махаббаттың белгісі. Поэмада аққудың махаббаты арқылы адал махаббат мен пәк сезім жырланады. Табиғаттың сұлулығымен қауышқан қос ғашықтың көңілді, алаңсыз, бақытты күндері ұзаққа бармайды. Оны «Сұр мерген» аңшы келіп атып алады. Поэмада жауыздықтың символы ретінде аңшының қатігездігі суреттелсе, сол жауыздыққа шендестіріле аққудың махаббатқа адалдығы суреттеледі.
«Бандыны қуған Хамит» әңгімесі. Проза жанрында 1922 жылы жазған «Бандыны куған Хамит» атты әңгімесі бар. Бұл әңгіме Қазан төңкерісінің жеңісінен соң кеңес өкіметіне қарсы іріткі салу мақсатымен елдің үрейін, момын шаруалардың берекесін кетіріп жүрген бандылардың қарақшылық әрекетін әшкерелеуге арналған. Мұнда да автор жаңа орнаған кеңес өкіметін оның ішкі жауларынан тазартып, көздің карашығындай қорғай білу керектігін айту, соны жас өспірімдерімізге, түсіндіруі көзделген.
Ол 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожин, тағы басқалардың поэмалары, Е.Ысмаиылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, тағы басқа ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген. 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылды. 1958 жылы ақталған. С.Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталады. 1985 жылдан Целиноград қаласында (қазіргі Нұрсұлтан қаласы) С.Сейфуллин мұражайы жұмыс істеді.

Әдебиеттер:


1. Қазақ әдебиетінің кысқаша тарихы. Алматы: Қазақ университеті, 2002 ж. 2.Қазақ тарихындағы Ұлы Тұлғалар: Портреттер. Алматы: Өнер, 2003 ж. 3.Қазақтын ақын - жазушылары.- Алматы: Дәуір, 2006 ж.
https://kazatu.edu.kz/kk/saken-seyfullinge-125-jil-boldi/saken-seyfullin-olendere/

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет