"Ойыншықтар әлемі".
Білім беру саласы: «Коммуникация»
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Сөйлеуді дамыту
Тақырыбы: «Ойыншықтар әлемі»
Мақсаты: Сызба нұсқасы бойынша бейнелі әңгіме құрастыра білуге, жасалуы бірдей заттарды топтастыруға, сөйлеу барысында: ағаштан, резеңкеден, пластмассадан, матадан деген сөздерді қолдана алуға үйретуді жалғастыру. Ойыншықтардың атын, түсін және қандай заттан жасалғанын, жекеше, көпше атауларын білуге үйрету. Балаларды сөзді анық айтып, дұрыс сөйлей білуге баулу, сөздік қорларын дамыту.
Көрнекіліктер: ойыншықтар, сиқырлы қорапша.
Әдістер: ғажайып сәт, жұмбақ жасыру, сұрақ-жауап, әңгімелету, өлең оқу, ойын ойнату.
Сөздік жұмыс: резеңкеден, пластмассадан, ағаштан, матадан.
Кіріспе бөлім:
Шаттық шеңбері
Сәлем саған алтын күн!
Сәлем саған көк аспан!
Сәлем саған жер Ана!
Сәлеметсің бе, достарым?!
Негізгі бөлім:
Тосын сәт:
Есік қағылып хат тасушы топқа сиқырлы қорапшаны алып келеді.
− Ой, балалар қараңдаршы бұл қандай қорап болды екен?
-Қорапты ашып қарайықшы.
-Балалар, мұнда әсем, әдемі ойыншықтар бар екен.
− Балалар мына жұмбақтың жауабын шешіп көріңдерші:
Тепсең-ақ секіріп, ұстатпай қашады,
Бір жерге бекініп, тұра алмай сасады.
Ол не?. (доп)
− Балалар доптың пішіні қандай?
− Доптың түсі қандай?
− Доп неден жасалған?
− Кім доп туралы тақпақ біледі?
Машинаның суретін көрсетіп,
Балалар бұл не ?
− Ал, машина неден жасалған?
− Кім машинаны сипаттап айтып береді?
− Кім машина туралы тақпақ біледі?
− Ал енді, мына жұмбақтың шешуін табыңдар:
Салпаң құлақ , масақ мұрт,
Қыли көзді, жырық ұрт,
Көлеңкесінен қорыққан,
Үрей дейді оны жұрт. (қоян)
− Бұл не балалар?
− Қоян неден жасалған?
− Қоянды кім сипаттап айтып береді?
- Кім қоян туралы тақпақ айтады?
− Балалар, енді мына жұмбақтың жауабын тауып көріңдер:
Асты, ұйқыны білмейтін,
Мұндай бала көрсем ше.
Жүгірмейтін, жүрмейтін,
Жыламайтын, күлмейтін.
− Бұл не?. (қуыршақ)
− Балалар, дұрыс айтасыңдар бұл қуыршақ, аты -Әйгерім.
− Қуыршақтың киімін кім сипаттап айтып береді?
− Қуыршақ неден жасалған?
− Кім қуыршақ туралы ән біледі?
Ән: «Біздерде бар қуыршақ»
− Балалар, міне сендермен бірге ойыншықтардың неден жасалатынын білдік.
Яғни ойыншықтар: резеңкеден, пластмассадан, ағаштан, матадан жасалады екен.
Сергіту жаттығуы.
Ұзын құлақ сұр қоян,
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы – қырлы жерлермен,
Ытқып-ытқып жөнелді.
− Балалар, егер бір ойыншық болса, біз ойыншық дейміз. Ал, бірнеше ойыншық болса, ойыншықтар дейміз. Сол сияқты бірнеше ойыншық атауларын жекеше және көпше түрде айтқызу.
Тіл жаттығу:
До-до –доп,
Ян-ян-ян-жүгіріп жүр қоян.
Ойын: «Ғажайып қалта»
Шарты: Баланың көзі байланып, қалтадан бір ойыншық алады да, сипап сезу арқылы неден жасалғанын айтады. Содан кейін көзін шешіп ойыншықты сипаттап айтып береді, алдын ала жасалған үйдің біріне апарып кіргізеді. Ойыншықтың неден жасалатынына қарай «жасыл түсті үйге - матадан», «қоңыр түсті үйге - ағаштан», «қызыл түсті үйге - пластмассадан», «көк түсті үйге - резеңкеден» жасалған заттарды кіргізу керектігін балаларға түсіндіру.
-Ойыншықтар туралы не білдік?
-Ойыншықтарды күтіп ұстап , сындырмау керектігін білдік?
-Балалар сендерге көп –көп рахмет!
Ұйымдастырылған оқу қызметін қорытындылау
Балаларды мақтап мадақтап смайлик тарату.
Достарыңызбен бөлісу: |