Өмірге енді ғана келген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың өміріндегі, қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе айырбастай алмайды



Дата22.06.2022
өлшемі17,69 Kb.
#37209
Байланысты:
Документ Microsoft Word (2)


ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Өмірге енді ғана келген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың өміріндегі, қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе айырбастай алмайды.
Атасы мен әжесінің «айналайынынан» нәр алып, әкесі мен анасының мейірімін сезініп жетілген баланың иманды, көргенді, көпшіл болып өсетіні анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет жеткіншектің алдағы өмірінің бағдаршамындай болады.
Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән берген. Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Алғашқы сүт – уызды тойып ембеген қозының ет алып, оңалуы қандай қиын болса, отбасынан оңды тәрбие алмаған баланың дұрыс өсіп-жетілуі сондай қиын. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін,қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі.
Әйел–табиғатынан адалдыққа, кірпияздыққа бейім және мейірімнің бұлағы. Ол – осындай ізгі қасиеттерімен тектіліктің, ізгіліктің үлгісі, сондықтан әйелдергеқойылатын талап қашан да жоғары. «Алып анадан, арғымақ биеден туады» дейді халқымыз. Бала тәрбиесіндегі әкенің орнын төмендетуден аулақпын, дегенмен жасөспірімнің өсіп-қалыптасуында ананың атқаратын міндеті – қисапсыз. Тіпті әкесінің кемшіліктерін де балаларына білдірмей, оны мінсіз тұлға етіп, жаманын жасырып, жақсысын асырып көрсету арқылы тамаша ұрпақ тәрбиелеген қазақтың айтулы аналарының парасаттылығына тәнті боласың.
Аналарынан үйреген өнегені өз балаларына, немерелеріне үйретіп, дәстүрді сабақтастыру арқылы алтын көпір болу – ұрпағының келешегін ойлайтын әрбір қазақ әйелінің міндеті. Көкірек көзі ашық, парасат-пайымы терең, ақылдың кені аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған, «айналайынымен» санамызға сіңген, биязы да жұмсақ үнімен жүрегімізге орныққан ақыл-кеңестері өмір қиындықтарынан сүріндірмей, бізді тек алға жетеледі. «Көретін – қызығым, жейтін – жемісім, атар таңым – сендер», – деген ананың үкілі үмітін арқалаған перзенттің бөтен ойы, жаман пиғылы болуы мүмкін емес... «Ел сендерге қарап, бізге баға береді», – деу арқылы иығымызға үлкен жауапкершілік артып, сенімді ақтауға ұмтылдырды.
«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі – ару, ертеңгі – ана. Әйел-ана – жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, жаман болса қасіреті. Ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем етіп жүретін әйелдің ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелейтіні де шүбәсіз.
Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары – тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана болса болғаны. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ. Себебі шынайы шындық пен иманға негізделген құндылықтар еш уақытта құнын жоймай, жасампаз бола береді. Ол үшін рухани бұлақтың бітеліп қалуына жол бермей, «қолымызды мезгілінен кеш сермемей», ұрпақтарымызды сол «бұлақ суынан» қанып ішуге жағдай жасауымыз керек.
https://abai.kz/part/1

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет