Ұлы Отан соғысы (22 маусым, 1941 жыл – 9 мамыр, 1945 жыл) — Кеңес Одағының нацистік германияға және оның еуропалық одақтастарына (Мажарстан, Италия, Румыния, Финляндия, Словакия, Хорватия) қарсы жүргізген соғысы; Екінші Дүниежүзілік соғыстың ең маңызды және шешуші бөлігі. 1929 жылы басталған бүкілдүниежүзілік экономикалық дағдарыстың салдарынан 1933 жылы Германияда билік басына NSDAP («Ұлтшыл-социалистік неміс жұмысшы партиясы») келді. Германияда Бірінші Дүниежүзілік соғыста жіберіп алған есесін қайтаруға дайындыққа кірісіп кетті.
Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен елдер (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) жүргізген араласпау саясатының арқасында Германия өзіне Версаль келісімінде қойылған талаптарды орындауды мүлдем тоқтатты. Оның үстіне АҚШ-тың компаниялары Германияның қарулануына қолайлы жағдай жасаған қаржы және материалдарды жіберіп отырды. 1926-33 жылдары Кеңес Одағын Липецк және Қазан қалаларындағы полигондарда герман қарулы күштерінің офицерлерін дайындауға атсалысты.
1936 жылы Германия Версаль келісімінің бір бабын бұзып, Рейн аймағына әскерлерін кіргізді. Сол жылы ол Испаниядағы азамат соғысына араласып, бүлік шығарған Франконың әскерлеріне әскери қолдау көрсете бастады.
1933 жылы билік басына ұлтшыл-социалистер келгеннен кейін Германияда антикоммунистік және антикеңестік көзқарастар күшейе бастады. 30-шы жылдардың ортасынан бастап герман үкіметі міндетті түрде жақын арада КСРО-мен соғыс болатыны туралы жариялай бастады. Германияның әскери доктринасы Кеңестер Одағын ықтимал қарсылас ретінде қарастыра бастады. 1938 жылы герман армиясында ЖШҚӘ-нің («Жұмысшы және шаруалардың Қызыл Әскері») әскери техникасы, әскери қызметкерлерініңайырым белгілері және тактикасы зерттеле бастады.
1938 жылдың наурыз айында Австрияда референдум өткізіліп, Германия оны өзіне қосып алды (қараңыз: Аншлюс). 1938 жылы Германия, Италия, Англия мен Франция арасында жасалған Мюнхен келісімі бойынша Германияға Чехословакияның Судет аймағында тұратын немістерді қорғау мақсатымен сол аймақты өзіне қосып алуға рұқсат берді. Кейін Германия Чехословакияның қалған бөлігін де оккупациялады (Польшаның қатысуымен).
1939 жылдың қысында Германия Польшаға «Данциг мәселесін» шешуді ұсынды. Польша бас тартты. Адольф Гитлер осы мәселені Польшаға қарсы соғысу үшін қолданды.
1939 жылғы тамыз айында Германия мен Кеңестер Одағының арасында шабуыл жасаспау туралы келісім жасалды. Келісімнің құпия қосымшасы бойынша Германия мен КСРО Еуропаны өзара ықпалдар аймағына бөлісіп алды.
1939 жылғы қыркүйектің 1-інде Германия Польшаға қарсы соғыс бастады. Бұдан кейін Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс жариялап Польшаға қолдау көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Герман әскерлері 2 аптаның ішінде поляк қарулы күштерін талқандап, поляктар қоныстанған шығыс шекарасы Керзон сызығына дейін жетті.
1940 жылы Германия Дания мен Норвегияны (Дания-Норвегия операциясы), сосын Бельгия, Недерланд, Люксембургті және Францияның жартысын жаулап алды. Франция тізе бүгуге мәжбүр болды (Франция жорығы).
Францияның тізе бүгуінен кейін Ұлыбритания Германияның жалғыз қарсыласы болып қалды. Германия оған бітім жасасуға ұсынды, бірақ Ұлыбритания бұл ұсынысты қабылдамай тастады. 1940 жылғы шілденің 16-сында Гитлер Ұлыбританияның жеріне басып кіруді ұйымдастыру туралы директиваға қол қойды («Теңіз арыстаны операциясы»). Бірақ герман Әскери теңіз күштерінің басшылығы британиялық теңіз күштерінің қуатының зор екендігіне және вермахтта десанттық операциялар тәжірибесінің жоқтығын тілге тиек етіп, Әскери әуе күштерінің әуеде басымдылыққа ие болуын талап етеді. Ұлыбританияның әскери-экономикалық әлеуетін әлсірету үшін, халқының сағын сындыру үшін, басып кіруге дайындық үшін және британиялықтардың қарсыласуға деген еркін жою үшін 1940 жылдың тамызынан бастап немістер британиялық қалаларды әуеден бомбылау науқанын бастайды (Британия шайқасы).
Ағылшындар бомбылаудың нәтижесінде бейбіт тұрғындардың арасында көп адам шығынын бастан кешіруге мәжбүр болса да, олар неміс әскери әуе күштерін көп шығынға ұшыратып, «Британия шайқасынан» жеңімпаз болып шықты. 1940 жылдың желтоқсан айынан бастап ауа райының күрт нашарлауынан герман ӘӘК (Лүфтваффенің) шабуылдарының қарқыны қатты бәсеңсіді. Немістер өздерінің басты мақсаттары — Ұлыбританияны бітімге келуге мәжбүр етуге қол жеткізе алмады.
1940 жылғы шілденің 31-нде жоғарғы әскери басшылықпен өткізген кеңесінде гитлер Ресейді 1941 жылдың көктемінде талқандау керек, себебі егер Ресей талқандалса, онда Ұлыбританияның соңғы үміті өшеді, сөйтіп ол да тізе бүгуге мәжбүр болады деп жариялады[1]. 1940 жылдың шілде-желтоқсан айларында КСРО-мен соғыстың бірнеше жоспары қарастырыла бастады, соның ішінде ОКҺ-ның (әскердің бас штабы), генерал Э. Маркстың, Зоденштерннің жоспарлары және тағы басқа жоспарлар қарастырыла бастады. Көп талқылаудың, әскери-штабтық ойындардың және Гитлердің өз кеңсесінде, құрлық әскерінің штабында және басқа да штабтарда өткізілген талқыласулардың нәтижесінде 1940 жылғы желтоқсанның 5-інде генерал-полковник Ф. Гальдер ұсынған жоспардың («Отто жоспары») түбегейлі жобасы мақұлданды.
1940 жылғы қыркүйектің 27-сінде Германия, Италия мен Жапония «Үштік пакт» деп аталатын келісімге қол қойды. Ол келісім бойынша осы елдер ықпал жүргізу аймақтарын бөлісіп алып, өзара әскери көмек көрсетуге келісті. 1940 жылдың қараша айында өткізілген кеңес-герман келіссөздерінде неміс дипломаттары осы пактқа қосылуды Кеңестер Одағына да ұсынды. Кеңес үкіметі егер Германия Кеңестер Одағының өз әскерлерін Румыния, Болгария, Финляндия және Түркияға енгізуге келіссе, онда қосылуға дайынбыз деп жауап берді. Немістер бұл шартқа келіспеді.
Осыдан кейін Гитлер КСРО-ға шабуылдың жоспарын бекітті. 1940 жылғы желтоқсанның 18-нде қарулы күштердің (ОКВ-ның) бас қолбасшылығы Гитлердің өзі қол қойған, КСРО-мен болайын деп жатқан соғыстың негізгі мағынасы және стратегиялық бағыт-бағдары баяндалған № 21 директиваны жіберді («Барбаросса жоспары). КСРО-мен соғыстың жоспары 1941 жылғы қаңтардың 31-інде шығарылған «Әскерлерді стратегиялық топтау мен орналастыру туралы директива» деген директивада егжей-тегжейлі баяндалды. Оған қол қойған құрлық әскерінің бас қолбасшысы В.Браухич болды.
1940 жылдың аяғында неміс әскерлерін басып алынған Польшаның жеріне жылжыту басталды. Сонымен бірге осы әскерді жылжыту Ұлыбританияға басып кіруді бүркемелеуге арналған операция ғана деп Кеңес үкіметін алдап-арбауға бағытталған дезинформация науқаны басталды.
Қарашаның 20-сында Үштік одаққа Мажарстан, қарашаның 23інде — Румыния, қарашаның 24-інде — Словакия, 1941 жылы — Болгария, Финляндияжәне Испания қосылды.
1941 жылғы наурыздың 25-інде одаққа Югославия да қосылған болатын, бірақ наурыздың 27-сінде британиялық жансыздардың түрткісімен Белградта әскери төңкеріс орын алып, билік басына Симовичтың үкіметі келді. Ол үкімет жас ІІ-ші Пётрді патша деп жариялап, Югославияның бейтараптығын жариялады. сәуірдің 5-інде Югославия КСРО-мен достық және шабуыл жасаспау туралы келісімге қол қояды. Германия соны болдырмау үшін Югославияда әскери жорық өткізіп, Грекияда жеңіліске ұшырап жатқан Италия әскерлеріне көмектесуді шешеді. Сол себепті КСРО-ға шабуыл кейінге ысырылды.
1941 жылғы сәуірдің 6-сында ірі қалаларды, темір жол желілерін және аэродромдарды жойқын бомбылағаннан кейін Германия мен Мажарстан Югославияға басып кірді. Осы кезде италиян әскерлері немістердің қолдауымен Грекияда шабуылға көшті. Югослав әскері сәуірдің 17-сінде тізе бүкті.
Югославияны талқандағаннан кейін немістер мен италияндықтар бар күштерін Грекияға тастады. Афины қаласы сәуірдің 27-сінде жау қолына түсті.
1941 жылғы мамырдың 1-інде Гитлер КСРО-ға шабуыл маусымның 22-сінде бастауды түбегейлі шешті. Германияның экономикасы мен бар тіршілігінің милитаризациясы, жаулап алған елдерінің өнеркісібі мен стратегиялық қорларының немістердің қолына түсуі, жаулап алынған және одақтас елдердің арзан жұмыс күшін қолдану Германияның әскери-экономикалық қуатының елеулі түрде артуына әкелді.
Ұлы Отан соғысының қарсаңында Германияның өзінде және жаулап алынған елдер мен одақтас елдерде жылына 439 млн тонна көмір, 31.8 млн тонна болат өндіріліп, 11 мың зеңбірек пен миномет, 11 мың ұшақ шығарылатын], ал 1941 жылдың 1-ші жартысында 1 621 танк пен өздігінен қозғалатын артиллерия қондырғысы шығарылды. Бұл деректерден Германияның өнеркәсіп қуаты жағынан КСРО-ның үстінен басымдылыққа ие болғандығы анық көрінеді. Бірақ қару-жарақ шығару жағынан Германия дәл сондай басымдылыққа ие болған жоқ.