Тексерген: Мұратбек Бағила
Ақтөбе, 2022 жыл Тілдік қатынас ─ тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы. Адам ақылпарасат, сана – сезім иесі болғандықтан айналасындағы əлеуметтік дүниені, табиғи əлемді танып білуге ұмтылады, олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі. Осыған орай, адам таным иесі ретінде белгіленеді. Адамға тəн танымдық қасиет тілдік қатынастың мəні мен мазмұнын айқындауға негіз болады. Тілдік қатынас ─ сөйлеу процесінің көрсеткіші. Сөйлеу процесі адамның танымдық қасиетіне қарай ақиқат болмыстың шындығын хабарлауды білдіреді. Ол екі түрлі жағдайда орын алады: 1) өмірде адаммен байланысты болып жатқан нақты жағдаятты хабарлайды; 2) адамнан басқа мақұлық, жан-жануар, табиғат құбылыстары туралы хабарлайды. Қоғамдық қатынастардың дамуы нəтижесінде адамның, халықтың тыныс тіршілігінде болып жатқан оқиғалар тілде көрініс тауып, адаммен байланысты нақты жағдаят сөйлеудің объектісіне айналады. «Жеке адам тарихи əлеуметтік қоғамдық прогресстің туындысы. Жеке адамның əр түрлі ерекшеліктерінің дамып, қалыптасуы оның өзі өмір сүретін ортасына, ондағы қоғамдық қатынастарға (экономикалық, идиологиялық) тəуелді» Қоғамдық қатынастардың дамуынан қалыптасқан сөйлеу тілі əлеуметтік сипатта жұмсалады. Ол тек жеке адаммның, халықтың жалпы алғанда, адамзат баласына қатысты сөйлеудің түрі болып табылады. Сондықтан сөйлеудің бұл түрін ішкі сөйлеу деп атаймыз. Ішкі сөйлеу өмір сүру, іс-əрекет жасау барысында адамдардың алдына үнемі шешуін талап ететін мəселелер мен міндеттерден туындайды. Осы мəселелер мен міндеттерді шешу үстіндегі сөйлеу əрекеті адамдардың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз етіп, тілдік қарымқатынасты іс жүзіне асырады. Ішкі сөйлеу таным иесі мен қоғамдық тəжірибенің қозғаушы күші болып табылады. Сөйлеудің бұл түрінде адамның болмысы, қасиеті, тыныс тіршілігі, мəдениеті, салт дəстүрі, білімі т.б сияқты ішкі дүниесі сөйлеу объектісіне айналады. Мысалы, Маған қызық кітаптар ұнайды десек, осы сөйлемде адамның ішкі жан-дүниесінен хабар беріледі. Ол кино көруге жиі барады десек, адамға тəн қасиет туралы хабар аламыз. Асқар ─ өте ақкөңіл жігіт десек, адамның болмысы туралы хабар айтылып тұр. Адам танымының өзінен тысқары тұрған объектіге негізделуінен сөйлеудің тысқары түрі қалыптасады. Тысқары сөйлеуде адамнан басқа мақұлық, жан-жануар, табиғат құбылыстары сөйлеу объектісіне айналып, адамға тəн рухани дүниенің табиғатпен байланысы көрініс табады. Сөйлеудің бұл түрі материалистік таным теориясымен (гносеология) сабақтасады. Мұнда адам өзін емес, өзін қоршаған ортадағы əлемнің шынайы көрінісін танып біледі де, сол танылған заттар мен құбылыстар туралы хабар береді. Мысалы, Бүгін жаңбыр жауып тұр десек, табиғаттың белгілі бір мерзіміне тəн құбылыс туралы, Биыл егіннің түсімі мол болды десек, табиғи өнім туралы, Түн ортасы ауды десек, табиғи болмыс туралы, Қасқыр ─ жыртықыш аң, Қой ─ үй жанауры десек, жануарлар мен хайуанаттар туралы хабар беріліп тұр. Бұл тілдік қатынастың коммуникативтік-танымдық моделін айқындап, оның субъективті жəне объективті модельге тəуелді екенін көрсетеді. Тілдік қатынастың субъективті моделінде берілген хабарға адамның əсер ету ұстанымы тəн. Бұл ұстанымда берілген хабар тек адаммен байланысты болады. Мысалы, Мен қызық кітап оқыдым, Сен қызық кітап оқыдың, Ол қызық кітап оқыды, Маған (саған, оған) мектепке бару керек, Менің балам жақсы оқиды, Сенің балаң жақсы оқиды, Оның баласы жақсы оқиды десек, қызық кітапты оқу туралы хабардың иесі де, мектепке бару туралы хабардың иесі де, баланың жақсы оқитыны туралы хабардың иесі де ─ адам. Адаммен байланысты берілетін хабарда сөйлеуші мен тыңдаушының өзіне тəн моделі болады. Ол жақ категориясы арқылы 3 жақта көрініс табады. І жақ бойынша, сөйлеуші моделі: сөйлеуші ─ хабар иесі; сөйлеуші ─ хабарды жеткізуші. Мысалы, Мен қызық кітап оқыдым деген сөйлемде хабардың шығуына себепкер І жақтық субъект (мен) жəне сол хабарды жеткізуші де сол І жақ субъектінің өзі. Дəлірек айтқанда, І жақ субъект өзінің іс-əрекеті туралы өзі хабар беріп тұр. Яғни сөйлеуші де І жақтық субъект, іс-əрекеттің иесі де І жақтық субъект. Тыңдаушы моделі: тыңдаушы ─ хабарды қоздырғыш күш. Себебі тыңдаушы болмаса сөйлеуші ол хабарды айтпас еді. Тыңдаушы жасырын тұрады, көзге айқын көрінбейді. ІІ жақ бойынша, сөйлеуші моделі: сөйлеуші ─ басқа адам; тыңдаушы моделі: тыңдаушы ─ хабар иесі. Мысалы, Сен қызық кітап оқыдың деген сөйлемде хабардың шығуына себепкер болып тұрған ІІ жақтық субъект (сен) себебі, ол сөйлемде айтылған хабардың (іс-əрекеттің) иесі, бірақ хабарды жеткізуші емес. Хабарды жеткізуші басқа адам. ІІ жақтық субъект берілген хабардың иесі жəне тыңдаушы. Мұнда белгілі бір іс-əрекеттің иесінің өзіне сол іс-əрекет туралы басқа адам хабар беріп тұр. ІІІ жақ бойынша сөйлеуші моделі: сөйлеуші ─ бөгде адам. Тыңдаушы моделі: тыңдаушы ─ бөгде адам. Хабардың иесі ─ агенс. Агенс хабарды жүзеге асырушы, əрекет жасаушы адам. Мысалы, Ол қызық кітап оқыды дегенде хабардың шығуына себепкер болып тұрған ІІІ жақ субъект (ол) агенс, себебі, ол ─ айтылған хабардың, іс-əрекеттің иесі. Бірақ хабарды жеткізуші де, тыңдаушы да ІІІ жақтық субъект (ол) емес, бөгде адамдар. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: тілдік қатынастың субъективті моделі берілген ақпараттың адамға қатысты екенін айқындап, сөйлеу ге тыңдаушы, басқа адам, бөгде адам, агенстің қатысатынын көрсетеді. Тілдік қатынастың субъективті моделі адамның ішкі болмыс бітімімен байланысты болғандықтан, халықтың ұлттық рухани құндылықтарымен, мəдениетімен, ой-əлемімен, психикалық ерекшеліктерімен, жалпы алғанда, адамның, этностың болмысымен тікелей байланысты болады. Тілдік қатынастың объективті моделінің коммуникативтік бағдарына берілген хабарға адамнан тыс табиғаттың əсер ету ұстанымы тəн. Бұл ұстаным бойынша, берілген хабар тек табиғи құбылыстармен жəне адамнан басқа табиғи жаратылыстармен байланысты болады. Адамнан тыс табиғи құбылыстар туралы берілетін хабарда сөйлеуші мен тыңдаушының моделі басқаша болады. Сөйлеуші моделі: сөйлеуші хабарға өзін қатыстырмай, өзінен тысқары оқиғаны хабарлайды. Тыңдаушы моделі: берліген хабарды қабылдап алады, оған өзінің қатысы болмайды. Тілдік қатынастың коммуникативтіктанымдық моделі тікелей адаммен байланысты қарастырылады. Адамға тəн танымдық қасиет тіл иесінің (тіл субъектісі) өзіне тəн қасиеттері мен белгілерін айқындайды. Тіл иесіне тəн басты қасиеттер мен белгілер ─ байқау, сезу, ойлау, сөйлеу. Байқау, сезу, ойлау процесі түйсіну, қабылдау арқылы шынайы болмысты белсенді зерттеп, қандай да құбылыс не заттар жөнінде түсініктердің пайда болуын қамтамасыз етеді. Осы түсініктер негізінде қорытындылар жасалып, сөйлеу əрекеті іске асады. Сөйлеу əрекеті танымға түскен құбылыстардың жалпы белгілерін анықтауға, түсінік, пікір, ұғымдарды игеруге, зат не құбылыстар арасындағы мəнді, қажетті де тұрақты байланыстарды ашып, заңдар мен заңдылықтарды өрнектеуге мүмкіндік береді. Бұл тіл иелерінің сөйлеу актісінде алатын орнын айқындайды. Сөйлеу үстінде тіл иелері баяншы (сөйлеуші) жəне қабылдаушы (тыңдаушы) болады. «Баяншы ─ сыртқы объективтік əсерді өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі тілдік амал құралдардың, бірліктердің көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік қарым-қатынасқа түсуші», «қабылдаушы белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мəнін тілдік бірліктер арқылы түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасына өткізіп, ұғынудың нəтижесінде тілдік қатынасты əрі қарай іске асырушы» Сөйлеуші нені хабарлағысы келсе, сол туралы ақпарат береді. Берілген ақпаратта сөйлеушінің өзіндік көзқарасы айқын көрініс табады. Бұл сөйлеушіге модальдық қасиеттің тəн екенін көрсетеді. Мысалы, Бүгін қатты жаңбыр жауды дегенде сөйлеуші хабар бере отырып, табиғатқа деген өзіндік көзқарасын білдіріп тұр. Мен қызық кітап оқыдым, Сен қызық кітап оқыдың, Ол қызық кітап оқыды десек те, сөйлеуші хабарды бере отырып, өзінің эмоционалдық көзқарасын білдіріп тұр. Тыңдаушыға модальдық қасиет тəн емес. Ол коммуникативтік мақсатты жүзеге асырушы жəне тілдік қатынастың қалыптасуына ықпал етуші болып табылады.
Сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы қарым-қатынас таным процесіне тəуелді. Таным процесі материалдық не рухани нысандарды қабылдауды талап етеді. Олардың шынайылығы сөйлеу актісінде дəлелденеді. Сөйлеу актісінде сөйлеуші мен тыңдаушы өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білім аясы кеңейіп, тереңдей түседі. Сөйлеуші мен тыңдаушы заттар мен құбылыстар жəне өздері туралы ақпарат береді. Ол тіл субъектілерінің жүйелі, шынайы білімді игеріп, рухани байығанын көрсетеді. Тілдік қатынастың коммуникативтік-танымдық моделінде когнитивтік сипат айқын көрініс табады. Ол танымның мəні мен мазмұнына қарай ажыратылады. Таным сезімдік жəне рационалдық болып екіге бөлінеді. Танымның сезімдік деңгейіне түйсік, қабылдау, елестеу, ал рационалдық деңгейіне ұғыну, пайымдау, ой қорытындылау жатады. Танымның осы деңгейлері арасында диалектикалық өзара байланыс болады да, таным иесі шындық болмысты абсолютті жəне салыстырмалы түрде қабылдайды. Нəтижесінде танымның деңгейлері айқындалып, ол ғылыми таным жəне қарапайым, діни, көркемдік танымның түрлерін көрсетеді. Ғылыми таным еш күмəнсіз дау тудырмайтын, дəлелденген, объективті шынайылығы басым хабарды береді. Қарапайым таным күнделікті тыныс-тіршілікте белсенді (спонтанды) қолданылатын əлеуметтік кеңістіктегі хабарды береді. Діни таным наным-сенім туралы хабар береді. Көркемдік таным шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарды бейнелі тұрғыда қарастырады. Танымның түрлері сөйлеушінің танымдық деңгейін анықтайды, айтылған хабарды түсіну, қабылдау, бағалау процесі тыңдаушының танымдық деңгейін көрсетеді. Тілдік қатынастың коммуникативтік-прагматикалық мүмкіндіктері белгілі бір тақырыпты, уақытты жəне тілдік бірліктерді талап етеді. Олар коммуникативтік мақсатты өтейтін факторлар болып табылады. Тақырып сөйлеушінің санасында бұрыннан танылған заттар мен құбылыстардың жəне олардың элементтерінің арасындағы байланыстан туындайды. Уақыт сол тақырыптағы хабардың белгілі бір шақта орындалатынын көрсетеді. Тілдік бірліктер хабардың сол ортаға түсінікті түрде жеткізілуін қамтамасыз етеді. Мысалы, Бүгін жаңбыр жауып тұр деген хабарда тақырып ─ жаңбыр, уақыт ─ осы шақ, тілдік бірліктер ─ сөйлем. Олар тұтасып келіп, сөйлеуші мен тыңдаушыға ортақ лингвистикалық құрылымды түзейді. Себебі «кез келген сөздің, хабардың негізгі идеясына (прагматикалық мақсатына) қоса ішкі мазмұны, бұл идеяны құраушы дыбыстар, сөздер мазмұны (идеясы) болады. Уəжді, бейнелі сөз жағдайында немесе сөйлемге кіретін сөздердің бəрі түсінікті болса бұлар адам санасында көрініп, байқалып тұруы мүмкін, ол көбінесе түйсікпен ғана қабылданады. Алынған мəлімет негізгі тікелей хабарланған ой бойынша ғана емес, хабарлаушы бірлікті (сөз, сөйлем, мəтін) талдау, қорыту арқылы да қалыптасады». Сонымен, тілдік қатынас теориясы мынадай қағидаларға сүйенеді: 1) тілдік қатынас əлеумет тік процесс; 2) тілдік қатынас ақиқат өмірдегі табиғи болмысты тану; 3) тілдік қатынас таным процесінің қозғаушы күші; 4) тілдік қатынас – қоғам – табиғат ─ адам үштігінің жалпы өлшемі; 5) тілдік қатынас ─ тақырып – уақыт ─ тілдік бірліктер жиынтығы.
Пайдаланған әдебиеттер:
Оразбаева Ф. Тіл əлемі. Алматы, 368-бет
Ақаев С.Т. Терминнің тілдік жəне танымдық сипаты , 291-бет