Оқулықтар мен зерттеулер



Дата19.04.2023
өлшемі39,09 Kb.
#84699
түріОқулық
Байланысты:
15 - дәріс. Абайдың ақындық және өнер мектебі


15 - дәріс. Абайдың ақындық және өнер мектебі


Мақсаты – Абай Құнанабайлының ақындық мектебі, ақын шәкірттері, маңайындағы өнерпаздары туралы мағлұмат беру


Негізгі терминдер мен ұғымдар: әдеби мектеп, әдеби бағыт, әдеби ағым, өнер, әнші, күйші, ертегіші.


Қарастырылатын негізгі мәселелер:
1. Әдеби мектеп, топ, үйірмеге қатысты әдебиеттанушылардың көзқарастары
2. Абай ақындық мектебі туралы көзқарастар
3.Абайдың ақын шәкірттері мен өнерпаздары


Әдебиеттер:
Оқулықтар мен зерттеулер:
1. Абай. Энциклопедия. – Алмаы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995
2.Әуезов М. Абай Құнабаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. – Алматы,1995
3. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерекөздері. – Алматы, 1977
4. Мырзахметов М. Абайтану. 1-2 кітап. – Астана, 2014
3.Абай. Толық шығармалар жинағы.1- 2 том. –Алматы, 1995


Видео-электронды ресурстар:
https://www.youtube.com/watch?v=ccjk81Ru-dg
Абайдың ақындық айналасы
https://www.youtube.com/watch?v=RZ0aU1hLSrg
Қайым Мұхаметқанов. Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлы

Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Орыс зерттеушісі В.И.Кулешов «бағыт», «ағым», «мектеп» ұғымдарын біртектес ұғым ретінде қарайды» [1]. Ағым-бағыт пен мектеп бір ұғымның аясында немесе синонимдік қатарда қоланыла беретіні тағы бар. Көркемдік әдіс туралы пікір білдіруші Л.Тимофеев пен С. Тураев былай дейді: « ...мы говорим о художественных методах как наиболее общем понятии, о направлениях и о течениях как о его различных историко-литературных проявлениях и о школах и группах как наиболее частных его формах» [2, 90].


Абайдың айналасына шәкірт жинауы әлемдік әдебиеттану үрдісінде табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Мәселен, әдеби үйірмелерге төмендегідей анықтама беріледі: «Литературные кружки, творческого объединения литераторов на почве единства взглядов, интересов, направления творчества. К ним относятся также литератуные салоны и «вечера» [3, 192].
Әлем әдебиетіне көз жүгіртсек, әдеби мектеп атауына жақын әртүрлі әдеби үйірмелер, бірлестіктер мен салон-клубтар ертеден-ақ болған. Он бірінші ғасырдағы Әзербайжан әдебиетіндегі Ширвани мектебі, ХІІІ ғасырдағы Италиядағы алғашқы ақындық мектептердің бірі - «Сицилия мектебін» Джакамо де Лентино басқарған. XVI ғасырдағы франция әдебиетіне үлкен бетбұрыс әкелген Жан Дораның (1508-1588) «Жұлдыз» деген ақындық мектебі болған. Әдебиет пен театр өнерінің қосындысынан туған XVIІІ ғасырдағы «Испан классиктері» мектебін атауға болады. «Геттинген алқабы» (Геттингенская роща), «Көлді мектеп» (Озерная школа), Ресейдегі «Арзамас» атты әдеби ұйым, «Жасыл шам» (Зеленая лампа) әдеби-саяси үйірмесі, Франциядағы «Парнас» ақындар ұйымы тағы-тағылар. Әр мектептің, ұйымның ұстанған бағыты, мақсаты бар. Әрқайсысы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты туып, өз міндеттерін атқарды.
Ал, нақты ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстарға келетін болсақ, жалпы түркі руханияты тарихында ондай құбылыстардың болғаны анық. Әл-Фарабидің маңайына топтасқан шәкірттері, Ахмет Иассауи ұстазы Арыстан бабты ерекше құрметтеп жырына қосса, кейіннен Иассауидің өзінің сопылық мектебі оның қасына көптеген шәкіртер үйірді. Қазақта Жамбылдың пірі Сүйінбай болса, Ақмолла ақынның ұстазы - башқұрттың Маржаниы.
Абайдың да ақындық биікке жетуіне алдымен маңайы, ортасы ықпал етті. Ең алғаш қара өлеңнің уызын өз ауылындағы Байкөкше, көрші Сыбан еліндегі Дулат, Қарқаралыдағы Шөжелерден татты, асыл сөздің маржанын ел ішіндегі би мен шешеннен естіп, кеудесіне тұндырды. Кейін өзі игерген орасан білім мен өнерді елге тарату үшін қасына талантты шәкірттер жинап, тәрбиеледі. Алдындағылардай емес Абайдікі неше өнердің сәулесін шашқан бір қауым өнерлі жасты тәрбиелеген нағыз әдеби мектебі болды.
Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы С.Мұқановтың: «Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана құралатын «Абай шәкірттерінің» тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-отызға жетеді» [4, 59] ,- дейген пікір білдіреді
М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсеттерді атайды. Абай шәкірттерінің негізгі зерттеушісі Қ.Мұхамедханұлы 1951, 1959 жылдары қорғаған диссертацияларында Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсет, соларға қосымша Халиолла, Кәкітай, Мұхамеджан, Бейсембай, Баймағамбет, Мұқа, Әлмағамбет, Әубәкір сияқты өнерпаздар бар барлығы он үш адамды жатқызады. Шәкәрім мен Турағұлдың ол кезде «халық жауы» боп үлгерген кезі, ал Көкбайды шәкірттер қатарына қосқаны, ең үлкен «саяси қателік» болып, соңы үлкен дауға айналғаны белгілі. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі «Абайдың ақын шәкірттері» кітабына Ақылбай, Мағауия, Турағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Бұл кітабына Шәкәрім енбегенмен, «Абай мұрагерлері» еңбегінде Абай шәкірттері ретінде зерттелген. Сонда, ұзын-саны - он бес шәкірт.
Абай шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды [5, 8].
Ғ.Сералиев «Қазақ халқының данышпан ақыны» деген мақаласында: «Оның школасынан қанаттанған: ақын Ажар, Кемпірбай, Мәшһүр-Жүсіп, Шортанбай, Жүсіпбек қожа, кең даланы күңіреткен әнші Әсет, Біржан сал, ақын, домбырашы, скрипкашы, музыкант Ақылбай, гармоншы, скрипкашы Әбдірахман (Абайдың баласы) - міне, бәрі де Абайдың шәкірттері» [6] ,- дейді.
Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші «Абай и его русские друзья» [7] деген еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына тоқталса, бір жылдан кейін жарық көрген «Абай Құнанбаев» деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, «Абай және орыстың революционер-демократтары» кітабында: «Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары - Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, замандастары - Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған» [8, 24.] ,- деп әртүрлі жорамал жасайды.
Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші - Мұқа, Әмір, Мұхамеджан, күйші - Біткенбай, ертегіші - Баймағамбет Мырзаханұлы, Көрпебай, Құду сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген дұрыс. Абай өнерге ебі бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен. Шәкәрімді жас кезінде кездік соғуды үйренгеніне қатты көңіл бөлсе, музыкаға ебі барын байқап, Керей руынан атақты домбырашы Біткенбайды алғызады, орыстың мергеніне таныстырып, аңшылықтың қыр-сырын, инженер орысқа ертіп жер өлшеуді үйретсе, орысша білетін Нүрпейісті қолында ұстап, Шәкәрімге тіл сындыртады. Абайдың өнерге жақындығын: «Абай жазу еңбегімен қатар қазақтың қол өнеріне де көңілін бөлді, халықтың ою-үлгі, ағаштан, сүйектен әшекейлеп жасаған төсек, ыдыс-аяқ, күмістен сырға, білезік, жүзік соғу жұмыстарына да көптеген үлгі-өнегені өз еліне таратуға себепкер болды» [8, 76] ,- дейді Ә.Жиреншин.
Абай шәкіртінің кез-келгенінің бойында бірнеше өнер табылады. Мәселен, Кәкітайды ақын, шайқы Қиясбайдың да ақындығы бар, Мұқа әнші де өлең жазған, Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері және шебер музыканттығын бар, Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады. Сондықтан Абайдың айналасындағы өнерпаздарды (ақындық та өнер) шартты түрде екі топқа бөлуге болады: біріншісі - Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі - Абай айналасындағы өнерпаздар.
Ақын шәкірттері дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар ақындарды айтамыз. Олар Абайдың өз балалары - Ақылбай, Мағауия, Турағұл, немере інісі - Шәкәрім, ақынның қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жаста болса Абайдың шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Әйтсе де, кейінгілеріне Абай тақырып беріп, үлкен шығармалар жазғызып үлгермеді. Өйткені Әубәкір 23 жасында, Әрхам 19 жасында Абайдан айырылып қалды. Кейбір зерттеушілер «екінші топтағы» деп атап жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды ақындар да - Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттері. Барлық ақын-шәкірттің саны - он үш. Бұлар Абайдың тікелей рухани тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-кішілі ақындар.
«Екінші топтағы» ақындар деген пікірлер әрине олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа қатысты айтылған. Абай заманында ұстазбен күнделікті байланыста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал, Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары Абай ауылына келіп-кетіп, кейде тіпті айлап, апталап жатып Абай мектебінің өкілі атанды.
50-жылдары Қ.Мұхамедханұлы ақын шәкірт ретінде атаған Кәкітай Ысқақұлы - Абайдың ең жақын туысы ғана емес, өнерлі шәкірті, бірақ ақын болмаған адам. Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында «Тілім, саған айтайын» және «Көзімнің нұрысыз» деп басталатын екі өлеңді Кәкітайдың атынан жариялаған [9, 24-26]. «Абай жолындағы» ақын шәкірттердің жарыса өлең құрағанда Кәкітайдың төрттік жырды:
Бірің тоңып,бірің оң, жұмысым жоқ,
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның, - деп түйетіні бар. Осы көркем шығармадағы бір ауыз сөзден басқа Кәкітайды ақын дегізетін басқа шығарма өкінішке орай бізге жетпеген. Кәкітай - Абайдың тәрбиесінде болған ең жақын адамы, оның абайтануға қосқан үлесі де мол. Ақынның өлеңдерін жинап, алғы сөзімен Петербордан бастырып шығаруы Кәкітайды абайтану ғылымының негізін салушы етеді.
Қ.Мұхамедханұлы атаған Әлмағанбет Қапсәләмұлы - ақын емес, ерте әкесі өліп, Абайдың қолында өскен, кейін бірнеше музыкалық аспаптарда ойнайтын әнші, музыкант, «Абайдың әншісі» деген атаққа ие болған адам. Сол себепті ақын ретінде кейінгі кітабына Қайым Әлмағанбетті енгізбеген.
Елуінші жылдарда Қайымның Абай шәкірті деген адамдарының бірі - Халиолла Құнанбайұлы. Ол - ақындықты қумағанмен жазған өлеңдері бізге жетпеген трагедиялық тұлға. Екіншіден, Халиолланың өлеңдері табылған күннің өзінде ол Абайдың ақын шәкірті болмайды. Абайға алғаш орыс пен батыстың әдебиетін таныстырған Халелді Абайдың әдеби ортасының ірі өкілі деуге болады.
«Абайдың ақын шәкірттері» кітабына еніп, Абай шәкірті атанып жүрген ақынның бірі - Тайыр Жомартбаев. Т.Жомартбаевты Абайдың шәкірті деуден гөрі, Абай дәстүрін ұстанушы ақын деген орынды. Тайыр 20 жаста болғанда Абай дүниеден озыпты. 1884 жылы Көкбай ауылында (Мұқыр өзенінің бойында) дүниеге келген Тайыр Көкбайдың медресесінде оқиды. Одан кейін Семей қаласына оқуға кетеді. Тайыр - Абайды өлеңге қосқан, кемеңгер ақынның дәстүрін берік ұстанып, ағартушылық поэзиясын жалғастырушы қазақ әдебиетінің айтулы өкілдерінің бірі. Абайдың шәкірті Көкбай арқылы Абайдың ақындық мектебін жалғастырушы, дәстүрін ұстаушы деген орынды.
Ә.Жиреншин Абай еліндегі және сол елге жақын тағы бір топ өнерпазды шәкірт - ақындар тобына нақақ қосып жібереді. Мәселен, Нұрлыбек Баймұратұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген ақын, Абай дәстүрін жалғастырды дегенімізбен, Абайдың қасында болмаған. Төлеу Көбдікұлы Абаймен жақсы араласқан Қуандық Сабырбайқызынан туады. Абайды бірнеше рет көрген, ақынға арнаған өлеңдері, естелігі бар. Десек те, бұл айтылғандар Төлеу ақынды Абайдың шәкірті ете алмайды. Ә.Жиреншин атаған Байкөкше Балғынбайұлы Абайдан көп үлкен адам. Халықтың бай ауыз әдебиетін оның ішінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын алғаш Абай өз ауылының ақыны Байкөкшеден естіген. Жасынан ерекше құрметтеп, есейген шағында Байкөкшені қасына ертіп жүрген. Өткен тарихтан сыр тартып, Абай Байкөкшеге жыр айтқызып, сол көлемді мұралардың жұрнағы бүгінде ел аузында сақталған. Сондықтан, біз Байкөкшені Абайдың шәкіртінен гөрі ақынның қасында жүрген жыр серігі деп танығанымыз абзал.
Абай қасында жүрген өнерлі адамдардың бірі - Ағашаяқ. Шыңғыстауда, Мұқыр болысында туған әнші, күйші, ақындығы да бар сегіз қырлы өнерпаз Берікбол Көпенұлы. Абайдың қасында жүріп ән-өлеңдерін ел арасына таратқан. Ағашаяқтың ақындығынан гөрі әншілік өнері басым болған өнерпаз. Алуан түрлі цирк ойындарының шебері Абайдың өнерпаз серігі десек жарасымды. Сондай, өнерпаздардың бірі - шайқы Қиясбай да ел ішіндегі келеңсіздікті мазақ етіп, қашанда тосыннан тауып айтар ойлы сөзімен Абайға жағып, қасында болған жан. Бірақ ақын шәкірті емес. Абайдың мұңлы да, ойлы жүрегіне күлдіргі ісімен, қияңқы сөзімен дәру бола білген досы. Ал, Көрпебай Боранбайұлы Абайдың замандасы, досы, шебер тоғызқұмалақшы, ақындыққа еш қатысы жоқ.
Қорыта айтқанда, Абай тек ақындық өнерге баулушы ғана емес, жалпы бойында қандай өнері бар жастарды қасына жинады. Ән-күй, құсбегілік, атбегілік, тоғызқұмалақ, дойбы өнерін үйренушілер мен балуан, желаяқтар Абай маңынан табылда, бойындағысын шыңдады. Білгенін үйретіп, білмегенін алыстан іздеп, әнші шақыртып, дойбышыны бір қыс қонақ етіп, ағаш шеберіне ат-шапан пұлын беріп дегендей өнер іздеді, жанындағыларды баулыды. Сондықтан да, Абай шәкірттерінің саны әлдеқайда көп болуы заңды. Ол шәкірттер - Абайдың өнер мектебінің шәкірттері.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет