Ілияс Есенберлин
Махаббат мейрамы
Роман
БІРІНШІ ТАРАУ
Махаббатқа деген ешбір əлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда,
Қозы Көрпеш -Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық
ғашықтық болуы мүмкін емес.
− Сіз солай ойлайсыз ба?
(Театр фойесінде естіген сөз)
Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт
келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы.
Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дəл қазір тікенек
боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады.
Əлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сəл тұрады да, қайтадан
жүріп кетеді. Жəне осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер
емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне
қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем
қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені
күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай
құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дəл осы сəтте кеудесінен біреу итеріп
жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі
иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге
қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа
алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында
ойын добы тəрізді ұзақ жүрді. Өзі де əбден шаршады. Сонда да жүріп
келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тəрізді. Аялдар емес. Сонда
осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе
жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет жəне жай қасірет емес, жас көңілдің
мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан
мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті
еді.
Бірақ ол қасіреттің қандай ауыр қасірет екені тек өзіне ғана аян.
Еркебұлан, тек таң елең-алаң біліне бастағанда ғана, қалаға қарай беттеді...
Ал бұл кезде, Алматының орталық ауданындағы қалың ағашты бір
көшеде ерсілі-қарсылы тағы бір адам жүрген. Көмескілеу түскен көше
шамының жарығы, əжімделіп кеткен мейірбан жүзінің сынық екенін, үлкен
қой көздеріне қайғы тұманы ұялағанын көрсетіп тұр. Бір кездегі сұңғақ
бойының бүкірейіп, аяғын сылбыр басқанынан, іште жатқан қобалжу,
мазасыздану кейпі суығын сыртқа шығарып, оны əлсін-əлсін уһілеткеніне
қарағанда, бұның да көңілі налалы, жаны жаралы кісі екені даусыз.
Ағараңдап қылау түскен дудардай шашын əлсін-əлсін бес саусағымен тарап
қойып, ол үйінің жанындағы тротуарда тұнжырай адымдайды. Кенет
тоқтай қалып, көшенің екі жағына əлденеден үміттене, телміріп қарайды.
Сосын қабырға сағатынын, тіліндей, тағы ерсілі-қарсылы жүре бастайды.
Бұл - Еркебұланның əкесі - ақын Асығат еді. Əйгілі ақын бүгін Тың
өлкесінен келген. Түс кезінде баласы Еркебұлан бұны аэропортта күтіп
алған. Əкесін үйге əкелгеннен кейін ол: «Қазір келемін»,- деп шығып
кеткен. Содан əлі жоқ. Ал сырқат жұбайы жылай отырып, баласынын
қандай күтпеген кеселге душар болғанын айтқан. Содан бері əкеден тіпті
маза кетті. «Əне келеді, міне келеді»,- деп күн батқанға дейін күтіп отырып,
баласы келмеген соң, дəл бір мына түсіп келе жатқан қара көлеңкемен бірге
үйіне қара жылан кіретіндей, бұдан əрі шыдап отыра алмай, сыртқа
шыққан. Содан бері далада жүр... Əр сағатта үйіне кіріп, сырқат əйелінен:
«Телефон соққан жоқ па?»- деп сұрайды да, «Жоқ»,- деген жүдеу үнді
естіп, көшеге қайта шығады.
Түн ортасы əлдеқашан ауып кеткен. Күні бойы ағылып жататын
машиналар легі де саябырлаған... Алыстан шамы жарқырай көрінген бірен-
саран машинаға ол үміттене қарайды, бірақ машина дəл қасынан аққан
жұлдыздай зымырап өте шығады. Енді тағы, базарлы байтақ дүниені
осынау қараңғы түн жұтқандай, көңілі жасиды. Əлдеқалай соға қалған жел
зəулім қарағайлар мен емендердің бастарын шулатады. Жəне баласын
күткен əкенің қобалжыған жүрегі ғана лүп-лүп соғады...
Октябрь революциясымен құрдас Асығат жеті жасында жетім қалып,
балалар үйінде тəрбиеленген-ді. Лениншіл жастар одағының мүшесі боп,
алғашқы бесжылдықтарда зембіл көтеріп, тəшке айдаған құрбыластарымен
қатар ұлы құрылыстарда еңбек етті. Университет бітіріп, Ұлы Отан
соғысына қатысып, ауыр жарақаттанып қайтқан. Ақын дарыны - жер
астынан шыққан көз тəрізді. Егер ол кез қуатты болса, қара тасты қақ
жарып көкке атылып, жолында қандай бөгет кездессе де, жазық далаға
шығып, сел боп тасиды. Ал дəрменсіз жаратылса, ол жырадан жылай ағып,
көгал қуып, біраз жерге барады да, ақырында бір ойпатқа кездесіп, сазды
топыраққа сіңіп жоқ болады. Асығат заманымен үндес бола білді. Соның
арқасында атақ, даңққа жетті. Асығат ұзақ жылдан бері жазып келе жатқан
үлкен дастанын əлі бітіре алмай жүрген. Ал жасы болса келіп қалды. Қазір
міне алпыстан асып барады. Алпысқа дейін айтайын дегенін айтып үлгіре
алмаған ақын, бұ да арманды ақын. Асығат дастанын бітіру үшін биыл жаз
шыға бір кезде жас үміті жетем деп алыстағы қиялға қанат қаққан, өзі туған
Тың өлкесіне жүріп кеткен. Онда дастанының кейіпкерлерімен кездесті.
Тау-тау боп үйілген алтын астықты көріп, дастанын тез бітіруге лепіріп
қайтқан Асығаттың көңілі Алматыға жетісімен кенет су сепкендей
басылды. Аэропортта күтіп алған Еркебұлан - кеше өзін Тың өлкесіне
шығарып салған Еркебұланы емес еді. Қас-қабағы қиылып, адамға тек
күлімсіреп қарап тұратын қара торы жүзі енді күн жеген шүберектей боп-
боз боп өзгерген. Үлкен, мейірімді, ойлы көз жанарына қайғы ұялағандай
тұмандана қалған. Жоқ көзін ой туманы, не қайғы туманы емес, адамның
үрейін алатын бір ашу туманы басқандай ма, қалай... Сұңғақ бойы да, екі
иығын зіл көтертпей тұрғандай сəл бүкірейе түскен.
Баласының түрін көріп шошып кеткен əкесі, құшақтасып амандасып
болғаннан кейін шыдай алмай:
− Қалқам, ауырып жүрген жоқсың ба? - деп сұрады.
− Ауырып жүрмін,- деді баласы əкесіне қарамай теріс бұрылып,
самарқау.
− Қай жерің ауырады?
− Жаным...
Баласы қанша тұйық болғанмен, əкесінен сыр жасыра қоймайтын. Бұл
жолы да сол əдетімен ашық жауап берген секілді.
Асығат бұдан əрі сұрақ бермеді. Үйге барған соң кең отырып
сөйлеспекші болып, күтіп тұрған машинаның арт жағына баласымен
қатарласа отырды. Тек отырып жатып, баласының аузынан арақ иісі шығып
тұрғанын сезді.
Еркебұлан - Асығаттың жалғыз ұлы. Былтыр ғана Москваның
архитектуралық институтын үздік бітіріп келген. Əкесінің осы жалғыз
ұлынан үміті зор болатын. Рас, оның жобасымен əзірге бір де бір елеулі үй
салынған жоқ, бірақ «Əке балаға сыншы» дегендей. Еркебұланының
қабілетті екенін Асығат сезетін. Оның үстіне баласы еңбекқұмар.
Сондықтан оның келешегін ойлап бəлендей мазасыздана қоймайтын. Ал
қазір жалғызының «жаны ауырып» жүр екен! Жəне бұрын-соңды істемеген
əдетін істеп, əкесін қарсы алғанда, тал түсте арақ ішіп келген. Рас, мас
емес, дегенмен баласының бұл қылығы оған ұнамады. Үйге барысымен
бəрінің себебін білуге асықты. Бірақ Еркебұланы əкесінің чемоданын үйге
кіргізісімен: «Қазір келемін»,- деп кетіп қалды. Сол кеткеннен ол əлі
оралмаған-ды.
Баласынын келуін күтпей, Еркебұланы шығып кетісімен Асығат жүрегі
ауыратын əйелінен:
− Балаң қашаннан мұндай? Қай жері ауырып жүр? Маған неге хабар
бермедің? - деп сұрады. − Өзі тіпті адам шошырлықтай жүдеп кетіпті ғой.
Жоқ, жүдегеннен гөрі өзгеріп кеткен бе, қалай...
Əйелі еңіреп қоя берді.
− Оның себебі арақтан,- деді өксігін баса алмай. − Екі айдан асып
барады, күнде мас. Саған хабар беруге дəтім бармады. Сенің де жүрегің
нашар ғой, тіпті ауырып қалар деп қорықтым.
− Бекер өйткен екенсің,- деді Асығат. − Біздің Еркебұланнан басқа
кіміміз бар? Егер бұрынырақ хабар бергенінде...
Əйелі тағы солқ-солқ жылады.
− Жиырма беске келгенінше ондай жаман мінезін бір көрмеген сорлы
басым... Əне қояды, міне қояды деп, сеніп келдім ғой... Ақырында мінеки.
− Сонда ол... мас болғанда қалай, өрескел мінездер көрсете ме?- деп
сұрады Асығат абыржып.
− Жоқ,- деді əйелі өксігін əзер басып. − Ес-түсінен танып өлердей
ішпейді. Үйді тауып келеді. Жəне мас болып төбелесіп, не өзгелердей өлең
айтып көңіл көтеруді де білмейді. Қабағын қарс жауып алып, қайдағы жоқ,
өмірден безген үрейлі, өкінішті сөздерді айтады. Кейде оның мұндай күйін
көріп күйініп мен жыласам, мені аяп, қоса жылайды. Ондай минуттарында
ол: «Енді қоямын»,- деп уəдесін де береді. Бірақ ертесіне тағы ішеді. Тағы
да түні бойы көше кезіп, үйге тек таң ата ғана келеді. Біреу-міреу түнде
қастық істеп жүре ме деп, кейде жібергім келмесе, оған тіпті көнбейді.
«Аэропортқа бір қызды шығарып салатын едім»,- деп қайдағы жоқ, өтірік
сылтау айтып, тіпті жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде, үйден шығып жүре
береді. Тағы таң атқанша келмейді. Ондайда жібермеймін деп есікті кілттеп
қойсам, балконнан секіремін деп жұлынады. Қорыққанымнан есікті аша
қоямын. Менің ауырып жатқаныма да қарамайды. Жалғыз баланың мұндай
болғаны... − Əйелі тағы да жылап жіберді. − Өзің білесің, бұрын қандай еді,
бүйтіп біреуіміздің көңілімізді қалдырмақ түгіл... Жоқ, жоқ, жалғызымның
мұндай күйге түсуі арақтың ғана əлегі емес. Оның басқа бір себебі бар
сияқты.
Асығат əрі-бері теңселіп, ұзақ уақыт үнсіз жүрді.
− Иə, иə,- деді ол əлден уақытта,- сөз жоқ, арақты ішкізіп жүрген де сол
себеп, түні бойы көшелерді кездіріп жүрген де сол себеп.
− Жəне қанша жалынып сұрасаң да, ештеңе айтпайды.
− Айтуға аузы бармайтын шығар, ұяты, намысы жібермейтін шығар.
Кенет Асығаттың бойы тітіркеніп кетті. Өз басынан өткен бір оқиға
есіне түсті.
Асығат соғыстан жараланып қайтқаннан кейін бір орталық мекемеге
жауапты қызметке орналасқан. Бір күні бұны мемлекеттік қауіпсіздендіру
комитетінің қызметкері шақырған. Түсі суық полковник Асығаттың қайда
туғанын, қайда оқығанын, əскерде қай полкта қызмет істегенін, қалай
соғысқанын, орталық мекемеге қалай орналасқанын, бəрін-бəрін сұрап
отырды да:
− Ал енді сіз маған неміс фашистеріне қалай сатылғаныңызды, қалай
олардың агенті болғаныңызды айтыңыз,- деді.
Асығат бастапқыда түсінбей қалды. Сөз ызғары санасына жеткенде
барып, өне бойы шымырлай жөнелді.
− Сіз ондай сөзді айтпаңыз! - деді кенет даусы дірілдеп кетіп.
− Жə, жетеді! - деді кенет полковник даусын қаттырақ шығарып. − Бізді
əуре етпей, одан да шыныңды айт!
Асығат «осы шынын айтып отыр ма?» дегендей полковниктің бетіне
таңдана қарады. Жоқ, ол қалжыңдап отырған адам секілді емес, қабағы
түйіліп, беті сұрланып кетіпті.
Асығат əзер-əзер сөйледі.
− Сіз маған жала жаппаңыз...
− Жала? Қайдағы жала? Гестапоға мына қолхатты сіз бердіңіз бе, əлде
мен бердім бе? − Ол алдындағы папкадан бір қағазды алып Асығаттың
алдына қойды. − Балтық теңізінің жағасындағы бір қалаға шабуыл
жасағанда латыш партизандары гестапо штабының қағаздарының арасынан
тауып алыпты. − Əлде бұл сурет сіздің суретіңіз емес, ал мына жазу сіздің
жазуыңыз емес пе? Қол да сіздікі!
Асығат қағазды алды. Бір жапырақ қағаз... Бірақ осы бір жапырақ
қағаздың ішінде, дүниенің бір бəлесі тұрғандай жүрегі күні бұрын қобалжи
қалды. Қағаздың шетінде фотосурет. Бəлен жылда, бəлен айда неміс
басқыншыларының совет жерінде тыңшысы болуға берген Асығаттың
қолхаты. Фото суреті де өзінікі. Қолхаттағы жазу да өзінікі. Тіпті қолды да
өзі қойған.
Асығаттың маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалған.
− Енді не айтасың? Бəрі де анық емес пе?
− Ештеңе де анық емес! - деді кенет Асығат даусы қатты шығып кетіп, −
соғыста мен жүз жиырма екі миллиметрлік корпустың батарея командирі
болдым.
− Онда бұл қолхат қайдан келді? Сурет те, жазу да өзіңіздікі екенінен
танбайсыз ғой?
− Иə, бəрі менікі. Бірақ мен еш неміспен кездескен, сөйлескен жан
емеспін. Рас, соғыс болар жылдың қысында Ригада əскерде жүріп, кемемен
Гамбургке неміс мемлекетінің азаматтығындағы адамдарды апарып, ол
қаладан біздің адамдарды алып қайтқан əскери конвойда болғаным бар.
Полковник оның сөзін бөліп жіберді.
− Мүмкін, бұл қолхатты сонда берген шығарсың? Жағаға шығып па
едіңдер?..
− Иə, жағаға шығып, екі сағаттай қаланы араладық бірақ мен жұрттан
бір қадам бөлінген жоқпын...
− Қысқасы былай,- деді полковник,- сенің мынандай қолхатыңды көре
тұрып, бізден бөтен адамдар болса, өзіңді əлдеқашан тұтқынға алар еді.
Əзірге сенің ешкіммен байланысың жоқ екендігін анықтап отырмыз.
Мүмкін бұл қолхатты бермеген боларсың. − Кенет полковник Асығатқа
түйіле қарады. − Əлде бердің бе? Біреудің азғыруымен беруін де мүмкін
ғой. Əйел, ақша, арақ дегендер бар... Қателесуің мүмкін, тым жассың ғой...
Ойлан, қалай болды, сені азғырған кім? Шыныңды айт. Ұсынған басты
қылыш кеспейді. Ал егер, шыныңды айтпасаң, бізге өкпелеме! Бəрібір біз
анығына жетеміз!
Асығат басына қандай қауіптің төніп тұрғанын енді түсінді. Түсініп,
жылап жібере жаздады.
Алға басқан аяғы кейін кетіп, үйіне əзер жетті. Ертеңіне өзімен əріптес
жəне сырлас жолдасына қандай пəлеге ұшырағанын айтты. Анау бұған
бірден үрке қарады.
− Онда... Сен біздің аппаратқа қалай кіріп кеттің? - деді Асығатқа
сезіктене көз тастап.
Біреу дəл маңдайынан ұрып жібергендей, Асығаттың көзі қарауытып
кетті. Əзер құламай қалды.
Бір күні оны белім бастығы шақырды. Бұл бір байсалды, жан дүниесі
кіршіксіз, əділетті кісі еді. Оған Асығат жағдайын сектор қызметкері айтты
ма, əлде өзімен сөйлескен полковник жеткізді ме, белгісіз, ол əйтеуір
мəймөңкелемей негізгі əңгімеге бірден көшті.
− Қалай десе де, сені неміс тыңшысы дегенге мен сенбеймін,- деді бөлім
бастығы. -Сондықтан анығына жетпей күні бұрын қызметтен босатуды
дұрыс көрмедім. Əлі де тексерсін. Ал сенен бірдеме сұрайын деп едім...
− Сұраңыз.
− Маған партбилетіңді берші,- деді ол сəл кідіріп.
Асығат, жүрегі аттай тулап, тос қалтасынан партбилетін алды да, бөлім
бастығына берді.
Бөлім бастығы бірінші беттегі Асығаттың суретіне қарап сəл отырды да,
сөзін қайтадан бастады.
− Сен майданда жүргенде жау тылына, не жау шебіне барлауға барып
көргенің бар ма?- деді.
− Мен алыстан атылатын зеңбірек батареясында істедім. Барлаушы
болған емеспін.
− Анкетаңнан көрдім, партияға соғыс алдында, қырқыншы жылы кірген
екенсің... Содан бері партбилетіңді жоғалтқан, əлде біреуге берген кезің
болған жоқ па?
− Жоқ, партбилетім үнемі өзіммен бірге... Оны - өмір бойы мына
жүрегімнің үстіндегі сол жақ қалтамда сақтап келемін...
− Ғажап екен!- деді ойлана бөлім бастығы. − Соғыста ғой барлауға
шығарда, жау тылына барарда, əскери документтерін, партбилетін
парткомге тастап кетем емес пе... Ал сен партбилетіңді өмір бойы өзіңмен
бірге алып жүріпсің... Сонда ана қолхаттағы сурет қайдан келді?
Айнымаған мына партбилетіңді суретін.
Асығат боп-боз боп төмен қарады.
− Білмеймін.
− Осындай сурет бөтен жерде де болуы керек Қой. Мысалы есеп
карточкаңда. Бірақ есеп карточкаң тылда қалыпты. Қысқасы, бұл сурет
гестапо қолына түсуі мүмкін емес.-Бөлім бастығы кенет басын көтеріп
алған. − Сен əскерге қай жылы шақырылдың?
− Қырқыншы жылы.
− Ол кезде, соғыс тұсындағыдай емес, əскерге шақырылған жігіттің
киім-кешегі, қағаздары өзі қызмет істеп жүрген полктың қоймасында
сақталатын еді ғой, ұмытпасам, жəне əскерден босанғанда солдат сол өз
киімдерін киіп қайтатын. Соғыс басталғанда сен қайда едің?
− Соғыс басталардан үш күн бұрын мен Рига əскери саяси қызметкерлер
дайындайтын оқуда едім.
− Заттарың ше?
− Əлі күнге дейін есімде, сол Ригадағы Крише барон көшесі, тоқсан
екінші үйдегі əскери қоймада болатын. Керек болып чемоданымнан бір-екі
қағазымды алғаным да бар. − Асығат кенет елегізіп. − Бірақ біз соңынан
Ригадан шегінгенде, мен қала шетіндегі көпір күзеттерінде болып, ондағы
заттарымды, қағаздарымды қайтып ала алмадым, сол қоймада қалып
қойды. «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, қоймаға соғуға мүмкіншілік
болмады... − Асығат əлденеден үміттенгендей көзінде бір жарық нұр пайда
болып ойлана. − Əлде... əлде...
Міне осы оқиға қазір есіне түсті.
Тек артынан барып, совет əскерлері шегініп, Ригаға фашист
басқыншылары кіргеннен кейін, сондағы қоймада қалған саяси
қызметкерлердің қағаздарының ішінен суреттерін, басқа документтерін
тауып алып, «Бұлар біздің тыңшыларымыз» деген жалған қолхаттар жəне
басқа сенім қағаздар жасап, совет жеріне əдейі таратқаны белгілі болды.
Бірақ бұның бəрі соңынан ашылды. Ал жоғарғы жақтан нұсқау келіп,
мұндай пəледен ақталғанша, Асығаттың құр шықпаған жаны қалған-ды.
Инеліктей боп, жүдеп бітуге айналған. Отаны, халқы үшін жанын қиюға
бар адамды сен сатқынсың деп кінəлау кімге болса да жеңіл тимесе керек-
ті.
Осы бір жан күйінер оқиға есіне түскен Асығат баласының араққа
салынуы осындай бір ауыр күйіктің салдары екеніне шек келтірмеді.
Бірақ Еркебұланын сондай жамандыққа жеткізер ол қандай күйік? Дəл
осы кезде Асығаттың ойын əйелі бөліп жіберді.
− Мүмкін, оның мұндай жағдайға жетуі Жұлдыздың кетіп қалуымен
байланысты шығар?- деді əйелі.
Күйеуі жалт қарады.
− Қайдағы Жұлдыз?
Əйелі болған хикаяны айтып берді.
Енді Асығат баласын көруге бұрынғысынан да асыға түсті.
Еркебұланның басына түскен ауыр кеселдің себебін білу керек. Бірақ
Еркебұлан ол күні таң ата келіп, сөйлеспей жатып қалды. Ертеңіне де
сөйтті. Əкесі ебін тауып, оның шала мас кезінде сыр тартпақ болса, баласы
бұрынғысындай сырын ашпады. Тек «Жаным ауырады» деген бір-ақ сөзбен
жауап береді де кетіп қалады. Ал Еркебұланның адам шошынарлық
қылықтары күннен-күнге үдей түсті. Əкесі ақырында баласын дəрігерлерге
көрсетуге мəжбүр болды.
Еркебұланмен ұзақ сөйлескен екі дəрігер жас жігіттің соңғы кезде айтып
жүрген: «Мен секілді құнсыз адамның дүниеде тұруының еш қажеті жоқ,
сендерді де, өзімді де əуре етпеймін, қинамаймын, көп кешікпей өлемін», -
деген сөзін өз құлақтарымен естіп, екеуі бірдей Асығатқа: «Балаңыз
шатыса бастаған, депрессияның бір ауыр түріне ұшыраған. Тезірек
жындыханаға жатқызып емдеу керек, əйтпесе өзіне-өзі қол салып жүруі
мүмкін»,-деді.
Жалғызында ондай аурудың кішкентайынан белгісі жоқ екенін білетін
əке:
− Мүмкін, бұның істеп жүргенінің бəрі арақтың салдары болар, бұрын
ішіп көрмеген жігіт бірден салынып кеткендіктен, өзін-өзі тоқтата алмай
жүрген жоқ па? - дей келіп, дəрігерлерге өтініш жасады. − Алдымен
арақтан емдеп көрсеңдер қайтер еді? Арақ ішуден жазылса, ар жағында
қандай кеселі барын сосын іздеп көрер едік.
− Жоқ - деген үзілді-кесілді сөйлеп, мұндай сырқаттың маманы
саналатын профессор əйел. − Балаңыздың арақ ішуі де сол депрессияның
салдары. Ол көңілін, жанын жеп бара жатқан жаман ойлардан, мазасын
алып, қорқытатын құбыжық сезімдерден құтылу үшін арақ ішеді. Өзіне
жеңілдік іздейді. Əрине, арақ бұған жеңілдік бермейді, əрі-беріден кейін
ауруын асқындыра түседі. Содан барып ол: «Өлемін, дүниеде тұрғым
келмейді»,- деген сөздерді айтады. Дұрысы, балаңызды қазір арақтан емес,
негізгі кеселінен емдеу керек. Жəне тез емдетпесеңіз, өкінішке ұрынып
жүруіңіз ақиқат.
Ақырында дəрігерлер Еркебұланды тезірек жындыханаға жатқызу керек
деп шешкен.
Жындыханаға жатқызу секілді жан түршігерлік əрекетке əке-шешесі
жалғыз ұлдарын қанша қимағанмен, амал жоқ, бөтен лаждары болмай,
дəрігерлердің айтқанына көнді.
Міне, осындай шешімге келген Асығат, кеше түс ауа, жердің үстіменен
барып, астыменен қайтқандай болып, жалғыз ұлын жындыханаға апарып
салған.
Əке-шешеге бұдан артық қасірет болар ма?
Шешесі баласын əкеткенде құлаған, басын қайтадан көтере алмады.
Онсыз да жүрегі ауру адам, енді əлсін-əлсін кемсендеп жылап, қайғыдан
біржолата жатып қалды.
Ал əкесі көрер таңды көзімен атқызып, түні бойы өз бөлмесінде ерсілі-
қарсылы жүрді де қойды. Жалғыз баласы қазір жындыханада жатқаны
есіне түсіп кетсе болғаны, өкіріп жылап қоя береді. Содан кейін ақырын
созыла қайта тұрып, аяғын ілби басқан сынық қанат жаралы құстай
«Құлыным-ай, құлыным, қор болдың ғой»,- деп күйіне дауыстап тағы
жүріп кетеді.
Бұл түнде Асығат қанша ойласа да баласын мына сұм кеселден қалай
құтқарудың жолын таба алмады. Бар болғаны Еркебұланның сəби кезіндегі
кейбір тəтті қылықтарын, жаның риза еткен суреттерін есіне түсірумен
болды.
Əлі есінде, сол сурет көз алдында тұр: міне, қолына бір шумақ гүл
ұстаған, қозыдай монтиған Еркебұланын Асығат алғаш рет мектепке апара
жатыр... Құшақтап бетінен сүйіп; «Жолың болсын, құлыным, жақсы оқы»,-
дейді əкесі.
«Жақсы оқимын, көке»,- дейді Еркебұлан көзі жаутаңдап...
Уəдесінде тұрған баласы мектепті алтын медальмен бітірген күнді қалай
ұмытсын?! Үстінде қара костюмі, ақ көйлегі бар уыздай жас өспірім,
əкесіне еркелей қарап, алтын медалын көрсетіп тұр. Көзінде күн сəулесіне
бергісіз қуаныш...
Тағы бір сурет: былтырғы кездесу. Аэропортқа барған əкесіне
самолеттен түсе сала жүгіріп келе жатқан Еркебұланы. «Кім бұны
дипломды инженер дер! Бала! Бала!»
Шіркін, дүние-ай, нелер қызық күндерді басынан өткізген екен ғой
Асығат! Əсіресе Еркебұланымен байланысты қуаныштарды айтсаңдаршы!
Сөйткен жалғыз ұлы... Иə, иə, жалғыз ұлы! Кім ойлаған сол бір күні мұның
жалғыз ұлы боларын? Қандай қайғыдан басталып еді, арты қуанышқа
айналған сол бір күн? Қандай қайғыдан?!
Тоқал тамның есігінің алдында тұрған бидай өңді, бота көз келіншек
қолында ұйықтап кеткен бір жастан асып бара жатқан кішкентай қыз
баласын жанындағы шыбықтан тоқыған қорапты қол арбаға салды. Үстіне
түйе жүн шəйі көрпені жапты. Сосын балаға қарады. Бала аппақ, əдемі еді.
Кішкентай томпақ еріндері сəл-сəл ашылып, пысылдап ұйықтап жатыр.
Келіншек ауыр күрсінді. Сөйтті де, кенет мейірі түсіп кетіп, еңкейіп
баланың маңдайынан шөп-шөп сүйіп алды. «Қарлығашым - Жұлдызым,
енді сен менің қызымсың!»- деді ол насаттана күбірлеп. Бұл келіншек −
Асығаттың əйелі Қырмызы еді. Осыдан бір ай бұрын күйеуі поезд қағып,
қыршын кеткен көршісі Базаргүлдің өкпесінен суық тиіп, қатты ауырып
қалған. Жақында ғана ауылдан көшіп келген жас семьяның бұл арада жан
ашыр бөтен ағайын-туыстары болмаған соң шешесі ауруханадан
шыққанша қарай тұруға Базаргүлдің кішкентай Қарлығашын Қырмызы
алып қалған. Бірақ бес күннен кейін Базаргүл ауруханада жатып дүние
салған. Асығатқа қосылғанына жылдан асып кетсе де, əзірге бала
көтермеген Қырмызы енді не істерін білмеді. Бір жеті болса да бауырына
сап, үйреніп қалған жас əйел сүп-сүйкімді Қарлығашты нəрестелер үйіне
беруге қимады. Ал баланы ала қоятын Базаргүлдің бөтен жақындары
табылмады, Ақырында аналық сезім жеңді, Қарлығашты енді өз бауырына
салмақ болды. Міне, содан бері бір ай өткен. Осы бір айдың ішінде
Қырмызы Жұлдызға əбден үйренді. Оның өзінен тумағанын да ұмытып
кетті. Егер бұны аламын деген Базаргүлдің жан ашыры табыла қалса да,
«Енді ешкімге де бермеймін»,- деп, қазір сəбиді айналып-толғанып тұрғаны
да содан еді.
Қырмызы ұйықтап жатқан баладан көзін алмай, сүйсіне қарап біраз
тұрды. Дəл осы кезде жанындағы қалың ағаш арасындағы жолдан ат дүбірі
естілді. Сөйткенше болған жоқ, дəл қасынан бір салт атты кісі өте берді.
Кертөбел аттың үстінде оба тастай боп қожбан қара жігіт бір жамбастап
отыр. Əйелге қарады. Көзінде ашу, ыза, өкпе. Қырмызы дір ете қалды.
Қырмызының бұл көп жылдан бергі қасы еді. Қаражан бұдан екі жас
үлкен болатын. Екеуі бір мектепте оқыған-ды. Қырмызы жаңбыр жуған жас
гүлдей қандай əдемі жəне нəзік болса, Қаражан кескен томардай шомбал
денелі, сондай дөрекі мінез, рабансыз еді. «Қырсық қырына алса, қырық
қырдың астынан табады», осы Қаражан, тоғызыншы класта оқып
жүргенінде Қырмызыға өлердей ғашық болсын. Жəне құр ғана жақсы
көрген жоқ, қыздың дəл бір көлеңкесі тəрізді қыр соңынан қалмай қойды.
Ал нəзік ойлы, сұлу Қырмызы Қаражанды сүймек түгіл оны көрсе жүрегі
айнып, өзіне ғашық жігіттің жүрген жерінен бойын аулақ салды. Бірақ
соғыста əкесі өліп, сырқат шешесі мен үлкен анасының қолында қалған
жас өспірім қыз Қаражаннан оңай құтыла алмады. Оған себеп -
Қаражанның əкесі колхоз бастығы. Ал Қырмызының жездесі сол колхоздың
бас бухгалтері. Оған бастығының ықпалы өктем. Оның үстіне «Қарға
баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді» дегендей, əкесі
сотқар баласының айтқанын екі етпейді. Ал Қырмызының жездесі бір
шырпыны екі бөліп от жағатын пайдақор кісі болатын. Қысқасы, бұл екеуі
жең астынан жалғасып, құда болды. Бірақ бұл кезде колхоз бастығының
баласы өзімен бірге оқып жүрген бір бала жігітті пышақтап, екі жылға
сотталып кетті. Қаражан мезгілін өтеп, абақтыдан қайтқанша, Қырмызы
Алматыдағы университетке түсті. Содан екі жылдай өз колхозына келмей
қойды. Бұл кезде шешесі мен жездесі бірдей өліп, екі баласымен жесір
қалған апасы сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеп жүрген.
Оның күйеуінен қалған мал-мүліктің біразын колхоз бастығы сіңліңе
берген қалың малымның тəуі деп, ебін тауып қайтарып алды. Бірақ бұл
дүние оған да оңа бермеді. Көз бояп, колхоздың жылдан-жылға жоспарын
орындаған боп, күрке тауықтай күмпиіп жүрген колхоз бастығының көп
кешікпей сыры ашылды. Толып жатқан озбырлық, жемқорлық қылмыстары
айқындалып, орнынан түсті. Əне-міне сотталады деп жүрген кезінде, о да
кенет дүние салды. Əке арқасында ойына келгенін істеп өскен сотқар
Қаражанға амал жоқ өз күнін өзі көруге тура келді. Бірақ қандай жұмысты
міндетіне алмасын, шын көңілімен істей алмады. Осындай мінезінің
арқасында тамағы сау, қара тасты қақ жарардай қарулы жігіт, шөре-шөре
боп, ауыл арасындағы жұртқа жексұрын көріне бастады. Өстіп жүргенде
шешесі өлді. Жалғыз қалған Қаражан бұрынғыдан бетер бүліне түсті.
Арақ ішіп, төбелес шығаратын болды. Міне, осындай бір жылы колхозға
Қырмызы келді. Тал шыбықтай бұралған, қос бұрымы жерге түскен, жігіт
біткен қызығып тамсанарлықтай сұлу қыз. Əсіресе Қаражан іші күйіп,
өртеніп өле жаздады. Кешегі қалың малы төленіп, бүгін-ертең алам деп
жүрген Қырмызысы, міне, енді Қаражанға көзінің қырын да салар емес.
Кенет осы бір қызға деген өшпенділік оның бойын билей бастады. Қаражан
сонау он жылдықты бітірген сауық кеште бірге оқып жүрген жолдасына
Қырмызы үшін пышақ салған. Қырмызы сол кеште колхоз мұғалімінің
баласы Мұқашпен билеп жүрген-ді. Қаражан бала жігітті былай шығарып
алып: «Сен менің қалыңдығыммен билеуіңді қой»,-деп қалш-қалш етті.
Оған Мұқаш: «Қызық екенсің, кімнің кіммен билегісі келсе, сонымен
билеуге еркі емес пе? - деді. Дөрекі Қаражан: «Жоқ, Қырмызыға сенімен
билеуге мен рұқсат етпеймін»,- деп бұрынғысынан бетер шатынай қалды.
Қаражанның ашулы сөзін естігенде, Қырмызыны кенет намыс билеп кетті.
Ол Қаражанға жеркене бір қарады да, Мұқашты құшақтай билей жөнелді.
Билегенде қандай, жай, əшейін емес, бір тамаша қуанышқа берілгендей,
бала жігіттің құшағына кіре, əлсін-əлсін əлденені айтып сыңқылдай күліп,
шыр көбелек айналды. Қаражан Қырмызының өзін мазақтап жүргенін
түсінді. Намысқор, ызақор бала өзін-өзі ұстай алмай, Мұқашты қыз
құшағынан жұлып алды. Əй-шəйға қарамай, қаны қарайып кетіп, етігінің
қонышындағы пышағын көзді ашып-жұмғанша суырып үлгірді де,
қорғанудан ойы жоқ жігітке сілтеп-сілтеп қалды. Əйтеуір, абырой болып,
пышақ Мұқаштың кеудесіне емес, сол жақ иығы мен сол қолының қарына
тиді. Колхоз дəрігері жедел жəрдем көрсетіп, қатты жарақаттанған Мұқаш
тірі қалды. Оқиға қыруар жұрттың көзінше мектеп залында болғандықтан,
колхоз бастығының баласы сотталып кетті. Онда да əкесінің арқасында екі-
ақ жылға кесілді.
Қаражан Қырмызыны құр қызғанып қойған жоқ, өзінің өмірінің осылай
сəтсіз басталуын ол содан көрді. Өзімшіл, дүлей жігіт өз айыбын түсінбеді.
Түсінсе де түсінгісі келмеді. Сол Қырмызы қазір, міне, қауызын жарған
қызғалдақтай көздің жауын алып тұр. Ал Қаражан болса...
Қырмызы көп кешікпей Алматыға қайтып кетті. Бірақ өзі кеткенмен
колхоз жастарының көңілдерінде оның əсем бейнесі қалды. Ал
Қаражанның кешегі жақсы көргендігі - бүгін Қырмызыға деген
өшпенділікке айналды. Ол өшпенділік қыздың енді өзіне жоқ екенін
түсінген сайын үдей түсті. Бірақ іш қазандай қайнағанмен, қолдан келер
дəрмені жоқ Қаражан, бітеу жара боп қала берді. Қырмызыдан күдерін
біржолата үзген жігіт көп кешікпей бір жетім қызға үйленді. Сорына қарай
ол бишара бала көтермеді. Бірақ əйелі жақында қалаға барғанында
жетімханадан əп-əдемі бір баланы алып келді. «Менен сұрамай сен біреудің
тастап кеткен баласын неге əкелдің?»- деп, Қаражан əйелін көк ала қойдай
етіп ұрды. «Баланы алған жеріңе апарып таста», - деді. Қанша таяқ жесе де,
əйелі көнбеді. «Өлтіріп тастасаң да апармаймын. Өзім бала етемін, өзім
асыраймын»,- деп, ол қасарысып отырып алды. Шүйкедей əйелден
мұншама қайсарлық шыққанына Қаражан таң қалды. Бұдан əрі ұра беруге
өкіметтен қорқып, əйелін ұруын тоқтатты. Бірақ: «Бəрібір бір күні өзім
апарып тастаймын»,- деп, күнде зəресін алды. Қаражанның сөзінен
қорыққан əйелі баласын көзінен таса етпеді. Жұмысқа барса оны арқасына
таңып, үйге келгенде қолынан тастамады. Сөйтіп жүргенінде емдетпей
асқына түскен соқыр ішегі жарылып кетіп, үш сағаттай қысылып жатып,
бір күні əйелі де дүние салды. Шу дегеннен-ақ əдемі баланы жек көрген
кескінсіз Қаражан, енді баладан тезірек құтылуды ойлай бастады. Міне осы
кезде апасының үйіне дем алуға колхозға Қырмызы келді. Жəне жалғыз
емес, қасында күйеуі мен бір жастан жаңа асып бара жатқан қыз баласы
бар. Қырмызының шыққан жігіті белгілі ақын екен деген сөзді Қаражан
бұрын да естіген-ді. Ал өзі бұл күндері колхоз қоймашысы болып жұмыс
істеп жүрген. Станцияға колхоздың жүгін алуға барғанында вагоннан түсіп
жатқан баласын көтерген Қырмызыны көрді. Жанында, сірə күйеуі болуы
керек, бойшаң ақ құба жігіт бар. Қырмызы дəл осы кезде жылаған баласын
уатып, құшақтап көтеріп, бетінен кезек-кезек сүйіп əлдилей бастады. Кенет
Қаражанның өн бойын бір ашу, өкпе, дəрменсіздік билеп кетті. Аздан кейін
бұл сезімдер ызаға айналды. Ыза оның жүрегін қабындырып, «Бəлем,
Қырмызы, сенің өзіңді де дəл осы баландай жылатпасам, Қаражан атым
құрысын!» - деді ол кенет өзіне-өзі.
Анау жылаған бала Қырмызының баласы емес екенін білсе, сөз жоқ,
Қаражанда мұндай қарау ой тумас еді.
Заты, өзі таппаса да əйел жынысы еркектей емес, анағұрлым бала құмар
келетінін Қаражан өз əйелінен білетін. «Ал анау кішкентай бөбек
Қырмызының өз баласы. Бауыр етінен жаралған қуанышы. Сондықтан
айырып көрсең Қырмызыны сол қуанышынан, сонда білерсің оның көз
жасынын қалай сел боп аққанын!» - деді ол өзіне-өзі тағы да.
Қаражанға шешім аяқ астынан келді. Оның есіне өзімен абақтыда бірге
отырған бір қарт бұзықтың сөзі түсті. «Егер сен шын өштескен адамыңнан
кегіңді алғың келсе, сен оны өлтірме. Өлтірсең, оның өкініші де, арманы
да, бəрі де өзімен бірге кетеді. Ал кегін қайтсын десең сен оның ең жақсы
көрген адамын өлтір. Сонда көресің, оның қалай қан жылағанын,
қайғырғанын. Өшін сонда ғана қайтады»,- деген. Қаражан да солай істемек
болды. Жоқ! Ол Қырмызының баласын өлтірмейді. Ұрлап əкетеді. Əзірге
тек ұрлап əкетеді. Содан кейін барып...
Міне, осы ойдан кейін Қаражанның жаны тыншу таппады. Соңынан, өзі
тұрған
фермадан
орталық
колхоз
поселкесіне
келіп,
күйеуі
колхозшылармен əңгімелесуге кеткенінде, апасының үйінде Қырмызының
кішкентай баласымен жалғыз қалатынын білді. Ауыл адамдары бұл кезде
тайлы-таяғына дейін қалмай мақта жинауға шығады. Ал Қырмызы кешке
таман, жұмыстан жұрт қайтар алдында, бөпесін алып, ауыл шетіне қарай
аяңдайды. Сонау дөңесті беттей, қол арбасына байлаған кішкентай күміс
қоңырауын шылдырлатып, жас нəрестесін қыдыртып, ақ жібек көйлекті
Қырмызы алыстан аққу құстай көлбеңдейді. Бұны көрген Қаражан
қайғыдан көзі қарауытып, жүрегі жарылып кете жаздайды.
Ол колхоз орталығына бағана келген. Асыранды баласын əзірге бұдан
екі күн бұрын осындағы бір таныс əйелдің үйіне қалдырып кеткен. Ойы
бүгін-ертең қаладағы жетімханаға қайтадан апарып тапсырмақ еді. Қазір
Қаражан орталыққа кіре беріп Қырмызы жатқан үйдің алдында тұрған,
үстіне қызыл көрпе жапқан кішкентай қол арбаны көрді. Қызыл шүберекті
көрген сүзеген бұқадай, қызыл көрпелі арбаны көргенде кенет қабағы қарс
жабылып, ызалана қалды. Сол-ақ екен, енді ол дəл осы сəтте бір орасан
қылмысқа бел буды. Дереу тастап кеткен үйінен баласын алып, кейін
бұрылды.
Не істемек? Қандай күнəға бармақ? Қырмызыны өлтіріп, баласын
тартып əкетпесе, ол тірідей бөбегін берер ме? Ал Қырмызыны өлтірер
болса, кішкентай нəресте оған неге керек? Қаражан бір сəт алдында
отырған өзінің асыранды баласына ашулана қарады. Оның бұл
көзқарасында осы бір бейкүнə нəрестеге деген рақымсыздықтан бөтен
ештеңе байқалмады. Жоқ, Қаражан қазір бұл балаға ғана емес, бүкіл
дүниеге осылай рақымсыз қарауда еді. Бала да желкесінен өтіп бара жатқан
ызғарды сезгендей мазасыздана қалды... Ал өгей əке мен кішкентай сəбидің
арасындағы бұл жат сезім, араздық, дəл қазір емес, осынау нəрестенің
осында келген күнінен туған-ды... Бала да өгей əке жүрегін сезгендей сол
бірінші келген күнінен-ақ бұған жібімеді. Қаражан жанына таяса-ақ
болғаны, шыр етіп жылап қоя береді. Мұндайда Қаражан баланы аямай
жағынан тартып-тартып қалады. Бала одан сайын үйді басына көтеріп
шырылдайды. Шыдай алмай араша түскен əйелін Қаражан өңменінен
итеріп жібереді. Сорлы ана шалқасынан барып құлайды. Міне, осы сəбиді
қатыны өлгеннен кейін бұл бұрынғысынан да жек көрді. Бір рет тіпті
қасқыр жесін деп ай далаға апарып тастамақ та болды. Бірақ «Балаң
қайда?» - деп жұрт сұрай қалса, не жауап беремін деп, заңнан қорықты. Ал
қазір басқа шешім өзінен-өзі туды. «Көрсін Қырмызы, өз баласының
орнына бөтеннің баласын бағып!» - деді Қаражан.
Күн екіндіден асқан шақ. Қырмызының сəбиімен серуенге шығатын кезі.
Ол қалың талдың арасына Қырмызының шығуын күтіп тына қалды. Міне,
Қырмызы да шықты, баласын арбасының ішіне жатқызып, бірдемесін
əкелуге үйге қайтадан кіріп кетті. Сол уақытта атын тебініп қап, Қаражан
бесіктің жанына жетіп барды. Көз ілескен жоқ, ол алдындағы өз баласын
жерге тастай салып, бесіктегі сəбиді іліп алып жүре берді. Сол сəтте-ақ
Қаражан қалың ағаш арасына кіріп жоқ болды. Сірə, іздеген затын таба
алмады ма, сəл кешігіп үйден Қырмызы шықты. Арбасына келді. Аң-таң
боп жан-жағына қарады. Анандай жерде жылап тұрған кішкентай бөтен
баланы көрді. Жүгіріп жанына жетіп барды.
− Айналайын, айналайын, менің кішкентай бөбегімді көрмедің бе? -
деді.
Зəресі қалмай қорқып жылап тұрған бала кішкентай қолымен
Қаражанның кеткен жағын көрсетті, сосын өксіп-өксіп:
− Қара... қара... алып кетті,- деді де, тағы еңіреп қоя берді.
Бала өгей əкесін үнемі əке демей, «қара» деп атайтын.
Қырмызы бір сұмдықтың болғанын енді сезіп, жылап қоя берді.
Ұзын, қою кірпіктерін бір ашып, бір жұмып, үлкен жаудыр көздерінен
моншақтай аққан жасын қолының сыртыменен сүртіп, ағыл-тегіл үнсіз
жылаған баланың жанында сұп-сұр боп кеткен Қырмызы мен таяғына
сүйеніп тұнжырап қалған ауылдағы жалғыз қарт не істерлерін білмей
абыржып тұрғандарында жұрт та мақталықтан қайта бастаған. Болған
оқиғаны естіп, колхозшылар жағаларын ұстады. Ауылдағы екі-үш атқа
жігіттерді мінгізіп, баланың нұсқаған жағына қарай жоқтаушыларын
аттандырды. Бес-алты белсенді үй-үйді тінтіп, құдық біткенге кісілер
түсірді. Еш жерден бала табылмады. Тек əбден қас қарайып, жұрт тегіс
жиналған кезде ғана халық əркімнің айтуымен əзер-əзер дегенде болған
оқиғаның ұзын ырғасын түсінді. Председательдің өзі бастап, екі-үш жігітті
ертіп, Қаражанның үйіне келді. Қаражан фермада болмай шықты. Бірен-
саран оны көрген адамдар бағана түсте кеткеннен əлі оралған жоқ деді.
Олар, əрине қоймашының қайда кеткенін айта алмады. Қаражан ертеңінде
де үйіне келмеді. Үшінші күні де... Содан барып əлдекімдер оның колхоз
қоймасындағы кей заттарды станцияға апарып сатып жүргенін естеріне
түсірді. Ал басқа біреулер Қаражан алыс жолға жүргісі келгендей, соңғы
кезде жалғыз атын жемге байлағанын айтты. Дереу комиссия құрылып,
Қаражанның қоймасы тексерілді. Колхозға деген көп дүние-мүлік, қоймада
жатқан кейбір машина доңғалақтары тəрізді аса керек заттар жоқ болып
шықты. Қоймашының бұлардың бəрін жасырын сатып жібергеніне ешкім
шəк келтірмеді. Енді Қаражанның жегені, сатқаны үшін тартатын жазадан
қорқып қашып кеткені айқындалды. Бірақ ол баланы алып қашты ма, əлде
бір жерге тастап кетті ме, бұл арасы əлі белгісіз еді. Жəне қашқын адамға
бір жастан жаңа асқан сəби неге керек? Мүмкін, мына кішкентай бала
шатыстырып алған жоқ па, бұл да күмəнді болатын. Əйтсе де аудан көлемі
боп іздеуді тоқтатпады.
Ал ешкімі жоқ кішкентай жетім баланы Қырмызы амалсыздан өз
бөлмесіне алып келген. Əрине, далаға тастап кетерліктей баланың еш
жазығы жоқ қой. Бірақ ол үйге кірісіменен бүк түсіп жатып алды. Ешкімнің
шақырғанына да бармады. Тамақ та ішпеді. Осылай жатып, əбден
қалжыраған кезде ұйықтап кетті.
Тек ертеңіне, алыс бригадаларға барып, жаңа оралған Асығат үйге кіріп
келе жатқанда, оған танитындай қарап, жастықтан басын көтеріп алды.
Үй іші толған кісі еді, бала ұшып түрегеліп Асығатты барып құшақтай
алды.
− Көке, сен неге ұзақ келмедің? - деді екі көзі жасқа толып, − Сағындым
ғой...
Жұрт аң-таң бола қалды. Тек бір кемпір ғана:
− Бишара-ай, əкесіне шырамытып тұр-ау мына жігітті,- деді.
Шынында солай еді. Баланың əкесі осы Асығат тəрізді бойшаң, қой
көзді көзілдірікті, ұзын шашты жігіт еді. Ол осыдан үш ай бұрын қайтыс
болған. Қаза тапқан күні сəби балалар бақшасында еді. Əкесін жолдастары
жерлегенін де білмеген. Тек күнде келіп папасы бақшадан алып кететінін
бала жоқтай бастағанда ғана тəрбиеші əйелдер: «Көкең алыс жаққа сапарға
жүріп кетті, жақында келеді»,- деп жұбатқан-ды. Содан бері бала көкесін
əне келеді, міне келеді деп күтіп жүретін. Ал шешесі одан бір жыл бұрын
қайтыс болған.
Ал «көкесі» əдеттегісіндей көтеріп алып, құшақтап екі бетінен
сүймегеніне бала аң-таң. «Əлде бұл басқа адам ба? Жоқ, жоқ, көкесі... Көзі
де сондай мейірбанды, шашы да ұзын. Бірақ неге құшақтап бетінен
сүймейді? Балалар бақшасына келгенде үнемі сөйтетін еді ғой...»
Асығат əйелі бауырына салған нəрестенің жоғалғанын бүгін таңертең
ғана естіген, сабырлық сақтап тұрғаны болмаса, іші алай-дүлей өрт еді... Бұ
да қуыршақтай сүйкімді, кішкентай қыз баланы өзінікі санап, жақсы көре
бастаған-ды. Кемпірдің сөзін құлағы шала-пұла шалып қалды. Дегенмен
баланың өзін біреумен шатыстырып, тұрғанын түсінді. Енді ғана оған.
зейін аударды. Кенет еңкейіп баланы көтеріп алып, екі бетінен кезек-кезек
сүйді. Бүйтпеске Асығаттың амалы қалмаған-ды. Еңкейгенінде ол ұзын
қою кірпіктерінің астындағы тостағандай үлкен екі көзі жасқа толып өзіне
мөлие, жалына қарап тұрған, өңі бозғылт тартқан, бүлдіршіндей сүп-
сүйкімді баланы көрді. Баланың қайғы туған көздерінен өзіне деген бір
орасан махаббатты, жалынышты аңғарды. Асығат шыдай алмады, сəбиді
көтеріп алып, бауырына қысып, екі бетінен тағы кезек-кезек сүйді.
− Қалқам-ай...
«Жоқ, жоқ, бұл өзінің көкесі! Əрине, көкесі! Тек өзінің көкесі ғана
осылай сүйе алатын». Баланың көзінен енді қуаныш жасы ақты. Екі беті
балбырап, ұзын кірпіктері дір-дір етіп, Асығаттың мойнын өзінің
балдырған білектерімен құшырлана қыса түсіп, əкесін кішкентай құшағына
қуана тартты.
Жақында ғана бауырларына салған нəрестелерін жоғалтқан ерлі-
зайыпты екі жас адам, салдары суға кетіп, бір жетіден кейін Алматыға
қайтты. Өздерімен бірге Қаражан тастап кеткен баланы да ала жүрді. Бірақ
қалаға келісімен, бұлар оны бірден жатімханаға апара қоймады. Өз
қайғысынан есінен адасуға жақын ана, алғашқы кезде балаға тіпті көңіл де
аудармады. Сөйтсе де бала да тірі жан ғой, бір-екі күннен кейін, шерлі ана
уһілеп жүріп, оған тамақ беріп, төсекке жатқызатын болды. Ал сəби бүкіл
дүниеге таңырқай қараған періштедей күнəсіз бір керемет еді.
− Жетімханаға барасың ба? Онда жақсы тəтелерін бар,- деді Қырмызы
оған бір күні. Бұл сөзді айтарын айтса да, жас келіншек кенет өз сөзінен өзі
ұялғандай қысыла төмен қарады.
− Бармаймын,- деді бала. Қырмызы оның даусынан бұрын байқамаған
қайсарлықты естіді. − Барсам, көкемнен тағы айрылып қаламын.
Қырмызыны енді бір орасан қуаныш билей жөнелді. Ол еңірей жылап
жіберіп, баланы бауырына қысып, екі бетінен құшырлана шөп-шөп сүйді.
− Құлыным,- деді ол даусы сəл жадырай,- сені өзім де жібермеймін.
Асығат пен Қырмызы баланы өз аттарына жаздырып алды. Есімін
Еркебұлан қойды. Міне, осылай Асығаттың жалғыз ұлы Еркебұлан, жаңа
əттең жаңа əке-шешемен дүниеге келді. Ал ол əсіресе Асығаттың жанының
жаны, жүрегінің жүрегі болды. Қырмызы да бұны туған баласы санады.
Еркебұлан да махаббатқа махаббатпен жауап бере алды. Бала əрі-беріден
кейін Қырмызының туған шешесі емес екенін де мүлдем ұмытты. Анасы
десе ішкен асын жерге қойды. Егер шешесі қонаққа, не театрға барып кеш
келсе, Еркебұланы кірпік қақпай оны күтіп отыратын болды. Ал анасы үйге
кірген сағатта, Қырмызыға еркелеп, мойнына асылып, алуан тəтті қылық
көрсетті. Нəрестелерінен тірідей айрылған қос жұбайға бірте-бірте
қайғыларын ұмытуға Еркебұлан себеп болды. Ол əке-шешесіне деген
махаббат, мінез-құлық таба білді. Сөйткен жалғыз ұлдары мынандай
кеселге шалдықты. Асығат пен Қырмызы күйінбегенде, кім күйінсін?
Асығат пен Қырмызы жыламағанда, кім жыласын!
Екеуі екі бөлмеде, таң саз бере ғана, талмаусырап көз іліндірді. Ал
таңертең Асығат тіпті бөтен адам боп түрегелді. Кешегі «ах!» ұрған, бірден
қартайып кеткен адамдай бүкірейе қалған Асығат емес, бөтен Асығат.
Қимылы да сабырлы, сөзі де орнықты.
Баласына шын жаны ашыған əке, құр қайғыдан ештеңе шықпайтынын
түсінген. Болған іске болаттай боп, баласынын тағдыры үшін күресуге бел
буған. Демек, сонда қалай күреспекші? Қай жағынан бастамақ? Дəрігерлер
консилиумы Еркебұланды депрессияға ұшыраған деген қорытынды
шығарғанмен əкесі оны бұл жамандыққа қимады. Ойлай-ойлай, баласынын
кенет мұндай күйге ұшырауы - не Жұлдыздан келді, не өзімізден болды деп
жорамалдады. Өйткені əкесі мен шешесі жалғыз ұлдарын тек жақсы
көрумен болған. Не тілесе, соны орындауға тырысқан. Ал қиындыққа,
өмірдің кейде кездейсоқ келетін соққысына қарсы тұратындай етіп
шынықтырмаған. Баласы өзінің көрген қиындығының мыңнан бірін көрмей
өсті. Сондықтан ол өзіне тиген бірінші соққыны көтере алмады. (Əрине ол
қандай соққы - əкеге əлі беймəлім. Жұлдыз дегені де құр жорамал. Əйтсе де
баласына бір соққының тигені даусыз еді). Сол соққыдан құтылам деп арақ
іше бастады. Бұрын араққа үйренбеген жасқа - бұ да қауіпті жол, кімді
болса да шатыстыруы мүмкін. Мүмкін! Мүмкін! Қайткенмен де мен
Еркебұланым үшін күресуім керек. Күресуім керек! Онсыз маған өмір
жоқ!.. Ал ол тіріде...
Ақын Асығаттың көзі бір сəт қабырғадағы айнаға түсіп кетті. Өз
суретіне өзі таң қалды. Бұрын қандай еді?! Кенет ол көзін жұмды. Алыстан
таяй түскен толқындай, дəл осы сəтте оның жүрегінде тізбектелген жыр
шумақтары туды. Ол күбірлеп сөйлей бастады.
Ол кезде біз жалаңаш та, аш та едік,
Дүниені құрмақ ек бірақ қайтадан,
Өйткені біз жалын жанды жас едік,
Өн бойында асау жігер қайнаған!
Енді міне, көңілді қайғы қаптаған
Тұрғандаймын тозып тоқсан жасқа кеп.
Өзіме-өзім қараймын да таң қалам,
Осы менің жас болғаным рас па деп?
Шіркін, өмір өтіп кетіп барады.
Қызық бар ма түсер оған пара-пар?
Болса өнерің, артыңда атың қалады,
Өлгенге одан бірақ қандай пайда бар?
Ұлым еді - өмірімнің жалғасы,
Онсыз мен де өткен көптің бірімін.
Жоқ, жоқ, ерте төгілмеші, көз жасым,
Ол тіріде, мен де əлі тірімін!
Достарыңызбен бөлісу: |