Лингвистикалық зерттеулерге ортақ төрт түрлі ұстанымды атап өтуге болады: 1.Экспансионизм ұстанымы (шекараның жойылуы,шектеудің болмауы, пәнаралық байланыстың кеңеюі); 2.Антропоөзектілік ұстанымы (тілдегі адам мәселесі); 3.Жаңафункционалдық (неофункционалдық) ұстаным (тілді әрекет деп қарастыру оның қолданыс аясын зерттеу); 4.Экспланаторлық ұстаным (түсіндірмелік) [Кубрякова 1995,207б.].
Гендерлік лингвистика - (ағылш.gender-грамм,тек (род) және франц. linguistiques лат. lingua-тіл)гендер мен тілдің өзара байланысын зерттейтін гендер мен лингвистика аралығындағы ғылым саласы.
Гендерлік лингвистика – біз үшін жаңа ғылым,ал жаңа саланың өзіне тән мәселелері болады. Олар: 1.Адам жынысы гендердің тілімен анықталатындығы. 2.Тіл мен жыныстың айырмашылығы,өзара байланыстылығы. 3.Әйел мен ер адам сөзінің жалпы адамдық айырмасы; 4.Әйел мен ер адамның ұлттық-этникалық деңгейдегі айырмасы; 5.Тілдің әлеуметтік жіктелуі мен қоғамның жыныстық жіктелуінің өзара байланысы. 6.Әйел мен ер адамның тілдік бірлікті қолдану айырмасы. 7.Әйел мен ер адам сөйлер сөзінде қолданылатын тілдік және бейтілдік бірліктер. 8.Әйел мен ер адам беретін мәлімет құрамындағы тілдік және бейтілдік бірліктер,т.б. [Хасанұлы 2002].
Гендер мен тілдің өзара байланысын зерттеу бірнеше бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда:
1.Әлеуметтік-лингвистикалық бағыт.Мұнда тілдің әлеуметтік жіктелуі мен қоғамның жыныстық жіктелуінің өзара байланысын,әйел мен ер адамның тілдік қарым-қатынасы үдерісіндегі тілдік және бейтілдік бірліктерді қолдану айырмасы,т.б зерттеледі.
2.психологиялық бағыт.Мұнда жыныс психикасына сәйкес әйел мен ер адамның тілдік қарым-қатынасы үдерісіндегі тілдік және бейтілдік ерекшеліктерді ажырату,бала тілінің гендерлік дамуын зерттеу, психолингвистика мен нейтролингвистиканың байланысы анықталады.
3.Идентификациялық бағыт.Мұнда авторы жасырын (аноним) мәтіндерді тексеру арқылы автордың тілдік тұлғасы,жынысы анықталады.
4.Лингвомәдениеттанымдық және мәдениетаралық зерттеулер.Бұл бағытта белгілі бір кезеңде түрлі тілдер мен мәдениеттердегі андроөзектілік деңгейі белгіленіп,гендердің алатын орны,тіл мен мәдениеттің қоғамдағы орнына сәйкес,гендердің жалпы және айырықша белгілері анықталады.
5.Тілдегі феминистік сын:
6.Маскулиндік зерттеулер, т.б. [Словарь гендерных терминов,2002,138-139 б.б.].
Орыс тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізін қалаған ғалымдардың ішінде А.В.Кирилина, Е.В.Митрохина, А.В. Бесарабенко, Е.И.Трофимова сынды ғалымдарды атауға болады. Олардың ғылыми зерттеулерінен Ресей тіл біліміндегі гендерлік лингвистика саласы бастау алады. Негізінен «гендер» ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның орыс тіліндегі ерекшеліктерін анықтауға зор үлес қосқан ғалым – А.В.Кирилина. Ал ғалым К.Пузыренко өз зерттеуінде тіл білімінде бұл бағыттың «феминистік немесе жыныстық лингвистика» деп аталғанын көрсетеді. Сонымен қатар ғылыми жұмыстарында психология мен әлеуметтану саласындағы гендер мәселесін қарастырған Ю.Ф.Чуфаровский, Е.П Ильин, И.С.Кон сияқты ғалымдардың еңбектерінде психологиялық және этнолингвистикалық талдау жасау үрдіс алған.
Осыған орай біз жалпы «гендер» сөзінің «биологиялық жыныс» сөзіне қарағанда, мағынасының кеңірек екенін толық сеніммен айта аламыз. Бұл сөз «әлеуметтік жыныс» деген ұғыммен шектесіп жатыр, яғни тіл білімінде әйел мен ердің қоғам қалыптастырған үлгісі ретінде қолданыс тапқан.
Гендерлік зерттеулер – қазақ ғылымы үшін соны құбылыс. Кезінде гендерлік зерттеулер туралы қазақ тіл білімінде нақты сөз қозғалып, ғылыми зерттеулер жазылмаса да, оның ұшқынын қазақ халқының таным-түсінігінде әйелге қатысты қалыптасқан тілдік ерекшеліктерді сөз еткен Ә.Ахметовтің «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», М.Бимағамбетованың «Қазақ сөз этикеті» еңбектерінен табуға болады. Бұдан біз қазақ тіл білімінде гендерлік мәселелер бұрын да ғалымдардың назарына іліккендігін байқаймыз, дей тұрса да бұл факторлар қазіргі кезде Отандық тіл білімінде жан-жақты арнайы қарастыруды талап етеді. Осыған орай қазіргі кезде бұл бағытта қазақ тіл білімінде тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастыратын зерттеулер көбеюде. Олардың қатарына Б.Хасанұлы, Г.Мамаева, Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, М.Ешимовтің, А.Байғұтованың ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады.