Жоспар:
1.Жаза түсінігі 2. XV-XVII әдет-ғұрып заңындағы жаза түрлері. 3.Қазақ халқының әдет-ғұрып заңы.
Жаза — бұл мемлекеттің жасалған қылмысқа деген реакциясы. Егер қоғамға қауіпті әрекет жазаға әкеліп соқпаса, онда ол қылмыс болып есептелінбейді. Қылмыстың жазалану белгісі, қылмыстың міндетті белгісі болып табылады. Жаза — соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттің мәжбүрлеу шарасы. Ол қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және ол адамды қылмыстық заңда көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеу болып табылады. Жазаның белгілері: • жаза — бұл мемлекеттік мәжбүрлеудің ерекше шарасы, • жаза жеке сипатта болады. Ол тек қылмыскерге ғана қолданылады және ешқандай жағдайда да басқа адамдарға жүктелмейді (мысалы, кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскердің ата-анасына); • жаза әрқашан қылмыс жасаған адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге байланысты оған белгілі бір моральдық қасірет әкеледі және белгілі бір құндылықтардан айырады. XV—XVII ғасырларда қазақтың әдет-ғұрып заңында жазалардың мынадай түрлері болған: • а) рудан қуып жіберу; • ә) кінәліні жәбірленушінің туыстарына беру; • б) адамның жеке басына қарсы жасалған қылмыстар мүліктік қылмыстар үшін айыппұл тағайындау; • в) денеге ауыр жарақат салғаны үшін, кісі өлтіргені үшін құң тағайындау; • г) өлім жазасы — жазаның бұл түрі өте сирек қолданылды; • ғ) әке-шешесін сыйламаған, құрметтемеген балаларға және антты бұзғандарға тен жазасы мен масқаралау жазалары қолданылды. Қазақтың әдет-ғұрып заңдары орта ғасырлардағы ислам дінін ұстанатын Араб, Шығыс және Орта Азияның елдеріндегі жаппай қолданыста болған шариғат заңдарынан мүлдем бөлек болды. Басқаша айтсақ, қазақ халқының әдет-ғұрыптық жолдары мен құқықтық жарғылары ерекше тарихи кезеңнің, әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістердің туындысы еді. Ә. Марғұлан Қасым ханның ел басқару ісінде қолданған әдет-ғұрып заңдарының ерекшеліктерін төмендегідей ашып көрсетеді. Біріншіден, өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери диктатура арнасына барып тіреледі. Екіншіден, мал шаруашылығымен айналысатын қазақ бұқарасына исламдық шариғат қағидаларын толық ұстану қиынға соғып, оған селсоқ қарап, ойыса қоймайды. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы қатты наразылық білдіріп, кейде ол көтеріліске ұласып отырған. Бұл ерекшеліктерді жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының, көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхар ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Сөйтіп, халықтың тілегіне жақын, әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «Жарғы» заңын жаңадан күшейтті. Қазақ хандығының заңдары «жарғы» деп аталды. «Негізі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстарында қолданған ярғұ заңынан алынған. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудырмай, дәл, әділ айырудан шыққан. Халық Қасым ханның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы – Жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті. Бұл заңға енген ережелер: мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері); қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза); әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны); елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептілік); жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіңдегі ережелер, жасауыл, бөкеуіл, тұтқауылдардың міндеті).