Құрметті оқырман!
Н. Нұржанның «Үзілмеген үміт» әңгімесінің осы
нұсқасын таратуға болмайды. Бұл шығарма тек
onlkitap оқырмандарына арналған. Көркем шығарманы
оқу
арқылы
есте
сақтау
қабілетіңіз
бен
шапшаңдығыңыз артып, сізді жеңіске жетелесін.
Сәттілік!
ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ
Елең-алаңда ерте тұрған Ержан күндегі күйбең
тіршілігіне қайта кірісті. Қаладан келген нағашы інісін
«тұр да, тұр» деп жұлқып оятып көріп еді, аузын
аңырайта есінеді де, былшық қатқан көзін тырнап
ашып «нең бар менде» дегендей қайта теріс айналып
жатты. Әкесі бірер күн бұрын келіп, «мына баланы
ауылдың тірлігіне пісіргейсің, әйтпесе қалада жүріп ақ
саусақ боп барады» деп бұған өтініш қылған-ды. Бірақ,
қаланың баласы бұның айдауына көніп, жұмсағанына
баратын ықыласы жоқ-ты. Кезінде өзін ағалары көк
шыбықпен сабап, жамбастан бір-екі теуіп тұрып
жұмсайтын заманы келмеске кеткен. Қазіргі балаларды
олай жұмсау былай тұрсын, боқтауға да бата алатын
емес. Етбетімен жастықты құшақтап жатқан қаланың
ұлына қолын бір сілтеді де, қораға қарай аяңдай жүрді.
Қой-сиырларды өріске шығарып болған соң, таңғы
асқа да қарамастан керекті саймандарын жинастырып
кетуге ыңғайланды. Табалдырықта тұрған шешесі
мұның әбігерін байқап:
- Балам-ау, таң атпай қайда жол тарттың? Ең
болмаса бір-екі кесе айран ішіп алмадың ба, - дейді
қисайған
жаулығын
бейнеттің
табы
түскен
саусақтарымен түзеп жатып.
- Рифкатқа бара жатырмын, апа. Анау Алғыр
итімді соған апарып тастамақпын. Біраз қойларын
баққанға қолғабыс етсін. Мына құрал-саймандар да
анау салып жатқан қорасына керек болып қалар, - деді
ол шешесіне бұрылмастан қоймадағы заттарды сұр
дорбаға салып жатып. - Айтқандай, Рифкатқа тіске
басар көмбе нан мен айран құйып берсеңіз. Ылғида
сіздің айраныңызды мақтап жүреді әйтеуір, - деді
қоймадан дорбасын асынып ырс-ырс етіп шығып келе
жатып.
- Е-е-е, салып берейін, қазір, - деді апасы ішке
еніп. Шәй қайнатым уақыттан соң бір пакет толтыра
анау-мынауын алып шықты. - Дұрыс, жиі барып тұр,
балам. Көңілін аулап тұрғаның жақсы. Бала кезден
бергі досың ғой… Ал бізден сәлем айтқайсың.
Ержан басын изеп заттарды ескі mazda көлігінің
багажына салды да, шаң шығарып пысқырынған
дөнендей, көк түтінге есік алдын бөктіре оталдырып,
дарбазадан сорапқа қарай жөнелді. Одан ары
асфальтқа түсіп алған соң, көліктің жүріп бара
жатқаны да білінбестен ұзақтады.
Қойлы ауылға бара жатқан жолда көзге ілінетіні
жалғыз жаппа. Оның қасында бітпеген қора-қопсысы
және бар. Тамның батыс бүйірінде қара ағаштың
жапырақтары менмұндалап тұрады. Есік алдындағы
екі алабай төбет, көлікті алыстан көре салысымен үріп
алдына шыға берді. Тістесе кісіні кемтар етердей сұсты
әрі қабаған иттер болатын. Алайда көліктен түскен
Ержан екенін көре сала, «бөтен емес екен ғой»
дегендей кері бұрылып жаппаның бұрышына қайта
жайғасты. Көліктен ырғып түскен Алғырды көре
салысымен олар қайта ырылдап орынынан тұра
ұмтылды. «Кет-кет» деп жүріп Ержан қанша қуып
бақса да қоятын емес. Амал жоқ Алғырды алып
қамбаның ішіне кіргізді. Екі алабай ит сонда да есікті
тырмалап, қайта-қайта үріп болар емес. Ержан дорба
мен пакетті алып там тұсындағы сәкі үстіне қойды да,
жазыққа қарай жүріп алысқа көз тастады. Сондағы
көзіне ұшырағаны шашылған құмалақтай қойлар
менен көлде қалқыған жалғыз жаңқадай әлдекім.
«Рифка-а-а-т, Ри-и-и-ф» деп айқайлап, қолын бұлғап
жатып әзер дегенде назарын аудартты-ау. Үтірдей
көрінген кісі қарасы бері қарай жақындап келе жатты.
Бұл болса сол тұрған орынында жабасын төсеп көкке
отырды. Түнгі салқыннан ба дымқыл шөп астынан өтіп
бара жатқанын сезді. Сонда да орынынан қайта тұруға
ерінді де, шақшасын алып, құшырлана иіскеп түшкіріп
алды. Астыңғы ерініне томпайта насыбайын салды да,
Рифкаттың еріншек адымдарын бақылап отырды.
Ұлты татар демесең, нағыз қазақ па дерсің.
Мақалдатып сөйлегенде аузың аңқиып қалады.
Алайда, күйбең тірліктің бейнеті ме әлде ішкі жан
әлеміндегі белгісіз бір сезім бе, түскен еңсесін
көтеруіне мұрша беретін емес. Ержан насыбайын атып
болғанда ол қасына он қадамдай келмей жатып
амандасты.
- Таң азанмен не істеп жүрсің мынау, жапан
далада? - деді басындағы күн қақтап сарғайып кеткен
кепкесін маңдайынан сәл жоғары көтеріп.
- Жұрттан тыс, қоғамнан алыс қалған досымды
зияраттап келдім, - деді қасындағы жерді бір-екі
алақанымен ұрып, отыр дегендей сыңай танытып. Ол
отырмастан бұрын басқа бірдеңеге уайым қылғандай
алысқа қарады. Қабағын шытып,
- Қатын қашан келеді екен, өзі. Бүгін келіп те
қалатын шығар. Кеше балаларды алып төркіндетіп
кетіп еді, - деді бұның қасына жайғасып отырып.
Ержан бұған үнсіз ғана қарады.
- Үйреткен итім бар екенін білесің. Бар деген
жағыңа барып, ал деген затыңды алып кеп береді.
Сондай ақылды. Соны саған әкелдім. Қой бағуға біраз
қолғабыс қылар деген ойым. Сосын біраз мына қораңа
сауыт сайман әкелдім, - деді қораның бітпей қалған
қабырғасына көз салып. - Апам өзің жақсы көретін
айраны мен көмбесін де салып жіберді.
- Рақмет! - деді жүзінен еш қуаныштың нышаны
білінбестен. Ол сондай еді. Сөзге сараң. Алайда,
құмырысқадай жыбырлап күндіз-түні бірдеңелерді
істейді де жүреді. - Жүр, үйге кірейік! - деді орынынан
тұрып жатып. Екеуі ескі күндерін еске алып отырып
таңғы шәйларын ішті.
***
Ержан тағы бір рет шаңқай түсте келгенінде,
көлігін үй маңына қалдырып, жаяулатып қой баққан
Рифкаттың қасына қарай ылдилады. Қойға қарап
тұрғанымен ойы басқа жақта отырған Рифкат,
досының қасына келгенін де байқаған жоқ. Тек ар
жақта әлдене қуып жүрген Алғырдың алғашқы иесін
танып алдынан жүгіріп өткенде ғана селт ете қалған ол:
- Е, сен бе? Зәрем зәр түбіне кетті ғой.
- Алғырым қалай, тыңдап жүр ме өзі сені?
- Ақылды ит екен, - деді өзің ғана келдің бе
дегендей бұның соңына көз тастап. Сосын үй маңына
қарады да, ойланып біраз тұрды. Ерініне қыстырған
темекісі сөніп те қалғанын аңғаратын емес. Сонысын
енді байқаса керек түкіріп тастады да, ыржиып
Ержанға қарады. - Апам мен көкем аман ба? Мына
қойдан қол босайтын емес, әйтпесе бір хал-күйін сұрап
барып қайтатын жөнім бар еді.
- Ештеме жоқ. Түсінеді ғой… - деді Ержан бұның
бұрында қой бақпай тұрып бұның ауыл арасында
теледидар, радио жөндейтін ұсталығын еске алып.
Сонда ол жиі Ержандардың үйіне келіп тұратын-ды.
Үйіндегі қара көлеңке теледидары бұзылған сайын жиі
жөндеп беретін. Ол аздай тоңазытқыш, кір жуатын
мәшинаның түсініксіз тетіктері бұның икеміне жығыла
беретін. Ауыл аймақтағылар бұған дән риза болып,
«Айналайын, Рифкатжан! Аман жүр, көп жаса» деп
бата-тілектерін жаудырып жататын. Кейін үйленіп,
балалы-шағалы болған соң, аяқ асты қой бағам деп
ауылдан қырық шақырым шеттегі қазіргі жаппасына
келіп орнықты. Содан бері осында. Одан бері де көп
жылдар өтті. Ержанның толғанысын бұзған Рифкаттың
сабырсыз айтылған сөзі болды.
- Қатын бала-шағаны алып базарға кетіп еді,
келетін уақыты болып қалды. Әлі жоқ… Қайда жүр өзі!
Осыдан келсінші тура… - деп ашу шақыра бастады.
Ержан одан көзін алмай ұзақ қарады. Айтарға басқа
тақырып таппай ауыл төңірегіндегі оқиғалардан бір,
саясаттан бір әңгімелескендей болды. Десе де әрмен
қарай сөздері өнбеді ме, әлде күн шақырайып
Ержанның мазасын қашырды ма, ол кетуге
ыңғайланды. Көлігіне қарай жақындай бере, кері
бұрылып қараса теңізде қалғыған дәрменсіз жаңқадай
жалғыздан жалғыз отырған досы алыстан көзіне
ұшырасты. Бұл кеткендегі орнынан еш қозғалмаған
күйі қырын қарап жамбастап жатыр.
***
Кешкі асты ішіп бола салысымен, Ержан істерге
ермек таппай есік алдында біраз жүрді. Ойына бірер
апта бойы соқпай кеткен бала досы Рифкат қайта-қайта
орала беретіні тағы бар. Үйде жатқанда не істеймін деп
көлігін оталдырып қойлы ауылға қарай зымырай
жөнелді. Қас қарайып, ауыл үйлері бір-бірден артта
қалып бара жатыр. Терезеде жанған әлсіз электр
шамдары да, жұлдыздардай жымың-жымың етеді.
Үрген ауыл иттерінің дауысы әлсін-әлсін құлаққа
үзіліп-талып жетеді.
Көліктен түскені сол өзінің Алғыры алдынан
жүгіріп шығып аяғына оратыла кетті. Бұл оның
арқасын тарап, сипалап сәл аялдады да үйдің
айналасына бажайлап көз тастады. Қойлар қораға
қамаулы тұр. Жаппаның кішкене терезесінен шамның
жарығы аулаға түсуде. Шамды көлегейлеп әлдекімнің
ары-бері өткен жүрісі көзге шалынады. Ержан бояуы
кеткен есікті қағып еді, бұны күтіп отырғандай-ақ
бірден «кір-кір» деген зілді әрі сәл көңілсіздеу дауыс
естілді. Кіре салысымен бұған үмітпен тесіле қарап
тұрған досын байқады. Сосын көзін ала бере,
- Е, сен бе! - деді де бетін бұрып қазандағы
қуырылған картопты табаққа сала бастады. Әлдекімді
күтіп отырғанын Ержан байқады. - Кел, төрлет!
- Біреу-міреуді күтіп отыр ма едің?
- Жоға-ә! - деп айтуын айтып қалғанымен
артынан есіне түскендей, - а-а-а, иә, қатын-балаларды
күтіп отырмын сол. Қалаға балаларды қыдыртып
қайтамын деп кеше кетіп еді, әлі хат хабар жоқ. Соған
жаңа солар келіп қалды ма екен дегенім ғой. Өзіңде не
жаңалық? Айтқандай, әлгі ала сиырды сатамын деп
жүр едің, саттың ба?
- Айнып қалдым. Айнығанда апам көне қоятын
емес. Сиырды сатып, мына көлігімді басқа жақсы бір
көлікпен айырбас қылам ба деп едім. Ол жоспарым
кейінге шегеріліп тұр әзірге.
- ...
- Жүрсеңші қолың бос болса, Дәукеннің үйіне
барып нарды ойнап қайтайық.
- Қайдағы ойыны. Көріп отырсың ғой, мал
жайғап келіп, одан қалса өз ауқатымды өзім істеп ішіп
отырған жайымды. Бар ойым ұйқы боп тұр. Қатын да
тезірек келсе болар еді. Бір жағыма шығысатын.
- М-м-м. Темекің бар ма?
- Бар. Сен шекпейтін едің ғой?
- Саған жаңа жолай дүкеннен ала салып едім, -
деп үстелдің үстіне темекі қорабын қойды. Айдалада
жалғыз жаппаның қуықтай терезесінде екі көлеңке
қимылсыз ұзақ отырды…
* * *
Ержанның шаңдатып тоқтаған көлігін көре
салысымен, Рифкаттың қуанышында шек болмады. Өзі
де қой бағып жүріп ой ойлаудан шаршаған беті еді.
Оның үстіне іші пысып шер тарқасатын әлдекімді
іздегені және бар. Қойларды қораға қамап болып, үйге
қарай бет алғаны да осы. Іңір түсіп, ала көлеңке
оранған шақ еді. Жалғыз қара ағаштың қасындағы
орындыққа отырған екеу әзіл қалжыңы аралас
әлденелерді айтысып күліп алды. Ержанның есіне тағы
бір дүние түсті:
- Айтпақшы, менің қалада жұмыс жасайтын
кенже қарындасым бар емес пе?
- Иә, Гүлсім бе?
- Сол-сол. Есіңде ме, бала күнінде сен үйге
келген сайын, жылайтыны?
- Аз-маз есімде. Әйтеуір мені көрсе, қашатыны
бар еді. Өзі сарғыштау қыз болатын. Оны көрмегелі қай
заман. Бой жетіп те қалған болар.
- Сен түгілі біздің өзіміз жылына бір рет көрсек
көрдік, болмаса ол да жоқ. Айтпағым, сол сары қызға
сенің әкең Рифкат деп қалжыңдаймыз ғой баяғы.
Себебі, өзіңдей сарғыштау ол да. Соны естіп алған ол
шын көріп, сені көрген сайын қымсына түсетін. Сен
келсең болды, «әне, Гүлсім сені әке алып кеткелі келе
жатыр» дейміз ғой сондағысы!
- Әй-әй, сендердің де шығармайтындарың жоқ
осы. Баланың жүрегін ауыртып.
- Енді бізде қай бір ес бар дейсің ол кезде.
Қалжыңдасқан түріміз ғой.
- Бәсе, мені көрсе болды қашады немесе
тығылып қалады. Мұнысы несі деймін таңырқап.
- Ол аздай, қарындасымды жолдас-жараларының
көбі «Рифкаттың қызы» деп атап кеткені бар, - деп
Ержан алдыңғы сарғыш тістері көріне ыржия күлді.
Шақшасын алып, насыбайын атты.
- Рифкаттың қызы демекші. Менің үлкен қызым
не істеп жатыр болды екен?
- ...
- Таңға жуық келіншегім балаларды киіндіремін
деп базарға кеткен. Содан әлі жоқ. Сол қатынның есі
дұрыс емес-ау. Төркінінде қап қойғаннан сау ма?
Қоңырау соқсам не телефонын көтермейді, - деді
қараңғыда жүзі көрінбесе де қобалжығаны анық
сезіліп. - Берші, телефоныңды. Сенікімен хабарласып
көрейін.
- Менде бірлік жоқ.
- Қалай жоқ? Берші деймін.
- Саған айтып тұрмын ғой бірлік жоқ деп, - деді
Ержанның даусы қатқыл шығып.
- Не болды саған затқа бола соншама жылап. Бер,
деген соң, берші енді, - деді Рифкат сәл ашулана қарап.
- Бермеймін.
- Солай ма? Ендеше тартып алам, - деді Рифкат
оның қалтасына жармасып. Ержан оның жағасынан
ұстап алып итерді де қабырғаға тақап алып
жалынышты дауыспен:
- Досым, есіңді жишы, өтінем. Расымен де сенің
есіңде жоқ па? Одан бері бес жыл өтті ғой. Болды енді,
есіңді жиып, ұмытатын кез де келді, - деді даусы
дірілдеп. Сасқан Рифкат «мынау не айтып тұр»
дегендей жүзіне күмәндана қарап тұр. Ашуға булығып
қолынан ытқып шығуға тырмысып бағады. Алайда,
Ержанның қарулы білегі оны мыңқ еткізер емес.
- Сен не бөсіп тұрсың, а? Қайдағы бес жыл? Нені
ұмыту керек? Телефоныңды бер деген соң, бер, - деді
жұлқынып.
- Өтінем, досым, қойшы енді. Сабыр етші.
- Ей, мен саған не деп тұрмын. Әкел бері
телефонды, - деп жұдырығымен Ержанның құлақ
шекесінен бір ұрды. Мұрттай ұшқан ол жерге омақаса
құлады. Үстіне шығып алып қалталарын ақтара
бастады.
- Қай қалтаңда! Әкел бері. Қарай гөр өзін. Маған
есіңді жи деп қояды. Жиғызам мен саған. Ә, таптым
ба? - деп Ержанның жан қалтасынан телефонын алды.
Жығылған Ержан орынынан ашына түрегеліп:
- Сен қалай білмейсің, достым? Балаларың жоқ…
Олар өлген… - деді айтарын айтып алып артынан
өкінген күйі қақшиып орынында тұра қалды. Рифкат
телефон шұқып, келіншегінің нөмірін теріп жатқан
күйі өз құлағына өзі сенбестен аңырайып қалды. Бұлай
қанша тұрғаны белгісіз. Бір уақта аяқ-қолынан күш
кетіп жерге отыра қалды.
- Сен өтірік айтып тұрсың. Сандырақтап тұрсың.
Олар тірі. Бүгін-ертең келеді, - деді ойына өткен
күндердің елесі орала беріп. - Не айтып тұрғаныңды өз
құлағың естиді ме өзі? - деді көзіне жас оралып,
көмейіне өксік тығылып жатып. Сосын бәрі де көз
алдына теледидар көргендей-ақ көлбеңдеп келе
қалғаны бар ма. Өксіп жылап жіберді. Оның қасіретті
жанарында сол күннің көрінісі қайта өтіп жатқан
болатын.
* * *
- Әкесі, таңғы асқа келіңіз, - деді Тамара терезені
ашып қойларды өріске қарай айдап жатқан Рифкатқа
дауыстап. Аяғына оратылған үш жасар кенже ұлы мен
бес жасар қызына, - отырыңдар бол, тамақ ішеміз, -
деді. Ес жиып қалған жеті жасар үлкен қызы
шәугіммен су әкеліп пештің үстіне қойды. Үй іші емен-
жарқын таңғы ас ішті. Көңілді отырысқа көрік берген
тілі тәтті кенженің қылығы болатын. Оның әрбір
айтқан сөзіне шаттанған күйеуі мен әйелі қайта-қайта
иіскеп маңдайынан сүйе береді. Қалғандары да ренжіп
қалмасын дегендей оларды да иіскеп, сүйіп қояды.
- Күз келе жатыр… Мен бүгін таңғы автобуспен
базарға барып балаларға күздік киім кешек алып
қайтайын. Әйтпесе өзің білесің, бұлардың да киімдері
тозып қалды. Саған да ары-бері шыққанға бірдеңелер
алармын.
- Маған не қажет дейсің. Таңнан кешке дейін өзің
білесің қой бағамын.
- Сонда да арасында достарыңмен кешкі
отырыстарға барып қалып жатсаң киесің ғой, - деді
оның үстіндегі тоз-тозы шыққан кеудешесіне көз
салып.
- Мейлі, барсаң барып қайт.
- Ал, құлындарым сендер үйде тып-тыныш ойнап
отырыңдар жарай ма? Бұзық болмаңдар. Үтікке
тиіспеңдер. Пешке жақындамаңдар. Айна сен
үлкенісің ғой, мен келгенше інің мен сіңліңе бас көз
бол, - деді үлкен қызының шашынан сипалап.
Тамара базарға кеткенде, Рифкат өрісте қой
бағып жүрген. Үйінен ұзағаны соншалық шаңырағы
көзіне
нүктедей
ғана
болып
көрінетін.
Ал
бүлдіршіндер сол сәт үйде ойын ойнап отырған-ды.
Ортаншы қыз сәл бұзықтау болған соң ба Айнаға
көнбей қайта-қайта есікті
ашып сыртқа шыға берді. Оған қой десе де доғаратын
емес. Амал жоқ Айна есіктің алдына орындық қойып
биікте орналасқан есіктің тетігіне ілгішін әзер дегенде
ілді. Орындықты кері орынына қойған соң, «ал енді
ашып көр» дегендей қолын беліне қойып сіңілісіне
қарайды. Сіңілісі есікті ары итеріп, бері итеріп көреді.
Болмаған соң, амал жоқ әпкесіне көндігуге тура келді.
Қанша уақыт өткені белгісіз теледидардан мультфильм
көріп отырған інісі мен сіңілісі ұйықтап қалды.
Үстілерін жұқа синтепон көрпемен жауып, қастарына
Айна келіп жайғасты. Бұның да көзіне ұйқы іліне бере
қалай ұйықтап кеткенін өзі де сезген жоқ. Бір күйіктің
иісінен бе екен оянғаны сол, жан-жағына бажайлап
қараса інісі мен сіңілісі әлі ұйықтап жатыр екен. Ал
үйдің ішін түтін бөгіп барады. Көзін уқалап анықтап
қараса теледидардың тоғынан от шығып, терезені
жапқан ұзын сарғыш перденің етегі өртеніп жатыр.
Қорыққаннан не істерін білмей, төсектің үстіндегі
көрпе жастықпен отты өшірем деп лаулап жатқан
перденің етегіне қоя салған. Алайда от одан бетер
өршіп пердені, киім-кешек, көрпе-төсекті жалмай
бастады. Сасқаннан іні-сіңілісін оятып алып жылай
бастайды. Маужыраған олар көздерін әзер ашып
Айнаның жылағанын көріп, олар да қосыла жылай
кетеді. Айнаның ойына құлыптаулы есіктің ілгіші
түсіп, орындықты есікке тақап ашайын десе
қырсыққанда қолы тайып кете берді. «Сонда, есікті
қалай жапқанмын» деген ой көкейінде жылт ете
қалды…
Қой бағып жүрген Рифкат әлдене сезгендей үйіне
қарағыштай берген. Әлден уақытта аспанға қарай
жорғалап бара жатқан қара түтінді байқады. Бірден
ойына балалары орала кеткен ол, ентіге басып асыға-
үсіге үйіне қарай жүгірді. Жүгіріп келе жатып бірнеше
мәрте сүрініп-құлап та алды. Ауласына жете бере
көкрігі қарс айрыла жаздап тізерлей отыра қалған.
Жанарының қасіретті қарашығында шаңырағы өртке
оранып жатқан болатын. Дәл солай үйдің арғы бетінде
автобустан жаңа ғана түскен әлдекімнің талықсып
құлап жатқанын сезбеді де…
* * *
Уақыт өте келе жұбайлар бір-біріне қараса болды
балалары көз алдыларына келе беріп, жандары сыздай
түскен соң, айырылсуға шешім қабылдайды. Тамара
төркініне кетеді. Бірер жылдан соң оның тұрмысқа
шыққанын ауыл боп естиді. Көпшілік жабылып жүріп
Рифкатқа ауыл ішінен жаңа үй салып беруге шешім
қабылдайды. Алайда ол көндіге қоймай осы аймақта
қаламын деп қырсығып алады. Амал жоқ өртенген
үйден аулағырақ басқа бір жаппаны ауыл тұрғындары
көтеріп береді. Әйелі кеткен соң ол жалғыздан жалғыз
қой бағып жапан түзде қалғанды жөн санайды. Бәрінен
алыс, бүкілінен жырақта. Ол сонда не жыламаған, не
сықтамаған. Боп-боз боп бәріне көндіккен қалпында
тастай қатып тұрған да қалған. Бұл тақырыпқа одан
кейін еш оралған емес. Тек Ержан досы ғана оның
көңілін ауалаймын деп бес жылдан бері үзбей келіп
тұратыны бар. Осы соңғы жылдары ғана сандырақтай
бастаған Рифкатқа уайым қылып жүрген досы, дертіне
дауа таппай дал болып жүрген түрі еді.
* * *
Жанарынан ытқып аққан бір тамшыны жеңімен
сүрткен Рифкат қайтадан тастай, боп-боз күйге түсті.
Қатал, азапты дауыспен:
- Бәрі де есіме түсті… - деді орынынан әзер
көтеріліп. Ержанға телефонын ұсынды. Ол да
орынынан тұрып телефонды қалтасына салды.
Досының есіне бәрі түсіп, өз-өзіне келгеніне іштей
қуанатындай. - Мен ұйықтаймын, қатты шаршадым…
- деп Рифкат еңсесін езген мұңнан басын көтере
алмаған күйі табалдырыққа қарай жүрді. Артына сәл
бұрылды. Бұл жолы жолға емес, Ержанға ғана қарады.
Асылы, ешбір жаққа қарамаған еді. Бір бостыққа,
мәнсіздікке үңілген-ді. Ол үйге кірген соң Ержан да
амалсыз ауылына қайтты.
* * *
Бірнеше күн өткен соң апасының айраны мен
көмбе нанын арқалап Ержан тағы да Рифкатқа келді.
Мұны көрген Рифкат күндегісінен көңілді көрінді.
- О-о-о, апамның тәтті айранын әкелгенсің бе?
Жартысын шалап қылып ішпесем. Рақмет!
- Апамды көндіріп жүріп сиырды саттым-ау
әйтеуір. Алдағы апта бұйырса өзіңе басқа көлікпен
соғамын, досым. Инамарка кәдімгі. Жылы да мынаған
қарағанда жаңалау. Ауылдағыларды ауданға сонымен
тасып таксист болатын ойым бар. Әйтпесе, өзің білесің
үйдің шаруасымен ғана айналысып біраз бос жүріп
қалдым.
- Дұрыс қылған екенсің! Бізді де бұйырса
базарға, ауданға апарып тұруды ұмытып кетпе!
- О, не дегенің. Сені мен Алғырды алып бір күні
балыққа барсам ба деп жүрмін.
- Алғыр ақылды-ақ ит. Жақсы үйреткенсің. Ит
пен мені қоя тұр, анау қатын мен балаларды анда-санда
ауданға апарып тұрсаң да жеткілікті, - деді ойында
ештеме жоқ. Ержанның аяқ-қолы дірілдеп, бойын
қайтадан үрей билеп кетті. - Қатын балаларды алып
таңертең базарға кетіп еді, түс боп қалды, қазір келіп те
қалатын шығар… - деп үй маңындағы жолға
қарағыштай берді…
Достарыңызбен бөлісу: |