Байланысты: Дидактикалық материал 8 сынып XVIII ғасырдағы қазақтардың халық шығармашылығы 1-сабақ
1-сабақ
«XVIII ғасырдағы қазақтардың халық шығармашылығы» тақырыбына дидактикалық материал (1-сабақ)
Қосымша-1 ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯ – 15 – 18 ғ-лардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. 15 ғ-дың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Онда өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз пен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар.
Жоңғар шапқыншылығы және “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдары, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер – ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да жыраулар шығарм-нда өзінің көркемдік шешімін табады. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны, әсіресе, Ақтамберді жырау (1675 – 1768) шығармаларынан айқын көрінеді. Ақтамберді өз толғауларында жау қолында қалған жерлерді азат етер күнді аңсайды, исі қазақ болып атқа қонуды, ойраттарға күйрете соққы беруді армандайды, жұртшылықты ерлікке үндейді, жауға тайсалмай шабуға жігерлендіреді. Ақтамберді шығармндағы отаншылдық, патриоттық сарындар 18 ғ-дағы қазақ поэзиясының бет-бейнесі, бағыт-бағдарын айқын танытады. Осы кезеңде өмір сүрген Үмбетей жырау (1706 – 1778) мұрасындағы жетекші тақырып – сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен ел қорғаны батырларды мадақтау. Сонымен қатар ол әр түрлі тақырыптағы тұрмыстық өлеңдерге де көңіл бөлген. 18 ғ-дағы Ж. п-ның көрнекті өкілдерінің бірі – Тәтіқара жырау. Ол көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, отаншылдық идеяны насихаттайтын жорық жырларын туғызған. Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара шығармалары кейінгі жылдары ел аузынан жазып алынып, бірнеше жинақтарға енді. 18 ғ-дағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Бұқар жырау (1668 – 1781). Ол жырау ғана емес, қабырғалы би де болған. Бұқар жырау өз тұсындағы қоғам өміріне белсене араласады. Қсімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Алайда, ханға құлшылық ұрудан ада жырау қажетті жерінде ащы шындықты айтудан тайынбайды, оны сынау, шенеуге дейін барады. Бұқар жырау өзінің таңдаулы шығармаларында қазақ қауымы үшін мәні зор әлеум. мәселелерді көтереді. Бұлардың ең бастысы – ел бірлігін ту ету, ішкі, сыртқы жаулардың қандайымен болса да бітіспес күреске үндеу. Бұқар жырау шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Бұқар жырау қазақ қауымы ежелгі тұйықтықтан арылуға бет алғанын, көне дәстүрлі әлеум. қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар ұлы өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда, жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күмәнданады. Енді бір топ өлеңдерінде Бұқар жырау өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Табиғат бір қалыпта тұрмайды дейді жырау. Адам өмірі де сондай. Жырау адамның, оның мінез-құлқының, салт-санасының өзгеруіне орай адам қоғамы да дамып отырмақ дегенге меңзейді. Бұқар жырау шығармалары ғақлия толғаныстар, нақыл, афоризмдер түрінде келеді. Образға бай, ұлттық бояуы қанық, көркемдігі кемел. Дәстүрлі Ж. п-ның бейнелеу тәсілдерін жете меңгерген Бұқар жырау туындыларының өлең өлшемі өте күрделі. Бұқар жырау шығармалары әлденеше ғасырлық тарихы бар Ж. п-ның қорытынды түйіні іспеттес болды. Бұдан былай қазақ поэзиясындағы жетекші рөл ақындардың үлесіне көшеді. Бұқар жырау шығармалары ең алғаш “Таң” журналында (1925) жарияланғанымен, ғыл. түрде жүйеленіп зерттелуі 20 ғ-дың 60-жылдарының үлесіне тиеді. 18 ғ-дағы халық поэзиясының танымал өкілдері – Көтеш (1745 – 1818) және Шал ақын (1748 – 1819). Көтеш шығармаларындағы негізгі сарын – кедейлік тақсіретін жыр ету, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық. Ал Шал ақынның біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырып жағынан алғанда біршама бай. Бұлар – дін, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік жайлы филос.-дидактикалық үлгідегі туындылар, тұрмыстық өлеңдер мен арнау жырлар. Екі ақын шығарм-ынан да әлеум. әуен айқын сезіледі. Ж. п. деген ортақ тақырыпқа біріктірілген 15 – 18 ғ-лардағы қазақ поэзиясы көне дәстүрді қайта түлетіп, жаңа тақырып, соны мазмұнмен дамытты. Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там-тұмдап болса да жеткен жыраулар шығарм-ғы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады. Оларда ел өміріндегі елеулі оқиғалар, қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы бейнелі тілмен келісті көрініс тапқан. Бұл кезеңде төл әдебиетіміздегі ұлттық дәстүр дамып, халық поэзиясы сапалы жаңа биіктерге көтерілді.
М. Мағауин