№10 практикалық сабақ тақырыбы: Сабақта қолданылатын ойын түрлері
Сабақтың мақсаты; Болашақ маман иелеріне оқушыларға ойнай отырып сабақ беруді үйрету. Жинақтаған материалдарын практикада қолдана білу
Негізгі сұрақтар, тапсырмалар; Сабақтың түрлері
Ойын шарты: мәтінді оқып шыққаннан кейін қолдарына қалам мен қағаз алып, сұрақтар құрастырады. Сұрақтарын өз іштерінен сайланған жүргізушіге өткізеді. Барлықтары сұрақ құрастырып болған соң, жүргізушіден кез келген парақты алып, жауабын ойластырады. Жауаптарын талдағаннан кейін, мәтін тәртібі бойынша орналастырады. Содан кейін өздерінің жауаптары бойынша құрастырылған мәтінді мазмұндап береді. Ойын соңында өз мәтіндерін берілген үзіндімен салыстырады. Ойын қорытындысы бойынша ең белсенді оқушы анықталады.
«Қарама-қарсы бағалауға негізделген диалог»
Бұл — «ой қозғаудың» түрі. Оның негізгі ұстанымы мынадай: идеялар «Ой қозғау» тәсіліндегідей ұжымдық тұрғыдан келтірілгенде, оларға қарама-қарсы идеялар да құрастырылып отырады.
Бұл тәсілді қолданғанда төмендегідей кезеңдерді ұстану қажет:
Бірінші кезең.
Диалогқа қатысушылар топтарының құрамын белгілеу.
Екінші кезең.
Проблеманы (мәселе, сұрақ, жағдаятты) талдау тобының құрамын белгілеу.
Шешімін қажет ететін мәселені құрастыру.
Құрастырылған мәселе мен тәсілді қалайша қолдануға болатындығын қатысушыларға хабарлау.
Үшінші кезең.
Идеяларды бірлесе отырып, тура «Ой қозғау» тәсілі бойынша жинақтау. Талқылауда шығармашылық пен бірін-бірі сыйлау атмосферасын құрастыру қажет.
Алдын-ала дайындалған идеялар тізімін оқуға рұқсат етілмейді: барлық ойлар осы жерде туындауы қажет.
Әр қатысушының бірнеше рет сөз алуына болады, алайда оның үздіксіз бірнеше рет сөйлеуіне рұқсат етілмейді.
Төртінші кезең:
Проблеманы талдау тобы туындаған идеяларды жүйелейді. Жүйелеу барысында келтірілген идеялардың тізімі жасалынады.
Әрбір идея басқа да толықтырушы немесе қосалқы идеяларды айқындау мақсатында талданады.
Негізгі және қосалқы, толықтырушы идеялар топтамаларға (кешендерге) біріктіріледі. Олардың ұқсас қасиеттері мен ерекшеліктері зерттеліп, проблеманы шешудің жалпылама мәселелері анықталады.
Бесінші кезең:
Идеяларды «жоққа шығару»: бұл жерде «ой қозғау» оларды жүзеге асыруда қандай кедергілер бар екендігін анықтауға бағытталған.
Алтыншы кезең:
Айтылған сын мен сыни ескертпелерді бағалау.
Іс-тәжірибеде қолдануға мүмкін идеялардың қорытынды тізімін дайындау. Тізімге сыннан өткен идеялар мен оларға қарама-қарсы келтірілген идеялар жазылады.
Қарама-қарсы бағалауға негізделген диалог қатысушыларды үш топқа бөлген жағдайда тиімді әрі нәтижелі болады: 1) идея туындатушы; 2) проблемалық жағдаятты талдау және идеяларды бағалау, 3) қарама-қарсы идеяларды келтіру. Біраз уақыт жұмыс жасағаннан кейін топтардың рөлдерін алмастырып отырған да орынды.
«Қарама-қарсы саптар»
Оқушылар екі сапқа бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады, екі минут ішінде олар қарсы тұрғанмен әңгімелеседі, бір-біріне таныстық сұрақтарын қояды. Берілген уақыт аяқталған соң, мұғалім бір саптың оң жаққа, ал екінші саптық сол жаққа бір қадам жылжуын сұрайды. Оқушылардың жұптары өзгеріп, олар басқалармен сұхбаттасады (шетте тұрғандар саптың басына оралады).
Осылайша оқушылар бір-бірімен танысып шыққанша жылжи беруге болады.
«Қар көшкіні»
Оқушылар шеңбер құрайды, мұғалім да оқушылар арасынан орын алады. Әрбір қатысушы өз есімін атап, оған бастапқы әріптен басталатын бір сын есімін (эпитет) қосады. Мәселен, «Айнаш» есімі «А» әрпінен басталады, яғни Айнаш өз есіміне «алғыр» (немесе «ақылды», «айбынды», «асқақ», «айлалы», «арынды»т.б) сиақты сын есімді қосады. Келесі оқушы да дәл осылай өз есімін атайды, оған сын есім қосады да, алдында тұрған барлық оқушылардың есімдері мен эпитеттерін қайталап шығуы керек: «Алғыр Асан, думанды Дәмеш,сабырлы Сейітжан, әділ Әбілғазы, реңді Рызуангүл, жалынды Жомарт! Ал мен-берекелі Бақытпын!».
Бұл тәсілді қолданғанда оқушыларға мұқият тыңдау мен зейін қою қасиеттерін іске қосу қажет. Мұғалімнің танысуды өзінен бастауына болады, ал егерде ол оқушыларға өзінің жады мен есте сақтау қабілетін көрсеткісі келсе, онда ең соңында жауап береді.
«Қар үйіндісі»
Біріншіден, оқушылар жеке жауап берулері керек. Кейін жұбы ақылдасып, олардың екі жауабын бір жауап етіп үйлестіреді. Кейін жұптар басқа жұптармен бірігіп, үдерісті қайталайды. Осылайша төрт жауап бір жауап болып біріктіріледі.
«Қателескен мұғалім»
Мұғалім мәтінді оқу барысында қате жібереді. Оқушылар тыңдап отырып, қателескен тұсты бірден тауып, дұрыстау керек. Мұғалім қате жіберетін болғандықтан, оқушылар асқан қызығушылықпен мәтінді қалт жібермей тыңдайды.
Мұнан соң қате басылған әңгімені оқушыларға таратылады. Енді «Жаңсақ басылған мәтін» ойнына ауысады.
«Қатені тап»
Ойын шарты:
Үш топқа өз қалаулары бойынша бөлінеді. Әр топ өз тапсырмасын алады. Тапсырманы орындауға белгілі уақыт беріледі.