Сабақтың типтері,құрылымы Сабақ құрылымы – сабақтың әр бөлігінде мұғалім мен оқушылар бірге жасайтын алуан түрлі жұмыстар.
Әр сабақтың ішкі құрылымы жүйелі, сабақтың түрін анықтайтын, жекелеген кезеңдерден тұрады. Құрылымдағы бөліктер сабақтың түрін анықтайды. Мысалы, сабақтың мақсаты білім және іскерліктерді бекіту болса, онда сабақтың түрі білім, іскерліктерді бекіту болады. Бұл оқу жұмысы негізгі, мұғалім оған көп уақыт бөледі.
Сабақтың типтері өте көп. Мысалы: 1) аралас сабақ; 2) жаңа білімді хабарлау сабағы; 3) жаңа іскерлікті қалыптастыру; 4) білім, іскерліктерді бекіту; 5) жинақтау және жүйелеу; 6) білім, іскерліктерді тәжірибеде қолдану; 7) білім, іскерліктерді бақылау және түзету. Жаңа білімді хабарлау сабағы Мақсаты - оқушыларға жаңа білім беру. Мұғалім оқушыларға жаңа оқу материалын түсіндіріп, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырып, білімдерін тәжірибеде қолдануға үйретеді. Жаңа ұғымдар мен іс-әрекет тәсілдерін жақсы меңгеру үшін оқушылар белсенді түрде жұмыс істеу керек.
Жаңа материалды көбірек беру үшін ірі блоктың тәсілдер қолданылады. Бір сабақта бірнеше, мысалы, 4 сабақтың материалы оқылады, қалған 3 сабақ іскерлік пен дағдыға машықтануға арналып, тақырыптар терең оқылады. Жаңа материалды оқу түрлі әдістер арқылы жүзеге асады. Оқушылардың оқу жұмысына қызығушылығын ояту үшін енжар іс-әрекет түрлері (мұғалімнің әңгімесін тыңдау, сыныптасының жауабын тыңдау) және белсенді жұмыс түрлері (тәжірибе және зерттеу түріндегі өздік жұмыстар) орындалады.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсенді ету үшін проблемалық әдіс, қызықты мысалдар, фактілер қолданылады, талқы ұйымдастырылады, кейбір теориялық ережелерге оқушылар өз мысалдарын келтіреді, көрнекі және техникалық құралдар пайдаланылып, меңгерілген білімдер ретке келтіріледі және бекітіледі. Кейбір жаңа оқу материалын өткен оқу материалын білмей меңгеру мүмкін емес. "Таза" күйдегі жаңа оқу материалын оқу орта және жоғары сыныптарда қолданылады. Себебі жаңа материал көп, оқушылар белгісіз оқу материалдарымен ұзақ жұмыс істей алады. Бастауыш мектепте тек жаңа материалды оқыту қиын, себебі оқушылар әлі күрделі оқу жұмыстарына әзір емес. Аралас сабақ жаңа материалдың шағын бөлігін бекітумен ұштасады.
Оқылатын материалды бекіту сабағы жекелеген тақырыптарды, бөлімдерді өткен соң, материалды терең түсіну және меңгеру мақсатында өткізіледі. Мысалы, қазақ тілінде "Зат есім" тақырыбына көптеген сабақтар арналып, соңғы сабақта оқылған материал бекітіледі. Оқушылардың сабақтың өтетін уақытын және оның негізгі міндеттерін білгені жақсы. Мұғалім бекітетін негізгі сұрақтарды бөліп, білім тексеруді ауызша, жазбаша, тәжірибелік жұмыстармен, өздік жұмыстармен ұштастырады. Осы жұмыстар бекіту сабақтарының құрылымына кіреді. Ол өткен оқу материалын әрбір оқушыдан немесе бәрінен сұраудан басталады. Содан кейін білім тексеру тақырыптың күрделі жерлерін бекіту үшін жаттығулар жүргізумен ұштасады.
Сабақ соңында шағын өздік жұмыс өткізіледі. Математика, физика, химия сабақтарында ол есептер және мысалдар шығарумен байланысты. Тіл сабақтарында диктанттың алуан түрлері, шығарманық қысқаша мазмұны жазылып, оларды мұғалім тексереді және бағалайды. Әдісі: ауызша, жазбаша жаттығу, білім тексеру, бағалау. Тәсілдер: перфокарта, карточкалармен жұмыс, кесте жасау.