«Әулие ағаш » әңгімесінен жапанда қалған, зәулім дарақ аспан - жер - шыңырау түнекті бір өзі тұтастырып тұрған киелі ағаштың түсін баяндайды. Қаншама ғасырды өткерген ағаштың ойы деп қаламгер өзінің дүниетанымын көрсетеді. Көзқарасын білдіреді. Әңгімедегі әулиеағаш - символдық қызмет атқарады. Ол - осы әлем. Жер. «Ағаш - құсқа пана, жыланға да - өз үйі. Қанша балапан жем болды, қанша жылан опат болды - есебі жоқ», - дейді. Бұл жерден біз ешқандай философиялық мән іздеп, бас қатырмаймыз. Өмірдің қарапайым қағидалары. Құс пен жыланның арасында болатын соғыс дарақтың көкке жайған бұтағында талай рет қайталанған. Талай рет дәуіт жыланның көзін шұқыған. Жер бетіндегі жақсылық пен жамандықтың арасындағы күрес. Сол ағаш енді көктен түсетін найзағайды күтіп отыр. Ол - ең соңғы күн. Ал біздің өміріміз әулиеағаштың көрген түсіндей, болғаны болмағаны белгісіз, өң мен түстің арасындағыдай әсер қалдыратынын жалпы мазмұннан қарап білуге болады.