СУРЕТ САЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ...
повесть
Пролог немесе аспаққа асылған иір мойын
кемпірқосақ. О. Таңсықбаев деген кім? ЮНЕСКО
және Шоқан. Мәңгілік сапар үстіндегі жалғыз да
жарау жолаушы — Шоқан... Адамдар жамандықты
әдейі жасамайды, білмей жасайды.
— Балалар, еһ, балалар!
Гуіл су сепкендей басылды.
Салауат ағай қолын артына ұстап, көшеге телміре қарап тұр. Даусы әдеттегіден өзгеше. Өкініш сезіледі. Кейіп те тұрғандай. Үстіне қылау жуытпай, қашан да сыпайы, сырдаң жүретін мұғалім бүгін басқаша.
— Кәне, тұмшаланбай терезені ашып тастаңдаршы...
Терезелер айқара ашылды.
Бесінші кластық көген көздер дірілдеген демдерін ішке жұтып, сыбыр-күбірді сап қойып сыртқа үңілді.
Күн батуға тақау апақ-сапақ шақ. Жаңбыр жауып өтіпті. Салқын да саф ауа... Балаусаның таза иісі танау жарады. Алыстағы таулар нөсер жуып өткен бе, ағы ақ, көгі көк. Ап-айқын болып бермен жылжып, жақындай түскен, сірә. Шың, шоқылардың басына қызыл бауыр бұлт байланыпты. Иір мойын кемпірқосақ әуеге асылып, жел тербей ме, жайлап қана арлы-берлі алтыбақан тебеді. Аппақ мамық марқа бұлттар сай-сайды өрлеп, жер бауырлай биікке өрмелеп барады. Салқын самал лекиді. Беткей-беткейден қойшылардың гөй-гөйі талып жетеді. Әне, тау баурайынан әлденеше электр жарқ етіп, лып-лып етіп қалтырай қалды: дәу де болса қырқым пунктінің шамдары...
Мұғалім селт етіп басын көтерді, маңдайына шашырап түскен шашын артқа қарай жыға сылады.
— Ал, орнымызға отыралық. Көз байланыпты. Ержан, жарық жаға қойшы.
Аласа бойлы ақ сұр бала алға еңкейе, адымын алыс тастап, қабырғадағы қара түймеге беттеді. Түп-түзу ғып ұстаған алақандары ағаштай қатып қалған. Ол ұстазын, сурет үйірмесін тым-тым жақсы көретін; ойда жоқта мынадай сенім білдірілді; соған орай өзін тәртіпті, ықтиятты бала ғып көрсетуге, болмаса да ұқсап бағуға мейлінше тырысып барады.
Түйме шырт етті — класс іші самаладай жарқырады. Ержан өкшесінен кері айналды. Сол екпінмен өз партасының тұсынан аса беріп кілт бұрылды, өсіп қалған аяқ-қолы сартылдап орнына отыра кетті. Беті жалма-жан ду етті: тым тыраштансаң, ақыр аяғы бірдеңені бүлдіріп тынасың.
Ағай Ержанға көзінің астымен жымия қарап қойып, үстел үстіне қос кассеталы магнитофон шығарды. Жалпағынан жатқан қалың альбомнан әлденеше сурет суырды. Қатар-қатар жайып, анадай жерден әуелі өзі тамашалады. Суреттерді жанарымен соңғы рет сүйсіне сипап өтіп, басын көтерді.
— Балалар, келер аптада жазғы каникулдерің басталады... Бүгін сурет үйірмесінің соңғы сабағы. Енді сонау қара күзде бір-ақ кездесеміз...
Ағай мүдірді — жалпылама жүрдек сөздерге шорқақ еді. Жүріс-тұрысы, сөз саптасы, мінезі өзге мұғалімдерге ұқсай бермейді. Тақырыпты кіл түрегеліп жүріп талдайды. Кейде ол талдау, түсіндіруі қызық әңгімеге ұласады. Бүткіл дүниені, балаларды ұмытып, қара тақтаға ақ борды тоқ-тоқ ұрғылап, сурет салып кететін де әдеті бар.
—...Бүгінгі сағатты Орал ағайға арнаймыз. Ол кісіні кім біледі, кәне, қол көтеріңдерші!
Жым-жырт...
Таң қалған мұғалім қасын керді.
Арт жақтан бір ұйқылы-ояу үн:
— Былтырғы қырқымда жүнді кем өлшеп, сотталып кете жаздаған Орал ма?— деді.
Оқушылар араның ұясындай гу еткенімен, тез саябырлады — ағай класқа әрі жаны аши, әрі аяй қарап тұр... Бірте-бірте тыныштық орнады.
— Ал Шоқан Уәлиханов кім, айтыңдаршы?
Тым-тырыс...
Әлдекім:
— Саяхатшы...— деп бастай берді де, қорыққандай сөзінің соңын жұтып қойды.
Ағайдың көзі кішірейіп, кілмие қалды. Ашуланса сөйтетін.
— Колумб ше, Колумб кім, білесіңдер ме?— деді қырылдаңқырап.
Класс Колумбты жақсы біледі екен.
— Американы алғаш ашқан...
— Қазіргі Колумбия мемлекеті соның атында.
— Испания короліне қызмет еткен. Генуя қаласынан шыққан ұлы теңізші.
Ағай құмыға жөткірінді.
— Жар-райсыңдар! Орта ғасырда өмір сүрген Христофор Колумбты бес саусақтай білесіңдер... Өте жақсы. Ал өткен ғасырда ғана ғұмыр кешкен, бейіті мына Алтынемелде жатқан, қазақ халқының тума тұңғыш ғалымы, саяхатшысы, әдебиет зерттеуші фольклорисі, философы Шоқан аға кім, оны білмейсіңдер. Туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО бастап, бүкіл әлем атап өткен асыл ағаны саяхатшы ғана дейсіңдер. Ұят, ұят! Орал Таңсықбаев туралы тіпті дым сезбейсіңдер. — Сәл ойланды, сәл қызарды. — Бұл, әрине, бізден кеткен кемшілік... — Суреттерді жинастырып жатыр; саусақтары болар-болмас дірілдейді. Іле әр дыбысын нақыштап, қарыштай сөйледі.— Орал Таңсықбаев — СССР Халық суретшісі, академик. Орта Азия мен Қазақстандағы сурет өнерін жаңа сатыға көтерген даңғайыр ағамыз. Алды әлем, қалды совет бейнелеу өнерінің заңғар шыңдарының бірі. Ұлты қазақ, 1904 жылы Ташкент қаласында туған.
— Ағай, ағай!— деді Әмзе әдейі аңқаусып.— Магнитофонды қайтеміз? Би билейміз бе? Жаңа ән тыңдаймыз ба?
Кесел іздеген сұрақты мұғалім жақтырмады, шорт кесті.
— Сабыр, балақай! Асықпасаң — арбамен қоянға жетесің.
Салауат ағай сүт пісірімдей ағылды. Ежелден қоныстас, өрістес ағайын өзбек, қазақ халқының төл ұлы Орал Таңсықбаев пейзаж жанрының шебері екен. Ол кісінің суреттері Москва, Ленинград, Латвиядағы галерея, музейлерде, Өзбекстан, Қарақалпақстанда көздің қарашығындай сақтаулы. Астанамыз Алматыдағы галереяның қорында да суреттері сақтаулы тұр. Тау мен тас, сайын даланың ұлы жыршысы Таңсықбаевты бүкіл әлем біледі...
— Жә, құрғақ қасық ауыз жыртады. Мен бүгін сендерге Орал ағаның басты еңбектерінің репродукциясын ала келдім,— деп, қазанның қақпағындай альбомның жалпақ мұқабасын аялай сипады. "Орал аға" дегенде класс сілтідей тұнды. Мұғалімге де аға бар екен. Балалар түгіл, олардың ата-аналарын тік тұрғызып қойып, ұрсып алатын мұғалімдерге де аға табылады екен...
— Бүгінгі кезекші кім? Сәбира ма? Айналайын, парта басына бір-бір репродукциядан үлестіріп бере қойшы. Таласып-тармаспай, кезекпен көріңдер. Қас өнер орынсыз дау-дамай, талас-тартысты көтермейді...
Түрлі-түсті жылтыр қатырма қағаздар парта-парта бетіне көгершіндей қалбалақтап қонып жатты. Кенет қоңыр күй күмбірлеп басталды. Кассеталар ақырын айналып тұр — ағай қосқан екен. Өзі екі қолын айқастырып кеудесіне салып, баяу, нық сөйлейді.
— Ұлы дүние қашан да сабырлы, салқын қанды... Орал ағаның туындылары тоқпақ жалды торы атты аяңдатып, қара күңгірт бейуақта сапар шеккен қаяу көңіл жолаушыға ұқсайды.
Ауыр ой еңсесін езген жалғыз да жарау жолаушы... Күрең жолдан селдір шаң шұбырады...
Ағай кейде өстіп жұмбақтау сөйлейтін. Кезінде облыс орталығында мықты суретші болыпты. Кейін тағдыр айдап аудан орталығына, туған жеріне ойысқан. Қазір плакат, ұран жазады. Үстемеге орталық іргесіндегі осы мектепке суреттен сабақ береді. Сурет үйірмесіне жетекшілік етеді.
— Әсіресе "Аңсаулы әнім", "Таудағы жол", "Алай жазығы", "Күзгі таң" пейзаждарына жіті үңіліңдер...
Ержан, ағайы айтқасын, алдындағы суретке "жіті үңілді".
Міне, "Алай жазығы..." "Орал аға пәле екен!"— деп Ержан іштей қатты сүйінді. Репродукцияны алай айналдырып, бұлай айналдырып, бес минуттай зерттеді. Анау айтқандай үлкен кемшілік таба алмады. Ойланды. Әлдекім түртіп қалғандай селт етіп, басын көтеріп, терезеден сыртқа қарады. Тұп-тура алдында жатқан репродукциядағы кең жазық көз алдында көсіліп жатыр. Мұң мен сұс кілкіген қара көк жазық... Одан әрі сеңгір-сеңгір ақбас таулар... Мынау күңкілдеген күй сол айналасы ат шаптырым жазықтың қалың қойнауынан жіңішкелеп жеткендей.
— Әкеші андағыны! Мына біреу жаман сурет екен.— Әмзе екен желкеден мінбелеп, қылқылдаған. Оған бұрылып та қарамады, қолын шошайтып көтерді.
— Ағай, ағай!
— Иә, Ержан, жай ма?
— Мынаған қараңызшы!
— Суретіңді алып, бері келе ғой!
Барды.
— Ал, не айтасың?— деді мұғалім репродукцияны өзінен алыстата, көзін сәл сығырайта қарап. Жақыннан нашар көретін.
— Мынау тау... Анау жазық...
Ағай көпе-көрінеу қуанып қалды.
— Тау, әрине, тау... Иә, жазық... Жазық емегенде. Осыдан не түсінгеніңді балаларға, кәне, айтып берші.
Бала бөгелді. Көкейі сайрап тұр, әттең, айтуға тілі жетпейді. Жайшылықта ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың кері...
Көмек күткендей класқа сүзіліп қарады. Құрдас-құрбылары мұның мүшкіл халінде шаруалары жоқ, бас түйістіріп, алдарындағы суретке жаппай үңіледі. Пыш-пыш сыбырласады. Ержан "Алай жазығына" көз қиығын тағы бір тастады. Күл болмаса, бүл болсын:
— Бір түрлі қорқынышты!— деп салды.
Мұғалім жайлап жымиды.
— Жөн, жөн... Сесті екені сесті. Балалар, бері таман жақындаңдар. Ержан "Алай жазығын" сәл өзгеше, өзінше ұғыпты. Кәне, бәріміз қосылып талдап көрейік.
Әмзе бастаған еті тірілер алдымен өре түрегелді. Иіріле тұрып алып, көздері шырадай жанып суретке үңіледі. Бастары бір қазанға сыймай, мұғалімге білдірмей бір-бірін түйіп қалғандары қаншама.
— Міне, қараңдар! Ержан айтпақтайын, аз-мұз қорқынышты. Қара, көк және жасыл бояулардың гимні...
Оқушылар суретке шұқшиюын шұқшиып баққанымен, қорқынышты еш нәрсені көре алмады. Бояуда тұрған қайдағы гимн? Гимнді хор айтпаушы ма еді? Салауат ағай кей кезде не деп кетеді осы?
Мұғалім де маңдайы кіржиіп, қиналыңқырап сөйледі.
— Қалай десек? Меніңше, мына сурет "Жер бетіндегі тіршіліктің анасы мен атасы — табиғат, оның шырқын бұзбаңдар!" дейді. Мүлгіген шыңдар мен тау жастанып, жалпағынан жатқан жазықты, кешкілік қазандық астына тезек қалап, от жалпылдатып жаққан малшыларды бір-бірінен айырып алу мүмкін бе? Жоқ, жоқ, әрине, жоқ! Мұндай ділі мен діні, тілі бір үндестікті өнер дүниесінде гармония дейді. Осынау суреттің шетіне от тигізіп, өртеп жіберуге дәтіміз жете ме? Жоқ! Кәне, мынау мұң мен сеске толы қара көк жазықтың қақ ортасына құлаштап тұрып тас лақтырып көрелік. Сырт етіп сынған, өліп кеткен әлдебір жанның соңғы айқайын, жанталас үнін естір ек!— Мұғалім кібіртіктеп бастап, соңына таман бұлдырай ағып, қолтығы қыза шапты.— Табиғат пен адамды ешқашан да, ешқашан да бір-бірінен айыра алмаймыз. Ол — күнә! Ауыр күнә! Ендеше, табиғат-ананы аялап сүйетін оқушы ата-анасын, іні-қарындасын, көршілерін, мектеп, мұғалімдерін де төбесіне көтеріп қадірлейді. Төңіректерің жүрегі лүпілдеп соққан тірлік пен тірі жан, балалар! Сол репетте Абай ата айтпақшы, ақырын жүріп, анық басыңдар! Адам жамандықты әдейі жасамайды, көбіне білмей жасайды. Орал ағаларың "Ойнақтап жүріп, от баспаңдар, ботақандарым!" дейді мына суретте.— Қалтасынан төрт бүктелген қол орамалын алып, мандайын майпаздап сүртті. Класқа шарасыз күйде жасқанып қарады.— Ұқпай қалдыңдар, ә? Жарайды, бүгін ұқпасаңдар, ертең өмірдің өзі түсіндіре жатар.
Салауат аға ұзақ жолдан әбден шаршап келгендей сылқ етіп отыра кетті. Күмбір-күмбір күй ұзап барады. Тоқпақ жалды торы атты, мұңлы да жалғыз жолаушы ымырт қараңғылығына сіңіп, үнсіз сорылып бара жатты.
Класс үнсіз.
Трактор да, иттер де көрінбейді — күн жексенбі! "Oh-ho, — деп қарқылдап күлді Фигаро — анда, Фигаро — мында! Кірпіш құймайтын таулар... Ержан ешқашан да, ешқашан да келіншек алмайды. Ешкім мақтамайтын еңбек. Қытымыр өмір... "Құлыным"— адамды тез шаршататын сөз. Аспанға ұшқан трактор.
Ержан балағын тізесіне дейін түріп алып, пеш кірпіш құйып жүр.
Күн арқан бойы көтерілген. Алыстағы таулар бүгін бүк түсіп, кәмпитке өкпелеген баладай етпеттеп-етпеттеп жатыр. Көз көрім жер көлкіген жап-жасыл әлем... Шөп шауып, тырма салып, десте жинап жүрген трактор бүгін ізім-қайым көрінбейді — күн жексенбі! Құйрықты қайқитып тастап, борс-борс желген маңғаз төбеттер, шарбақ түбін иіскелеп танау тыржитып, ырылдасқан көпектер де жым-жылас. Енді ше! Тыр-тырлап от алып, оятып жіберетін трактор, машиналар бүгін үнсіз қаңтарылып тұр, сондықтан ит атаулы аула-аулада ұйқыны соғып жатыр — күн жексенбі!
Күн жексенбіде тек Ержанның қу жанында тыныштық жоқ, қалып көтеріп, пеш кірпіш құйып жүр... Балтырына жабысқан тамшы-тамшы батпақ кебірленіп қатып үлгеріпті — етін қышытады. Алақанымен қағып көріп еді, түгімен қоса жұлынып, жанын кезіне көрсетті.
Обалы не керек, мана, о баста кірпіш құю тым қызық көрінген. Сабан, топаны қылтанақтаған батпаққа күректі ырғап-ырғап тұрып, қорс еткізіп салып жіберді, іліп алып қос ұялы қалыпқа ұрып еді, зулағаннан зулап кеп бетіне былш етті. Оның ұнап кеткендігі сондай, "о-о!" деп, қос аяқтап секіріп түсті. Ұя бетін тегістеп, артық-тыртығын қолының қырымен сылып тастады, қалыпты көтеріп апарып тақтақ алаңға тарс ұрды. Қыры қылыштай болып түскен кіп-кішкене қос кірпіш егіз баладай жарасып, қатар жатыр... "О-о!" деп, қайта жүгірді батпаққа. Несін айтасың, әлгі бір көңілді ариядағы "Фигаро анда!", "Фигаро мұнда!" дегендей, Ержан ары шапты, бері жүгірді, анда шапты, мұнда жүгірді, қысқасы, қызық тірлік қызып берді.
Бір сағаттан соң маңдайы бусанды, қары да сырқырап тала бастағандай. Саптағы сарбаздардай самсаған кірпіштерді көргенде көңілі бек тойды, шаршағанын ұмытты. Кейбірінің бұрышы шықпай, батпағы іртіктеліп тұрса да: "Қандай сұлу кірпіштер ей, өзі!" — деп сүйсінді.
Одан ары қызық шыжыққа айнала бастады. Соқа басы жалғыздық жалықтырды — бір. Сахнада дыңғырлатып гитара шертіп, құйқылжытып ән шырқаған "Фигаро — анда!" "Фигаро — мұнда!" мен айдалада лай батпақпен алысқан жалаң аяқ, қызыл асық "Ержан — анда!", "Ержан — мұнда!" екеуінің арасы жер мен көктей екен. Ондай Фигаросы да, Ержаны да құрысын. Шаршағанда ойын соғатын, құрығанда шекісіп алатын бала да жоқ, бәрі де үйді үйінде ұйқыны соғып, тырайып жатыр. Ал қырман батпақтың шекесі жаңа ойылыпты...
Екі қолымен бүйірін таянып шалқайып қалып еді, белі кітір етіп, бір сәтке көз алды мұнарланып сала берді. Шеміршегі үзіліп кеткен жоқ па өзі? Есі ауып қала жаздады тіпті... Алыстағы тауларға қызықты бір сәт. Олар ешқашан да, ешқашан да кірпіш құймайды, "жатқанымнан жарылқасын" деп жамбастап-жамбастап сұлап түсуді ғана біледі. Ит екеш ит, бұзау, әтеш, тауықтар да кірпіш құймайды. Таң сәріден еңкеңдеп-тоңқаңдап кірпіш құятын тек құдайдың құлы Ержан ғана... Осыдан кейін: "Бұл өмірде хақ шындық, әділеттілік бар" деп, қалай үзілді-кесілді айтасың!
Құрығанда май батпақ арасынан әйнек сынығы, тат шеге не табанын, не алақанын тіліп түссе ғой... Тілсе бітті — құдайы берді, қанаған жерін алақанымен басып үйге қарай аттандап жүгіреді. Мамасы: "Алла, алла, не жаздық, не болды, құлыным?"— деп құлдық ұрып, құрақ ұшады, жарасына йод жағып, ақ дәкемен байлап береді. Ең тамашасы: "И-ии, біздің шал да қабырғасы қатпаған жас баланы батпаққа салып... Бар, ойнай ғой, тек алысып-жұлысамын деп дәкені орнынан қозғап алма",— дейтіні мында тұр.
Қырсыққанда батпақ арасынан әйнек сынығы, тат шеге жуыр маңда табылмады. Қайдан табылсын! Кеше кешке көкесі күрекпен топырақты әдемілеп тұрып жаймалаған. Әне, сонда қиыршық тас, шыны сынығы, қурай атаулыны біртіндеп теріп, былай лақтырып тастаған. Ержан жуан сіңір шабдар атты лайды айналдыра жетелеп жүр еді.
— Балам, еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей...— деп, ақыл айтып мардымсыды. Ержан іштей мысқылдай күліп қойды. Көкесі қу! Абай атаның өлеңін өз жанынан шығарғандай мақамдатты. Бұл ұрлық емей немене! Осыны Ержандар істесе ғой, мұғалім әдемілеп тұрып "екі" қояр еді. Тәртіп, құлқын талқылатып, класс жиналысына да салуы ықтимал.
— Еңбек, еңбек деп қылқылдайсыз...— деп күңкілдеді көкесіне қарадан қарап ызасы келіп.— Мырқымбай, Дәркембай, Жабайлар ғұмыр бойы еңбек етті, не болды? Жабай боранға ұшып өлді, Дәркенбай да оңған жоқ. Ойламайсыз ба осыны?
Көкесі көпе-көрінеу іш жиып, сескеніп қалды. Күрегін жерге тігінен шаншып, маңдайының терін алақанымен сыпырып тұрып едәуір ойланды. Мына бала не деп кетті? Кім, кім дейді мына ас та тек бақытты заманда жарымай, жалшымай жүрген?!
— Бері келші!— Қасына жақындап келген ұлына ешкім естімесін дегендей сыбырлап:— Балам, жаңағы кісілерің кім, біздің ауылда тұра ма? Оларды мен неғып білмеймін, көрмеймін?— деді.
Ержан мәз-мейрам.
— Ой, көке! Кітап оқымағанның зияны осы... Бәрі де революциядан бұрын өмір сүрген. Әлдеқашан өліп қалған... Майлин, Әуезов, Мүсірепов сияқты ағалар жазған бәрін.
Көкесі жеңіл күрсінді.
— Е, солай демейсің бе? Мен де қарғадай кезімнен қой бағып, ғұмыр бойы еңбекті еміп келе жатырмын. Содан зиян көрдім бе. Біреудің алды, біреудің соңы дегендей... Әскен, Сейсен ағаларың, шүкір, ер жетті. Әне-міне дегенше келін де табалдырық аттайын деп отыр...— Көкесі бір ауық үнсіз қалды. Әскеннің де әскерге аттанғанына бір жыл.— Иә... Шағын да болса шаңырағым бар.— Аласа ғана қос қоржын тамға ризалықпен көз салды.— Мынау бес бөлмелі үйді бітіріп, күз аяқтала кіріп алсақ...— Шошақ шифер шатырлы, әйтсе де іші-сырты сыланбаған зіңгіттей үйді иегімен нұсқады.— Еңбектен қашпа, балам! Әнеугүні ата-аналар жиналысында мұғалімдерің де естіді. "Жазғы демалыста балалардың үстіне өбектеп түсе бермей, жұмысқа салыңдар" деп тапсырды. Жоғары жақ та солай дейтін көрінеді. Биыл бригадаңды жиып қой. Қырғын жұмыс күтіп тұр бізді. Мына үйдің іші-сыртын батпақпен ұрып, неше қайтара сылаймыз, еден төсейміз, пеш саламыз, ағартамыз. Мұғалімдеріңнен сұрап аламын, саспа!
Ата-аналар жиналысында мұғалімдер не деді, Ержан оны көкесінсіз де бес саусағындай біледі. Сол мұғалімдер, қызық болғанда, класс жиналысында басқаша деді. Класс жетекшісі: "Ата-аналарың сендерді шіліңгір ыстықта аямай жұмысқа салсын" деген жоқ. "Төрт тоқсан бойы оқу оқып, шаршадыңдар. Енді каникулда жақсылап демалыңдар, суға түсіңдер, балық аулаңдар, қыстайғы құрыс-тырыстарыңды жазыңдар. Бір айдан соң совхоздың қауын-қарбызы түйін тастайды. Бесінші-алтыншы кластан бастап оқушылардың өндірістік бригадасын жасақтаймыз. Жеті-сегіз шақырым жердегі Қараойға барасыңдар, бақшаның арам шөбін отайсыңдар. Бригадир, звено бастықтарын өз араларыңнан сайлаймыз. Еңбектеріңе наряд жабылады, ақы төленеді. Бригаданың ақшадан гөрі қымбатырақ пайдасы мынау: сендер бір жағадан бас, бір жөннен қол шығарып, коллективтік еңбек не, міне, соны ұғасыңдар. Кім жалқау, кім еңбекқұмар, жұмыс үстінде тайға таңба басқандай көрінеді. Әредік-әредікте сушы ағаларыңа концерт қойып, плакат, ұран жазасыңдар",— деген.
Ержан "коллективтік еңбекті" өте жақсы біледі. Өткен жылы өзі құралпы балаларға еріп, қауын-қарбыздың арамшөбін отаған. Оқу жылы басталарда совхоздан бақандай жетпіс сом ақша алды. Ой, қуанғаны-ай, сонда! Судай жана қызыл құлақтар алақанында сытыр-сытыр жанып, әншейін өртеп бара жатты. "Байыған деген осы!" деді оңашада. Шапқылағаннан шапқылап кек дүкенге кіріп, бес сомға қант-кәмпит алды. Және өңкей қымбаттарын. Жолда ептеп дәмін татып көрмек болды, үйге не апара жатқаныңды ең алдымен өзің білуің керек қой! Біреуін аузына тастап еді, таңдайына татыды. Дереу екіншісінің қағазын аршыды. О да... Үшіншісін ытқытты. Кәмпиттер еріген үстіне еріп, тиісті жерге кетіп жатыр. Жолай Әмзелер кезікті.
Бөсіп кетіп, оларға да уыс-уыс үлестірді. Әлгі жерде қай кәмпиті кімнің қолында кетті, о жағы есінде жоқ. Үйге келсе, кәмпит таусылыпты. Әбден ұялды. Ұялған тек тұрмас, күле салды. Қалған ақшаны көкесіне ұстатқан. Көкесі мұртын сылап:
— Азамат, азамат! Әке-шешесін асырады деген осы!— деп қауқалақтады.
— Көке, пальто сатып алыңыз андағыға! Үстіңіз тозып жүр.
Көкесі ұлының бетін мұртымен іскектеп, маңдайынан иіскеді. Келесі күні өзіне пальто емес, Ержанға шабағы жалтылдаған велосипед сатып әперді.
Е, бәрін айт та бірін айт, велосипедтің жырын айт! Ауылдағы ең жүйрік, ең әдемі велосипед еді ғой. Уақытында майлап, винттерін бұрап, ой-шұқырдан секіртпей бипылдатып қана өте шығады. Себебі ол жай велосипед емес, маңдай терге келген велосипед, еңбек велосипеді!
Ержанға салса, бригададан өлсе қалғысы жоқ. Былай қарасаң, пеш кірпіш қүю да еңбек, арам шөп отау да еңбек. "Екі есеп бір қисап", көкесі айтпақтайын. Ұққан адамға екеуінің арасы көш құлаш. Пеш кірпішті жападан-жалғыз құясың — мәселе қайда! Жалығасың — бір. Кірпіш құйды деп сені ешкім мақтамайды — екі. Жамандамайды да. Өйткені мұның бәрі өз үйіңнің жұмысы. Ондай жұмыс көзге көрінбейді. Үй жұмысы көзге көрінсе, лайықты бағасын алса, Ержанның мамасы бас болып, біраз мама, әже, жеңгелер осы ауылда орден, медальмен наградталар еді.
Соңғы кезде жалғыздық жанына қатты батып жүр... Тете ағасы Сейсен қу болса бір күннің ішінде жиылып-теріліп, шөпке тартып кетті. "Көкемді ренжітпе, мамамның денсаулығын білесің, аянбай қолғабыс ет. Былтыр мен де ала жаздай тырп етпей үй қаластым, өліп қалғамын жоқ",— деп уағыз айтып кетті аттанарында. Бұл: "Көкемді ренжітпе, ренжітпе... Ондай мықтыны ренжітіп көр, не болғаныңды білмей қаларсың!"— деп күңкілдеді.
Бригада ше? О, керемет қой! Ертеден кешке дейін тізені тікенек, қияқ тіледі. Күн ұзақ атызды қуалап бүкеңдейсің де жүресің, бүкеңдейсің де жүресің, бәрібір керемет! Арам шөп дегенің мың миллион: таусылып бітпейді! Онда да керемет! Еңкейіп қалсаң, ащы тер көзіңе, бой жазсаң, мойныңа құйылады — түк те емес, өлмейсің! Мұғалімдер айтпақтайын, көппен көрген — ұлы той. Есесіне түске таман уласып-шуласып өзенге жүгіресің, бір-біріңе су шашып ойнайсың, қостағы асханаға барып, көже-көлмек ішесің. Ары қарай қосқа кір де, мызғып ал, немесе кітап оқы. Кешке тіптен тамаша! Тау жақтан салқын самал желпіп, бұлттай қайнап ұшқан маса, шіркейді көз көрмеске қуып кетеді. Ауаның мөлдірлігі сондай, тіптен көзіңді қаншама ашып қарасаң да көрінбейді. Волейбол, футбол ойна, ешкім қой демейді. Ұйықтар алдында әр бала кезекпен білген ертегісін айтады. Небір жын-шайтан елестеп, біресе қуанып, біресе шошынған балалар кезекпен тырқиып, ұйқыға кетеді... Өстіп, өстіп отыз күн ойын, қырық күн жұмыс қас пен көздің арасында зырлап өте шығады.
Ал мұнда ше? Қыл аяғы ит те ойнамайды сенімен. Көлеңкеде тілі салақтап, екі өкпесін соғып жатқан Алып соқты "кел, ойнайық, кәне, ойнайықшы!" деп шапқа түрткілеп көр. Қайдағы ойнаған! Ырылдап, тістерін ақситсын. Әйтпесе "Ырылымды саған қор етпеймін!" дегендей, орнынан сылбыр түрегеліп, қора айналып кетеді.
"Өмір — қытымыр!" дейсің мұндайда.
— Шаршадың ба, құлыным? Кел, айран іше ғой.
Жалт қараса, анасы босаға көзінде қалбиып түр. Көзі кіртиіңкі. Мана басы ауырып жатып қалған. Содан жаңа тұрыпты. Ержан былқ-сылқ етіп, үйге бет түзеді. Мамасы: "Құлыным!" десе бітті, аяқ астынан тез шаршап қалады. Ол кісі ылғи да ұлы кіл бел қайыстырар ауыр жұмыстың астына түсіп, ыңыршағы шығып, жүдеп-жадап жүр деп ойлайды. Кейде күн ұзынғы ойыннан азып-тозып келеді. Содан кешкі асты соғып ап, бүйірі шығып ыңқылдап отырса да мамасы: "Қабырғаң ырсиып, арып кетіпсің. Қарашы, міне, санап алуға болады" деп, үстіне шұрқырап түсіп жатқаны. "Ырсиып тұрған ол қай қабырға? Кәне, сипап көрейікші, қолыма түсер ме екен?" деп іштей мамасының аңқаулығына күліп мәз болса да, сырттай: "Иә, мама, өлесі боп шаршап жүрмін. Айран ұйытып қойдыңдар ма?" деп, ойдан ойып, қырдан қырып келгендей алдына қисая кетеді. Өтірік айтқан қайбір жақсы. Әйткенмен, анадан басқа кімге өстіп еркелейсің, кімге өстіп өтірік айтасың!
Кәрлен кесе айранды басына бір-ақ төңкеріп:
— Күн ыс-тық, ма-ма! — деп ентікті.
Шешесі ұлының күн сасыған шашынан сипап:
— Кірпіші құрғыр да биыл бітер емес... Шыда. Көкең де жетісіп жүрген жоқ. Қайтейін енді, қолымнан келсе мына шыжыған шілденің бетіне бір шелек суық суды шаша салар ем...— деп, қолынан келгенше жұбатып жатыр.
Мамасы қайбір кездерде өстіп таусылыңқырап сөйлейді. Әсіресе, жүрегі мазалап тұрған шақта... Ондайда қоя қойған жөн. Ержан бірақ бастап алған күңкілін қоя алмады.
— Шыда, шыда! Бұдан басқа сөзді білмейсіңдер ме осы! Балалар жатыр, әне, үйді-үйінде тырайып ұйқы соғып...
Мамасы сәл қатайды.
— Басқа балалардың ағасы, жағасы бар. Сенің кімің бар? The, тһе, тілім тасқа, қайдағыны айтқызып. Бармыз, баймыз. Бірақ бірі ойда, екіншісі қырда. Әсентай армияда. Сейсентай шөпте. Кіші болғанша, күшік бол...
Ержан кіржің етті. Шыр етіп туғаннан кіші болып келеді. Бастауыш класта кіші, бесінші класта да күшік... Бұл кішілік пен күшіктік жуыр маңда таусыла ма, жоқ па? Биыл алтыншы класқа көшті. Батыр бала Болатбектің жасына. Осы жасқа дейін күшіктік пен кішілік Ержанның соңынан неге қалмайды осы?
Әйткенмен сөзі сәл басқашалау шықты.
— Кірпішті совхоздан сатып алайық, мама. Бір кірпіші екі-ақ тиыннан!
Мамасы азар да безер.
— Басқаның кірпіші бізге үй болмайды. Өз маңдай теріңмен келген кірпіштер жай кірпіш емес, алтын кірпіштер, құлыным! Жас күнімде кірпіш құрғырды бұйым құрлы көрмей, мыңдап құйып тастаушы ем. Әттең, әттең...
Ержан мамасына көзінің астымен білдіртпей қарап қойды. Үшінші жыл, міне, мамасының жүрегі ауырады. Ревматизм жүрекке шапқан. "Соғыстан соңғы жүдеу жылдары ақырған аязда мектепке резеңке ботимен барушы ем. Қара табаннан өткен суық ақыры төбеме жетті",— дейді. Күз, көктем сияқты аласапыран маусымда аяқ-қолы сырқырап, домаланып жатып қалады.
Бәрін де іштей оқып-тоқып тұр-ау, әйткенмен, еркелікті бастау қиын, бастаған соң тастау одан да қиын.
— Қарашы, мама, алақаным күлдіреп, ойылып қалды. Кешке қалай сурет саламын?— деп қыңқылдады.
— Әлтаман күнбағыстың майымен сылап тастаймыз, түк те етпейді. Жантайып мызғып ал, кірпішіңе ыстық қайтқасын кірісерсің, ешқайда қашпас.
Сонымен, сенектегі сықырлауық төсекте ұзынынан түсіп, дамылдап жатыр... Дамылдады деген аты ғана. Ой дегенің — он-ау. Ержан айтып-айтпай не керек, өмірге өкпелі. Сүт кенже — мәселе қайда! Әсіресе, "үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі бол" деген мәтел есіне түскенде, бір минутке жынданып қалады. Үлкен ағасы Әскен барда кенже болу жаман емес-тін. Үйдің уақ-түйек шаруасы ағасының мойнында. Бауырсақтың жұмсағы, сүттің қаймағы алдымен Ержанға, қалса Сейсенге тиесілі. Ағасы бардың — жағасы бар деген осы. Әй, қайдам! Аға да, жаға да адамына байланысты көрінеді. Былай қарасаңыз, Сейсен де Ержанға тетелес аға. Өйткен ағасы құрысын. Бала жастан екеуі ойыншыққа таласып өсті. Сейсен реті келсе мұның асығын ұрлайтын. Ержан ботадай боздап, оның үстінен үлкендерге шағым айтады. Қазір де кейде тату, кейде ит пен мысықтай. Әскен ше? Оһо, ол ма, ол нағыз аға! Сейсенге ғұмыр бойы сабатқызған емес. Мектептен соң совхоздың тракторын айдады. Айлық алғанда: "Мә, киноңа кір!", "Лимонад алып іш!", "Суретіңе керекті қалам-қарындашың бар ма?"— деп, көке, мамасына көрсетпей алақанына ақша қыстыратын. Әскеннің көксау, ескі "Беларусі" ше! Оның игілігін Ержан көріп бақты ғой! Ағасы түсте шайлатып үйге келеді. Ержан тырбаңдап дереу трактордың кабинасына өрмелейтін. Аузымен "тыр-тырлап" от алдырады. "Қып-Һ!" деп жылдамдыққа қосады, о, содан Ержан темір тұлпарды гүрілдетіп ауладан кең дүниеге шығады. Қасқайып тауға беттейді, газды үсті-үстіне басады. Трактор екең солқ-солқ етіп, желдей жүйткісін баяғысында. Бір уақта дөңгелегі жерге анда-санда бір тиіп, дельтопландай қалықтап ұша бастайды. Сеңгір-сеңгір таулардан да асып, тіке жұлдыздарға қарай көтеріледі...
Көксүңгі шыңдарға шығып кеткен трактор мен Ержанды:
— Оу, батыр, болсаң енді рульді маған бер!— деп, ағасы жерге түсіріп алады. Екі қолы, екі аяғы тормоз, руль, жылдамдық ауыстырғыш арасында ербеңдеп, көзі ақшаңдап кеткен Ержекең бұл кезде таза есалаң. Ағасы оны бек жақсы түсінеді, түсінеді де қатарына отырғызып, ауыл сыртына алып шығады. Жазық жерлерде рульді Ержанға беріп-беріп алады. Бүгінде ше? Оның бәрі көрген түстей. Әскен әскерде. "Служба қиын. Сендерді сағындым" деп жыланады. Ал, телевизордан көрсең, служба тамаша! Сартылдатып саппен жүреді, шырқатып ән айтады, бұрқылдатып мылтық атады. Абажадай танк астарында. Еріккен кездерде жеті қат аспанға ұшып шығып, парашютпен жерге қарай құйғытып секіреді. Ішетіндері борщ, жейтіндері колбаса... "Служба қиын..." Қайда-а? Әншейін көке, мамасына хат арқылы болса да ептеп еркелегісі келеді. Ержан парашютпен секіретін, танк жүргізетін службаға барса, сол жақта мәңгі бақи қалып қояр еді.
Сейсен ше? Сейсен бұған аға болатын түрі көрінбейді. Әуелі десең Әскен әскерге кеткелі кісімсініп, қожаңдағысы келеді. Ақыл айтады шатпақтап.
Иә, жағдай мәз емес... Осы былтыр ғана ауыл сыртындағы кең жазыққа меншік мал жайылатын. Биыл көктемде жазыққа темір соқа жарқылдап түсті. Айналасы екі-үш күннің ішінде тракторлар тас-талқан ғып жыртып, жоңышқаны екті де тастады. Бұл күнде кең жазығым — жайқалған жоңышқа. Ауылдағы тайынша-торпақ, сиыр біткеннің де бұл күнде айтар әні — жоңышқа, жоңышқа! Шетінен жазық жаққа әукесін салып, мойнын созып, иіс аулайды да тұрады. Кешке таман өрістен қайта бере жазық жаққа өңкілдеп, жырыла қашатынын қайтерсің. Сиыр тойғанын білмейді. Әңгүдік бір-екеуі әнеугүні ісініп-кебініп, іші жарылып өлді. Содан бері, амал жоқ, Ержан күнде-күнде ауыл сыртынан көк сиырды қарсы алады. Қарасан келгір көк сиырың, іштен оқып туған қудың нақ өзі. Жоңышқаға бұрынғыдай ауыл сыртынан қашпайды. Түк білмегендей ауылға тәртіппен кіреді, кіргесін-ақ үй-үй арасын қуалап, шеткі көшеге шығады, шығады да тура жоңышқаға қайқаяды. Биыл қысыр қалған, қорада мөңіреп тұрған бұзауы жоқ, күні-түні ойлайтыны қу құлқын қамы. Қашаған көк сиырды іздейтін кім? Әрине, Ержан. Ши-шиді аралап, велосипедті томарға соғады, шырмауық атаулы ширатылып шабаққа оратылады. Маса, шіркей, балтыр, білекті қызыл жоса қан қылады. Ақшатыр аулының маса, шіркей, сонасы да жоңышқа жей ме, әлде ән салып, би билейтін алтыбақаны осы жер ме, әйтеуір, ымырт түсе жоңышқа арасы ызыңдаған, сыңсып ән салған насекомдарға толып кетеді. Аттаған сайын шөп арасынан қара бұлттай қайнап, түмен-түменімен көтеріледі. Көтеріледі де, не өші, не қасы бар, қайдам, көк сүңгілерін сайлап, әй-шәй жоқ, адамды іреуге кіріседі. Жын ұрғандай қызыл қурай, жалбызбен өз-өзіңді бас-көзге сабалайсың кеп, сабалайсың...
Бұл көк сиырдың құйрығын қашанғы бұрайды? Қарасан келгірді қуалаудан құтылатын күн бола ма, болмай ма?
Ержан қамығып жатып, кірпігінің қалай ілініп кеткенін өзі де байқамай қалды.
Ойда-жоқта мөңкіген велосипед. Сұлу кірпіштер, бүлінген кірпіштер... Дальтониктер, сиырлар және жоңышқа. Көкемнің көзінде рентген аппараты бар ма? Шыбын болып кіріп, түйе болып шықпайтын пәле... Балтыры күс-күс бала болғым келеді!
Ауыл сырты ию-қию. Сиыр мөңірейді, қой-ешкі маңырайды; табын мен отар мидай араласып кеткен. Солардың қалың ортасынан біреу мас адамдай пәруайсыз бақылдайды. Жынды көк теке ғой бұл кілкіген қалың шаңға қақалып жүрген.
Күн көкжиекке табанын тигізіп үлгеріпті, бұтына піш етіп қойған жас баланың бетіндей талаурайды. Теректер түлепті, ақ мамықтар ауада үлбірей ұшып, бет албаты маңиды.
Ержан оң аяғымен жер тіреп, сол аяғын велосипедтің рамасының арасына сұғып жіберіп, көк сиырды торып тұр.
Сол екі арада біреу қасына зыр етіп келіп тоқтап, велосипедінен дік етіп түсе қалмасы бар ма. Мойын бұрса... совхозға биыл көктемде көшіп келген Тәшен! Ешбір топқа қосылмай, томаға-тұйық жүретін кісікиік бала — тұтықпа. Сондықтан көпшілік жерде аузын барынша аз ашуға тырысады. Жүрісі де елден ерекше. Аттаған сайын ұзын. мойнын ата қаздай қылқыңдатып, күлкіңді келтіреді. Балалар да ұрыншақ өзіне, орынсыз мазақтап, жәбірлей береді. Тәшен соған орай оңаша ойнайды, оңаша ойлайды. Қазір де мұрнын қос-қостан тартып, шеттеу тұр.
Ержан да ой үстінде... Ойланатын нәрсе көп. Ойлай-ойлай тіпті желініп кетесің.
Осыдан бір сағат бұрын кірпіштерді құйып бітірген. "Уһ!" деді, рақаттана жуынып-шайынды. Кәрлен кесе айранды бауырсаққа қосып, дәс қойды. Мамасы көрші үйге кеткен. Қарнына ел қонғасын рахаттана бір сипады да, қораға кірді, велосипедінің босаған шабақтарын құртымдай кілтпен тартып, қатайта бастады.
Минут өтті, өтпеді, ауладан қызыл әтеш шошына қыт-қыттады. Қора есігінен басын қылтитып әуеге көз салып еді, қарақұс көрінбеді. Ендеше, қызыл әтештің мына шатқаны қай шатқан? Дегенше қауырсын, қанат атаулы сарт та сұрт қағысып, бір емес, екі әтеш қосарлана жан ұшырып бақырды. Түсінікті-е... Қызыл әтеш пен көршінің қара әтеші төбелесіп жатыр.
Ержан қораға қайта кірді.
Бие сауымнан соң аула сыртына машина пыс етіп тоқтады. Көкесі! Әтештердің қыт-қыты ұзай бере үзіліп кетті. Біреуіне кесек тиді ме, шошына бақырды. Көкесі ғой, машинадан түсе сала қуалап жүрген... Ержан жымиды. Осы минутта көкесі, құдай біледі, кірпіштерді жағалап, баласы таңертеңнен бері қаншасын құйды, санап жүр... Тексеретін түгі жоқ, кірпіштердің бұрышы шыққан, әп-әдемі. Ержан бәз біреулердей мақтаншақ бала емес. Кірпішті көп құйып қойған екемін деп әкесінің алдынан балағы жалпылдап жүгіре шықпайды. Үлкендер айтақтайын, еңбегіне қарай өнбегі. Біраз пұлдану керек. Көкесі өзі шақырып алып, өз аузымен мақтасын.
Шынында да, көкесі шақырды.
— Әй, Ержан, бармысың, бадалғыр!
Ержан селк етті. Мынау мақтайын деп тұрған үн емес... Кәрлі де, зәрлі үн!
Қорадан атып шықты.
— Бармын!
— Бар болсаң, бермен кел!
Келді. Әкесінің жел қаққан жүзі — өрт.
— Анау не?
Өз көзіне өзі сенбеді. Кірпіш атаулының беті кемі он сайтан ойнақтап өткендей сан-сапалақ қалың шимай! Кейбірінің сау-тамтығы жоқ, үгітіліп кетіпті, екіншісі опырылып қалған, жартыкеш қана. Үшіншісі мүжік шеке. Әй, аяқтарың сынғыр қос әтеш-ай! Жер жетпегендей әлі қатып үлгермеген, былбыраған су кірпіштердің үстімен бір-бірін қуалап жүріп төбелесіпті... Күресін үстінде қызыл әтеш қоқырайып тұр. Қан-қан айдарын аспандата көтеріп, көзін ойнақтатып, Ержанға "Қо-қоқ!" деп қояды. "Сәл болғанда қара пәлені жер жастандыратын ем, көкең емес пе мешайт болған. Қап! Қап!" дейтіндей.
— Сенген қойым сен болсаң... Құйған екенсің, қорымадың ба ит-құстан!
Әкей екі иығы салбырап, ұзын орындықтың бір шетінде екі бүктетіле еңкейіп отыр. Ержан әкесінің қартая бастағанын алғаш рет аңғарды. Бала болу қиын. Ал әке болу одан да қиын. Көкесі соңғы жылдары сыр берді. Самай шашы ағара бастады. Әскен қысқа қолын ұзарта беріп еді, өткен жылы әскерге алынды. Мамаларына аяқ астынан ревматизм жабысты. Биыл күзде мамасы Кавказдағы курортқа жүрмекші. Көкесі соған дейін үйдің кәкір-шүкір жұмысын бітіріп, күзгі суық басталғанша едел-жедел кіріп алмақшы. Кәкір-шүкір айтуға оңай болғанмен, онысы бітіп бермейтін бірдеңелер екен... Әзірге ұшы-қиыры көрінбейді. Пеш кірпіш құю да сол кәкір-шүкірге жатады.
Ержан білінер-білінбес күрсініп салды. Иә, әке болу да, бала болу да оңай емес.
Басын көтерсе, малдың алды ауыл шетіне ілігіпті... Әуелі қой шіркін бұқпантайлай тыпыңдап өтті. Шіркей-масасы құжынап, қос сауырын құйрықтарымен кезек сабалап, Зәңгі бабаның үрім-бұтақтары — сиыр жарықтықтар ыңыранып, бүйірлері шығып ыңқылдап жетті. Ержан рульге иегін арта велосипедке жатып алып, сығырайып көк сиырды іздеді.
Әлдекім жейдесінің сыртынан тырналап-тырналап жіберді.
— О не, ей?!— Шошып қалып, әлгінің қолын қағып жіберді. Сөйтсе — Тәшен! Кішкене көздерін табыннан алар емес.
— Әне біреу біздің қоңыр сиыр ма, қоңыр сиыр ма?— дей береді.
Ержан аң-таң. Өз сиырын өзі танымай, әбілет басты ма?
— Сен не... алыстан көрмейсің бе?
Тәшен басын шайқады.
— Көремін...
— Ендеше, "қоңыр сиыр, қоңыр сиырың" не?
Тәшен: "Мына бала сыр айтуға тұра ма?" дегендей, Ержанға сынай қарады. Кідіріп-кідіріп сөз бастады.
— Мен... дальтоникпін.
— Дальтоник?!
— Ұқсас түстерді айыра алмаймын.
— Не?
— Жасыл — кейде сары, ал сары — қоңыр...— Ішке демін жұтты, үнсіз тұрып қалды.— Қоңыр сиыр кейде қызыл боп көрінеді.
Ержанның таң қалғаны соншалық, ауаны әрең жұтты.
— Ей, сен өзі... бояуды айыра алмасаң, суретті қалай салып жүрсің?
— Ағай: "Қатыспасаң да болады, жалпы үлгеріміңе қарап, тоқсанды қорыта салармын" деген. Бірақ... сурет сабағына, үйірмеге қатыспасам, балалар дальтоник екенімді біліп қояды ғой.
Ержан күлді. Тәшен аузы томпиып тұрып күңк етті.
— Әне, сен де...
— Өй, күлмей, енді жылаймын ба?
Сөйткенше қоңыр сиыр да "М-мм"...— деп аузынан сілекейі шұбырып, желіні жер сызып кеп қалды.
Ержан:
— Әй, Тәшеник, танып ал, әне, қоңырың...— дей беріп еді, табын арасынан көк сиырдың тұмсығы сумаң етіп көрінді. Сол мұң екен, манағы "Көк сиырдың құйрығын бұраудан қашан құтылам?" деген ой миына сап етіп орала кетті. Минут бойы сол ойды қорыта алмай әуреленді.
Әлден уақта:
— Таптым, таптым!— деді жұдырығының сыртымен рульді періп-періп қап.
Тәшен дым түсінбей алақ-жұлақ етті.
— Нені? Сиырыңды ма?
Ержан оған асқақтай қарады.
— Айда, давай, екеуміз сиыр айырбастайық.
Тұтықпа бала велосипедінен ауып түсіп қала жаздады.
— Оның не, неге?
— Кейін айтамын. Қорықпа, қоңыр сиырыңды қасқыр жемейді. Ел орынға отыра таяқтың астына алып, қақпаңа кіргізіп саламын.
Тәшеннің келіскісі жоқ. Төмен қарап, күмілжіп тұр. Ержан төтесінен салды.
— Әй, осыдан бар ғой, сөзімді жерге тастасаң... бүкіл класқа дальтоник екеніңді...
"Дальтоник" дегенде Тәшен қолды-аяққа тұрмай, зыр ете түсті.
— Ала бер, айда, әкете бер!— Әлдекімнен қорғанғандай, біреуден жасқанғандай, қолын сілтей береді.
Екеуі екі сиырды еңкілдетіп қуып, екі көшеге түсті.
...Қоңыр сиыр басқа, бөтен қораны жерсінбеді ме, сауырын құйрығымен сабалап, мазасыздана берді. Мамасы да сұқтана қарап, жануарды екі мәрте айналып шықты. Сауырына қолын апара беріп еді, қоңыр сиыр артқы аяғын сарт еткізіп, тебініп қалды.
Мамасы:
— Балам, мынауың бөтен сиыр,— деді құп-қу болып.
Ержан міз бақпады.
— Қойыңызшы, мама. Айта береді екенсіз. Өзіміздің көк сиыр...
Мамасы оған туралап, ұзағырақ бажайлап қарады.
— Балам... бұл шының ба?
— Оллаһи, міне, жаным, міне...
— Көзіңді биыл доғдырға көрсетіп пе ең?
— Жоқ.
— Бәсе-е! Көзіңді бұзып тыныпсың. Көп әуес болма кітапқа десем болмайсың. Атаң алпыстан кейін көзі кетіп, қабырға сипап қалып еді. Сенің де жанарың жасық па деймін. Көк сиыр деп бөтен малды қуып кепсің.
— Рас па, мама?— Ержан ойланды. Дұрысында, ойланған болды. Сиырды "зерттегенсіп" екі мәрте айналды, таңдайын тақылдатып қақты. Тереңнен тыныс алды да, бір деммен:— Онда... мен дальтоник екенмін, мама,— деді.
Мамасы тіксінді.
— Дәлтөнігі не, бәтір-ау?
Ержан аузы жалпылдап, тез-тез сөйлей бастады.
— Сондай көз ауруы бар, мама...—"Ауру" дегенде шешесі бозарып сала берді. Бала тез арада басқа сайға салды.— Қорықпа, мама, түк зияны жоқ. Дальтониктер жасылды көк, сарыны жасыл, кейде көк шулан сиырды қоңыр ғып көреді. Қызық, ә, мама? Басқалар былай, ал, мен былай...
Мамасы басын шайқады.
— Әй, қайдам, түбі шикі... Елден ерек былай көргенің маған ұнамайды, балам!
— Көктемде көшіп келген Тәшенді білесіз бе? Қысық көз, тұтықпа бала ше? Міне, былай сөйлейді... ыр-ррр...
Мамасы қолын сілтегіштеді.
— Құрысын, құрысын! Елді мазақтама, өз басыңа келеді.
— Ол да дальтоник екен. Бір ауылда екі дальтоник, әбден жарасып жүретін болдық.
— Тек тұр!
— Айтпақшы, мама, Тәшен мана бір сиырды алдына салып, қуалап кетті. Біздің сиырға... иә, иә, ұқсайды, ұқсағанда қандай! Көк сиырдың қандай белгілері бар еді, мама?
Шешесі ойланды — ұлы көк сиырды танымаса орны бар. Тайынша кезінен қойдағы нағашыларына қосып жіберген. "Санақ жүріп жатыр" деп қыңқылдай берген соң, өткен айда таудан әкеліп, табынға қосқан. Ойын баласының есінде сиыр-пиырдың қайдағы бір белгілері тұра ма?
— Бір мүйізі қысқа ма еді, бәтір-ау? Ә, иә, оң көзінде бұршақтай ағы бар.
— Тұп-тура, мама. Оң жағынан келсең, қашпай бедірейіп тұрып алады. Тәшен қуып кеткен сиырды айтамын да.
Көзінде бұршақтай ағы жоқ, екі мүйізі де түп-түзу бөтен сиырға мамасы жек көріп қарады.
— Қайдан қуып келдің, сол жерге қуып таста!
Ержанның естігісі келіп, жанығып тұрғаны да осы еді. Ауыл сыртында ойлап-пішкен кішкене қулығы іске аса бастады. Енді темірді қызған үстіне қыздырып, соға бер, соға бер...
— Айтсам, болмайсыздар...— деп, бүгін бітпейтін күңкілді бастап жіберді.— Нағашылар ақыры баққан екен, таудан ойға қуалап әрі қарай да баға бермей ме. Су сұрай ма, шөп сұрай ма? Киім керек емес бұған. Бәрі тегін...
— Табынға үйрене берсін деп...
— Үйренетіндей жаңа туған жас бұзау ма? Туар кезде, келер көктемде бір-ақ әкелу керек. Өзім дальтоникпін, сабақ та қиын. Бүгінгідей мен бөтен сиырды қуалап жүргенде, бұл жоңышқаға түсіп...
Ержан қайдағы жоқ пәлені тұс-тұстан қаптата беріп еді, қақпа айқара ашылды. Көкесі... Машинасын гаражға апарып келіп тұр-ау, шамасы, қабағы қатыңқы. Ержан жүрегі төмен тартып қоя берді — өтірік айтып қойғанда сөйтетін. Қораның қараңғы түкпіріне қарай жылыстап кетті. Күрек тауып алып, үйілген әктің етегін түрткілегенсіді. Қолы күректе, құлағы әке мен шешеде.
— Дәлтөнік дейді... Құрысын, тауға апарып таста. Жайлаудың су тегін шөбін аяй ма. Не деп болмайды... Жоңышқаның толықсып тұрған шағы... Доғдырға көзін қаратайық баланың.
Көкесі тіс жармады. Ержанның іші қып-қып етеді. Әкесі мамасы емес. Анау-мынау өтіріктерге нана бермейді. Көзіне кішкене рентген аппараты орнатылған, өйткені қадалып қарамасын, қараса бітті, арғы-бергіңді алақанға салғандай біліп алады. Рентгендігі сол ғой, бұл кісі баяғыда шекара бұзушыны бақыртып ұстап алған. Жаңбырда шекарашылардың қасқыр иттері із кесе алмапты — иісті сезбейді. Әлгі қашқын көзге түрткісіз қараңғы түн жамылып, жаңбыр астымен шекарадан өтіп кетіпті. Ертеңінде әлгі мұндар автобусқа отырып ап, аудан орталығына тура тартыпты. Ары қарай қайнаған қалың жұртқа араласып, мүлдем адастырып кетпекші. Сор айдаған ба, қашқын бір жұмыспен аудан бара жатқан көкесінің қасына жайғасыпты. Ауданға жете бере көкесі жаңағы пақырдың екі қарынан қышқаштай қолымен сап беріп ұстай алып, шоферге: "Тарт милицияға!" деп ақырыпты. "Сондағы Темірбектің түсінің суығы-ай! Көзі өңменінен өтеді. Әлгіні өлтіріп тастай ма деп қорықтық. Қашқын қозғалып, қару жасамақ түгіл, тыпыр ете алмады",— деп жұрт кейін көпке дейін жағасын ұстап жүрді. Көкесі жаңағының қашқын екенін қалай танып қалған дейсіз бе? Түймесінен таныпты. Пенжагінің жеңіндегі сары жез түймеге салынған герб арғы беттегі елдікі екен. Көп ұзамай шекарашы майор ауылға арнайы келді, клубта жиналыс ашып, Темкеңе алғыс жариялады, істік мұрты жалтыраған транзистор сыйлады.
Сонымен шпион ұстағыш көкесі қораға кірді. Ержанның иығына қолын салды.
Балада бас көтеруге бет жоқ, тұқшыңдап, үшкір күректі тырт-тырт дегізеді.
— Саған не болып жүр, ұлым? Үні жұмсақ, қоңыр барқын.
Сол-ақ екен, Ержекеңнің емешегі езіліп, көңілі босап қоя берді. Бәр-бәрін, көңіліне сақтағандығы мен сырын ақ жүректен ақтарып салғысы бар: үйі құрғыр бітпеді, былтыр жазда дүңкитіп-дүңкитіп саман кірпіш құйды, балшық иледі, биыл да сол кірпіш, сол батпақ, топан... Сейсен болса, әне, құрдас-құрбыларымен ыржақтап күліп-ойнап, шөбін шауып жүр. Көк сиырдың алдынан Ержан шығады. Бәсе дейді, көктемде көк сиырдың сары уызын Ержан ғана кертіп жей ме? Бәлем, күні ертең Сейсен шөптен уыс-уыс қып ақша алады, алады да, екі қалтасын толтырады. Сонда Ержан не бетін айтады? Сейсеннің қолына қарап, қалтасына көзін сатып тұра ма? "Малдың алдынан шықтым, кірпіш құйдым" десе, көр де тұр, жұрт: "Е, шықса, құйса несі бар, өз үйінің жұмысы" дейді. Ал, Сейсен мақталады, марапатталады. Мұғалімдер күзде линейка алдында: "Мал азығын дайындауда көзге түскен комсомол мүшесі" деп дәсіртеді. Ешқашан, ешбір бала "үй шаруасында көзге түскені үшін" дәріптелген емес. Бүгін, мәселенки, екі жүз кірпіш құйды, ал естіген мақтауы, кәне? Қайта сотқар қос әтештің кесірінен қосақ арасында сөгіс естіді. Со құрлы қотиын әтештерге: "Кеппеген кірпіш үстіне шығып төбелессеңдер қайтеді?" деп жалынып па?
Ойлау оңай да, ойдың сөзге айналуы қиын. Өз-өзін ақтайтын оңтайлы сөз аузына түспеді. Берекесі кетіп, божырай бастап еді, көкесі:
— Баяғыда шопыр оқыр кезде біз де медкомиссиядан өткеміз. Арамызда бір жігіт дальтоник шығып, жарамай қалған. Мен білсем, дальтониктер сен сияқты көк сиырды қоңыр демейді, олар тек ұқсас түстерді айыра алмайды. Айталық, қызыл мен ал қызыл, сары мен жасыл...— дегені.
Ержан:
— Мен, мен...— деп, бытпылдықтай бастады.
— Мамаң ауырады...
Өтірік шіркін бір басталса бой бермей ме:
— Мен, мен... шынында да, дальтоникпін,— деп салды. Неге бүйтеді, білсе бұйырмасын, бейне бір бұл емес, мұның аузымен бөтен, мәселен, әлгі бір ертегідегі қырық өтірікші Тазша бала сөйлеп тұрғандай.
Көкесі шарт кетті.
— Шын дальтониктер өзінің дальтоник екенін білмейді, оларды дәрігер ғана айырады. Қай дәрігерден қағаз алып ең, көрсетші, кәне?
Үн жоқ.
— Мен болсам совхоз жұмысында жүрмін жанымды жалдап. Қарашаш бір күн ауру, бір күн сау. Үйдің ауы мен бауы мынау бітпей жатқан. Не ойлағаның бар? Шешең екеуміз бұл тамды о дүниеге ала кетпейміз. Игілігін сендер көресіңдер, бәрі де бір сендердің қамдарың. Ал, сен көпе-көрінеу шамаң жететін, қолыңнан келетін жұмыстан жалтарасың. Бүгін бізді алдарсың. Ертең кімді алдайсың? Өзіңді ме? Өтірік деген о баста ішкі сарайыңа шыбын болып кіреді де, кейін түйе болып шықпайды. Соны білесің бе?
Ержанның самайы ысып, шеке тамыры лыпылдап, тез-тез соға бастады. Көкесінің уағызы, неге екені белгісіз, жұқ болмады. "Кластас балалар жазда арам шөп отайды, суға түседі, балық аулайды, футбол ойнайды, мен... жүргенім жападан-жалғыз кірпіш құйып" деген ірімтік ой арадай талады...
Темкең көп қажамады. Қамшы сабындай қысқа үкім айтылды.
— Ертең күні бойы қамаласың. Үйге... Сиыр бағу, кірпіш құюдан жалыққан екенсің, демал. Қайдан шықтың, қайда барасың, ойлан. Қазір олжа сиырыңды иесіне айдап апарғын. Бұзауына обал, әне, желіні жер сызып тұр. Қайдан ізде, одан ізде, көк сиырды бүгін жерден қазсаң да, тауып әкел.
Ержан әлдене деп мұрнының астынан міңгірлеп еді, көкесі оған құлақ аспады, қорадан шығып жүре берді.
Сейсен мен жирен шаш қыз — о, шікіндер! Совет армиясының жауынгері өтірік айтпайды. Әйбат әпкесі көп Қожалақ неге есіреді? Әскен неше балаға аға? Кек, кек және кек! Шақ-шақ ескі портфель, жамбас ет, целлофан қағаз, бір бөлке нан, қос уыс кәмпит...
"Әскен аға, саусыз? Служба қалай?
Біз аманбыз. Көкемнің "КАМаз-ы" бұзылған жоқ, аман. Мамам анда-санда ауырады. Аман. Бізге ренжісе ауырады. Сейсен шөпте. Әнеугүні келіп кетті.. Ол жақта борщ ішіп, котлет жейтін көрінеді. Жақсы өмір, ә! Борсық секілді семіріп алыпты өзі. Жұмыс қиын деп жыланады. Өтірік айта ма деймін. Ақшаны көп табамын, күзде мотороллер сатып аламын деді. Сіз білмейсіз, Сейсен мақтаншақ болып кеткен. Байқайм, көршінің өзімен бірге оқитын әне біреу жирен шаш қызына ғашық. Көптен бері. Жасырады, елдің бәрін түк білмейтін аңқау, ақымақ деп ойлайды. О, шікінің! Көктемде әлгі қыз (көршінің қызы) оныншы класта оқитын Ботпаймен көшеде сөйлесіп еді, қатты бұзылды. Отын жармады деп сылтауратты, мені ұрғысы келді әуелі. О шікінің! Таз ашуын тырнадан алады, солай емес пе, аға? Олар ылғи да кішілерге күш көрсетеді. Мықты болса Ботпайды соқпай ма? Аға деймн, Сейсеннің тоғызыншы кластан қызды ойлайтын несі? Олай болмайды ғой. Ертең бұзылып кетсе қайтеді?"
Ержан қаламын тістелеп ойланып отыр. Сейсенді тым сүмірейтіп жіберді ме, немене? Сол тұстарды сызып тастаса ше? Қалам ұшын қағазға тақап, Сейсенді жамандаған жолдарды ежелеп қайта оқыды. Жоқ-жоқ, сызуға болмайды, неге сызады? Бәрі де өмірде болған оқиғалар. Өлсең де, шындық керек, Сейсен мотороллер сатып аламын деп мақтанды ма? О шікінің! Мотороллерді жынды текедей бақылдатып мініп ап, жирен шаш қызды қуып кеп бермек қой. Ол қызбен көшеде қарсы ұшырасып қалса, бір қызарып, бір сұрланады. Махаббат па? Қып-қызыл махаббат!
Май айындағы әне бір оқиға ше? Шешелері ауданға, емханаға кеткен. Сейсен екі білегін сыбанып ап, нан илеп, иіріп соғып, иіріп соғып тұр. Пәле емес пе, мамасы қыңқыл-сыңқылды бастағалы бауырсақ, шелпек пісіруді үйреніп алған. Пешке нан салуды ғана білмейді. Сөйтіп тұрғанда көршінің жирен шаш қызы жып беріп кіріп келсін. Сейсен нарттай қызарып, шынтағына дейін қамыр-қамыр екі қолын арқасына жасырып, үстел жанында батыр пионер Павлик Морозовқа орнатылған ескерткіштей қақиып тұрды да қалды. Жирен шаш қыз ақылды ғой, сыр бермеді. Бүгін үйге не тапсырма берілді, соны сұрады. Ержан газға от қойып пышылдап жүрсе де, қос құлағы екеуінде, өліп кете жаздап тың тыңдайды. Жайшылықта інісіне ақыл соғып әкіреңдегенде ешкімге сөз бермейтін Сейсенде үн жоқ. Сонымен аяқ астынан байғұс болып қалған ағасы иегін шошайтып, сөреде жатқан күнделікті нұсқай берді.
— Әне, әне, өзің жазып ал...
Ержан теріс қарап тоңқаңдап, тұншыға пырс-пырс күледі. Әп бәлем, Сейсеке, шоқ, шоқ, өзіңе де сол керек! Ғашық болу оңай емес. Өстіп қиналуға тура келеді. Әрине, көргенді бала тапсырманы күнделіктен өз қолымен жазып береді. Сейсен — көргенді бала! Жазып бере қояйын десе, шынтағына дейін қамыр...
Жирен шаш қыз иек шошайтуды басқаша ұқты. Сейсен: "Жазсаң, әне, жазбасаң өзің біл" деп тұр" деп ойлады ма, көзінен от шашыратып шалқайып кеп қалғанда, кекілі желп ете қалды.
Әр сөзін бөліп-бөліп:
— Мен бұл тапсырманы Ботпай деген баладан жазып аламын,— деді де, есікті босағаға сарт ұрып, кете берді.
Ондайда Ержан тыныш тұра ма, жүдеп-жадап тұрған ағасын аяп кетіп:
— Маған неге айтпадың, мен жазып беретін едім,— деп жантаңдады.
Ағасы арс ете түсті.
— Өй, кетші өзің, құйысқанға қыстырылмай!
Сейсен інісіне сондай бір өшпенділікпен ішіп-жеп қарасын. Ұрып жібермегеніне тәуба! Сол бір көкиген қызға бола соншама шат-шәлекейі шығып, бүлінгені несі? Ол ол ма, Сейсенің сол күні қара басып, кіл күйік шеке бауырсақтар пісірді.
Ә, мейлі, Сейсеннің қызда басы қалсын. Ержан тоғызыншыда да, оныншы класта да қызды ойламайды. Ешқашан да, ешқашан да келіншек алмайды — болды, бітті.
Сипақтатып жаза бастады.
"Әскен аға! Сіз көкеме хат жазыңызшы. Қос бетті толтырып жазыңз... Жұмыстан шаршай ма, маған тиісе береді. Нервісі бұзылған. Кеше өзіңіз білетін қызыл әтеш пен көршінің қара әтеші (қара әтешті білмейсіз, сіз барда шиқылдаған қарала-торала балапан, кейін ер жеткен) пеш кірпіштерді бұзып кетті. Көкем маған ұрысты. Көк сиырды басқамен шатастырдың деп ұрсып үйге қамап кетті. Онысы несі? Түсінбеймн".
Аяғын үстел астына созып жіберіп, тыпылдата бастады. Өтірікті соқтыртқанда сөйтетін. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көк сиыр мен қоңыр сиырды қалай шатастыруға болады? Ойлап қараса, оған басқа түгіл өзі де сенбейді екен. Екіншіден, көкесі Ержанды қамап кеткен жоқ, есік, әне, шалқасынан ашық жатыр. "Үйден шықпа, мен саған сенемін, неге бүйтіп жазаландың, оңашада қабырғаңмен кеңес. Әскенге бәрін баяндап, хат жаз. Жаманыңды жасырма, жақсылығыңды асырма. Маған оқытпай-ақ почтаға сала бер" деген таңертең. Содан көкесі жұмысқа, мамасы дәрі-дәрмек іздеп ауданға кеткен. Ерлан қазір көкесінің сол тапсырмасын тақ орындаған секілді. Әскенге хат жазды, жақсылығын асырмады, жамандығын жасырмады. Ешкімді нақақ күйдірген жоқ. Аздап, әрине, асырып жіберген тәрізді. Әй, қойшы, Әскен де Ержандай кезінде талай рет ақсақты тыңдай, өтірікті шындай еткен шығар. Совет Армиясының дыңдай солдаты болып алғасын ғой: "Өтірік айтпа, шыншыл бол, көке, мамаңды тыңдап жүр" деп хат жазады. Ержан да әлі әскерге барады, погонды қатырып тағады, иығына автоматты іледі, әне, сонда жалған айтуды қоя қояды. Өйткені Совет Армиясының жауынгері өтірік айтпайды. Қаламы қағаз бетімен жорғалап, жүйтки жөнелді. "Аға! Сіздер от-жалын кешіп, Ұлы Отаннң тыныштығын қорғайсыздар..."— Бұл енді ағасының астына көпшік қойып, ептеп жағымпазданғаны. Әскен әскерге алынғалы, көкесі "Красная звезда" атты туырлықтай газетті жаздырып алады. Ұйықтар алдында көзілдірік тағып, газетті қолына алады. Басқаша оқыса түсінбей қалатындай қабағын қарс түйіп, газеттің алғашқы әрпінен соңғы әрпіне дейін ерні жыбырлап оқып шығады. Не іздеп отырғаны белгілі — газет Әскен туралы бірдеңе деп қала ма деген үміті күшті. Әзірге "Красная звезда" қатардағы жауынгер Әскен Шынбатыров туралы тіс жармайды. Көкесінен соң Ержан оқиды. Бұған керегі — шпион... "Ұлы Отанымыздың тыныштығын қорғаған жауынгерлер" деген ғажайып сөздерді сол шпиондарды іздеп отырып кездестірген. Содан есінде қалып қойыпты.
Хатты жалғастырып жаза берді. "Сізді көкем тыңдайды. Ана қарасан келгірді жайлауға апарып тастасыншы. Жоңышқа жеп қойып, іші кеуіп, өліп қалса қайтемін? О шікінің! Ылғи да түсімнен жылап оянамын. Көк сиыр қарны теңкиіп, көзі алайп өліп жатады..."
Хат қатып кетті. Әрі қысқа, әрі нұсқа. Енді барынша мазмұнды да әсерлі аяқтаған жөн. Ал мына хат аяқ жағына таман кіл арыз айтып, жыланып тұр. "Красная звезда" газеті "Отан қорғау оңай емес" дейді. Жақында телевизордан "Отаныма қызмет етемін!" деген хабарды оңашада әдейілеп көрген. Солдат ағалар от оранған дуалдан ешкіше секіріп, қарғыды ма-ау, белдеріне арқан байлап, жалама жартасқа өрмеледі ме-ау... Түу, аяп кетті Әскенді. Ендеше, Әскеннің көңілі көтеріліп таситындай жақсы жаңалықтарды жазу керек. Міне, тапты, тапты!
"Әскен аға! Кеше ақсақ Қабдолланың қызы Сараны көрдім... "Әскен ағаң қашан отпускіге келеді?" деді. Өзі бір әйбат апай. Кешке киноға көрші подружкаларымен ғана барад. Қайтқанда да ешкімді қасына жолатпайд. Сіңлісін білесіз ғой, біздің класта оқиды. Сабағын жақсы оқиды, жақсы қыз. Ал, қайыр хош. Күн ысып бара ма, басым ауырып кетті. Келер жолы хатты көбірек жазармн".
Пышылдап отырып хаттың қателерін түзеді. Көп жерде ы,і әрпін қалдырып кетіпті. Мәселен, "жазңз", "Отаннң", "ілінп" деген жерлерде. Қызық әріптер өзі. Қалдырып кетсең де, қосып қойсаң да бәрібір, түгі құрымайды. Мәселен, "жазңз" деп былайша, әйтпесе "жазыңыз" деп ережедегідей айтып көріңіз. Айна қатесіз бірдей естіледі, айырмашылығы жоқ. Жыл қорытындысында Ержан осы "ы,і"— ні менсінбеймін деп құрыды. Екі сөздің бірінде тастап кете барыпты. Онысы қып-қызыл қатеге саналады екен. Шығармасы мазмұн жағынан "бес", орфографиялық қатеден "екі" деген қызық баға алды. Оның орта шені "үш" екен. Әскен армиядан кейін "филология деген оқуға түсемін" дейді. Түсе берсін, одан филологияны кім аяйды, бірақ Ержаннан келетін хаттарды шимайлап, екі жолының бірінен қате шығаратыны жаман. Мына қалып қойған "ы, і"-ні қалт жібермейді, жоқтап тауып алады. Онымен қойса жақсы. Ең жаманы, хатты қызыл фломастермен қан-жоса қып түзетіп, кері салып жібереді. Ержанға емес, көкесіне. Филологияға, мұғалімдікке жасаған әзірлік сымағы. Ержан мұны "інісін көкесіне астыртын жамандау" деп ұғады. Әскен "ауылда қалған Ержантайға жасаған жақсылығым, бақылау, қамқорлығым" дейді. Ал, түсініп көр!
Амал жоқ, ы-і-лердің барлығын түзеді. "Ақсақ Қабдолланың" "ақсақ" деген сөзін бастыра бояп, әдемілеп өшірді. Әскен болашақ қайын атасын "ақсақ" деп кеміткен адамды жақтыра қояр ма екен? Қабдолла Әскенге қайын ата болса, сол бір аяғы кем кісі Ержанға да бөтен емес. Келешек туыстарды келемеждеп, кемсітуге болмайды.
Енді нені ермек етсе? Үй ішін мана, таңертең тап-таза ғып сыпырып, жинап қойған. Сыртқа шыға алмайды. Кешке дейін байлаусыз "тұтқын". Мұның құлыпсыз қамалып қалғанын мамасы да білмейді. Әйтпесе сүт кенжесінің көзін жылтыратып абақтыға қаматып қоя ма, араша түсер еді. Көкесі қу емес пе, таңертең "Еркектердің ісіне бөтен араласпасын, мамаңа айтпа",— деп шегелеп кеткен.
Шаршы тақтаға дойбының тастарын тігіп, өз-өзімен ойнай бастады. Оң қолы — ақ, сол қолы — қара тас... Тез жалықты. Оң қолдың не ойлағанын сол қол, сол қолдың келесіде не жүретінін оң қол біліп отырса, ойын бола ма. Өз көлеңкеңмен бокс ойнаған секілді бірдеңе.
Аулаға көз салды. Көлеңке атаулы жоғалған — күн тас төбеде шақырая жарқырап, ып-ыстық от сәулелерді уыстап шашады. Суға армансыз түсіп, құмдақ жағада арқаңа, қарныңа құм сеуіп, қалғы-еп жатсаң ғой... Жаңа үйдің шифер шатырына бір ақ тамақ қарлығаш қонып отыр; әбден шөлдеген бе, аузын ашып, еңкейіп қап, қалт-құлт етеді.
Фломастерді қолына алып, қағазға шатырдың, қарлығаштың суретін сала бастады. Сурет сабағынан алған "бестерін" ойлап еді, сәл сергіді.
Ойда жоқта ауланың қақпасы айқара ашылды. Ақсақ... е-е, ол болмайды, аяғы кем Қабдолла ағаның кенже ұлы Қожалақ ішке адыраңдап кіріп келді. Қожекең екінші класқа көшті биыл. Бала емес, қол-аяғы жоқ домалақ пәле. Сара апайды қосқанда төрт пе, бес пе әпкесі бар. Шетінен әдемі әпкелер. Ең кішісі Ержанмен бірге оқиды. Әпкесі жыртылып айрылатын Қожалақты ауыл жігіттері қатты еркелетіп, есіртеді. Қожекең күндізгі сеансқа киноға барса, билет алып береді. "Сара бүгін кешке киноға келе ме, келмей ме?"— деп, әрнені түртпектеп сұрайды. Қожекең де әбден дәнігіп алған, әпкелерінің сау басын саудаға салып бағады. Жоғары кластың оқушыларынан қорықса, ықса, кәне. Қашан көрсең, октябрят басымен ал қызыл галстукты пионерлермен майдандасып жатқаны. Шамасы жете ме, жоқ па, онда шаруа жоқ. Себебі күні ертең Қожекең ол пионерлерді совхоздағы комсомол ағаларына айтып, сабатып алатынына кәміл сенімді. Сондықтан да Қожекең бет қаратпайтын сотқар, қотиын. Қазір де Қожекең жас талды ат қып мініп, аула ортасында танаурай екіленіп тұр. "Маған қарсы келетін кімің бар?" дегендей төңірегіне кісімсіп қарады. Жіңішке үнмен шіңгірлеп кісінеді, одан оқыранып, қарғып-қарғып түсті тұрған орнында. Кинодағы атты әскерлерге ұқсап баққаны. Тал "тұлпарының" тұмсығын бетон науадағы суға малды — суарғаны. Өзі де ай қарап тұрмай, дереу ышқырына қолды салып жіберді. Мына бала не істемек, япырм-ау?! Қожекең бүлдірді — жарқыраған күнге қасқайып тұрып, науаға... піш етті.
Ержанның жан даусы шықты.
— Әй, Қожалақ! Ит-әй, оның не?
Қожекең бері бұрылды, аспай-саспай ышқырын көтерді. Ержаннан түк қорқып тұрған жоқ. Ерін ұшымен керенау ғана:
— Не?— деді.
— Неге піш етесің?
— Кім?
— Сен?
— Өтірігіңе болайын!
Қап, мынаның бетсізін-ай! Қалай ұялмайды-ей, ә?
— Бері кел!
— Келмеймін! От сол!— деді Қожекең безеріп.
— Келе ғой, тиіспеймін.
— Тиісіп көр, дәдеңді қолыңа берейін.
Ержанның екі көзі маңдайына бір-ақ шықты.
— Не-ме-не?
— Немене, немене! Тегене, ал, әне. Тиісіп көр, осыдан Әскен ағама айтып, көкеңді таныттырайын.
— Ол қай Әскен?
— Әскен ағам армияда служит етед. ГДР деген жерде...
Ержан әбден күйді.
— Әскен саған емес, міне, мына маған аға. Сенің онда не ақың бар?— дегенде, даусы шаңқылдап кетті.
Қожалақ антұрған саспады.
— Ол — менің ағайым. Сара апайыма хат жазып тұрады әуелі десең. Бір қапшық хат. Жеті сайын. Оңашада біртіндеп тұрып оқып алғанмын. Барлық хатында "Қожалақ інімнің оқуы қалай?" депті. Аға болмаса менің оқуымды сұрап жаза ма? От сол!
Ал сөйлесіп көр Қожалақ мырзамен!.. Ержанның аузына құм құйылып, айдалада қалды. Обалы не керек, Қожекең, ойлап қараса, шылқыған шындығын айтып тұр. Әпкең әдемі болса, ГДР түгіл, Америкадан да қапшықтап хат алып тұратын секілдісің. Бәрінен бұрын осы бір жалақ ерін содыр октябрятқа "інім" деп әспенсітіп, хат жазған Әскенге не жоқ десеңші! Әскен байғұс еркелетуге іні таба алмай, әбден қор болып жүр екен де...
Амал жоқ, мысық табандап ұсақ қулыққа көшті.
— Кел бері, қампит беремін!
Қожекең де біраз нәрседен хабары бар бала екен:
— Көрсет әуелі!— деп сәңірейді.
Жүгіріп барып, буфеттен уыстап кәмпит алып келді.
— Міне!
Әскеннің октябрят "інісі" күміс қағаз кәмпитті көргесін нілдей бұзылды, тасырлата ішке кіріп, үстелдің жанына тапыраңдап жетіп келді. Әй-шәй жоқ, қолын созды.
— Әпкел бері! Мен кетемін...
— Қожеке, қайда кетесің, сәл тоқтай тұр!
— Суға түсемін.
— Бермесем қайтесің?
— Бермей көр! Көкеңе кешке: "Ержан сіз жоқта көшеге шықты, күні бойы тырағайлатып ойын соқты" деп айтамын.
Енді Ержан састы.
— Әй, үй! Ол өсек қой!
— Таңертең көкең былай деген: "Ержанды сыртынан байқатпай бақылап жүр. Айыбына бола үйге қамап кеттім. Сыртқа шықпаймын" деген сөзінде тұра ма, жоқ па, көрейік". Әне, солай. Сен кәмпитіңді бер де, аулаға шығып ойнай бер. Айтпаймын...
Ержанның шекесі дың етті. Қожалақ екеш Қожалақтан қарауыл қойып, сырттан аңдытқасын не жорық? Және оның бәрін істеп жүрген басқа емес, өз көкесі... "Саған сенемін" деген таңертеңгі құдай сөзі қайда?
Қаны бек қайнады, қолы еріксіз өз-өзінен созылып барып, Қожалақтың түйе жапырақтай құлағына жармасты. Шап беріп ұстады да, жоғары тартып, созғылап берді.
— Бір, екі, үш, жастар алып күш! Қампит пе саған керегі? Сен мені баққан қарауылмысың? Ал, баға қой! Мә, саған, қампит!
— Алла-ай, алла-ай! Болмаймын, қарауыл болмаймын! Кәмпитіңді өзің же!— Қожалақ сыңси боздап қоя берді. Бет-аузы бырысып-тырысып, бір уыс болды.— Қойдым, қойдым! Көшеге шыға бер, айтпаймын, аға!
"Ағасы" одан әрмен жінікті.
— Мә, саған, аға!
Қожалақ кенет байбайын қоя қойып, есікке қарап бақырая қатып тұр.
— Сәлеметсіз бе, Темірбек аға?
Ержан да жалт қарады. Сайтан түгіл сапалақ жоқ... Октябрят бала оттай жанған құлағын уыстай жұлқынып қашып, аулаға атылды. "Ағасын" алдап соқты.
Аула ортасына аман-есен жеткесін шалқайып тұрып, жын соққандай сақылдап күлді. Күліп-күліп құмарынан шыққан соң, есік көзіне тебініп келді.
— Әй, сен анау Әскеніңе айт, бұдан былай әпкеме хат жазбасын. Тура мойнын жұлып аламын. Айдай сұлу әпкемді қалқан құлақ Әскеніңе бермеймін. Завқұлып Құлбекке беремін. От сол! Оның мәтецеклі бар. Кеше артына мінгестіріп, құлыпты үш айналды.
— Қолыма түсерсің, бәлем!
Қожалақ өрши түсті.
— Мықты болсаң, кәне, шықшы бермен! Кешке көкеңе айтып, сазайыңды тарттырайын!
Қожалақты көздеп, қолына түскен бір затты жіберіп қалды. Анау жалт берді. Онымен қоймай терезе түбіне келді де, теріс қарап, шалбарын шеше бастады. Ержан әрі-сәрі — мынау қотиын не істемек? Қожалақ шалбарын қызыл асығына дейін түсірді де, тырдай жалаңаш қызғылт құйрығын әйнекке жапсыра қойды.
— Мә, қампит!
Ержан үйден шыға жүгіріп еді, қолды-аяқты безгелдек бала тұра ма, ышқырын қос қолдап көтере-мөтере алды-артына қарамай безіп берді. Өзі түгіл, құйрығын ұстатпай кетті. Кешегі, бүгіні бар, Ержан көрген қорлық пен күйікке шыдамай, дуал іргесіне шөке түсіп еңкілдеп жылады. Құмырсқалар арлы-берлі жүйткіп тірлігін істеп, өлермендік жасап жүр екен, соған қарап біраз уанды. Солардың үстіне уыстап құм сеуіп, меңірейіп сүт пісірім отырды. Ойы он тарау. Және шетінен ызалы ойлар. Аяқ астынан аудан кеткен мамасына, бір еркелігін кешіре алмаған көкесіне ызалы. Жер жетпегендей кірпіш үстіне шығып ап, батпақтап төбелескен әтештерді ойлағанда қаны басына шапты. Қожалақтың әйнекке жапсыра қойған "қампиті" есіне түсіп еді, мүлдем түңілді. Басқа қыз құрып қалғандай, Әскен сол қара Қожалақтың әпкесіне неменеге қапшықтап хат жазып жүр, түсінсе бұйырмасын. Бір қызға — бір қапшық хат! Ал, туған інісі Ержанға екі айда бір-ақ хат жазады. Онда да "Амансыңдар ма, аманмын, аман болайық"... Бұл не сонда, ненің белгісі?
Егескенде бәрінен де — көкесі, Қожалақ, Әскеннен, әтештерден келістіріп тұрып кек алу керек! Бүгін, тап қазір... Ертеңге қалдырса ызасы тарқап кетеді. Намыс керек!
Орнынан тұрды да, үйге кірді. Себетті ақтарыстырып жүріп, шаң-шаң ескі портфелін тауып алды. Бөлке нанды целлофанға орап, соған салды. Оған қос уыс кәмпит қосты. Екі иығынан демалып, селкілдеп тұрған мұздатқышты ашты, ішінен түннен қалған піскен жамбасты солайымен алып шығып газетке орады, портфельге жытырды. Үш литрлік ақ бидонның бетімен бет болып, мәймілдеп тұрған айранды қарына ілді.
Сол қолында бидон, оң қолында портфель, сенделектей басып сыртқа шықты.
Есік шалқасынан ашық жатыр... Іздеу саламыз — кекілін маңдайына сепкен ақ сұр бала, он үш жас шамасында! Пірімқұлов қолын жайқай сілтеді.—"Орныңызға, орныңызға!" Сурет салатын болса, мұндай қылыққа бара ма? Темкеңнің жұқарған жүйкесі. Міне, қызық — балалар мотоциклге мінуден бас тартты. Есесіне екі дорба асық талап етті!
Ел аман, жұрт тынышта, күн тал түсте ауылдан бала жоғалды.
Мәселе былай еді.
Қарашаш апай аудан орталығынан артынып-тартынып қайтпай ма. Аулаға шаршап кірсе, есік шалқасынан ашық жатыр дейді. Іште ешкім жоқ. "Е, ойын баласы, өзі құралпас жүгірмектермен бірге шабындықта бұзауға бас үйретіп жүрген шығар" дей салады. Кеш түседі. Ержан жоқ та жоқ. Көк сиырды апай өзі қарсы алып, жолай кездескен балалардан сыр тартып, іздеу салады. Ешкім көрмеген. Білмейді де...
Жайлауға тұз алып кеткен Темірбек отағасы екінті кезінде қабағы қатып оралады. Қарашаш апай да есік алдында екі көзі төрт болып тосып отырған.
— Әлгі бала саған ілеспеген бе?— дейді үрдегейленіп.
— Қай бала?
— Ержан...
— Ержан таудан не алады?
Онсыз да қалқайып әрең отырған Қарашаш апай қабырға сипалап қалады.
Темкең апайға сенбегендей үйге кіріп, қос бөлмені сүзіп қарап шығады. Жоқ... Сыртқа шығып, қызған бензин мен күйген май сасыған, суып үлгермеген моторы жалын шашқан машинаның тепкішегіне аяғын салып, әжептәуір ойланды. Ауыл сыртындағы зираттан ауық-ауық байғыз сұңқылдап шақырады. Бір бытпылдық белгілі әнін бастай беріп, бейуақ екенін сезді ме, қоя қойды. Темкең:
— НЗ-ыңнан бар ма?— деді қырылдап. Апай тіл қатпады. "НЗ-сы — қорап шылым. Ай бұрын Темкең темекіні ада-күде тастап кеткен. Дегенмен, апай: "Заман қалай болып кетеді?" деп, соңғы қорапты шалының көзі түспейтін қуысқа жытырған. Темкең оны біледі екен.
— Алып келші!
Темкең шылымды қомағайлана сорып, шыдамсыздана бұрқылдатып-бұрқылдатып жібергесін тез жадырады. Мұрнын құрт жеп бара жатқандай, қолы қалтырап-дірілдеп екіншісін тұтатты. Бұл тұқылды да табанына салып, мыжып сөндірді, қақырынып-түкірінді, кабина есігін ашты.
— Жаман неме маған өкпелеп, шөптегі Сейсенге қашып кеткен де.— Төмен қарап, басын шайқады.— Ит неме, өзім ғой, өзім... Қырсық... Артық кеттім-ау деп, күні бойы бармағымды шайнап ем.
Сол сол екен, апай күшейді. Зілді үнмен:
— Не істеп ең?— деді.
— Үйге қамап кеткенмін.
— Бәсе-е! Сенен бе, сен тас жүректен ол шығады.
Темкең де өкініш пен қатер қысып, қайбір жетісіп тұр дейсің, тұжырып, қысқа сөйледі.
— Жә, сырттан тон пішпейік. Мен жоқ қараймын. Түн ортасына таман оралармын. Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше, жаман адамның ашуы жерге басы жеткенше... Ержан ақылды жігіт.— Темкең Қарашаш апайды жұбатамын деп тұрып, Ержаннан қолма-қол ақылды жігіт жасай салды.— Өз аяғымен кеткен бала өз аяғымен келер.
...Шөп бригадасынан бала табылмады.
...Темкең ертеңінде таң сәріден көзін тырнап ашып, елден бұрын совхоз кеңсесіне барды, жұмыстан сұранды. Ержан баланың жай-жағдаятынан жалпақ ел құлақтанып қалған екен, бастық сөзге келместен босатты.
Темкең қайтсін, машинасын дөдеттетіп, ойдағы отыз, қырдағы қырық туысын аралады. Жоқ... Қарашаш апай да қарап жатпады, етегіне сүрініп-қабынып жүріп, Ержанның дос-жарандарын, кластастарын түгендеді. Бәрі де Ержанды көрмепті, білмепті. Беттің арын белбеуге түйіп, ақсақ, е... аяғы кем Қабдолланың — болашақ құданың үйіне де бас сұқты. Екі үй де Сара қыз бен Әскен әскердің хат алысып тұратынын білетін. Күніге ауылдың төрт пұшпағын түгендемесе ішкен асы бойына батпайтын Қожалақ тергелді. Қожекең білмеймін де білмеймін деп безілдеді.
Болашақ құда бала жоғалып, қамығып отырған Қабдолла ағай шыдамапты. "А, әкең, сенің білмейтінің жер астында, айт, кәне, жаның барында!"— деп, балдағын тік көтере, жалғыз аяқтай қарғып, тұра ұмтылған екен. Қожалақ: "Кетіңдерші өздерің!"— деп ышқына бақырып, көшеге қашып шығыпты. Содан әлі таптырмай жүр дейді.
Кешке таман Темкең оралды. Үсті шаң. Қабағы қарс жабулы. Көзімен жер шұқиды. Қарашаш апай тіс жармады.
Екінші күні ауыл шетіндегі аңғал-саңғал ескі монша тінтілді. Ескі там, мектеп шатыры, клуб маңайы мұның сыртында. Түстен кейін кішкене өзеннің арғы-бергі жағасы сүзілді. Аудан мен ауыл арасына қатынайтын автобустың шоферіне сұрау салынды. "Кешелі-бүгін кекілін маңдайына сепкен ақ сұр бала мінді ме автобусқа? Он екі, он үш жас шамасында..." Мінбепті... Атам заманда аңдаусызда оппаға түсіп, майып болған бала, атам заманда құтырған ит талаған бала жайлы үрейлі әңгімелер өрттей қаулады.
Кешке қарай жүрегі қысып, Қарашаш апай жатып қалды.
...Темкең үшінші күні дегенде сағат нөл-нөл тоғызда учаскелік инспектор, милицияның аға лейтенанты Хамза Пірімқұловтың алдынан табылды. Алғашында ол Темкеңе анау айтқандай құнығып, құлақ аса қойған жоқ. Ерін ұшынан әлдебір әуенді үнсіз ысқырып, үстел астындағы қып-қысқа аяғын арлы-берлі шолтаңдатып отырып алды. "Солай да солай, бала жоғалды..." дегенде барып, алдындағы қағаздан басын көтерді.
— Қай бала? Мен білемін бе?
Темкең айналасы екі күнде жағы қусырылып, жүдеп қалыпты, сөзі де шашырап шықты.
— Білесіз... Баяғыда, жеті жыл бұрын сүндет тойында болғансыз. Ержан атты сүйкімсіз неме... Іздемеген тау-тасымыз жоқ.
Терісі тым қалың ба, Пірімқұлов ағай саспады. "Бәрін бүлдіріп жүрген осы... өзің емес пе?" дегендей, астыңғы ерні салбырап, Темкеңе бақырайып ұзақ қарады. Сұрақ қоймады. Темкең әлденеге кінәлі жандай қозғалақтап, қыпылықтай бастады. Ауыл арасында: "Хамза ма, бұл Хамза жер астындағыны иіскемей біледі" деген дақпырт бар-тын. Тез жүрсе ырсылдап, демігіп қалады. Етжеңді. Әйтсе де Пірімқұлов демігіп жүріп-ақ небір алаяқты аттатпай ұстайды. Кинода милиционерлер, қылмыскерді тарсылдаған наганның астына алып, карэтэ қолданып, әрең қолға түсіреді. Пірімқұлов үстелінің басында обиып отырып-ақ ойдағы-қырдағы бұзықтардың тірлігін жазбай біледі. Көріпкел инспектордан қылмыскер де сескене ме, Ақшатыр ауылы әзірге тыныш... "Хакең өмірді милиционерше емес, ауыл адамынша зерттейді" дейді білетін адамдар.
Бұл жолы да Темкеңнің сөзін бөлмей, аяғына дейін байыптап тыңдады. Ең соңында кителінің жағасына қол орамалын сұғып жіберді де:
— Темке, сонымен қалай өзі... былай... қолыңыз тиіп пе ед? Бала болғасын тентектік жасамай, бүлдірмей тұра ма?— деді.
Темкең сәл кідірді.
— Бұйырмасын. Әйткенмен...
Пірімқұлов үстелге асыла мойнын созып, Темкеңе төніңкіреп қалды.
— Ие-ие, бөгелмеңіз, бөгелмеңіз.
— Жоғалған күні... кеппеген жас кірпіштерді бүлдірді. Одан бөтен сиырды қуып әкеліп... Соған ашуланып: "Үйден күні бойы шықпай қамалып отырасың" деп ем. Әлде соған егесті ме? Үстел суырмасынан әскердегі ағасына жазылған хаты табылды. Мұндай іске баратындай...— Темкең аузын жиып ала қойды,— тһе, тһе, тілі тасқа, ниетінің жаманын-ай, қайдағы істі айтып отыр өзі? Әрине, енді... үй ішінде ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма,— деп, сөзін тиянақсыздау бітірді.
— Өкпесі бар ма еді сізде? Велосипед, кәкір-шүкір сатып әпер дегендей...
— Велосипеді бар. Ә, иә, оқушылардың бригадасы... Сол, сол! Соған барамын, жолымнан қалдырмаңдар деген. Үйі құрғыр бітпей... Қолғанат жоқ. Биыл жазда мұғалімдерінен сұрап алайын деп...
— Әй, Темке, Темке!— Аға лейтенант орындық арқалығына шалқая түсіп, бүктелген газетпен бетін желпи жөнелді.— Манадан бері сөй демейсіз бе?
Жайшылықта ұстамды Темкеңнің көзі бір үмітпен шырадай жанып, орнынан көтеріліңкіреп кетті. Пірімқұлов қолын жайқай сілтеді.
— Сабыр, сабыр, орныңызға, орныңызға! Сіз қуанатындай дәнеңе жоқ. Балаға қиянат жасағансыз. Жыл он екі айда зарығып барып көретін қырық күн тойы, отыз күн ойыны — жазғы каникулынан айыра жаздапсыз. Шіңгірлей кісінеп ойнақтаған құлыншақты үйірінен бөліп алса нетер еді? Онымен қоймай қара суға қаратып, қораға байлап ұстаса ше?
— Бір кемшілік кетті,— деді Темкең еңсесі түсіп.— Бізден...
— Немен айналысушы ед?
- ?!
— Қандай өнері бар?
— Сурет салады.
Пірімқұлов ойланды. Қасын керіп, басын шайқады.
— Сурет салатын бала мұндай қылыққа бармаушы ед.
Темкең астындағы орындығын көтере-мөтере жылжып, инспектордың үстеліне мінбеледі. Көзінде ашу оты жарқылдайды.
— "Ондай қылыққа бармайды"... Сіз бе, сіз бәрін біліп отырсыз. Баланың қайда екенін — бәрін, бәрін! Еріккеннен ежіктеп, қайдағыны сұрап... адамды мазақ етесіз! Бүйте берсеңіз, бар ғой, бар ғой...— Темкең сөзге шашалып, үндемей қалды. Екі күннен бергі ойды-қырды шарлаған бос шабыс, тозған жүйке ақыры сыр білдірді. Ұят, ұят! Инспектордың не жазығы бар? Ежіктеп сұраса — міндеті. Ашу алдымен, ақыл соңымен. Темкең төмен қарап, саусақтарын біртіндеп буынынан сындырып, сытырлата берді.
Инспектор жымиды.
— Әй, Темке, Темке! "Мазақ етесіз..." Ержан ғой сізді де, мені де — бәрімізді мазақ етіп жүрген.— Тағы да газетпен бетін желпи жөнелді.— Жә, бара беріңіз. Кешке қарай хабар күтіңіз.
Ержанның көкесі "жә, бара бермеді".
— Не дейсіз? Хабар күт дедіңіз бе?
— Иә, иә,— деді аға лейтенант сәл тыжырынып. Ол өзінің мамандығын мақтан ететін, сол реттен әр уақ-түйек ісіне дейін мән беріп, жұмбақтап жүретін. Сол кішкене жұмбақтарына қол сұққандарды, бәрін де алдын-ала біле қойғысы келіп, өңмеңдеп тұратындарды іштей де, сырттай да жақтырмайтын. Қол байлайды, із кесуді шатастырады, басқа пайдасы шамалы.— Күтіңіз. Айтпақшы, әуелі маған қол ұшын беріңіз.
— Не айтасыз, құлдық!
Күшейіп алған инспектор үсті-үстіне бастырмалата түсті.
— Алдымен Ержанның құрдастарын жиып беріңіз. Жоғалған күні өзі сурет салып па?
— Үстел суырмасында жатыр. Шатпақ бірдеңе...
— Сол шатпақты маған әкеліп беріңіз. Бір сағат жете ме?
— Ә-ә,— деді Темкең бәрін түсінген адамдай басын изегіштеп. Шындығында, Пірімқұлов нені ойлап-пішіп отыр, о жағынан дым сызбады. Табылады дегеніне де шүкір! Пірімқұловың ана-мынаны қазбалап сұрай бергені болмаса, расында да, перғауын екен...
...Бір сағаттан соң алтыншы класс төрт көзі түгел инспектордың кабинетіне жиналды. Көбі "Заман қалай болып кетеді?" дегендей қып-қып етіп, бек мазасыз күй кешіп отыр. Аға лейтенант шақырмайды, шақырса — шатақ! Ойнақтап жүріп от басқаның, заңның кәріне іліккенің. Әрқайсысы соңғы күндері не бүлдіріп еді, іштей сол мәселені жеке-жеке ойлап, мазасыз күй кешіп отыр.
...Инспектор әңгімені әріден бастады. Кім каникулда не істеп жүр, соны шұқшиып сұрап, қазбалай ыңыранып отырып алды. Бұл кабинетке бұрын да бас сұғып үлгерген қарадомалақтар оған құлап сенбеді, мейлінше сақ, мазасыз. Олар әке-көке деп отырып іші-сыртыңды түгел қазғылайтын Пірімқұлов ағайды білмей ме.
Манадан көзі тұздай сары бала тыпыршып отыр еді, инспектор соған күлімсірей қарап:
— Әмзе, сақаңа қорғасын құюды, қараулық жасауды қойдың ба?— деп қалып еді, Әмзе астына пружина орнатып қойғандай атып түрегелді.
— Олда-білде, қаралықты қойғанмын, аға. Сенбесеңіз, Өмірәлі айтсын!— деп, бет албаты дәңгірледі. Сағат бұрын Ержанның көкесі: "Сені милицияға шақырып жатыр!"— дегенде, Әмзе бір түрлі жылағысы келген — кеше түнде біреумен төбелесіп қалып еді. "Милиционер ағай естіген екен, енді қайттім?" дегенде, фермадағы нағашы атасына тайып кеткісі келіп бір толқыды. Алайда Пірімқұловтың құрығы ұзын, ферма түскірдің де қоғамдық тәртібі аға лейтенантқа қарайды. Сөйтсе, әңгіме қайдағы бір асық-масық, сақа жөнінде. Жүрегі орнына түсті. Қуанғаннан апалақтап:
— Әуелі десеңіз, Мақұлбек қу сақасына қорғасын құйып алыпты, соны ұрып тастадым,— деп ағынан ақтарылды.
Балалар жамырай күлді. Әмзе аңырып тұрды-тұрды да, ыржия салды. Пірімқұлов беті бүлк етпей, терезеге қарап отырды да:
— Ал, батырлар, Ержан ердің жағдайына жақындайық,— деп, іске көшті.— Үш күннен бері таптырмай жүр. Байқаймын, бала бізді аз-мұз сынап, жасырынбақ ойнағысы бар. Оның қай қуысқа кіріп кеткенін мен мына суреттен-ақ біліп қойдым,— деп, үстел үстіндегі ақ қағазды саусағының ұшымен шертіп қалып еді, балалар мойындарын құрықтай созып, жапа-тармағай ұмтылды.
— Жә, сабыр, сабыр түбі — сары алтын.— Инспектор қағазды теріс қаратып аударды.— Ер екендеріңді көрейін, маған сол Ержанды тауып беріңдер! Қызық болсын. Іздеуге менің қолым тимейді. Өзге ісім де жетерлік. Күнде қай-қай жерде жасырынбақ ойнаушы едіңдер?
Аға лейтенантқа реті келіп тұрғанда жағынып қалғысы келгендер жарыса шулады.
— Ескі моншада...
- Мектеп шатырында...
— Клуб бағына тығыламыз.
— Астық қоймасы!
— Жөн... Осы точкілерді түске дейін түгел сүзіп шығыңдар. Қысқасы, асыра сілтеу болмасын, қаралмаған қалқа, жапсар қалмасын. Ержанды тауып әкелген балаға...— Пірімқұлов терезеден сары жолақ, жуан қарын көк мотоциклін иегімен нұсқады,— сол баланы мотоцикліме отырғызып алып, ауылды үш айналып шығамын.
"Бұл тамашаға не айтасыңдар?" дегендей, балаларға марқайып қарады. Оларда үн жоқ, еріндерін қымқырып алып, үнсіз отыр. Инспектордың қою қара қасы қайшыласа қалды — мотоцикл кез келген қара домалақтың арманы емес пе? Балалардың батыры Әмзе әлден уақытта:
— Аға, милицияның мотоцикліне мінбейміз,— деп күңк етті.
— О неге?
— Мотоцикліңізге мінеміз-ау... Содан кейін ел бізді көлигән демей ме.
Ағай күлімсіреді.
— О да дұр-рес... Ендеше, өздерің айтыңдар, Ержанды тапқан балаға не берейін?
Өмірәлі деген бұқпантай бала жерден жеті қоян тапқандай:
— Ағай, мен айтайын, мен айтайын!— деп, қолын сілтегіштеп, үстелге шығып кете жаздады.
— Айт!
— Ана жолы конфескелеген асықты қайтарып беріңіз. Сақаға таласып, егестік қой... Сіз бар асықты люлкеге салып алып кеткесіз. Екі дорба асық...
Аға лейтенант есіктей кеудесін селкілдетіп, кеңкілдей күлді.
— Әй, қулар-ай! Таптыңдар! Ержекеңді тауып әкеліңдер. Асық түгел қайтады. Әне, бұрышта шашылып жатыр, әзірге шіри қоятын түрі жоқ. Сөзім сөз, уәдем уәде.
Бөлме бір минутта босап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |