Тақырыбы: «Бағалаудың өлшемдік технологиялары» оқу пәні ретінде. Жоспары: «Бағалаудың өлшемдік технологиялары»



Дата28.04.2023
өлшемі20,19 Kb.
#88049
Байланысты:
Бағалаудың өлшемдік технологиялары


Тақырыбы: «Бағалаудың өлшемдік технологиялары» оқу пәні ретінде.

Жоспары:
1.«Бағалаудың өлшемдік технологиялары» курсының нысаны, пәні, зерттеу әдістері.
2. «Бағалаудың өлшемдік технологиялары» курсының ерекшеліктері, қағидалары.
Қысқаша түсінік: Критериалды бағалау деп оқушылардың оқу-танымдық құзыретін қалыптастыруға жағдай жасайтын, білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес білім беру үдерісіне қатысушылардың (оқушылар, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар ж.т.б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген бағалау үдерісі деп түсінеміз.
Бағалаудың өлшемдік технологиялары тәжірибеге енгізу үшін негізгі мақсаттық блокқа топтауға болатын бірнеше міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Біріншіден, мұндай көзқарас мұғалім мен оқушыға оң нәтижелі үлгерімнің негізі болатын жекелеген тапсырмаларды оқушылардың табысты орындауларын анықтауға арналған жеткілікті деңгейде ашық, нақты және шынайы құрал береді.
Екіншіден, белгілі бір параметрлерді қолдану жекелеген оқу курсының ғана емес, мектептік білім берудің сәйкес деңгейлерінің білімін алудағы мақсаттық нұсқауымен бағалау жүйесін байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл бағалау критерийі әр оқушының қандай деңгейде игергендігін анықтауға мүмкіндік беретін нақты түрде қалыптасқан оқыту мақсаттары түрінде болғанда ғана мүмкіндік болады. Бағалаудың өлшемдік технологиялары осы қасиетінің екінші жағы мұғалім өз жұмысын жоспарлау кезінде оқу үдерісінің жалпы мақсаттарын үнемі есте ұстап отыруында. Олардың ешқайсысын ұмытып қалдыруға болмайды, өйткені, олардың барлығы, әрқайсысына лайық тапсырмалар іріктелуі және оны орындау үшін дайындық жүргізу бойынша әрекеттер жүйесі қажет болатын бағалау критерийіне салынған.
Үшіншіден, критериалды бағалау жүйесінің ашықтығы мен процедуралық анықтылығы оқу орнының әкімшілігіне де, ата-аналарға да оқу үдерісіне белсене қатысуға мүмкіндік беретін әлдеқайда мықты аспап етеді. Білім беру мекемелері басшыларының мұғалімнің көп аспектілі және ақпарат беріт отыратын қызметінің нәтижелерін тексеру құралы пайда болады. Өз кезегінде, ата-аналар өз балаларының жетістіктері жайлы толық мағлұмат алады және олардың мектепте оқушыларға жалпы нені үйрететінін білуге мүмкіндігі болады. Ақырында, жоғарыда келтірілген жағдайлар білім беру үдерісіне қатысушылардың арасындағы қатынастың әлдеқайда ашық болуына себепкер болады. Бұл әсіресе оқушыларға қатысты, өйткені критериалды бағалау олардың оқу әрекетіне (мақсат пен міндеттерді өз бетімен анықтауға, тапсырманы орындаудың критерийлерін белгілеуге, жауаптарын дайындауға, қиындық келтірген мәселелердің себептерін анытауға, қателіктерді түзету бойынша жұмыстар жүргізуге) белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Бағалаудың өлшемдік технологияларының негізгі міндеттері:

  • болашақ мамандарды бағалау және оның түрлері жайлы біліммен қаруландыру;


  • критериалды бағалаудың моделі, жиынтық және қалыптастырушы бағалаудың мән-мағынасымен таныстырып, критериалды бағалауды әдістемелік қамтамасыздандыруды дайындай алу білігін қалыптастыру;


  • критерийлік бағалауды жоспарлау, оны жүзеге асыру, басқару және рефлексиядағы білім, білік және дағдыларды біріктіретін пәндік құзыреттіліктерді қалыптастыру;


  • оқыту нәтижелерін рефлексиялауға, шығармашылық ізденісті ұйымдастыруға, тәжірибені оқып үйрену және жалпылауға, бастауыш сынып тәжірибесінде критерийлік бағалау жүйесін тиімді жүзеге асыруға негіз болатын біліммен қаруландыру болып табылады.


«Бағалау не үшін керек?» деген сұраққа дәстүрлі оқыту жүйесінде «Студенттердің білімін тексеру үшін» деген жауап беріледі, өйткені мұнда бағалауды оқытушы тарапынан студенттің білім деңгейін анықтау деп қарастырылады. Осы тұрғыдан оқытушылар өз әрекеттерін межелік/аралық бақылауда немесе емтиханда студенттерден берілген сұрақтарға ауызша жауап алумен немесе тест қабылдаумен шектейді. Алайда мұндай тексеріс көп жағдайда студенттердің есте сақтау қабілетін ғана анықтап, олардың не үйренгендігін, білімділігі мен біліктілігінің жалпы деңгейін айқындамайды. Бұған қоса бұл жерде «бағалау» ұғымы «баға қою» ретінде қабылданады, ал мұндай түсінік бағалаудың мазмұны мен барлық ерекшеліктерін айқындамайды.


Бағалау бірінші кезекте білімнің сапасын айқындау үшін қажет. Егерде біз өз жұмысымызда елеулі табыстарға қол жеткізгіміз келсе, онда өткен уақыттағы және қазіргі нәтижелерімізді анықтауымыз керек, яғни жұмысымыздың оң жақтары мен кемшіліктерін айқындап, оны бағалауымыз қажет.
Жоғары мектептің жұмыс сапасы ЖОО-ның өз мақсаттарын (миссиясын) қандай деңгейде орындайтындығымен байланысты. Сапа - жоғары оқу орнының (немесе пәннің, сабақтың, оқытушының) оқу нәтижелеріне қол жеткізуде студентке қандай деңгейде көмектесіп, студенттің «не үйренгендігінің» айғағы. Осыған орай оқу/оқыту сапасын қажетті деңгейде қамтамасыздандыру үшін жоғарғы оқу орындары өз жұмысын бағалауда келесідей мәселелерге назар аударып, қойылған талаптарды орындауы керек:
1) Мақсат.
Оқудың/оқытудың мақсаттарын айқындау:
- Білім жүйесінде бағалау не үшін керек? Бағалау кім үшін қажет және оның нәтижелерін кім пайдалана алады?
а) Бағалау білім деңгейінің сапасын айқындау үшін қажет:
- студент өзінің біліми ахуалын білгісі келеді,
- оқытушы студенттің білімі қандай дәрежеде екендігін және өзінің оқыту әдіс-тәсілдерінің нәтижелігін анықтағысы келеді,
ә) Бағалау жоспарланған нәтижелермен (стандарттармен) салыстырғанда білім деңгейі мен оқудың/оқытудың қаншалықты дәрежеде екендігін білу үшін қажет.
б) Бағалау оқу мен оқытуда қолданылып жатқан әдістемелік ұстанымдардың тиімділігін білу үшін қажет.
2) Нәтиже.
Оқудың/оқытудың нақты нәтижелерін айқындау және оларды ЖОО-ның, мамандық пен пәннің миссиясымен салыстыру:
- Нені бағалау керек? Оқу процесінің қандай нәтижелері (білім, білік, дағды, машық, түсінік, қатынас, т.б.) бағалау арқылы анықтауға тұрарлық (маңызды)?
Оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігі студенттердің не білгендігімен айқындалады. Жоғары мектептің бүгінгі күнгі талаптарына сәйкес студенттер оқу процесі барысында және нәтижесінде келесідей білік, дағды, құзырлылықтарды меңгеруі және иемденуі керек:
- ақпараттың шексіз көп мөлшерінен (оқулықтар, ғылыми әдебиет, БАҚ, Интернет) өзіне қажеттісін таңдап алып, оны өз қажеттілігіне бейімдеп, практикада қолдану;
- өздігімен үйрене білу;
- проблемаларды шешу мен шешім қабылдау секілді күрделі тапсырмаларды орындау;
- қандай да болмасын мәселе бойынша өзіндік пікірі, ойы, тұжырымы, түсінігі болу, оларды ұтымды түрде басқаларға жеткізу, дәлелдеу және қорғау;
- қарым-қатынас құра білу (ауызша және жазбаша коммуникация), бірлесе жұмыс жасай білу: тыңдай білу, басқаларды сыйлау, өзге пікірлерге икемді және бейімді болу, олармен санасу, жанжалдардың алдын алу;
- өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын өмірлік философия (рухани, моральдік, этикалық дүниетаным) ретінде қалыптастыру, бұл философияны жалпы адами құндылықтармен байланыстыру;
- өз білімі мен танымының қандай деңгейде екендігін біліп, оларды әрқашан да дамытып отыру.
Студенттердің осындай білік, дағды, құзырлылықтары бағалауда қарастырылады.
3) Құрал.
Оқу жетістігінің (үлгерімінің) дәлелдерін жинақтау:
- «Қалай бағалау керек? Студенттердің тақырып (пән) бойынша қандай білімді (білік, дағды, машық, құзырлылық, құндылықтар) және қандай деңгейде меңгергенін қалайша білуге болады? Студенттердің білім игергендігінің (бір нәрсені білгендігінің) дәлелі қандай болу керек? Бағалаудың қандай тәсілдері мен құралдарын қолдану керек?»
Мұнда студенттердің білім игеруде қандай нәтижелерге жеткендігін дәлелдейтін құралдарды (тәсілдерді) таңдап алу қажет. Бұл тәсілдердің жүзеге асырылуы үшін талдау мен қорытынды жасауға тұрарлықтай әрбір оқу мақсаты үшін көп мөлшерде тапсырмалар дайындау керек.
4) Талаптар.
Студенттердің берілген тапсырмаларды қандай дәрежеде орындайтындығын анықтайтын және олардың үйренгендігін дәлелдейтін талаптар (критерийлер) құрастыру:
5) Жариялау.
Студенттердің жазу жұмыстарын оқу процесіне қатысушылардың назарына ұсыну жолдарын анықтау:
Бағалау процесіне қатысты адамдар үшін оның нәтижелерін жариялау маңызды. Мұнда жариялаудың әртүрлі тәсілдерін қарастыру қажет: жазу жұмыстарын аудитория қабырғасына іліп қою, «Автордың орындығынан» оқу, кітапша түрінде басып шығару, қабырға немесе электронды газет түрінде жариялау, диафильм немесе слайд жасау, т.б.
6) Кері байланыс.
Студенттердің үйрену көрсеткіштерін зерттеу және оларды өз жұмысын жақсарту үшін қолдану, оқу жоспарларын құруда оқудың/оқытудың нәтижелерін ескеру:
- «Бағалаудан кейін оқу процесіне қандай өзгерістер енгізу керек? Бағалау нәтижелері қашан қажетті болады және оларды қалайша пайдалануға болады? Бағалаудан кейін оқу процесіне қандай өзгерістер енгізу керек?»
Студенттер оқуының сапасын үнемі жетілдіру мақсатында кері байланысты оқу жоспарлары мен бағалауға өзгертулер енгізу үшін қолдану керек, өйткені бағалау студенттің оқу әрекеттерінің аяққы нәтижесі болмауы қажет. Бағалау білім игерудің белгілі бір кезеңіндегі студент жұмысының сапасын анықтайды, ал студент оның нәтижелерін өзгерту мүмкіндігіне ие болады.
С.Мирсейітова «бағалау» терминінің ағылшын тіліндегі үш мағынасын келтіреді:
1. Бағалау. Мұнда бағалау - талдау ретінде қарастырылады.
2. Мониторинг. Бағалау - құрал ретінде танылады.
3. Баға. Бағалау - сандық (мөлшерлік) құрал ретінде қарастырылады.
Бірінші мағынада «бағалау» үйренушілердің жетістіктерін жан-жақты қарастырып, «білімді сандық және сапалық тұрғыдан анықтау» деп келтіріледі. Бұл тұрғыда бағалау - үйренушілердің оқу жетістіктерін белгілі бір талаптармен (критерийлер, стандарттар, үлгілер, эталондар, идеалдар) салыстыру, сол тұрғыдан нақты өлшемдер (балл, процент) көмегімен оларды сипаттап және тексеріп, соңынан қорытынды шығару. Мұндай түсініктегі бағалау «сыртқа», яғни қоғамға, социумға бағытталады.
Екінші түсінікте «бағалау» үйренушілердің жоспарланған нәтижелерге жету көрсеткіштері ретінде қарастырылады (мәселен, курстық бірлік немесе модуль аумағында); мұнда студенттердің дамуы мен өзгерістері олардың әрекеттері (нақты құралдар) арқылы көрсетіледі: тест, эссе және басқа да жазба жұмыстары, жоба, интервью, портфолио, т.б. Мұндай өлшеу (мониторинг) студенттердің өз жетістіктерін бағалау немесе ЖОО-ның оқу нәтижелерін жоспарланған нәтижелермен салыстыру үшін қажет. Өз жетістіктерін басқалардың білімі немесе өзінің кешегі білгенімен салыстыра отырып, үйренуші өзінің қаншалықты дәрежеде дамығандығын айқындап (жетістіктері мен кемшіліктері), өз білімін әрі қарай қалайша дамыта түсу керектігін анықтайды. Мұнда бағалау «ішке», яғни үйренушінің тұлғасына немесе оқу орнына бағытталады.
Үшінші вариантта «бағалау» біздің қолданысымыздағы «баға», «баға қою» ұғымымен байланыстырылады: емтихан, тест, жазба жұмысы, жобаның орындалуы немесе семестр нәтижесі бойынша рейтингтік жүйе, балл мөлшері (мәселен, жүз балдық) немесе сандық жүйе (дәстүрлі бес балдық), әріптік жүйе (A,B,C,D,F) негізінде студенттің жұмысына қойылатын баға.
Интербелсенді оқу/оқыту бағалауды үйренушінің өсуі мен дамуының көрсеткіші деп есептеп, оларды үйренушінің оқу әрекеттері арқылы анықтайды. Бұл жерде бағаланатын нәрсе - оқу процесінің өзі, сол арқылы үйренуші өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалайша даму керектігін түсінеді, яғни үйренушінің қалайша жұмыс жасағандығы, оның қалайша ойлайтындығы бағаланады.
Интербелсенді оқу/оқыту практикасында «бағалау» термині келесідей мағынада қолданады:
Бағалау - студенттердің (ЖОО-ның) оқу процесінде қаншалықты табысты (немесе, керісінше) болғандығын, білім игерудегі олардың жетістіктерін, өсуі мен дамуын анықтау.
Бағалау - студенттердің қолынан не келетіндігін (білім, білік, дағды, машық, құзырлылық, құндылықтар) айқындау.
Бағалау - білім игеру процесіне қатысушылардың (оқытушы және студенттер) әрекеттері қандай деңгейде екендігін, олардың сапасын анықтау.
Бағалау - студенттердің білімін қалайша әрі қарай дамытып, олардың алдағы білім игеру әрекеттерінің деңгейін қалайша жақсартуға болатындығын білу, жоспарлау және студенттерді соған ынталандыру.
Бағалау – оқу процесінің (студент әрекеттерінің, сабақтың, пәннің, курстың) қаншалықты нәтижелі екендігін анықтап, мақсаттардың қандай дәрежеде жүзеге асырылып жатқандығын анықтау.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет