Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Мәнжазба
Тақырыбы: «М.Әуезовтың «Абай жолы» рома-
нындағы қазақ дәстүрлері мен ырымдары.
Олардың танымдық-тәрбиелік мүмкіндіктері»
Орындаған: ПКО 101 Аркенова Сауле
Тексерген:Айтмағанбетова Шынар
Ақтөбе 2020
Жоспары:
М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы қазақ салт-дәстүрлері мен ұстанымдары
Танымдық-тәрбиелік мүмкіндіктері
Пайдаланылған әдебиеттер
«М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы қазақ дәстүрлері мен ырымдары.
Олардың танымдық-тәрбиелік мүмкіндіктері»
Әр дәуірдің өз перзенті болады.Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне қазақтың кім екендігін танытты.Қазақ халқының ұлылығын,оның өткен өмірін,тарихының әр түрлі кезеңдерін көркемдікпен терең түсіндіріп берді.Мұхтар Әуезов осы эпопеясы арқылы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкелді.Романның басты кейіпкері қазақ жазба әдебиетінің , әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы,ұлы ақын –Абай Құнанбаев.Өз заманында әкенің ғана емес, халықтың ұлы бола білген ол қазіргі жастарымызға ел қамын жеген,халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлетін ұлтжанды азамат болу керектігін ұқтырғандай.
Қазақ халқы ертеден –ақ өнерге ,білімге,салт-дәстүрге бай халық.Әр қилы заманда басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан ,өз құндылықтарын сақтап қалған қайсар халық екені баршаға аян.Сондай құндылықтарымыздың бірі-салт-дәстүрлеріміз.
. Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың ұлты мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы,қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері.
Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, қалықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи - әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы — мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, құрдастық қалжың салт-дәстүрге жатады. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды - бәрі осы салт-дәстүр көрінісі.
«Абай жолы» романында қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың өнегелі өмірі баяндалумен қатар, қазақ халқының тәрбиелілігі, салт-дәстүрге беріктігі, дана халық екендігі суреттеледі.
Халқымыздың біртуар ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев: «Егер сен ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын білгің келсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқы. Ол - шын мәніндегі энциклопедиялық шығарма», - деп берілген бағасы бүгінгі таңда да маңызды.
«Абай жолы» романында кездесетін салт-дәстүрлердің кейбіріне тоқталып өтейін.
...Осы жиынға қараған бетімен ,екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді.Бала көп ішінен ,ең алдымен өзінің шешесін көріп,соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:
-Әй, шырағым,балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр...Сәлем бер!-дейді( I том,9-бет)
Бұл үзіндіде ананың ақылы мен парасаты анық көрінеді.Қазақ отбасында әкенің орны ерекше.Әке-отбасының тірегі,сондықтан да отбасы мүшелері әкені тыңдаған,оған қарсы келмеген.Осындай жайттар романда кеңінен көрініс табады.Мысалы, Құнанбай бір жылда үш ұлын да үйлендіретінін айтып, Ұлжанмен ақылдасты.Парасатты,мейірімді ана Ұлжан қарсылық көрсетпеді. Әкесінің бұл шешімі Абайға ұнамаса да келіседі. Себебі: әкесі айтса заң, кесіп айтты ,бағынасың.
Қазіргі таңда отбасындағы әкенің рөлі төмендеген,оның отбасындағы орнын табысы анықтайтын болды.Дегенмен,әке тәрбиесін ешкімнің алмастыра алмайтыны ақиқат.Әке тәрбиесін көрген бала қажырлы,ер мінезді болып өседі,ал әкесін үлгі тұтқан қыз болашақтағы өмірлік серігін таңдауда қателеспейді деп ойлаймын.
Романды оқыту барысында Құнанбай бейнесі жан-жақты талданады.Ақиқат пен аңыз араласып кеткен.Құнанбай-үстем тап өкілі,ел қанаушы.Өкінішке орай,осы түсінік қазіргі әр деңгейдегі әдебиетте,тарих оқулықтарында кездеседі.Романда жазушы Құнанбайды мырза Құнанбай, шешен Құнанбай,жақсы Құнанбай деп суреттейді, бұл-Құнанбайға елінің берген бағасы.Біз кеңес заманында өмір сүрдік,санамыз уланды,дініміз жойылды, қазақтығымыз өзімізге мін болды. Құнанбай қазақ еліне екі бірдей дара тұлға қалдырды,бірі- баласы,екіншісі-немересі. Құнанбайды таптық тұрғыдан түсіндіру қателік екендігін өмірдің өзі дәлелдеді..
Шығармада тағы бір көрініс табатын салттың бірі-құда түсу. Құнанбай істі болып, қаланың беделді шонжары Алшынбайдан көмек сұрады. Алшынбай Құнанабайға көмек -тесіп, басына түскен қиыншылықтан құтқарды. Осы достықты құдалыққа жалғастырды. Алшынбай құдалық белгісі ретінде тай сойып, тамақ берді. Алшынбайдың үлкен баласы Түсіптің қызы Ділдәні Абайға айттырды.
Қазақ болашақ жар болатын қыз бен жігітті алдын ала атастырып, құда болады. Қазақта «жатырқұда», «бесікқұда», «есікқұда» деген құдалық түрлері бар. Ең бірінші қызға жігіт жағы келіп, құда түседі. Олар қыз жаққа өзіндік тарту-таралғымен келіп «кит» киіп қайтады. «Кит» кию – «құда болдық» деген келісімнің белгісі.
Күйеудің қайын жұртына алғаш келуін «Ұрынкелу» немесе кей жерлерде «Жыртыс сала келу» деп те атайды. Бірінші рет есік көре барған күйеудің де киімі өзгеше болған. «Басқа үкі тағу – бар күйеудің әдеті. Ол ғана емес, қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу бұл өңірдің бар күйеуіне жол болатын», - деп күйеу киімін суреттей келе,күйеудің мұндай киімін кигісі келмеген Абайға әжесі Зере қатты бұйрық етіп:
- Ата-бабаң жолы осы! Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! – деп, дәл аттанар жерде Абайға жаңағы киімнің бәрін кигізгенін айтады. Иә, бұл киімдерді кию -ата-баба жолы. Ал, ата-баба жолын құрметтемеу, салт-дәстүрді құрметтемеу ,ол-сол ер азаматтың ата-анасына сын және бұл киімдерді кимей бару ,ер азаматтың қайын жұртына деген құрметсіздігі болған.
Абайдың ата-анасының да салт-дәстүрге ерекше мән беретіндігін,әдет-ғұрыпты сақтайтындығын байқаймыз.
Романда жоқтау,өлімді жөнелту,ас беру,әмеңгерлік салт туралы да айтылады.
Әр адамның қайтыс болған жақындарының алдында міндеті бар.Ол- қазаға ұшыраған адамның қарыздары болса қайтарып, арулап ақтық сапарға шығарып салу.Мұны шариғатымыз да,салтымыз да міндеттейді.Қазақта ағайынның басы торқалы той мен топырақты өлімде бірігетіні белгілі.Шығармада бұл жайлар қалай көрініс табатындығына назар аударайық.
...Бөжейдің үйіне қаралы ту тігіледі. 40 күнге дейін өлімді күтіп, жоқтау айтылады. 40 күндігі берілген соң, қаралы мал белгіленіп, құйрық жалы күзеліп, жайылымға жіберіледі. Қаралы малға ешкім қастандық жасамайды, ұра алмайды. Ол еркін жүріп қоңданып семіреді.
...Абайдың Бөжей асын өткізуге берген көмегі елде аңыз боп айтылды. Бүкіл ел Абайға батасын берді. Абайдың өзі асқа 15 үлкен жылқы, 5 тайдың етін, 40 саба қымыз жасап, қонақ күтті. Абай анасы екеуі ақылдасып, Бөжейдің асына көмек берді.
Қазақ халқы дүниеден өткен ата-ана,туған-туыстарды ерекше құрмет тұтып,оларды еске түсіріп отырады.Аруақтарды еске алып,олардың құрметіне ағайын,туыс, дос-жарандардың басын қосып, ас беру ізгілікті іс деп саналады.Осындай қайырымды іске Абай да араласып,елдің батасын алған.
Әмеңгерлік салт.Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан «аға өлсе,жеңге-мұра,іні өлсе,келін-мұра» ,«әйел ерден кетсе де,елден кетпейді» деген қағидаға айналып,әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан.Жесір дауы-ірі даудың бірі болған.Жесірін жатқа жібермеген.Жесірге қамқоршы оның жақындары.Оспан қырық жасында өмірден өтті.Оның үш әйелі жесір қалды.Романда әмеңгерлік салт осы жерде көрініс береді.Оспанның үлкен әйелі-Еркежан,екіншісі-Зейнеп,үшіншісі-Торымбала.Оспанның асы өткеннен кейін осы әйелдердің алдынан кісі жіберіп сұрайды,Еркежан қарсылық көрсетеді.Тәкежан Зейнепке,Ысқақ Торымбалаға әмеңгер болады.Абайдан сұраған кезде ол ешкімге де әмеңгер болмайтынын айтып бас тартады.Эпопеяда осылай айтылғанымен,Абай Еркежанға әмеңгер болады.
Осы шығарманы оқи отырып, әмеңгерлік салтты талдау барысында білім алушылар ХIХ ғасыр мен ХХI ғасырды салыстыра отырып түйін жасады:
ХIХ ғасыр XXI ғасыр
-дін жолы арқылы үстемдік жасаған; -адамдар құқығына қол сұғылмайды;
-әйелдердің бас бостандығы болмаған; -жетімдерге қаржылай көмек беріледі;
-зорлықпен жесірлерге күш көрсетілген. -қайырымдылық қоры да көмектеседі.
Қай мәселенің болса да шешімін өткен уақыттан емес, бүгінгі күннен іздеген дұрыс деп санаймын.Қаракөз қыздарымыздың тұрмысқа шықпай отыруы, жетім балалардың көп болуы- кім-кімді болса да ойландыратын мәселе.
Жазушының «Абай жолы» романында халқымыздың салт-дәстүрі молынан кездеседі. Мұхтар Әуезов осы дәстүрлерді пайдалана отырып,ұлттық мінезді көрсете алды.
Ғасырлар бойы дамыған халық идеологиясын насихаттады.
Біз қазір белгілі бір жағдайда орындалатын халқымыздың салт-дәстүрін біле бермейміз. Білмеген жағдайда мен «Абай жолын» оқуға кеңес берер едім.Жазушы өз туындысында халқымыздың салт-дәстүрін сол кездегі өмір шындығымен байланыстырып, романның көркемдік қуатын күшейтіп, ғажайып өнер туындысын ұсынды.
“Абай жолы” эпопеясының танымдық мәні Абай заманын, сол ортаны, Абайдың ақындық, азаматтық тұлғасын, өнерпаздық жолын танытуы арқылы бүкіл бір ұлтты танытты деуге болады.Бұл шығарманың ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ана тілімізді өркендетудегі орасан зор рөлін баса айтқым келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
М.Әуезов «Абай жолы» романы,Алматы-2013
Қазақ энциклопедиясы, 7 – том
«Абай» энциклопедиясы
С.Кенжеахметұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері»
Достарыңызбен бөлісу: |