Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік Университеті
БӨЖ
Тобы: МДШ-217 Қабылдаған: Салгараев М
Дайындаған: Хайратов А
Тақырып: Ислам дінінің түркілер
арасына таралуы
Түркілер және ислам діні
Ұзақ ғасырлар бойы түркі халықтары мен мемлекеттері алып Еуразия кеңістігінде тіпті кішкентай этностарды да өздерінің одақтастарына айналдырып, көп этносты және көп ұлысты әлеуметтік-саяси жүйелерді, тәңіршілдіктен исламға дейінгі әртүрлі дүниетанымдар мен діни сенімдердің толерантты ортасын, көптілді және көпдінді қоғамдардың саяси басқару жүйесін қалыптастырған-түғын.
Түркілер өздерінің қадым заманнан бері көне діни сенімі болып саналатын Тәңіршілдікті ұстанған еді. Көктүркі мемлекетінің қағаны мен оның ұлысы (халқы) өз сенімдері бойынша аспанға, көкке және Тәңірге мінәжат етті. Олар жер бетіндегі міндеттерін Тәңірдің өздеріне жүктеген миссиясы ретінде қабылдады. «Тәңір» тарапынан Бумын мен Истеми бабаларға аманат етіп қалдырылған бұл қағанаттың басты мақсаты - өз халқы мен оның «төресін» (заңдарын) қорғау, осы негізде ұлттық бірлікті нығайтып, бекемдеу деп ұғынған. Осыған байланысты тәңіршілдіктің саяси және ұлттық сипаты орасан үлкен болды деуге саяды. Түркілер ежелгі арийлер, мысырлықтар, ежелгі гректер, римдіктер және өздерімен замандас басқа да халықтардың көптәңірлік наным-сенімдеріндегідей «Тәңірлер» демеген, керісінше үнемі «Тәңір» деген. Діни дүниетанымның осындай табиғи үлгісі түркілердің кейіннен тек бір ғана Алланы жаратушы ретінде мойындайтын исламды қабылдауларында шешуші фактор болғаны талас тудырмайды. Осы күнге дейін әлемде өмір сүріп жатқан барлық мұсылман түркі халықтары «Алла» және «Тәңір» сөздерін синоним ретінде қолданып, бұлардың арасында қандай да бір айырмашылық байқамады.
Ислам дінін қабылдаған алғашқы түркі халқы хазарлар еді. 723 жылы негізінен Солтүстік Кавказ аймағында өмір сүрген хазарлар алғаш рет шайқас алаңында арабтармен соғысып, оларды жеңді. Бірақ кейіннен омайядтар әулетінің халифасы Хишам бин Әбдүлмәлік кезеңінде ( 724-743 ) араб армиясы хазарларды бұл аймақтан ығыстырып шығарды. Сол кезеңде олардың бір бөлігі исламды қабылдады. Көктүрк империясы құлаған жылға дейін (745 жыл) осы империяның құрамында болған түргештер Түркістан аймағында арабтарға қарсылық көрсеткен болатын. Құлаған империяның алып территориясына шығыстан Қытай, батыстан араб халифатының басқыншылық қаупі төнген еді. Түргештерден кейін арабтарға қарсы мұндай қарсылықты қарлұқ халқы көрсетті. 750 жылы Омайядтар династиясы құлап, орнына аббасидтер келді. Омайядтардан айырмашылығы аббасидтер араб емес өзге халықтармен толерантты қарым-қатынаста болды. Осыған байланысты парсы және түркі сарбаздары аббасидтер армиясына кеңінен тартылып, тіпті жоғары лауазымдарға дейін көтерілді. Осындай жағдайда Қытайдың басып алу қаупі төніп тұрған қарлұқ түрктері аббасидтермен одақтасуға келісім берді. 751 жылы болған Талас шайқасында тарихта тұңғыш рет түркі армиясы мен мұсылман-араб армиясы бір шепте Қытай армиясына қарсы шайқасып, жеңіске жетті. Осы жеңіс түркі әлемі мен ислам әлемі арасында байланыс орнап, түркілердің ислам дінін қабылдай бастауына себеп болған үлкен бетбұрыс оқиғасы болды. Түркі халықтарының көпшілігінің мұсылмандану процесі XI ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Бірінші және екінші мыңжылдықтарды тоғыстырған осы тарихи кезеңде түркі суперэтносының қыпшақ, бұлғар, қарлұқ, ұйғыр, чуваш және якут тармақтарына кіретін халықтар негізінен Орталық Азия мен оған жақын аймақтарда қалды. Осы дәуірде түркілердің ең жауынгер тармағы болып саналатын оғыздардың (олар XI ғасырда жиырма төрт тайпадан тұратын) Таяу Шығысқа экспансиясы осы аймақта жаңа түркі тектес мемлекеттердің құрылуымен аяқталды. Исламды қабылдаған түркілердің қайтадан Орталық Азияға оралуы Түркістан территориясында да түркі-ислам мемлекеттерінің пайда болуына себеп болды. Осы аймақта қарахандықтар мемлекетінің түркі тарихы тұрғысынан маңызы – олардың алғаш рет 940 жылы исламды қабылдап, Түркістанда да, сондай-ақ араб экспанснясы таралған барлық территорияда Каспий алабынан Анадолыға дейінгі аймақта да түркі-ислам синтезіндегі түркі мемлекеттерінің құрылуына бастама болғандығы еді. Осы тарихи дәуірде түркілердің Еуразиядан батысқа қарай кең тарап, жайылуы кезеңінде ислам өркениетінің алдыңғы шебіне шығуы Ұлы Жібек жолының сауда стратегиясында да олардың сақ әрі сергек амал-әрекет етуін қажет етумен қатар, жаңа бағыттарға шығу мүмкіндіктерін де арттырды. Ұлы Жібек жолының араб әлемінен өтетін тұстары біртіндеп түркілердің бақылауына өтті. Бұл аймақта құрылған түркі-салжұқ мемлекеттері араб халифатының сан ғасырлық билігін қүлатып, Ұлы Жібек жолына қосылған сауда мен экономикаға жаңа серпін берді. Түркілердің Таяу Шығыста араб үстемдігін құлатуы бөлшектенген ислам әлемінің қайтадан бірігуін қамтамасыз етті. Исламдық шығыста үлкен сауда мен мәдени әлеуеті бар қалалар бой көтеріп, осы қалалардың тауарларын әлемнің түкпір-түкпіріне тасымалдаған кәсіпқой саудагерлер тобы пайда болды. Тарихи деректерден Ұлы Жібек жолының Шығыс бағытын бақылауында ұстаған салжұқтардың барлық халықтардан шыққан саудагерлерге арнайы кепілдікпен қауіпсіздік қызметін көрсетіп, орта ғасырлардың халықаралық сауда тәжірибесінің үздіксіз жалғасып отыруын қамтамасыз еткені мәлім. Осылайша Еуразия кеңістігінде түркі суперэтносының кең таралып, өзгеше сипат алса да, түп-тамырын сақтап қалған негізгі қабатында орта ғасырлық түркі-ислам мемлекеттері жаңа түркі империяларына өту кезеңін басталды. Араб-ислам әлемінің соңғы империя-сұлтандығы Аббасидтер халифаты құлағаннан кейін Таяу және Орта Шығыстың жеңімпаз жаулаушысы арабтар, парсылар не болмаса византиялықтар емес, түркілер болды. Халифаттың құлауына моңғол басқыншылығына тұстас келді деуге болады. Алайда осы жойқын әскери жорықтарды бағындырғандар да түркілер болатын. Экспансияның жаңа толқынында моңғол шапқыншылығына қатысқан Орта Азиялық түркі халықтардың (моңғолдармен бірге) Таяу Шығыста өздерінен бұрын мемлекеттер құрып үлгерген түркі халықтарымен жылдам ассимилияциясы аймақта жаңа этножүйені қалыптастырды. «Әлем тарихында түркілер» атты монографияның авторы, профессор К.В. Финдли осы мәселеге тоқталып, XI-XШ ғасырлардағы моңғол экспансиясы мен оның ислам әлемінде мемлекет, қоғам құрушы істерге ойысып, өзгеруінде де түркі халықтарының шешуші рөл ойнағанын атап өтеді.Түркілер исламды қабылдаған соң, исламдық Шығыс түркі билігін мойындады. Түркілер дінге де, территорияға да бір мезгілде қол жеткізетін. Территорияға билік ету - дінге, ал дін - территориядағы билікке тірек болатын. Француз тарихшысы Рене Груссенің «Дала империялары» деп атаған патшалықтардың мұрагерлері болып саналатын түркілер Еуразияның осынау беймаза нүктесінде - геосаяси мүдделер айқасқан аймақта бір-бірімен этникалық, саяси және генеологиялық тұрғыдан байланысып жатқан мемлекеттер құрып, осы мемлекеттерді империя деңгейіне дейін көтерді. Үш түрк империясы - Осман, Сафауи және Моғол империяларының Азиядағы билігі сол дәуірдің геосаяси құрылысының тұрақтылығын сақтауда аса маңызды тарихи рөл ойнады. Ұлы моғолдар Үндістан түбегінен Азияның Қиыр Шығысына дейін созылып жатқан аймақтың, әсіресе Қытаймен байланыстардың; Сафауилер исламдық шығыстың, ал Османдықтар болса, Еуропа және Африкамен байланыстардың басты бағыттарын белгілеп отырды. Әзербайжан түркілерінің Кавказ бен Иран аймағында басым саяси күшке айналуындағы, сондай-ақ әзербайжандық Атабейлер, Қарақойлы және Аққойлы мемлекеттерінің тарихи-саяси жетістіктерінен бастау алатын Әзербайжан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Сафауи империясының шешуші рөлін еш жоққа шығаруға болмайды. Сафауи империясымен жақсы қарым-қатынаста болған Моғол империясының негізін қалаушы Бабыр әкесі жағынан Әмір Темірдің, ал анасы жағынан Шыңғыс ханның ұрпағы болатын.
Моғол әміршісі Акбардың (1556-1605) жүргізген «Діни илахи» саясаты көпұлтты Үндістан мен осы сұлтандыққа қарайтын басқа аймақтарда қажетті консолидацияны табысты түрде қамтамасыз етті. Әзербайжанда Шах Исмаил Хатаидың ислам идеологиясына негізделген, мазмұны жағынан ұлттық сипаттағы саясаты; Үндістанда Бабыр мен Акбардың дін мәселесінде ұстанған жан-жақты әмбебап саясаты түркі империя-мемлекеттілігінің прагматикалық көрегенділігінің жарқын мысалы болып есептелді.
Академик Рустан Рахманалиев түрктердің мұндай жаугершілік қасиетін былай түсіндіреді: «Түрктер үш континентке - Пекин, Дели, Исфахан, Шам (Дамаск), Бағдат, Каир, Константинополь (Ыстанбұл) және Алжирге билік тәжін апарғаннан кейін әлбетте, ол жерлерден айырылып қалмау үшін әрекет етуі тиіс болды. Осы орайда, түркілердің жаулап алған территорияларында үнемі бұрын-соңды болмаған гүлдену дәуірі басталып отырғанын да атап өту керек. Мысалы, Табғаш билігіндегі Қытайда, Салжұқ билігіндегі Иранда, мәмлүктердің билігіне өткен Мысырда, Ұлы Моғолдар билігіндегі Үндістанда болғаны секілді. Ал Осман империясына келер болсақ, ол ең алдымен исламның қылышы, ал кейін қалқаны болған, әлемдік деңгейдегі ұлы түркі державасы болды. Салжұқ дәуірінен бастап, бұл империяның негізін қалаушылар еуропалықтардың крест жорықтарына табанды түрде тойтарыс беріп отырды. Жалпы алғанда, христиан-ислам соғыстарында ислам елдерін үнемі христиан басқыншылығынан қорғап отырған түркілер болатын. Католик папасының уәдесі мен талабына орай, (негізінен әскери-саяси мақсаттарда) Еуропа елдерінен жиналып, христиандардың «қасиетті жеріне» 1095-1270 жылдары арасында тоғыз рет жорыққа шыққан крест жорықшылары айналып келгенде исламның «түрк бекінісінің» қарсылығына тап болып, жеңіліске ұшырап, кері қайтып отырды. Ақыр соңында, түркілер крест жорықтарын тікелей қолдап, ұйымдастырып отырған Византия империясын біржолата құлатты. Кезінде исламның тірегі болған Осман империясы Кануни Сүлтан Сүлеймен кезеңінен бастап халифаттың орталығына айналды, Жер жүзінің барлық мұсылмандары түркі билеушісі Кануни Сұлтан Сүлейменнің халифалығын мойындады. Түркі жаугершілігі сол кезеңнің құжаттарында төмендегідей көрініс тапты: «Осы уақыттан бастап, Сүлеймен бин Селим хан бин Баязид хан дінімізді жоғары мәртебеге көтеріп, барлық мұсылман елдеріне билік етеді, Оның осындай үлкен сенімхатпен өз дәуірінің сұлтаны екендігіне еш күмән жоқ… Арабтармен бірге барлық Арабия, барлық түркілер, күрдтер, парсылар, Ирак, Бағдат, Диярбакыр, барлық Батыс, Энгерус (қазіргі Венгрия) оның билігіне қарайды. Барлық мұсылмандар оның жетекшілігін кабылдайды, өйткені ол расымен де Пайғамбардың жеңімпаз халифасы».
Түркі әлемі ислам әлемімен бірлескеннен кейін дәстүрлі түркішілдік идеясы кажетті діни сипат алса да, өзіндік қасиетінен алыстамады. Түркі бірлігі ислам бірлігі ішінде өз сегментін қалыптастырды, Дәл осы себепке байланысты, өзгеше әлем философиясы болып саналатын сопылық түркі жаугершілігіне сырттай кайшы келсе де, негізінде осы жаугершіліктің идеологиясы болды, Жаугерші түркі сұлтандары - Гази Бурханеддин, Жаһаншах Хакики, Шах Исмаил Хатаи, Сұлтан Сүлеймен Кануни сопылық рухта поэзиялық шығармалар жазды. Бұл шығармалар олардың саяси-мемлекеттік қызметінің рухани негізін құрады. Жалпы алғанда, түркілердің саяси бірлік мәдениеті исламның сопылык, шииттік, бекташылық секілді алуан түрлі тарикаттарының негізінде өзін қалыптастыра білді.
Бұл - түркі этносаяси жүйесінің ислам әлемінің ой-пікір, ахлак және руханият секілді негізгі қабатын төл түсінікте синтездеп алуда аса шебер әрекет етіп, жетістікке жеткенін көрсетеді. Исламдық Шығыста түркі мемлекеттері мен империяларының территориясында түркі тілі басты катынас кұралы болса да, шамамен XIV ғасырға дейін түркі әміршілерінің көпшілігі өз сарайларында араб және парсы тілдеріне басымдық бергенін де естен шығармау керек. Бірақ осыған қарамастан, түркі тілі көп кешікпей жоғары саяси-мәдени денгейде әмбебап қатынас кұралына айналып, осы процес барысында шығыстың маңызды өркениет тілі қызметін атқарды. Түркі тарихын, тілін, әдебиетін, көркемөнерін өзге халықтар қаншалыкты қызығушылықпен, ынта-ықыласпен оқып-үйренсе, түркілердің өзі де ислам әлемінің көпқабатты әдебиет, көркемөнер және мәдениетінің дамуына соншалықты үлкен қызығушылықпен, жауапкершілікпен ат салысты. Түркілер араб және парсы әдебиетінің, ғылымның және теологияның (дін ілімдерінің), философия мен көркемөнердің, жалпы ислам мәдениетінің дамуында ерекше рөл ойнады.
Түркі-ислам байланысы туғызған күш бірлігі шығыс өркениетіне жаңа энергетикалық теңгерім әкеліп, мемлекет пен дін, саясат пен руханият байланыстарында тепе-теңдікті қамтамасыз етті. Бұл - әсіресе, исламдық шығыста тек рухани өмірді ғана емес, дәстүрлі діни көзқарастарды, сондай-ақ әлеуметтік-саяси өмірді де едәуір дәрежеде өзгерістерге ұшыратқан түркі сопылық ағымы мен ағартушылық философиясы арқылы жүзеге асты. Кезінде түркі империяларының бақылауында болған Ұлы Жібек жолы арқылы өмірге келген Транс-Еуразия байланыстары кейінгі дәуірлерде де Азия мен Еуропа өркениеттерінің интеракциясын (өзара әрекетін) қамтамасыз етіп, дамытып отырды, әрі жоғары деңгейге көтерді. Түркі халықтарының арқасында Азия мен Еуропа арасында орнаған өркениетаралық байланыстар өз кезегінде Азия мен Еуропаның қазіргі жаһандану дәуіріне бастама бола аларлық интерактивті мәдени ортасын қалыптастырып, кеңейтті. Түркі империялары ортақ құндылықтарды тудырып, сол құндылықтармен бөлісу үшін Азия мен Еуропа өркениеттеріне кең мүмкіндіктер ашты. Бұл империяларда тек екі монотеист дін - ислам мен христиандық (барлық тариқат және мазхабтары) ғана емес, сонымен қатар, көне замандардан қалған зороастризм, даосизм, несториандық және кең көлемде буддизм адамзат тіршілігінің өзіне тән діни-мәдени салалары секілді өмір сүріп, дамып отырды. Бұл жерде діннің ең көне формалары - шаманизм де сақталды, сондай-ақ ең жоғары формалары - теология да (дін ілімдері де) дамыды. Атап айтқанда, түркілер исламның басқа діндерден абсолютті басымдығын, ислам дінін қабылдаған халықтардың басқа халықтарға қарсы үстемдігін қамтамасыз ететін қандай да бір ілім қалыптастырмаған және империяны басқару мәселесінде мұндай үстемдік концепциясын ешқашан басшылыққа алмаған. Қазіргі таңда да түркі әлемінде осындай толеранттылық заманауи өркениетінің құраушы бөлігі, сонымен қатар, саяси ахлақ құндылығы ретінде қорғалып, сақталуда. Осының нәтижесінде қазіргі тәуелсіз түркі республикалары – көп ұлысты және көп тілді мемлекеттер. Сонымен қатар, негізінен ислам дінін ұстанатын түркі республикаларының барлығы - Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан 57 мұсылман мемлекетінен құралған Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер қатарында.
Тиісті гуманитарлық ғылымдар саласында жүргізілген зерттеулер де Еуразияның мемлекеттілік тарихын қалыптастырған халықтардың түркілер болғанын растайды. Исламға дейін түркілердің мемлекеттілік мәденнеті, материалдық және рухани мәдениеті, тамаша көркем жазу мәдениеті, транзиттехнологиясы болған. Түркі халықтарының Еуразияны біртұтас жаһандық кеңістік ретінде қабылдаған тарихи санасы түркі өркениетінің ұйымдастырушылық табиғатымен тікелей байланысты. Сол себепті, түркі өркениеті исламға дейінгі тарихын, ислам дәуірін, әрі қазіргі дәуірдің бірізділігі мен интегралды бірлігін назарда ұстайтын, келешекке бағытталған тұжырымдамалық ұстанымда өзінің шынайы бағасын алып отыр.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,
Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,
Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,
Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,
Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік».
Түркістан-2023ж
Достарыңызбен бөлісу: |