Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білім мен іскерліктің болуын, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуін ойлауға қабілетті болуын талап етеді. Химия пәнін оқыту үрдісінің негізгі мақсаты – оқушылардың химиялық білім негіздерін толық түсіну мен меңгеру арқылы шығармашылық қабілетін дамыту. Химия пәнін оқып – үйренгенде есептер шығарып, жаттығулар орындаудың маңызы өте зор. Есеп шығарып, жаттығулар орындау білімді тексеру ғана емес, сонымен қатар оқушыларды өздігінен ізденуге де дағдыландырады. Есеп шығару – оқушыларды химиялық ой – өрісін дамытудың негізгі құралдарының бірі, теориялық білім мен тәжірибе арасындағы байланысты жүзеге асырудың жолы.
Есеп шығару оқушыларды жаңа химиялық біліммен қаруландырып, қалыптасқан іскерліктері мен дағдыларын жүйелеуге және нақтылауға да көмектеседі. Есеп шығару барысында оқушының білімі, зердесі, ойлау қабілеті дамумен қатар химиялық білімді, заңдарды, құбылыстарды тереңірек түсінуі қалыптасады.
Химиялық есептер: 1. Жаңа химиялық ұғымдар мен мағлұматтарды үйрету;
2. Сарамандық іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыру;
3. Білімнің тереңдігі мен баяндылығын тексеру;
4. Проблема қою, проблемалық жағдай туғызу;
5. Материалды пысықтау, қорытындылау және қайталау;
6. Политехникалық ұстанымдарын іске асыру;
7. Оқушылардың шығармашылық қабілетін тәрбиелеу үшін қолданылады;
Есеп шығару химия пәнің меңгеруде үлкен орын алады, себебі ол кезде оқушы өзінің алған теориялық білімін практикада қолданып үйренеді. Қажет болған жағдайдаанықтамаларды пайдаланып оқулықтардан теориялық материалды қайталайды, есеп шығаруға қажетті мәліметтерді еске түсіреді.
Есеп шығарып үйренудің негізгі 2 жолы бар. Есеп шығаруды мұғалім үйретеді, немесе арнайы оқу құралдарының көмегімен оқушы өз бетімен үйренеді. Химия пәніне бөлінген апталық 2 сағаттың ішінде мұғалім теориямен қатар есеп шығаруды үйретуі тиіс. Ал сабақтан тыс уақытта химияға қызығатын оқушылар өз бетімен есеп шығарып, үйренуі үшін қазақ тілінде шыққан арнайы оқу құралдары мен есептер жинақтары керек. Әзірше ондай оқу құралдары жоқтың қасы. Осы орайда, бұл әдістемелік құрал химия есептерін өз бетімен шығарып үйренгісі келетін оқушыларға және ұстаздық қызметтерін жаңадан бастап жатқан жас мамандарға пайдасын тигізетін шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл әдістемелік оқу құралы «Химия мен биология» мамандықтары бойынша оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне мектептерде өтетін педогогикалық практика кезінде көмектесе алады.
І Химиялық есептерді шығарудың жалпы әдістемелік талаптары
Химиядан есеп шығару, жаттығу орындауда химиялық ұғымдар қайталанып, алынған білімдер тереңдей түседі, оқушылардың ой – өрісі дамиды, бұл орайда оларды өз бетімен жұмыс істеуге итермелейді. Есеп шығару арқылы оқушылар еңбекке үйренеді, жауапкершілік артады, мақсатқа жету үшін табандылық пайда болады. Есеп шығаруда пәнаралық байланыста іске асады, ғылым мен білімнің өмірдің байланысын ұштастырады. Табиғаттың тұтастығы туралы көзқарас қалыптасады. Есеп шығаруда оқушылардың ой әрекеті мен іс әрекеті дамиды. Олар ойға тоқу, дәлелдеу, талдау сияқты ойлау элементтерін үйренеді. Игерген білімдерін болашақта мамандық таңдауда пайдалануға бейімделеді.
Оқушылар қабілетіне қарай мемлекеттік стандартқа сәйкес сапалы білім алады.
- Пәнге қызығушылығы артады
- Болашақ мамандық таңдауына жол ашады
Мектеп курсында химиялық есептер негізгі 2 топқа бөлінеді:
1 - сандық есептер
2 - сапалық және сынақ – тәжірибелік (эксперименттік) есептер.
Сандық есептерді 3 – ке топтастыруға болады:
1. Химиялық формула бойынша есептер шығару;
2. Химиялық реакция теңдеулері бойынша есептер шығару;
3. Ерітіндіге байланысты есептер шығару;
Химиялық есеп бөлімдері
Есептің мазмұны, яғни химиялық бөлімі және математикалық, яғни есептеу бөлімі болады. Есеп шығарғанда оқушылар есептің химиялық бөліміне көңіл бөлмей бірден математикалық есептеу жағына көңіл бөледі, сондықтан есептер жаттанды шығарылады.
Оқушыларға заттардың сандық құрамымен қоса сапалық құрамы болатынын ескеру керек.
Мысалы: Мына қосылыстардың
5H2O, O2, 2Cu, H2SO4, 3NaOH, CaCO3
сандық, сапалық құрамын анықтаңдар.
Шешуі: Сандық құрамы 5H2O
1. 5 молекула су
2. Қандай элементтен құралған (H, O)
3. Заттың типі ( күрделі)
4. Қосылыс түрі (оксид)