Тіл қарым-қатынастың таңбалық механизмі, сөз тілдік таңбалардың белгілі бір заңдылықпен айтылымның қажетіне сай ұйымдастырылған бірізді жүйесі [31, б. 32]



Дата23.11.2022
өлшемі21,22 Kb.
#51954

Тіл – қарым-қатынастың таңбалық механизмі, сөз – тілдік таңбалардың белгілі бір заңдылықпен айтылымның қажетіне сай ұйымдастырылған бірізді жүйесі [31, б.32]. Тіл – қарым-қатынас құралы, ал сөз тілді қарым-қатынас мақсатында қолдану, әрекет [32, б.34]. Ғалым Ә.Хасенов тіл мен сөйлеу бір-бірімен мағыналас ұғымдар ретінде қолданылғанымен, ол ұғымдарды бір-бірінен ажырата білу керек дей келіп: «тіл дегеніміз – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, пікір алысу құралы болса, сөйлеу дегеніміз – сол тілді қарым-қатынас жасау, пікір алысу құралын пайдалана білудің әртүрлі амалдары мен жолдары, тәсілдері», – деп сөйлеудің төмендегідей ерекшеліктерін атап көрсетеді: Сөйлеудің екі жағы бар: сөйлеу процесінің нақ өзі және сөйлеу іс-әрекеті процесінде жасалынған нәтиже, яғни сөйлемдер, мәтіндер; Сөйлеу екі түрлі формада: ішкі және сыртқы формада жүзеге асады. Сөйлеу ауызша түрде жүзеге асырылғанда, оны айтумен, екінші біреудің қабылдауы бір мезетте болады, ал жазбаша түрде сөйлеудің ғұмыры аса ұзақ. Тіл – бірліктер жүйесі. Тілдегі қалыптасқан белгілі бір жүйе арқылы адам өзінің алуан түрлі ойын сөйлеу арқылы басқаларға жеткізеді Д.Әлкебаева да өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде тіл мен сөзге өте ұтымды сипаттамалар беріп өтеді: «Тіл ғылымында тіл мен сөзді ажыратуды негізгі нысана ете отырып, сөз – тілдің іс-әрекеті, ал тіл – жалпы, сөз – жеке деп анықталады. Тіл ұлттық байлық болғандықтан, жалпыға ортақ, айтушының сөзі жеке тұлғаға қатысты, сондықтан сөз – деректі айтылым, тілден сөздің айырмашылығы сөз жеке, деректі болып келеді. Тіл таңбаларының сөзге айналу «әрекетінде» ол адамдарды қарым-қатынасқа түсіреді. Сөз арқылы адамдар өз ойларын бір-біріне жеткізеді. Сөз адамның ақылы мен шындығын көрсетеді. Сөзбен адам бір-біріне ақыл-кеңесін жеткізеді. Сөзбен адамдар бір-бірінің өмірлік тәжірибесінің парасатты пайымдауларын жеткізеді. Сөз адамды табындырады, таңқалдырады, қуантады, сөз баяндайды, оқытады, үйретеді, дәлелдейді, түсіндіреді. Сөз – тірі ағза. Сөз туады, үлкейеді, күлдіреді, сүйсіндіреді, мұңайтады. Сөз жігерлендіреді, менсінбейді, ұнатады, жақсы көреді, жоғалады. Жалпы, тіл – ұлттық байлық, сөз – жеке ата-бабалар сөзі, жеке тұлғаның сөзі, тіл – дерексіз ұғым, ұлттық тіл байлығы, мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестері, тағы басқалар дерексіз ұғым ретінде танылады. Сөз – деректі, себебі индивид сөзі ешқашан қайталанбайды. Сөз – айтушы мен тыңдаушы арасындағы қарым-қатынас құралы. Айтушы пікірін білдірсе, тыңдаушы қолдайды, қуаттайды немесе қарсыласады. Бұл – сөздің адамдар арасындағы коммуникативтік қызметі. Сөз – адам санасының, ақыл-ойының, білім-парасатының құралы. Сондықтан сөз жеке тұлғаның қоғамдық санасын қалыптастырады. Бұл – сөздің танымдық қызметі. Тіл – код, сөз – хабарлау, ақпарат. Сөз – кез келген хабарақпаратты сақтап және жеткізуші. Бұл тек жеке тұлғаға емес, қоғамдық орта үшін де сөздің ең маңызды қызметі. Бұл – сөздің аккумулятивтік қызметі»
1) Сөз – шынайы құбылыс, оны сөздің ауызша немесе жазбаша формада өмір сүруі дәлелдейді. Ал тіл әр адамның тілді меңгеру деңгейі әртүрлілігіне қарап, оның әлеуеттік сипатқа ие екендігін көреміз. Адам тілді (сөйлеуді) игеру үшін тілдік ортада, яғни қоғамда өмір сүруі тиіс. Себебі қоғамнан жырақ қалған адамның миының сөйлеуге жауапты орталықтары дамуында қиындықтар туатындығы белгілі. Көпшілік жақсы білетін Мауглидің жағдайының өзі – тіл әлеуеттілігіне дәлел. Ал сөз бен сөйлеу – сол әлеуеттің жүзеге асуы. Басқаша айтқанда, сөз – бір салынған ғимарат болса, тіл – ғимаратқа негіз болған құрылыс материалы. Ал ғимараттың түзу, әдемі, үйлесімді болуы көптеген факторларға, соның ішінде құрылысшыға (біздің зерттеуімізде болашақ мұғалімдерге) байланысты. Осыдан келіп, мынадай әдістемелік тұжырым жасауға болады: білім алушыға әлеуеті жоғары табиғи және жасанды тілдік орта мүмкіндігін тудырып отыру керек. 2) Тіл – қоғамдық, әлеуметтік құбылыс. Ол адамзат қоғамында сөйлеуге, қарым-қатынас жасауға деген қажеттіліктен туған. Ал сөз – даралық сипатқа ие құбылыс. Оны әр адамның өзіндік сөйлеу мәнері, сөз қолдану шеберлігі болатындығы дәлелдесе керек. Осындай әртүрлілік жағдайында біз ортақ тілдік бірліктерді қолданғандықтан, бір-бірімізді қиындықсыз түсіне аламыз. Яғни тіл тұтас бір қоғамның көрсеткіші болса, сөз – жеке тұлғаның сөйлеу көрсеткіші. Әдістемелік тұжырым: білім алушының сөз мәдениетін жетілдіру оның бүкіл тұлғалық дамуына әсер етеді. 3) Сөз даралық сипатта болғандықтан, ол көбінесе субъективті; ал тілдік нормалар жалпыға ортақ болғандықтан, оны объективті дей аламыз. Осыған орай сөзде, сөйлеуде ауытқушылықтар болуы мүмкін, ал тілге ондай құбылыс жат. Мысалы, үстелді таныс емес ортада ешкім орындық немесе тағы басқалай атамайды (өзін түсінбей қалудан қорқады), ал отбасында оны жозы деп те қолдана беруі мүмкін. Сонымен қатар қатысымдық актіде сөйлеуші тыңдаушыға ойын жеткізе отырып, өзінің субъективті көзқарасын, айтылар ойға қарым-қатынасын білдіреді. Ал тыңдаушы айтылған ойды жай қабылдап қоймай, өзінің танымдық бағалауына сәйкес жауабын қайтарады. Әдістемелік тұжырым: адамның сөзін жақсы-жаман, түсінікті-түсініксіз, әсерлі-әсерлі емес т.б. деп бағалауға болады. Ал тілге ондай баға бере алмаймыз. Тілде кез келген ойды кез келген жағдаятта, стильде жеткізуге арналған тілдік құралдар бар. Сондықтан сөз мәдениетін үнемі шыңдап, жетілдіріп отыру қажет. 4) Сөз жекелеген жағдаяттарға тәуелді, ал тіл тұтас бір әлеуметтік маңызы бар құбылыстарға ғана тәуелді. Әдістемелік тұжырым: білім алушыларды нақты бір жағдаятқа негіздеп, сол жағдаятта қолданатын тілдік бірліктерді пайдалануға үйрету керек. 5) Сөз көлденеңінен орналасқан, ал тіл – иерархиялық сипатқа ие құбылыс. Сөз бірінен кейін бірі тізілген сөз бірліктерінен тұратын кесінді ретінде қаралады. Ал тіл бір-біріне тығыз байланысты бірліктерден құралған қабаттардан тұрады. Атап айтар болсақ, тілдің ең кіші дыбыс бөлшегі – фонема фонетикалық қабатта, ең кіші мағыналық бөлшек – морфемалар морфологиялық қабатта, лексемалар – лексикалық, сөз тіркесі мен сөйлемдер – синтаксистік қабатта орналасқан. Олар бір-біріне бағынышты иерархиялық қатынаста болады. Адамның сөйлеу қабілеті тіл қабаттарына сәйкес фонетикалық, лексикалық, грамматикалық және семантикалық компоненттерден құралады. Әдістемелік тұжырым: тілдің әр қабатын меңгерте отырып, біз білім алушының сөз мәдениетін дамытуға негіз қалаймыз. 6) Сөз – деректі, ал тіл адамзат ойлауының құралы болғандықтан, абстрактілі деуге болады. Шындығында сөздің материяға тән сипаты бар. Сөз бен сөйлеуді көп зерттеушілер дыбыс толқындарының материяға ұқсас созылыңқылығы, салмағы бар екендігін де айтады [37, б.22]. Ал тілде ондай сипаттар жоқ. Ол сөз жүзінде жүзеге асқанда ғана материалды күйге енеді. Тілді таңбалар жүйесі дедік, Демек, кез келген таңбаның мазмұны мен формасы болады. Әдістемелік тұжырым: тілді ойлаудың іске асырылу формасы, сөздің мазмұны, таңбалар жүйесі ретінде зерттеп, қарастыру керек. 7) Сөз деректі және кеңістік пен уақытқа тәуелді болғандықтан, қозғалмалы, ал тіл – тұрақты. Алайда жалпы құрылысы сақталғанымен, тілді мүлдем өзгермейді деуге келмейді. СӨЗ соңында А.Байтұрсынұлының пікірін [38, б.495] келтірген жөн. Себебі тіл, сөз бен сөйлеу табиғатын ғалымнан артық жеткізу мүмкін емес. Тіл – құрал. Құрал болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол бөлшектері түрлі жағымен қиысатын толып жатқан қырлы, тетіктері есепсіз көп бір өте үлкен машина секілді құрал. Қандай құрал болса да, оны жұмсаушысы екі түрлі болмақ. Біреуі – құралдың ішкі-тысқы бөлшектерінің бәрін біліп, олар қалай бір-біріне үйлесіп, үйлескенінен шығатын тетіктер бір-біріне қалай жалғасып, қалай қызмет ететіндігін біліп отырып жұмсаушы. Екіншісі – олардың бәрін білмей-ақ құралдың жұмсауға керегі бар тысқы бөлшектері мен тетіктерін көріп, жұмсау әдісін үйреніп алып жұмсаушы. Ішкі бөлшектері мен тетіктерін бұл таныс құралды жұмсап жүріп, онымен көп істес болып барып, тәжірибе арқылы таниды. Солай танығаннан кейін ананың да, мынаның да құрал жұмсауы, оны тануы бірдей сияқты болып шығады. Бірақ асылында олай болмайды. Мәселен: машина бөлшектері жасалған заттардың қасиеттерін, олар үйлесуінен шығатын тетік заңдарының жайын жақсы білетін жұмсаушының машина тануы мен тек өз тәжірибесі арқылы машинамен танысқан адамның машина тануы – екеуі бірдей болмайды. Машина жүрісінде кемшілік біліне бастаса, оның неден екенін анау бірден білгенде, мынау тіпті білмеуі мүмкін. Жалпақ жұрттың құрал тұтынуы көбінесе екінші жолды болады. Тігін машиналарын, пішен, егін машиналарын қолданушылар солардың ішкі, сыртқы бөлшектерін, тетіктерін біліп отырып жұмсамайды, жүргізетін, тоқтататын сияқты жұмсауға керегі бар тысқы бөлшектері мен тетіктерін біліп қана жұмсайды. Бұлардың да машина біліп алатындары болады, бірақ оны құрал жұмсау жүзінде көп тәжірибе көргеннен кейін білінеді.
Бір нәрсені «қалай үйрету» жолын қарастырмас бұрын, «не үйретіледі» деген сұраққа толыққанды жауап алынуы тиіс. Сондықтан, тіл, сөз бен сөйлеу ұғымдарына кеңінен тоқталу осы себептен болған еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет