Төртіншіден, ғылыми танымда ғылыми терминдерді, символдарды, схемаларды қолданудың дәлдігімен сипатталатын арнайы тілдің болуы



Дата28.02.2023
өлшемі14,75 Kb.
#70413

Ақыл парасат, сана-сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі — өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын зерттейді. Басқаша айтқанда, таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білім кеңейіп, тереңдей түсіп жүйелі, шынайы білімге айналады. Ендеше, танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп бір қайыруға болады.

Таным — объективті әлемнің құбылыстары мен заңдылықтары туралы білуді мақсат еткен процестер жиынтығы. Таным — гносеологияның, таным теориясының негізгі пәні болып табылады. Ал, шетелдік ғалымдар ғылыми танымды зерттейтін ғылым саласын эпистемология деп атайды.

Соның ішінде, ғылыми таным — бұл шындық туралы шынайы білімді өндіруге, нақты фактілерді жалпылауға негізделген объективті заңдылықтарды ашуға бағытталған таным түрі мен деңгейі. Ол қарапайым білімнен, яғни адамдардың қарапайым өмірімен байланысты қабылдайтын стихиялық білімнен жоғары болады. Ғылыми танымның ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ:

Біріншіден, оның негізгі міндеті — шындықтың, болмыстың объективті заңдылықтарын — табиғи, әлеуметтік және ойлауды ашу, табу және түсіндіру.

Екіншіден, ғылыми танымның тікелей мақсаты және ең жоғарғы құндылығы — объекттивті ақиқат, және осы объекттивті ақиқатқа рационалды амал-тәсілдер мен әдістермен жету.

Үшіншіден, танымның басқа түрлеріне қарағанда ғылыми таным едәуір дәрежеде іс жүзеге, яғни практикада жүзеге асырылуға бағытталған.

Төртіншіден, ғылыми танымда ғылыми терминдерді, символдарды, схемаларды қолданудың дәлдігімен сипатталатын арнайы тілдің болуы.

Бесіншіден, ғылыми таным — бұл күрделі процесс, яғни үнемі дамып отыратын ұғымдар, теориялар, гипотезалар, заңдылықтар жүйесіне ұласатын және оны құрайтын білімді өндіретін күрделі процесі.

Алтыншыдан, ғылыми танымға қатаң дәлелділік, алынған нәтижелердің негізділігі, тұжырымдардың растығы ғана тән болып қоймай, сондай-ақ гипотезалар, болжамдар, тұспалдаудың орын алуы заңды.

Жетіншіден, ғылыми таным арнайы білім құралдарын қажет етеді және соларға жүгінеді: ғылыми жабдықтар, өлшеу құралдары, аспаптар.

Сегізіншіден, ғылыми таным үдерістілігімен сипатталады. Ол өзінің даму процесінде өзара тығыз байланысты екі негізгі кезеңнен өтеді: эмпирикалық және теориялық.

Тоғызыншыдан, ғылыми таным аумағы болмыстың түрлі құбылыстары жайлы тексеруге мүмкін болатын және жүйеленген деректерді қамтиды.

Ғылыми таным формаларына: ғылыми факт, ғылыми проблема, ғылыми гипотеза, дәлелдеу, ғылыми теория, парадигма, әлемнің біртұтас ғылыми картинасы сынды түсініктер жатады.

Танымның субъектісі деп жеке адамдарды, таптар мен әлеуметтік топтарды, кең мағынада алғанда, тұтас тарихи қоғамды, табиғатты, қоғамдық қатынастарды айтуға болады. Сонда–ақ, субъект өз болмысын, өзінің ішкі дүниесін таным объектісі ретінде қарай алады. Басқаша айтқанда, таным объектісі дегеніміз материалдық және рухани дүниенің қоғаммен практикалық және теориялық тұрғыдан қарым–қатынасқа түсетін, нақты тарихи іс-әрекет барысында субъекті игерген бөлігі.

Таным объектілері адамның практикалық қызметімен тығыз байланысты және әрқашан соған тәуелді болады. Таным процесінің негізінде адамның объективті дүниеге тигізетін белсенді әсері жатады. Себебі таным адамның объективті құбылыстарымен байланысына, оларға тигізетін әсеріне және оларды өзгертугіне байланысты дамып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, таным дүниенің белсенді әрі нысаналы бейнеленуі деп қарастыруға болады. Қоғамдық практика таным процесінің қозғаушы күші болып табылады. Ол өмір сүру, іс-әрекет жасау барысында адамдардың алдына үнемі шешуін талап ететін проблемалармен міндеттер қойып отырады.

Таным теориясы адамзаттық философия тарихын, мәдениет пен ғылым тарихын, техника мен практика жетістіктерін философиялық жағынан қорытуының нәтижесі. Сонымен бірге ол қазіргі ғылыми–техникалық революция және жаңаша ойлау жетістіктеріне сәйкес одан әрі тез қарқынмен дамуда.



Ақиқат — танымның негізгі мақсаты. Өйткені таным процесіндегі субъектінің белсенділігіне байланысты қалыптасқан жаңа білім зерттеліп отырған объектіге сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі мүмкін. Осыған орай ғылым мен философияда ақиқат проблемасы алға тартылады.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/blogs/27339/

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет