Түркі тілдері Қиыр Шығыстан Жерорта теңізі мен Үнді мұхитына дейінгі кең байтақ өлкеде тұрып жатқан ірілі-ұсақты 30-дан астам туыстас халықтардың тілі. Түркі тілдері алтай семьясы тілдерінің бір бөлігі



бет1/2
Дата05.04.2023
өлшемі80 Kb.
#79487
  1   2
Байланысты:
annotation130503


СӨЗБАСЫ

Түркі тілдері – Қиыр Шығыстан Жерорта теңізі мен Үнді мұхитына дейінгі кең байтақ өлкеде тұрып жатқан ірілі-ұсақты 30-дан астам туыстас халықтардың тілі. Түркі тілдері – алтай семьясы тілдерінің бір бөлігі. Түркі тілдерінде қазіргі таңда Қазіргі уақытта 170 млн-ға жуық адамдар түркі тілдерінде сөйлейді (2008). Олардың басым көпшілігі ТМД елдері мен Түркия, Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерін мекендейді. Ресей, Қытай, Қазақстан секілді іргелі елдердің әрқайсысын 12-15 млн. түркі тілдес халықтар мекендейді. 2008 жылғы мәлімет бойынша түркі тілдес халықтар өкілі Еуропалық одақ – 2 млн (Ұлыбритания, Германия және Францияны қоспағанда), АҚШ – 1 млн., Германия – 5 млн., Франция – 0,4 млн., Ұлыбритания – 0,4 млн., Моңғолия – 80 тыс., Жапония - 0,1 млн., Канада – 0,2 млн., Бразилия – 0,1 млн., Аргентина – 0,1 млн., Украина и Белоруссия – 0,3 млн., Латин Америкасы (Бразилия және Аргентинаны қоспағанда) - 0,8 млн., Австралия – 60 тыс., Дүниежүзінің қалған аймақтарында – 1,4 млн. (Encyclopedia of the Peoples of Asia and Oceania. 2008. том 1 стр 826)


Түркі тілдері лексикалық, грамматикалық, фонетикалық құрылымы жағынан бір-біріне өте жақын. Тек чуваш, саха (якут) тілдері ғана басқа туыс тілдерден оқшаулау тұр. Түркі тілдестер бір-бірін түсіне алатындай дәрежеде болса, чуваш, якут тілін олар түсінбейді. Жеке түркі тілдерінің қалыптасуына көп ғасырға созылған миграция әсер етті. IV ғасырда қазіргі батыс Моңғолиядан Донға, Қара теңіз жағалауына дейін көшіп-қонған түркі тайпасы, (хун) одағы ыдыраған соң, тарих сахнасына бұлғарлар мен хазарларды, IX ғасырда печенегтер мен оғыздарды алып келеді. Түркі тайпаларының ішіндегі ең күштісі де, ықпалдысы болған қыпшақтар XI ғасырда Балқаш пен Ертістен бастап, Прут өзеніне дейінгі ұлан-байтақ өлкеде көшіп-қонған. Түркі ру-тайпалары турлы алғашқы мәлімет біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірде жазылған қытай жылнамаларында берілген. Одан кейінірек көне армян, көне еврей, көне грузин, араб жылнамалары мен тарихи жазбаларында ертедегі түркі тайпалары туралы хабар берілген. X ғасырдан бастап түркі тайпалары туралы мәлімет орыс жылнамасы мен жазбаларында кездесе бастайды. Алайда түркі тайпаларының тілі, әдебиеті, тарихы туралы толығырақ мәліметті Орхон-Енисей жазба ескерткіші материалынан, әсіресе XI ғасырдағы атақты ғалым М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрк» атты кітабынан аламыз. XVIII ғасырдан бастап түркі тілдерін жүйелі түрде зерттеп, түркітану ғылымының қалыптасуына орыс ғалымдары елеулі үлес қосты. XIX ғасырда өмір сүрген ғалымдардың ішінен О.фон Бетлингк (1815-1904), В.В. Радлов (1837-1918), М.М. Казем-Бек (1802-1870), И.Н. Березин (1818-1896), Л.З. Будагов (1812-1878), Н.И. Ильминский (1822-1891), Н.Ф. Катанов (1862-1922), П.М. Мелиоранский (1868-1906), А.Н. Самойлович (1880-1938), Н.И. Ашмарин (1870-1933), Э.К. Пекарский (1858-1934), С.В. Ястремский (1857-1931), В.В. Катаринский (1846-1902), А.Е. Алекторов (1861-1918), М.А. Терентьев (1837-1909), Н.Н. Пантусов (1849-1909), т.б. атауға болады. Кеңес дәуірінде жемісті еңбек еткен түркітанушылардың қатарына А.Н. Кононов (1906-1986), С.Е. Малов (1880-1957), В.А. Богородицкий (1879-1941), Е.Д. Поливанов (1891-1938), А.П. Поцелуевский (1894-1948), Н.К. Дмитриев (1898-1954), В.М. Насилов (1893-1970), Э.Н. Наджип (1899-1991), Э.В. Севортян (1901-1978), К.К. Юдахин (1890-1975), Н.А. Баскаков (1905-1995), Е.И. Убрятова (1907-1990), И.А. Батманов (1905-1975), А.К. Боровков (1904-1962), В.В. Решетов (1910-1975), Б.А. Серебренников (1915-1989), Э.Р. Тенишев (1921-2004), А.М. Щербак (1926-2008), Н.З. Гаджиева (1925), К.М. Мұсаев (1931), Г.Ф. Благова (1927), Л.А. Покровская (1925-2009) т.б. жатады. Түркі тілдері де басқа тілдер сияқты өзінің басынан пайда болу және қалыптасу кезеңдерін өткізді. Түркі тілдес тайпалардың, тайпа одақтарының жазба ескерткіштері біздің заманымыздың V-VI ғасырынан басталады. Мұндай жазба ескерткіштер Қазақстан жерінде де болған.
Көрнекті түркітанушы Н.А. Баскаков Түркі тілдерінің даму тарихын мынадай кезеңдерге бөледі:
1) алтай дәуірі;
2) ғұн дәуірі;
3) көне түркі дәуірі;
4) орта түркі дәуірі немесе негізгі түркі тайпаларының дамуы мен қалыптасу дәуірі;
5) жаңа түркі дәуірі немесе түркі халықтарының қалыптасуы мен даму дәуірі;
6) ең жаңа дәуір немесе түркі тілдерінің Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі даму дәуірі.
Түркі тілдері дамуының Алтай дәуірі уақытын дәл айту мүмкін емес, белгісіз уақыттан б.з.д. III ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Алтайтаншы ғалымдар бұл кезеңді екі дәуірге бөледі:1) Орал-Алтай тілдерінің ортақ дәуірі, бұл – көптеген ру мен тайпа тілдерінің бөлінбеген кезеңі; 2) Орал және алтай семьяларының бір-бірінен бөліну кезеңі, бұдан соң түркі, моңғол, тұңғыс-манчжұр және корей-жапон тілдері тармақтарына бөліну дәуірі. Түркі тілдерінің дамуындағы алтай дәуірінің жазба ескерткіштері болған жоқ, сондықтан ол дәуірдегі тілдердің сипаты жөнінде салыстырмалы-тарихи әдісті қолдану арқылы, замандардағы өлі тілдер мен қазіргі тірі тілдерді, олардың диалектілік материалдарын салыстыра отырып пікір айтуға болады.
Ғұн дәуірі б.з.д. III ғасырдан б.з. V ғасырына дейінгі уақытты қамтиды. Біздің заманымыздың І ғасырында Ғұн мемлекеті батыс және шығыс болып бөлінді. Ғұн дәуірін дәлелдейтін тарихи-этонографиялық деректер ғылымда дәлелденген.
Көне түркі дәуірінде түркі тілдері тармақтана, бөліне түсті. Батысты V-ІХ ғасырларда көптеген түркі тайпаларының басын қосқан хазар және бұлғар тілдері өмір сүрді. Түркі тілдерінің орталық аймақтарында қыпшақ, оғыз, қарлұқ одақтарының тілдері бөлініп шықты, ал шығыста көк түрік, ұйғырлар жене қырғыздар одағы құрылды. Көне түркі дәуіріндегі ескерткіштер Орхон-Енисей немесе Көне түркі жазулары деп аталады. Түркі халықтарының тасқа қашалып жазылған алғашқы жазба есктеркіштері осы әліпбимен жазылған.
Орта түркі дәуірі (IX-XV ғ.) Қарахан және Моңғол кезеңі деп екіге бөлінеді. Бұл кезеңде қазіргі түркі тілдерінің негізі жасалды. Батыста бұлғар мен хазар тілдерінің бірігуінен чуваш тілі пайда болды, қыпшақ-бұлғар тайпасы тілдері, қыпшақ-половец, қыпшақ-ноғай, оғұз-бұлғар, қарлұқ-үйғыр тілінен тува, қарақас, якут тілдері, көне қырғыз тілі калыптасты. Осы кезеңде жазылған жазба ескерткіштер араб графикасында сақтлған.
Жаңа түркі дәуірінде (ХV-ХІХ ғ.) қазіргі түркі тілдерінің диалектілері және кейбірінің әдеби тілдері қалыптасты. Батыста бұлғар диалектісінен – чуваш тілі; қыпшақ-бұлғар тобынан – татар және башқұрт тілдері; қыпшақ-половец тобынан – қарайым, қарашай-балқар, құмық, қырым татары тілдері; қыпшақ-ноғай тобынан – ноғай, қазақ және карақалпақ тілдері; оғыз-бұлғар тобынан – гагауз тілі, балқан түркілерінің диалектілері; оғыз-селжүк бірлестігінен – түрік, әзірбайжан тілдері; оғыз-түрікмен тобынан – түркімен тілі, қарлұқ-хорезм және қарлұқ-ұйғыр тобынан – өзбек, ұйғыр тілдері тарады. Шығыста тува, қарақас, якут, камасин, шор, сағай, белтір, қойбал, качи, телеуіт, төлеңгіт, қызыл, тува, құманды, чалкан, кюэрик, сары ұйғыр, қазіргі қырғыз т.б. тілдер бөлектенеді.
Ең жаңа дәуірде – XX ғасырда бұрынғы Кеңестер Одағындағы көптеген түркі тайпасы, тайпа одақтарының тілдері, диалектілері бірігіп, ұлт тілдері пайда болды. Жазуы жоқ және жазуы кеш дамыған халықтардың әліпбиі жасалды, әдеби тілі өркендеді. .
Түркітану (түркология) – түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, этнографиясын зерттейтін гуманитарлық пән. Түркітану ХІІІ ғасырға дейін шығыстану ғылымының бір саласы ретінде, зерттеліп, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында дербес ғылым болып қалыптасты. Қазіргі таңда түркітану терминін тіл мамандарының түркі тілін зерттейттін ғылым мағынасында қолдануы дәстүрге айналды. Түркітану жеке түркі халықтарына және олардың тілдеріне қатысты ғылыми тұжырымдардың, ой-пікірлердің жиынтығы болғандықтан, жеке түркі тілдері туралы ғылымды түркітанудың бір саласы, тармағы дейміз. Түркі халықтары туралы алғашқы мәліметтер Еуропада орта ғасырдың басында, Шығыс Рим империясының шекарасында Орта Азиядан көшкен тайпалардың пайда болуынан басталады. Көне түркі халықтарының тұрмысы, мәдениеті, тарихы туралы пікірлер Византия дипломаттары мен тарихшыларының грек, латын тілдерінде жазған еңбектерінде кездеседі деген мәліметтер бар. Түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи әдіске сүйене отырып зерттеумен Еуропаның шығыстанушылары ХVІІІ ғасырда айналыса бастады. Түркітанудағы бұл әдістің бастамасы орыс-швед соғысының тұтқыны швед армиясының офицері Ф.Ю.фон Страленберг еңбегімен байланысты. Ф.Ю.фон Страленберг – күні бүгінге дейін түркологтар арасындағы ғылыми айтыс тудырып жүрген Орал-Алтай теориясын ұсынған ғалым. Ф.Ю.фон Страленберг – Енисей өзені бойынан табылған руникалық жазу туралы алғашқы пікір айтақ, Әбілғазы Бахадүр ханның Шежіре түрік еңбегін орыс, неміс тілдеріне аударған ғалым.
Түркі тілдерінің зерттелу тарихы тереңнен тамыр алады. Х ғасырға тән Повести временных лет деп аталатын славян халықтарының шығармасында бұлғар, хазар, печенег тайпаларының атаулары ұшырасады. Ғалымдардың пікірінше, өзге халықтардың түркілер туралы алғашқы танымдары тілді меңгеруге деген ұмтылыстың негізінде қалыптасқан.
Н.А. Баскаков пікірінше, түркі тілдерін шынайы ғылыми түрде зерттеу ХІХ ғасырда түбегейлі қолға алынды. Осы ғасырдың орыс түркологиясы Еуропадағы алдыңғы қатарлы ғылымдардың бірі саналды. Кеңес дәуіріне дейінгі басты түркологиялық мектептер – түркі тілдерінің ғылыми негізін қалаған Мәскеу, сондай-ақ Петербор және Қазан мектептері.
Мәскеу мектебінің көрнекті өкілдері – Н.Г. Коноплев, Ф.Е. Корш, В.А. Гордлевский, А.Е. Крымский. Олар түркі тілдерінің тарихы, грамматикасы және лексикасы мәселелерін зерттеді.
Петербор мектебінің өкілдері – О.И. Сенковский, В.Н. Ярцева, О. фон Бетлингк, И.Н. Березин, М.А. Казем-Бек, В.В. Радлов, Л.З. Будагов, П.М. Мелиоранский, С.Е. Малов, А.Н. Самойлович және басқалар. Ғалымдар шағатай тілінің, түркі-татар тілі сөздіктерін жасады, түркі тілдерінің грамматикасын, тарихы мен этнографиясын зерттеді.
Қазан мектебінің негізін салушы – М.А. Казем-Бек. Қазан мектебі негізінен түркі тілдерін оқытудың әдістемесімен шұғылданды, өйткені аталған дәуірде Қазан қаласы өзге ұлт халықтары үшін мұғалімдер даярлаудың негізгі орталығы болатын. Қазақ мектебінің тағы бір көрнекті өкілі ретінде Н.И. Ильминскийдің есімі аталады, ол – бірқатар түркі ескерткіштерінің жарық көруіне үлес қосқан түрколог-ғалым.
Түркітану, түркология – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тілін, этнографиясын, фольклорын (ауыз әдебиетін), мәдениетін зерттеу нәтижесінде қалыптасқан шығыстану ғылымының жеке саласы. Түркітану атауы ғылымға алғаш рет Орхон-Енисей, көне ұйғыр, манихей т.б. жазба ескерткіштерінің зерттелуіне байланысты еніп, дами бастады. Бұл жазбалар Орта Азия мен өзге де аймақтарды мекен еткен ежелгі түркі тайпаларының тарихын, тілін, әдеби ескерткіштерін, рухани және материалдық мәдениетін зерттеуде аса бағалы деректеме болды. Бұдан кейін Түркітану ортағасырдағы араб, парсы, түркі тілінде жазылған тарихи жылнамаларды, филологиялық және географиялық шығармаларды зерттеу негізінде дами түсті. Түркітанудың филологиялық пән ретінде дамуына XIX-XX ғасырларда жарияланған әдеби трактаттар мен филологиялық шығармалардың әрі зерттеулердің зор маңызы болды. Бұлардың қатарына түркі тайпалары туралы лингвистикалық, тарихи-этнографиялық, фолъклорлық деректерді белгілі жүйеге келтіріп жазған алғашқы ғылыми еңбектер – Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрк» (XI ғасырдың 2-жартысы) атты сөздігі, Жүсіп Баласағұнидің Құтадғу білік (1069 ж.) атты әдеби дидактикалық шығармалары, ортағасырдағы түркі халықтарының тарихынан, шығу тегінен мәліметтер берген Мұхаммед Хайдар Дулатидың Тарихи Рашиди, Қадырғали Жалайыридың Жылнамалар жинағы, Рашид-ад-Диннің Жами ат-тауарих т.б. шығармалары жатады. Мұның бәрі Түркітанудың қалыптасуына (XIX ғасырдың 2-жартысы, XX ғасырдың 1-жартысы), орнығуына жағдай туғызған еді. Түркологияның ілгері дамуы түркі тілдеріндегі жаңа жазба әдеби деректердің табылуына, жекелеген түркі халықтарының мәдени-экономикалық процесін, олардың тіл ерекшелігін зерттеуге байланысты болды. «Түркітану – жержүзілік ғылым. Ол бұдан үш ғасырдай бұрын дүниеге келіп, Шығыстанудың бір тармағы ретінде дамып, бүгінде жер жүзіндегі ірі мемлекеттердің баршасында калыптасқан инсандық (гуманитарлык) ғылым саласының біріне жатады: Бұл ғылым әлемдегі 130 миллионнан астам үлкенді-кішілі 30-дан аса түркі халықтарының тілін, ауыз әдебиетін, этнографиясы мен этнологиясын кең шеңберде зерттеп-зерделеу мақсатында дүниеге келген, сол халықтарды жан-жақты танып-білу арқылы адамзат руханиятына зор үлес қосып келе жатқан әрі көне, әрі өсімтал, өміршең ғылымдардың үлкен саласы» (Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1998. – 304 б.).
Қазіргі таңда әлем кеңістігінде 30-дан астам түркі тілдес этностар өмір сүреді. Түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар саны шамамен – 150 млн. Қазақ тіл білімі де түркітану ғылымының бір тармағы болып саналады. Қазақ тіл білімі саласында әр жылдары еңбек еткен ғалымдар: А. Байтұрсынұлы, Қ.Қ. Жұбанов, I.К. Кеңесбаев, Н.Т. Сауранбаев, М.Б. Балақаев, С.А. Аманжолов, А.С. Аманжолов, Ғ.Ғ. Мұсабаев, А.Ы. Ысқақов, Ә.Т. Қайдар, Р.С. Сыздық, Ш.Ш. Сарыбаев, Р.С. Әмір, Т.Р. Қордабаев, М. Томанов, А. Құрышжанов, Ғ. Айдаров, Н.О. Оралбаева, А.Қ. Қалыбаева, С.М. Исаев, Т.С. Сайрамбаев, Т.С. Жанұзақов, Ә. Жүнісбек, Ә.А. Аблақов, Ә.М. Ибатов, Е.З. Қажыбеков, Ә. Болғанбаев, К. Құсайынов, Ө. Айтбайұлы, М.С. Серғалиев, Қ.М. Есенов, Ә. Нұрмағамбетұлы, Б. Әбілқасымов, К.А. Аханов, Т. Қоңыров, Ә.Қ. Ахметов және т.б.
Жеке түркі тілдері бойынша зерттеген ғалымдар: қырғыз түркітану ғылымы: Б.М. Юнусалиев, Б. Орузбаева, Т. Ахматов, Т.К. Сартбаев т.б.; татар түркітану ғылымы: Латиф Заляй, М.З. Закиев, Д.Г. Саттаров т.б; башқұрт түркітану ғылымы: Ж. Кигенбаев, А.А. Юлдашев, Н. Ишбулатов, З. Ураксин, С. Миржанова, А. Харисов т.б.; қарақалпақ түркітану ғылымы: Д. Насыров, Е. Бердімұратов, О. Доспанов; өзбек түркітану ғылымы: С. Ибрагимов, Ф. Абдуллаев, А.И. Гулямов, Ш. Шабдурахманов, Ғ. Абдурахманов, А. Шерматов, С. Муталлибов, Ш. Рахматуллаев т.б.; әзірбайжан түркітану ғылымы: М. Ширалиев, А. Демиарчи-заде, А.А. Ахундов, Ф. Зейналов, А.А. Абдуллаев т.б.; түрікмен түркітану ғылымы: А. Азимов, Б. Чарыяров, М. Хыдыров, Т. Таджмұратов, З. Мұхаммедова т.б.; қарайым түркітану ғылымы: С.М. Шапшал, К.М. Мұсаев; құмық түркітану ғылымы: Ю.Д. Джанмаев, А.Т. Базиев т.б.; қарашай-балқар түркітану ғылымы: А.М. Аппаев, У.Б. Алиев, М.А. Хабичев, М. Ахматов т.б.; ұйғыр түркітану ғылымы: Э.Р. Тенишев, Ә.Т. Қайдар, Г. Садвакасов, Т. Талипов, А. Шамиева, Р.А Авакова т.б.; тува түркітану ғылымы: А.А. Пальмбах, Д.А. Монгуш, З.Б. Арагачи т.б.; алтай түркітану ғылымы: Т.М. Тощакова, А.Т. Тыбыкова т.б.; хакас түркітану ғылымы: М.И. Боргояков, Д. Патачакова, О. Субракова; ойрат-алтайтанушы ғалым: Н.П. Дыренкова; шор түркітану ғылымы: Ш.С. Сат, М.Д. Бичеоол т.б.; саха түркітану ғылымы: Л.И. Харитонов, Н.К. Антонов, Е.И. Коркина, В.В. Наделяев, Н.Д. Дъячковский т.б.; чуваш түркітану ғылымы: В.Г. Егоров, И.П. Павлов, И.А. Андреев, Л.П. Сергеев және т.б. ғалымдарды айтуға болады. Түркі филологиясына кіріспе пәніне арналған оқу құралдың әр тарауы мен оның тараушаларынан әлемдік түркітану ғылымы туралы толыққанды мағлұмат алатындарыңызға сенімдіміз!


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет