Ұстаз
50-60-шы жылдардағы мектепті, бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарды әрқашан жылы сезіммен еске алып отырамын. Олардың арасында балаларды, жасөспірімдерді жанымен жақсы көрмеген, өз ісіне жан-тәнімен берілмеген адам болмаған шығар, сірә. Олар уақытын да, күшін де, жан жылуын да бізден аяған емес.
Осыдан аз уақыт бұрын барлығы ұстаздар күнін тойлағанда менің есіме бірден ата-аналарымыз секілді тұлға болып қалыптасуымызға үлесін қосқан өмірдегі алғашқы тәлімгер ұстаздарым есіме түсті. Осы істе сол кездегі мектеп дирекциясы, яғни директор А.Б. Рысдәулетов, оқу ісінің меңгерушілері К.К.Құрманов, Г.Ф.Нам, қалалық оқу бөлімінің басшысы К. Нұрпейісов және облыстық оқу бөлімінің басшысы У.Т.Төралиев мардымды рөл атқарды.
Бүгін мен осы сөзімді өзінің барлық саналы ғұмырын өсіп келе жатқан ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған, олардан өз ізбасарларын, мұрагерлерін көрген, уақыт өте өз елі мен туған өңірі – Арал үшін жауапкершілікті мойнына алған парасатты тұлға Уәли Төрәліұлы Төралиевке арнағым келеді.
У.Т.Төрәлиевтің өмірлік дерегін оқыған кезде туған өлкеміздің тарихы көз алдымнан қайта өткендей болады.
Уәли Төрәліұлы 1920 жылғы 15 қарашада Қармақшы ауданының Қараөзек ауылында қарапайым шаруа Төрәлі Есаманов пен Назира Есаманованың отбасында дүниеге келген. Ол әрқашан лайықты білім алуға ұмтылды. Жеті жылдық қазақ мектебін латын қарпінде, Ақтөбе мұғалімдер институтын және Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын кириллицада бітіріп шыққан. Мұғалім мамандығын алған. Барлық саналы өмірін Арал өңірінің білімді азаматтарын тәрбиелеуге арнады.
1938-1940 жылдары ол еңбек жолын Қармақшы ауданының ересек тұрғындары арасында сауатсыздықты жою бойынша мұғалім қызметінен бастап, одан кейін (1942-1945 жылдары) Жусалыда №26 мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі және директоры болып қызмет атқарған. 1961-1963 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқарушы комитеттің төрағасы болды. 1945-1961 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды, оның ішінде 10 жыл мектеп бөлімінің меңгерушісі болды. 1963 жылдан бастап 1983 жылы зейнетке шыққанға дейін ол облыстық білім бөлімінің басығасында болды.
Архивтік деректерге сүйенсек, 1939 жылы Сыр өңірінің 9 жастан 49 жасқа дейінгі тұрғындарының бестен бір бөлігі, ал әйелдердің үштен бір бөлігі сауатсыз болған. Уәкең сауатсыздықты жою бойынша мұғалім қызметінен бастағанда латынға көшті, кейін облыстағы білім беру ісіне жауап берген мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі (директоры) болғанда жалпыға бірдей бастауыш білім беруден (1930 жыл) жалпыға бірдей 7 жылдық білім беруге (1949 жыл), жалпыға бірдей 8 жылдық білім беруге (1959 жыл), жалпыға бірдей орта білім беруге (өткен ғасырдың 70-ші жылдары) көшу бойынша белсенді жұмыстар жүргізді. 1970 жылға қарай облыс халқының біршама бөлігі сауатты болды. Тек ерлердің 0,2 пайызы, әйелдердің 0,5 пайызы түрлі себептерге байланысты білім алуға тартылмай қалған.
30 жылдан астам уақыт бойы Уәли Төрәліұлы бар күш-жігерін Сыр өңірі халқының сауатты және барлық жағынан бәсекеге қабілетті болуы үшін тұрғындарды оқытуға жұмсады. Партияның облыстық комитетінде және облыстық атқарушы комитетте халықтық білім беру саласының негізінде тұрып, мұғалім кадрларды даярлауға, оқу орындарының басшыларын тәрбиелеуге бірінші көңіл бөлді.
Қазақстанның Білім министрлігі жыл сайын Қызылорда облысының шалғай аудандарынан мұғалімдерді даярлау үшін Қызылорда педагогикалық институтына, М. Мәметова атындағы педагогикалық училищеге, республиканың басқа да жоғары және арнаулы оқу орындарына арнайы квота бөліп отырды.
Қалалық және аудандық білім беру бөлімінің меңгерушілері, мектептердің басышылығын даярлау ісіне ерекше назар аударды. Олардың арасында былайша айтқанда, өмірдің барлық қызығы мен шыжығын көрген адамдар да, кәсіпқойлар – өз ісінің білгірі де, алдыңғы шепте тұрған жас азаматтар да болды.
Облыс орталығы бойынша сол жылдардағы (60-90-шы жылдар) белсенді педагогтар арасынан аты өңір халқының көпшілігіне мәлім тұлғаларды атап өткім келеді. Олар: ҰОС ардагерлері, құрметті ақсақалдар №8 мектептің директоры Али Бегалиұлы Рысдәулетов, осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Қанапия Құрманұлы Құрманов, №171 және №4 орта мектептердің директоры Қасымбек Ыбырайұлы Ыбыраев, Гагарин атындағы мектеп-интенаттың директоры Ажмағамбет Барақбайұлы Барақбаев, сонымен қатар №112 мектептің директоры Нағима Абуллақызы Ахмадеева, №1 мектептің директорлары Ұлышбек Дүйсенбаева, Жамал Қаракөзова, Дина Сәдуқызы Сәдуақасова, №2 мектептің директорлары Ким Семен Константинович, Шупенько Анатолий Клавдиевич, Уполходжаева Зоя Сергазиевна, №140 мектептің директоры Мәриям Құсайынова, №3 мектептің директоры Ким Петр Александрович, №409 мектептің директоры Куликовский Леонид Николаевич, № 198 мектептің директорлары Шастов Виктор Федорович мен Подольский Марк Захарович, №233 мектептің директоры Шастова Лидия Ильинична және басқалар.
Облыстық білім бөлімі бойынша орынбасарлары мен әріптестері, қалалық және аудандық білім бөлімінің меңгерушілері осындай игі істе оның серіктестері болды. Олардың арасынан Уәкеңнің орынбасарлары болған Сағат Боханұлы Бохановты, Сейітқасым Баяхметұлы Жүнісовті, Сәбит Мәдибекұлы Мәдибековті, Тәрбие Сербайқызы Сарабекованы, сондай-ақ сол жылдары қалалық білім бөлімінің меңгерушісі болған Қожан Нұрпейісұлы Нұспейісовті, Кенжалы Атабайұлы Атабаевты атап өткім келеді. Жақында Уәкенің үлкен құрметіне және сеніміне ие болған облыстық оқу бөлімінің ардагері Әбілқасым Әбдікәрімов өмірден озды.
Сол кезде облыстық білім бөлімдерінің өңірлік басшыларын жақсы білген. Олар еңбек жолын қатардағы мұғалім қызметінен бастап, мектеп қабырғасында тиісті тәжірибе жинақтап, кейін аудандық бөлімше басшысы лауазымдарына дейін көтерілген. Олардың барлығы өз ісінің майталманы еді – Арал ауданынан - Ибейсин Исаев, Қазалы ауданынан - Әбжалы Айбосынов, Қармақшы ауданынан Тұрсын Мешітбаев, Жалағаш ауданынан - Зияда Ижанов, Тереңөзек ауданынан - Исмаил Бекишев, Сырдария ауданынан - Күлшара Рахметова, Шиелі ауданынан - Жағыпар Зермұхамедов және Жаңақорған ауданынан - Анарбек Асанов.
Білім басқармасының басшысы жас мамандарды да басшы лауазымына тағайындаудан қорықпады. Кейін олар өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Мысалы, Воробьева Инна Геннадиевна 26 жасында №112 мектептің директоры болған, ал оған дейін осы мектептің математика пәнінің мұғалімі және оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасаған. Күш-жігерге толы әрі бастамашыл педагог көзге түсіп, кадрлар резервіне алынған, кейін көп ұзамай Ленин орденінің кавалері, Қызылорданың құрметті азаматы, КСРО Білім беру ісінің үздігі Н.А. Ахмедееваның орнын басқан.
№4 мектептің кадрлар резервіне қойылған жас тарих пәні мұғалімінің де тағдыры осыған ұқсас. Білім ардагері, Қазақстанның ағарту ісінің үздігі Мара Әбдіқадырқызы Перзадаева (Алматы қ.) мұны осылайша еске алады:
«Мені 1973 жылы №4 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет жасап жүрген жас коммунистті Қызылорда облыстық партия комитетінің (сол кезде мен осы сайланбалы орган мүшесі болатынмын) ұсынымы бойынша осы мектептің директоры лауазымына ұсынды. Менімен сол кездегі облыстық білім беру бөлімінің басшысы Уәли Төрәліұлы Төрәлиев әңгімелесу жүргізді. Оның ең алғашқы сұрағы мынадай болып еді: «Жасыңыз нешеде?».
Мен бірден: «Жиырма сегізде» деп жауап бердім.
Бұған Уәли Төрәліұлы таңдаңқырап: «Қандай жүректі адамсыз! Өзіңізге осындай ауыр жүк арқалағалы отырсыз», - деді. «Батыл адам қамал да алады деген! Сіз Қасымбек Ыбыраев секілді Сыр еліндегі беделді тұлғаның қолынан мектеп директоры эстафетасын алғалы отырсыз, сол себепті сіздің жауапкершілігіңіз ондаған есеге артпақ. Сіз Қасымбек Ыбырайұлы бастаған игілікті істі жалғастырып қана қоймай, оны еселетуге тиіссіз. Мен сізге сенім артамын және де өзіңіздің алдыңызға қойған міндеттерді абыроймен атқарасыз деген ойдамын!».
Онымен өткен әңгімелесу барысы сәтті өтті деуге болады. Ол мені өзінің шынайы және ізгі тілектерімен қолдады, осындай баталы сөздерге қанаттанған мен, келе сала білекті сыбанып өз міндеттеріме белсене кірісіп кеттім. Оның осындай қайырымы мол көзқарасы менің көңіл-күйіме оң әсер етіп, өзіме жүктелген жұмысты алып кетемін деген сенімімді арттырды.
Осылайша мен 1973-1980 жылдар аралығында мектеп директоры қызметінде болдым. Кейін жұбайымның жұмыс бабына байланысты Семей және Алматы қалаларына қоныс аудардым. Шынымды айтсам, тап осы кісідей кәсіби тұлғаны мен білім беру жүйесіндегі лауазымды адамдар арасынан еліміздің шығысынан да, тіпті сол кездегі астанамыздан да кездестірмедім.
Шынында да маған осындай тағылымы мол тәлімгермен бірге жұмыс жасағаным бір бағым деп білемін. Ол тумысынан құдай берген талантың арқасында нағыз Ұстаз атағына лайық еді. Мұндай адамдардың аты алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Өте әділ де адал басшы болатын. Зиялылығы мол сыпайы кісі еді.
Облыстық білім беру бөлімінің жиындары ың-шыңсыз, іскерлік жағдайда өтетін, өйткені басшымыз жекіріп, ұрысудан ада адам болатын. Айналасындағыларға әдеппен тіл қатып, мәселені байыппен шешетін байсалды кісі болатын. Өзі жиі-жиі мектептерге барып тұрды. Оқу орындарының педагогикалық кеңестеріне қатысып, мектеп проблемаларына бойлап енетін.
Шығармашыл ойдың адамы болатын, қарамағындағылар болсын, басқа педагогтар болсын, бәрімен де жайдары сөйлесуші еді. Егер олардың сөзі дұрыстығына көзі жетсе, әріптестері мен мұғалімдерді жақтап сөйлеуден еш қашпайтын.
Ол толық мағынасында жаны жайсаң тұлға еді! Сол себепті менің Уәли Төрәлі туралы естеліктерім тек нұрлы әрі шуақты сипатта болмақ. Біз осындай беделі биік, абыройы асқақ нар тұлға азаматты, нағыз ұлағатты ұстазды ұятқа қалдырмауға тырысатынбыз!».
У.Т. Төрәлиев өзінің күнделікті жұмысында білім берудің материалдық-техникалық базасы күшейтілуіне көп мән берді. Аталған мәселелерді партия конференцияларында, облыстық партия комитеті пленумдарында және облыстық кеңес сессияларында ұдайы көтеретін, білім беру ошақтарының облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына енуіне ықпал ететін. Ол бұл жұмысты тұрақты негізде жүргізді.
Соның нәтижесінде және өңіріміздегі оқушы балалар саны ұлғаюына байланысты көптеген мектептер, бала-бақша мекемелері салынды. Мысалға алсақ, 1981-1985 жылдар 23 мектеп салынды, олардың барлығы 15 мың оқушыға арналған болатын, сондай-ақ, 4465 орындық мектепке дейінгі мекемелер бой көтерді. Мұның бәрі мектеп пен бала-бақшалар санын көбейтуге көп көмектесті. Онда білім алатын бала саны артты. Егер де 1960 оқу жылында облыс мектептерінде 67,2 мың оқушы оқыса, 1985 жылға қарай – 162,9 мың бала оқыды, немесе ширек ғасыр ішіндегі оқушылар саны 2,4 есе өсті. Ал осы кезең ішінде мектепке дейінгі мекемелерге тұрақты баратындар балалар саны 4,5 мыңнан 44 мыңға артты, немесе өсім 10 есе болды.
Осы жылдары (1960-1980 жж.) пионер лагерлеріндегі орын саны 3 есе артып, 1980 жылы 8.3 мың орынға жетті. Мұның өзі жыл сайын оқушылардың 20 процентін сауықтыруға мүмкіндік берді.
Өзі қарапайым шаруа отбасында өскен У.Т. Төрәлиев мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың балаларын оқытудағы барлық мәселелерді жақсы білді және әрқашан ауыл тұрғындарының тілектері мен сұраныстарына оң жауап беріп отырды. 70-ші жылдардың ортасында «Қармақшы» совхозы бұрынғы әскери бөлімше базасы негізінде халқымыздың асар әдетімен малшыларға арналған тұрғын үй, мал қораларын, медицина бөлімшесін, АН-2 ұшақтарына арналған ұшу-қону алаңын салды және осы негізде шаруашылық орталығынан 250 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Тышқантам» қой фермасын ашты.
Ол кезде фермада 300-ге жуық адам тұрды. Сол себепті бұл жерде мал өсірушілердің балалары үшін сегіз жылдық мектеп ашудың қажеттілігі туды. Әлбетте, мектеп шағын жинақы болды. Дегенмен облыстық білім бөлімінің меңгерушісі У.Т.Төрәлиев қарапайым адамдардың мұң-мұқтаждықтарын ескеріп, шопандардың балалары ата-аналарының қасында оқуын қамтамасыз ету үшін керекті құралдар-жабдықтар іздеудің мүмкіндігін тапты. Сонымен қатар ол осы мектептің салтанатты ашылуына өзінің орынбасары Жүнісов Сейітқасымды және аудандық білім бөлімі меңгерушісін Науанов Тілемұратты жіберді.
Мамандығы бойынша педагог, өз еңбек өтілін осы шаруашылықта мұғалім болып бастаған. Сондай-ақ еңбек ардагері, өзі осы шаруашылықтың бұрынғы басшысы Жұмагұлов Исағали айтқандай, Уәли Төрәліұлы шалғайдағы елді мекендердің мектептеріндегі оқу және тәрбие процесін сырттай естіп білген жоқ, ол оның бәрін бүге-шігесіне дейін хабарда болып, ішкі мәселелеріне дейін қанық еді. Сондықтан да ол қарапайым тұрғындар тілегін кездесуден кейін ескерген еді. Ел ішінде Төралиев Уәли Төрәліұлын қасиетті Сыр жеріндегі ағартушы Академик деп атап кетуі де тегін емес.
У.Т. Төралиев өз қызметінің басым бағыттары ретінде, оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгерту, оқушылардың өз тағдырын одан әрі айқындауы үшін мүмкіндік беретіндей өзекті білім беру, таяу жылдарға дұрыс таңдау жасауына ықпал етуді міндеттеді.
Дәл осы жылдары оқушыларды мектепте оқытудың кабинеттік жүйесі енгізілді, бұл өз кезегінде оларға мұғалімдердің сабақта берген білімдерін толық көлемде игеруге және бекітуге мүмкіндік берді. Республикамызда Қызылорда қаласының №5 мектебінде энтузиаст және өз мамандығын құлай сүйген еңбекқор ұстаз, КСРО Білім беру ісінің үздігі Дурлештер Иссак Савельевичтің жетекшілігімен жабдықталған жалпы және аналитикалық химия кабинеттері оң бағасын алды. Алған білімдері мен практикалық дағдыларының арқасында осы мектептің оқушылары химия пәнінен республикалық олимпиадаларда үнемі жүлделі орындарға ие болатын.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Олар үнемі қайта даярлаудан және атқарып отырған лауазымына сәйкестігі үшін аттестаттаудан өтті. Озық мұғалімдердің тәжірибесін қабылдады. Педагогтарға арналған әдістемелік кеңестер мен ұсынымдар тұрақты негізде әзірленді. Жас мамандарға тәжірибелі педагогтар қатарынан тәлімгерлер бекітілді, мұғалімдердің сабақ жоспарларына жүйелі бақылау жүргізіліп, тәжірибелі және жаңадан бастаған оқытушылардың ашық сабақтары өткізілді. Олардың қорытындылары бойынша педагогикалық шеберліктерін арттыруға ықпал еткен белгілі бір ұсынымдар мен тұжырымдар жасалды. Өз кезегінде бұл мектептерде жақсы білім алуға септігін тигізді.
Оған дәлел облыс мектептері оқушыларының пәндер бойынша өңірлік, республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысуы болып табылады. Осындай олимпиаданың жеңімпаздарының бірі, 1964-1966 жылдары математика пәні бойынша мен қатысқан облыстық және қалалық олимпиадаларда бәсекелес болып, жүлделі орындарға таласып №2 мектептен Иосиф Пинелис ұтып шықты. Ол кейін 1967 жылы Новосибирскідегі физика-математика мектебіне қабылданып, Академгородоктағы университеттін аяқтады. Ал қазір әлемнің ең мықты университеттерінің қатарына кіретін Мичиган технологиялық университетінің математика профессоры.
Осы жылдары оқушылардың еңбек тәрбиесіне, олардың политехникалық және аграрлық білім алуына көп көңіл бөлінді. Әр мектептің өз ағаш ұстасы және слесарлық шеберханалары, жеке учаскесі болды. Үй шаруашылығы және машина жасау бойынша сабақтар жүргізілді. Дақылдар мен жануарларды өсіру үшін оқушылардан өндірістік бригадалар құрылды. Оқу жылының соңына қарай көптеген мектеп түлектері ауыл шаруашылығы техникасында, автомобильдерде жұмыс істеу дағдыларын меңгеретін. Оларға орта мектепті бітіргені туралы кәмелеттік аттестаттарымен бірге, тракторлар, комбайндар мен автомашиналар жүргізуге де куәліктер берілетін. Оқу шеберханалары мен үй шаруашылығы кабинеттерінде олар токарлық, фрезерлік және ағаш ұсталық станоктармен, тігін машиналарымен және ас үй ыдыстарымен жұмыс істеудің бастапқы негіздерін үйренді.
Кәсіптік бағдар беруде, болашақ мамандықты таңдауда және студенттерге еңбек тәрбиесінде демеуші кәсіпорындар да маңызды рөл атқарды. Өңірдегі орта мектеп оқушылары, әдетте, ауылшаруашылық жұмыстарына қатысып, халық шаруашылық жоспарларын жүзеге асыруда шаруа қожалықтарына және демеуші кәсіпорындарға көмектесті, бұл жасөспірімдердің бастамашылдығы мен еңбек дағдыларын дамытуға ықпал етті. Бұл пайдалы тәжірибе оларға одан әрі өмірлік қажеттеріне септігін тигізді.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оларды денешынықтыру мен бұқаралық спортпен айналысуға, өз күштерімен ұйымдастырылған көркемөнерге, қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге тартуға көп көңіл бөлінді. «Былғары доп», «Алтын шайба» турнирлері, «Зарница» ойыны танымал болды. Облыс оқушыларының жаттықтырушысы С.И. Сон жетекшілік еткен әйелдер баскетбол құрама командасы XII Бүкіл қазақстандық мектеп спартакиадасының чемпионы атанды. Бұл Қызылорда облысының тарихында ойын түрлері бойынша осындай жетістікке жеткен алғашқы командалардың бірі еді.
Жаттықтырушы Валерий Баляхин жетекшілік еткен қызылордалық «Радуга» аула командасы «Былғары доп» республикалық турнирінің жеңімпазы атанғанда, мектеп балаларының қуанышында шек болмады.
60-шы жылдардың ортасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ли Валентин Захаровичтің белсенді қызметі мен ынта-жігерінің арқасында велоспорт мектеп оқушыларының арасында жоғары деңгейге ие болды.
1972 – 1973 жылдары Александр Полухин КСРО-ның бүкілодақтық
оқушылар спартакиадасы мен алғашқы Жастар ойындарының чемпионы атанып, кейін өз мемлекетінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады.
1981 жылы Цветлана Шалгимбаева мектеп оқушылары арасында КСРО біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Мектеп сахнасында алғаш рет жерлесіміз, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шүкеновтың жұлдызы жанды. Өнері кейіннен әлем халқының жүрегін жаулап алатын әнші әрі композитордың болашағы № 233 мектептің вокалдық-аспаптық ансамблінен басталды (директоры Л.И. Шастова).
Уәли Төрәліұлы «шәкіртіңе өз жанының бір бөлшегін сыйламай, жақсы мұғалім бола алмайсың» дегенді үнемі айтып отыратынын оның қол астындағылар үнемі еске түсіреді. Тек осылай ғана сауатты және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға болады. Сондықтан ол әрқашан өз мамандығына адал, оқу-тәрбие процесінде ерекше тәсілдерді іздейтін мұғалімдерді, өз ісінің жанкүйерлерін қолдауға тырысты. Облыстық халыққа білім беру бөлімін басқарған жылдары Арал өңірінің көптеген педагогтері «КСРО Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.
Олардың арасында Лотта Ивановна Данилова, «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, №2 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі. Ол кісі қазір 90 жастан асқан. 1978 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты болып, бастығы Уәли Төрәліұлының жанында өткізген күндері жайында ерекше ықыласпен айтып отырды. Оның зиялылығын, ашықтығын және қатардағы мұғалімдердің істеріне шынайы қызығушылық танытатынын атап өтті.
Арал өңірі педагогтарының көпшілігі жергілікті сайланбалы партиялық және кеңестік органдарда, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінде болды. Бұл қоғамдағы білім беру органдарының беделін едәуір дәрежесін көрсетті. Мәселен, осы жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып Қармақшы ауданындағы № 113 Қаракөл сегіз жылдық мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Жұпаркүл Омарқызы Иманбаева, Қазалы ауданындағы №234 орта мектептің химия пәні мұғалімі Айзада Рахымқызы Ешмаханова, Шиелі ауданындағы №148 орта мектептің математика пәні мұғалімі Қалияш Динақызы Тұрсынова сайланды.
Ал Уакеннің қарамағында бірнеше жыл жұмыс істеген Тәрбие Сербайқызы Сарабекова баламалы сайлауда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XIII шақырылымының депутаты болып сайланды. Қазір еңбек демалысында. Ол Алматыда тұрады және әлі күнге дейін өзінің жалғыз ұстазы және тікелей басшылығында 15 жылға жуық еңбек еткен Уәли Төрәліұлын өміріндегі тәлімгер деп есептейді. Өмір жолының бастапқы кезеңінде дәл осындай жарқын тұлғаны кездестіргеніне дән риза.
«Парасат» орденінің кавалері, Қызылорда педагогикасының тірі аңызы атанған Марк Захарович Подольский былай дейді:
«Уәли Төрәлиев 30 жылдан астам уақытын білім саласына арнаған тұлға. Ол барлық күш-жігерін бір салаға тоғыстырып, халыққа барынша қызмет етті.
Бірақ мені таңғалдырған жайт – басқа нәрсе. Ол нағыз ұстаз және сезімтал адам болатын. Мен онымен сөйлескен кезде әрқашан оның шынайы қызығушылығы мен мұғалім мен мектепке көмектесуге деген құштарлығын сезіндім.
1978 жылы №198 орта мектепте бір төтенше жағдай орын алды. Ол барлық деңгейге (мектеп педагогикалық кеңесінде, қалалық, облыстық оқу бөлімдерінде, партияның қалалық комитетінде) көтеріліп, нәтижесінде мектеп басшылығы әкімшілік жазаға тартылды. Мектептегі педагогикалық кеңесте және облыстық оқу бөлімі кеңесінің отырысында ол бізге мынаны айтты: «Біз сізді кінәламаймыз, бірақ дирекция мектеп ішінде де, оның қабырғаларында да оқушылармен болған барлық жағдайға жауап береді». Оның көздері бізге: «жаза әділ және сіздің оқушыңыздың ісіне сәйкес келеді. Сіздер ақылдысыздар және бәрін түсінесіздер!» дегендей болды.
Оның қарамағындағылармен және бізбен, мектеп директорларымен диалог жүргізу тәсілі әрқашан таң қалдыратын. Онда шенеуніктің тәкәппарлығы болған жоқ, ол бізбен ақырын, нақты сөйлетін. Ешқашан адамды өзінің айқайымен немесе дөрекі сөзімен қорламаған. Одан әрдайым жылулық және белсенділік сезілетін. Ақылды және позитивті адам және шығармашылық тұлға.
Өкінішке орай, білім жүйесінде қоғамның болашағы үшін және өскелең ұрпақтың білімі үшін жаны ауратын осындай нағыз Педагогтар күннен-күнге азайып келеді».
Партияның облыстық комитетінде қызмет еткенде мен Уәли Төрәлиев пен бірнеше рет кездесіп, әңгімелесіп едім. Ол ақкөңіл әрі жарқын адам еді. Көп сөйлей қоймайтын, бірақ әр сөзді өте жоғары бағалады. Әзіл айтуды және әріптестері мен құрдастарына өткір сөзбен тиісіп қалғанды ұнататын. Оның жеке әзілдері жақын достарының арасында жиі айтылатын. Оларға мен – Ыдырыс Қалиұлы Қалиев, Нұрділдә Уәлиұлы Уәлиев, Смағұл Ысқақұлы Ысқақов, Әбдіраш Ескендірұлы Ескендіров және сол жылдардағы облыстың басқа да лауазымды тұлғаларын жатқызар едім.
Егер Ы. Қалиевпен және С. Ысқақовпен облыстық партия комитетінің аппаратында бірге жұмыс жасаса, ал Н.У. Уәлиев 50-ші жылдары №26 орта мектепті басқарды, ол ол жерде өзінің еңбек жолын бастаған және Қармақшы аудандық оқу бөлімін басқарды. Сондай-ақ Ә. Ескендіров Уәли Төрәліұлының жерлесі және құдасы болды.
Уәли Төрәліұлының лауазымдық тұлға ретіндегі айрықша мінезін атап өткім келеді. Ол ешқашан кеңседе отыруды ұнатпады. Мектептерде, оқу орындарының педагогикалық кеңестерінің отырыстарына жиі қатысатын. Білім беру саласындағы проблемалар мен қиындықтарды бірінші болып біліп және осыған сүйене отырып, тиісті шешімдер қабылдады. Сонымен қатар, ол ай сайын үшінші жұмада өткізілетін «бірыңғай саяси күндердің» белсенді қатысушыларының бірі болды. Өңірлерге шығып, тек оқу орындарының педагогтерімен ғана емес, басқа да ұжымдармен және халықпен кездесіп, жергілікті жерлерде азаматтарды қабылдады. Бұл оған адамдардың тілегі мен сұраныстарын жақсы білуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты Уәкең барлық іс-шаралардан аулақ болуға тырысқан басқа да облыстық басшыларға үлгі болды.
Уәли Төрәліұлы өте салмақты, өр мінезді болды. Ол туындаған барлық мәселелер мен проблемаларды дипломатиялық жолмен, ешқандай да демаршсыз және өктем сөздерсіз шешуге тырысты. Облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеп жүріп оған облыстың бес басшысының (М.Б Ықсанов, Х. Ш Бектұрғанов, И.Әбдікәрімов және Т. Есетов), Қазақстанның төрт білім министрінің (А. Ш Шарипов, К. Айманов, Б. Бөлтірікова, К.Б. Балахметов) басшылығымен жұмыс істеуге тура келді. Алайда, олардың тарапынан білім беру және партия мүшесі мен лауазымды тұлғаның әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша Уәкеннің атына айтарлықтай шағымдар болған жоқ. Олар әрқашан облыстың білім беру басшысының барлық бастамаларын қолдады және олардың арасында іскерлік байланыс орнады.
У.Т. Төрәлиевке мансапшылдық пен амбиция жат еді. Менің аға жолдастарым айтқандай, ол өзінің жеке бастамасы бойынша облыстық комитеттің бірінші хатшысы М.Б. Ықсановтан оны Қазалы ауданының басшысы қызметінен босатуды және оны халыққа көп пайда әкелетін қызмет саласына жіберуді сұрады. бұл Уәли Тұралыұлының тапсырылған жұмыс учаскесі үшін жоғары дербес жауапкершілігін көрсетті.
Көбіне жұмыстан кейін, кешкі уақытта оны аулада көршілерімен, ҰОС қатысушылары Исатай Әбдікәрімовпен, Бөрібай Құлмановпен, Гафур Мұхамеджановпен басқа да көршілермен әңгімелесіп отырғанын көруге болады. Әдетте, мұндай әңгімелесулер мен Сарқырама арнасының бойымен серуендеулер «Уақыт» теледидарлық бағдарламасын көргеннен кейін болатын.
Кештердің бірінде менімен әңгімелесіп отырғанда, маған былай деді: «Адамды адам ететін екі ұя бар. Бірі-отбасы, ата-ана, екіншісі-мектеп, ұстаз», бір сөзбен айтқанда: «Адамды екі ұя қалыптастырады. Бірі – отбасы, екіншісі – мектеп, мұғалімдер». Ол туралы көптеген мысалдар келтірді, атап айтқанда, мектепке оның функциясына қатысы жоқ міндеттерді артып, себепсіз айып тағу, ал ата-аналар өзінің баласының тәрбиесі үшін ешқандай жауапкершілік алмайды.
Уәли Төрәліұлының бұл сөздері бос әңгіме ғана емес, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға тырысты. Запия жеңгеймен бірге ата-анасының ісін абыроймен жалғастырып, елі үшін әртүрлі салаларында қызмет етіп жүрген бес баланы тәрбиелеп өсірді. Олардың екеуі әкесі мен анасы сияқты, өз оқушылары мен студенттеріне білімді дарытып келе жатқан педагогтер.
Осы жылдар ішінде №171 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Запия апай жұбайына сенімді тірегі және қолқанаты болды.
У.Т. Төрәлиев адал және ерең еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» (1966 ж.), екі рет Еңбек Қызыл Ту (1971 және 1981 ж.) ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі (1961 жыл), КСРО Білім беру ісінің үздігі (1971 жыл) атанды.
Егер Арал өңірінде У.Т. Төрәлиевтің тұрғындардың рухани- адамгершілік тәрбиесіне қосқан үлесі лайықты түрде бағаланып, облыстағы бір мектептің аты берілсе, мұны облыс халқы дұрыс қабылдаушы еді. Бұл Сыр өңіріндегі ұстаздардың мәртебесін жұртшылықтың назарына жеткізіп, қолданыстағы «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының шеңберіне сай келеді деп айтуға болады.
К. Махамбетов, Нұр -Сұлтан қ.
Достарыңызбен бөлісу: |