9.2 Істі мәні бойынша қарау. Соттық жарыссөздер. Прокурордың қорытындысы
ҚР АПК 201 бабына сәйкес істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өзінің талаптарын қолдайтынын не қолдамайтынын, талап қоюшының талаптарын жауапкердің мойындайтынын не мойындамайтынын және тараптардың істі татуласу келісімімен аяқтауды немесе істі төреліктің қарауына беруді не дауды (жанжалды) медиация тәртібімен не партисипативтік рәсім тәртібімен немесе заңда белгіленген басқа тәсілмен шешуді қалайтынын не қаламайтынын анықтауынан басталады [1].
ҚР АПК 217 бабында сот жарыссөздері іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің сөздерінен тұрады.
Іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес сот жарыссөзі – азаматтық істі мәні бойынша қараудан кейінгі сот талқылауының дербес бөлігі. Сот жарыссөзі іске қатысушы адамдардың сөздерінен тұрады, онда дәлелдемелерді зерттеу қорытындылары және олардың негізінде белгіленген істің мән-жайлары (фактілер) келтіріледі. Дәлелдемелерді зерттеудің өзі жүргізілмейді.
Сонымен бірге, сот жарыссөзі барысында айтылған іске қатысушы адамдардың түсіндірмелерінің органикалық бөлігі ретінде бағалануға болады және сот жарыссөзі шеңберіндегі сөздің осы аспектісінде сот үшін дәлелдік мән болуы тиіс.
Сот жарыссөздеріне қатысушылар өз сөздерінде сот анықтамаған мән-жайларға, сондай-ақ сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес.
Алдымен – талап қоюшы мен оның өкiлi, ал содан кейін жауапкер мен оның өкiлi сөйлейдi.
Басталып кеткен процесте даудың нысанасына өз бетінше талап қойған үшiншi тұлға мен оның өкiлi тараптар мен олардың өкiлдерiнен кейiн сөйлейдi. Даудың нысанасына өз бетiнше талаптар қоймаған үшiншi тұлға мен оның өкiлi үшiншi тұлға iске қатысатын жақтағы талап қоюшыдан немесе жауапкерден кейiн сөйлейдi.
Прокурор, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өкiлдерi, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнген заңды тұлғалар мен азаматтар сот жарыссөздерiнде соңында сөйлейдi.
ҚР АПК 218 бабында сот жарыссөздеріне қатысушылардың барлығы сөйлеп болғаннан кейін олар айтылған сөздерге байланысты реплика айтып, сөз сөйлей алады. Соңғы реплика құқығы әрдайым жауапкер мен оның өкiлiне тиесілі.
Репликтер-жарыссөзде айтылғандарды толықтыру немесе нақтылау мақсатында, іске қатысты мән-жайларды зерттеудің толықтығы және сот шешім шығарған кезде жасауы тиіс құқықтық бағалау, қорытындылар мәселесі бойынша сот жарыссөздерінде екінші рет сөз сөйлеу.
Реплика құқығы іске қатысушы барлық адамдар мен олардың өкілдеріне тиесілі. Реплика тәртібімен сөз сөйлеу кезектілігін анықтау кезінде АПК-нің 217-бабында айқындалған кезектілікті басшылыққа алу қажет.
ҚР АПК 219 бабы прокурордың қорытындысына арналған. Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Кодекстiң 54 бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртіппен процеске қатысқан прокурор сот жарыссөздері аяқталғаннан кейін тұтастай алғанда, даудың мәні бойынша жазбаша қорытынды береді, ол азаматтық істің материалдарына қоса тіркеледі (Кесте 16).