Қ. ЖҰбанов және тіл тарихының кейбір мәселелері. Аңдатпа



бет1/2
Дата28.03.2023
өлшемі33,84 Kb.
#76834
  1   2
Байланысты:
мақала (копия)


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу
Мамандығының 3 курс студенті
Нұрбек Таңнұр

Қ. ЖҰБАНОВ ЖӘНЕ ТІЛ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ.
Аңдатпа: Тіл дыбыстарының пайда болу негізі туралы бүгінгі тіл біліміндегі пікірлер кісі күлерліктей. Бұлар, негізінен, бір кезде – тіл білімінің әлі де балаң шағында біраз айтылып, бірақ кейіннен белгілі тіл ғалымдарынан қолдау таба алмаған «дыбыстық еліктеу» және «одағай» теорияларын тірек етеді. Ал қазақ тілі фонетикасының бүгінгі таңдағы зерттелу деңгейіне қарасақ, біз кейбір мәселелерге бұрынғы көрінген деңгейімізден кері шегініп, тіпті, басқа бағытқа бет алып кеткен.
Кілт сөздер: бүгінгі тіл ғылымы, тіл дыбыстары, грамматика, фонетика, тіл тарихы, сөз құраушы элементтер, тіл ғылымының тіл дыбыстарының табиғаты туралы ұғым-түсінік,
1.Кіріспе
2.Негізі бөлім
3.Қорытынды
Кіріспе
Академик Қ. Жұбанов – арнайы тіл тарихына байланысты байыпты пікір айтқан алғашқы қазақ ғалымы деп айтуға толық негіз бар. Ғалымның «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөніндегі лекциялар», 1-кесек, «Қазақ тілінің фонетикасы» («Дыбыс жүйесі»), орыс тілінде жазылған «Қазақ тілі сөйлемдеріндегі сөздердің орын тәртібінің тарихынан» (Из истории порядка слов в казахском предложении»), «Көмекші және күрделі етістіктер туралы» («Заметки о вспомогательных и сложных глаголах»), т.б. тіл тарихы мен этимологиясы, тілдің пайда болуы, тіл дыбыстары және олардың әлеуметтік табиғаты туралы келелі пікір айтқан еңбектерінің маңыздылығы қазіргі тіл білімі үшін де ерекше. Біз бұл шағын мақалада ғалымның, жалпы, тіл табиғатына, тіл дыбыстарының табиғатына қатысты кейбір көкейтесті ойларына тоқталып өтпекпіз. Академик Қ. Жұбанов еңбектеріне тән басты ерекшелік сол – автор қазақ тілі сөздерін тек түркі тілдері аясында ғана емес, орыс, қытай, кавказ тілдерінің деректерімен де байланыстыра қарайды. Бұл тұрғыдан келгенде, біз Қ. Жұбановтың мәселеге тіл атаулының негізі бір деген Ата тіл теориясы тұрғысынан келетінін көреміз және бұл қазір де құптарлық бағыт болып табылады. Еуразия құрылығындағы халықтар тілін бірнеше топқа бөліп, тіпте бүкіл өткен тарихында да, тарихқа дейінгі кезеңдерінде де егіз-қатар өмір сүріп келген халықтардың тілін бірнеше туыстық топтарға ажырата қарастырып, олардың арасында тек мәдени алмасудан өзге ештеңе жоқ деп көрсету қазіргі таңда белең алып отырғаны бекер емес. Осы себептен де, мысалы, түрколог ғалымдар мен үндіеуропа тілдерін зерттеуші ғалымдар бірінің шекарасына бірі көз салудан да қорқатын жағдайға келген. Олар аталмыш тілдердің арасына қытай қорғанын соғып, бірі мен бірін мүлде басқа, өзге планеталық тіл есебінде танытып отырған қазіргі жағдайда академик Қ.Жұбановтың аталмыш зерттеулерінің сол кездің өзінде көрегендік танытқанын айтпасқа болмайды.
Сөз реті келгенде, айта кеткен жөн болар, кезінде, мүмкін, жекелеген шағын құрамды тілдерді «туыстық» топтарға бөліп зерттеудің қажеті де, пайдасы да болған шығар, бірақ енді мәңгі бақи осы қолдан жасалған «туыстық шеңберлердің» ішінен шығып, алыстарға көз салатын кездің де жеткенін мойындау жөн деп білеміз. Жоғарыдағы Қ.Жұбанов тағылымы осыған меңзесе керек.
«Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар» деп аталатын еңбегінің фонетикаға арналған бөлімінде ғалым тіл дыбыстары туралы нақты ұғымды қалыптастыруды мақсат етеді. Ол тіл дыбыстары дегеннің өзін ым тілінің дыбыстары және дыбыс тілінің дыбыстары деп ажырата қарап, табиғаттағы, тұрмыстағы алуан түрлі дыбыстардан «дыбыс тілінің дыбыстарын» бөліп алады. Шынында, мұның өзі тіл дыбыстарының пайда болуы мен қалыптасуына ғалымның дыбыстық даму тұрғысынан қарағанын көрсетсе керек. Ғалымның дыбыс тілі дыбыстарының табиғатын түсінуде ұстанған нақты принциптері сол еңбектерінің бізге толық жетпеуі себепті белгісіз болып отыр. Бірақ, қалайда, ғалым дыбыс тілі дыбыстарын тар ұғымда алып, тек «сөз құраушы элементтер» ретінде ғана түсінуге қарсы. Ол: «...бүгінде қандай жақсы деген грамматика кітабын алып қарасаңыз да, дыбыстарды тіл қабырғасын қалаған «кірпіштер» етіп көрсетеді... Жеке, айырынды дыбыстар тілдің арғы атасы сияқтанады»- деп, тіл дыбыстарының ежелгі қалыптасу дәуірлерінде бүгінгі тілдегідей жеке дыбыстардың болмағанына меңзейді. Мұнан әрі: «Әрине, біздің заманымызда жаратылыс маманы болмай-ақ, жәй сауатты бір адам «атом – заттың бөлінбейтін, өзгермейтін ең кішкене бөлігі» дейтін болса, ол, сөзсіз, өзін-өзі күлкі, мазақ қылған болар еді. Бірақ, лаж нешік, жәй сауатты адам ғана емес, атақты тіл мамандарының өзі-ақ, ірі-ірі профессорлар-ақ университет кафедраларына шығып тұрып, ғылыми еңбектерінде жазып тұрып, тіл дыбыстарын грек дәуірінің атомы қылып шығарса да, ешкім оған күлмеуіне, оны мазақ қылмауына таңданбай болмайды» - деген өткір ой айтқан. «Әрине, бұл таңданарлық күй емес, - дейді ол, - сүйегі бос көңілшектер қамығып, жігері жанған қайраттылардың жыны қозғандай хал. Бұл – тіл ғылымы сондай артта қалған, ол әлі ескі грек мәдениеті кезіндегі дүниетанудан асып, маңдып ұзап кете алмаған деген болады. Міне, бүгінгі тіл ғылымы осындай дәрежеде» [1; 127] – десе, шындығына келгенде, тіл ғылымының тіл дыбыстарының табиғаты туралы ұғым-түсінігі, міне, ғасырдың аяғында да сол деңгейден асып кете алмай отырғаны жалған емес. Әсіресе, тарихи-фонетикалық зерттеулердің кенже қалуы, бірыңғай қазіргі тілдегі дыбыстық жүйелердің ғана зертеу объектісі болуы тіл дыбыстарын ғана емес, жалпы тіл табиғатын, тілдік заңдылықтарды дұрыс түсініп бағалауға кері әсерін тигізіп отырғаны бекер емес. Және бұл тек қазақ тіл біліміне ғана емес, жалпы, бүгінгі тіл білімі ғылымына тән ортақ кемшілік екені де айқын. Ал қазақ тілі фонетикасының бүгінгі таңдағы зерттелу деңгейіне қарасақ, біз кейбір мәселелерге бұрынғы көрінген деңгейімізден кері шегініп, тіпті, басқа бағытқа бет алып кеткен.
Автордың өзі тіліміздегі дара дауыстылар санын 9 деп көрсетеді. Олар: а,ә,о,ө,ы,і,ұ,ү,е дыбыстары. Көріп отырғанымыздай, бұл қатарда «у» және «и» дыбыстары жоқ. Автор бұларды ұу, үу және ый, ій дифтонгтерінің құрамында ғана қосалқы дыбыс ретінде көрінеді деп біледі [2; 76]. Шынында, бұл пікір әріден – Ж. Аралбаевтан келе жатқан пікір. Ол: «...у»-дың негізгі компоненті фонетика жағдайына қарай «ұ» не «ү», ал екінші көмескі компоненті –сонар «у» (тау) өте келте қайырылады» - дейді. Ал, С. Мырзабеков болса, «қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды эсперимент жолымен зерттеп жүрген Ә. Жүнісбеков, т.б. ғалымдар байырғы сөздеріміздің құрамында кездесетін осы екі (й,у) әріпті (дыбысты Ш.Б.) дауысты дыбыстар деп қарамайды... й,у байырғы сөздеріміздің құрамында дыбыс бола алмайтыны Ә. Жүнісбеков еңбектерінде толық дәлелденген» [3; 16] – деген пікірге тоқтайды.
Яғни, қазақ тіл білімінің соңғы жаңалықтары бойынша, қазақ тілінде «у» дыбысы жоқ деген пікір үстемшілік алып отыр. Осылайша, бұрында бірде дауысты, бірде дауыссыз дыбыс ретінде қолданылатын «у» және «й» дыбыстары бар деп жүрген жарымжан түсінігімізден де енді ада болып отырмыз. Мұның сыры неде?
Тіліміздегі «у» дыбысының табиғаты туралы қалыптасып отырған мұндай пікірлер бүгінгі тіліміздегі сөздердің айтылу, дыбысталу сипатын экспериментальды фонетика тәсілдерімен зерттеуден туындап отыр. Біздіңше, тіл дыбысы ең әуелі қоғамдық-әлеуметтік құбылыс, яки саналы әрекеттің жемісі. Адамзат баласының дыбыстық тілі олардың өзара қарым-қатынас жасау қажеттігінен туғаны рас болса, дыбыстық тілдің элементі болып табылатын тіл дыбыстарының да қоғамдық, әлеуметтік құбылыс екендігін мойындамауға негіз жоқ. Әрине, бұл – тіл пайда болуы туралы мәселемен байланысты аса күрделі проблема. Тіл дыбыстарының қоғамдық, әлеуметтік мәнін мойындау дегеніміз олардың сана жемісі екендігін, яғни мағыналы элементтер екендігін мойындау болып шықпақ. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін тіл дыбыстарының мағыналылығы туралы мәселе де аяқсыз қалып келеді...
Академик Қ. Жұбанов бұл мәселеде 30-жылдардың өзінде-ақ тың көзқараста болды. Ол: «Дыбыстың әлеуметтік, тілдік қасиеттері тексерусіз қалғасын, дыбыс өзгерістері, дыбыс заңдары әлеуметтік жағдайлармен, жалпы салт-сана жүйесімен салмақталмаған соң, ескі тіл ғылымының фонетика аталған бөлімі тілдің дыбыстау жағын, дыбыстың анатомия, физиологиясын, дыбыстың физика, акустика жағдайын тексеретін бір табиғат ғылымы боп қалды. Қоғам қатынастары жүйесінде ғана, адам мен адам қатынасы арасында ғана жарыққа шығатын тілді, сөйтіп, индо-европашыл фонетика жеке адам басында ғана, дара адам денесінде ғана болатын физиологиялық, озса ғана психологиялық құбылыс қылып шығарады» [4; 132], - дейді. Ғалым айтқан сол ескі тіл білімінің сүрлеуі қазіргі кездегі фонетика ғылымының дамуында сара жолға айналып отыр.
Қ. Жұбанов неміс ғалымы Г. Штейнталь мен якут тілінің белгілі маманы Бетлингті ғылыми «жезөкшелер» деп атайды. Ғалымның оларға таққан кінәларының бастысы – олардың тіл дыбыстарының табиғатын теріс түсіндіруі болатын:
1. Олар тіл дыбыстарын сөз құрастырушы материал – «кірпіштер» деп түсіндіреді.
2. Тіл дыбыстарының тарихи дамуын ескермей, қашаннан осы дыбыстар өзгермей, осылай дара күйінде мәңгілік өмір сүріп келе жатыр деп түсіндіреді.
3. Дыбыс жүйесін тілдің басқа жүйесінен айырып, оңашалап тексереді. (Айта кету керек, ғалым мұнда дыбысты мағынамен байланыссыз, жалаң физикалық, биологиялық тұрғыдан тексеруді айтып отырғаны ақиқат).
4. Тіл категорияларындағы өткіншілікті, бірінен біріне ауысып отырушылықты бүркеген. (Яғни, біздің ұғымымызша, тілдің өткен тарихқа белгілі, белгісіз дәуірлеріндегі даму заңдылықтарын ескермеген деген сөз Ш.Б.)
5. Дыбыстардың тілдік, қоғамдық жағын, қоғамдық салт – саналық, тілдің өз жүйесінің дыбыстарға ететін ықпалын көзге түсірмей, жауып қойған.
6. Дыбысты тілдік, қоғамдық астарынан оңашалап алып тексерумен дыбыстың жаратылыстық жағына ауып кеткен, дыбыс жүйесі қоғамдық ғылым болу орнына жаратылыстық бір ғылым болып қалған [1; 134], т.б. Яғни, олар тіл дыбыстарын тілдік қасиеттерден айырып алып зерттеді. Оның шығатын орнын, ол орындардың түрлі дыбыстарды шығарудағы қызмет атқаруларын, ауыздың кең ашылуын, ерін мен езудің өзгеруін, таңдайға тілдің ұшы тиюі мен ортасы соғылуын, жұтқыншақтың қаншама дірілдеуін, іштен шыққан ауаның ауызбен кетуі мен мұрынмен кетуін – міне, осыларды тексереді [1; 132]. Ғұлама ғалымның осы пікірлерінде сыналған жайлар, ақиақатқа көшсек, тілдің дыбыстық жүйесі туралы ғылымның одан кейінгі дамуына да тән болып келеді. Қайта бұл эспереминтальды талдауларға құныға ден қоюымыз арқылы өрши түсті. Мұның ақыры бүгінде қазақ тілінде «у» дауысты дыбысы жоқ деген қағидаға алып келіп отыр. Тек «у» ғана емес, тілімізде дауысты «и» дыбысы да жоқ болып шықты.
Шынында, біз тіліміздегі осы дыбыстарды жоққа шығара отырып, бірқатар ішкі – тілдік заңдылықтарды да бұрмалаймыз. С. Мырзабеков пікіріне сенсек, «Мұндай дауыстылар бар десек, басқаны айтпағанда, тіліміздің екі үлкен заңының түп-тамырына балта шапқан болады екенбіз. Яғни, біріншіден, сөздердің құрамында екі дауысты қатар тұра беретін болады екен. Мысалы: суы, буын, келуі, тиын, миы т.б. Екіншіден, сөз ішінде буын дауыстыдан басталып (бару-ым, келу-ін, оқи-ын, су-ық т.б.) және дауысты жеке буын құрайтын болады екен: су-ы, бару-ы, келу-і, қи-ын, т.б.)». Мұның екеуі де тіліміздің табиғатына қайшы екенін дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ екен [3; 16].
Біздіңше, тіл заңдылықтарын өз ыңғайымызға бұрып алу еркі біздің, яки тіл зерттеушілері мен тұтынушылардың қолында тұрған жоқ. Олай болса, тілдің ішкі заңдылықтарын орфография ережелеріне бағындыруға бола ма? Тілімізде бүгінде біз танып-біліп жүрген заңдылықтар шынында да тіліміздің табиғатын, оның тарихи қалыптасу жолы мен бүгінгі жай-күйін айна-қатесіз дәл танып беретініне мүлтіксіз сенуге бола ма? Біздіңше, мұндай мәселелерге тіл генетикасы ғана жауап бере алады.
Тіл дыбыстарының пайда болу негізі туралы бүгінгі тіл біліміндегі пікірлер кісі күлерліктей. Бұлар, негізінен, бір кезде – тіл білімінің әлі де балаң шағында біраз айтылып, бірақ кейіннен белгілі тіл ғалымдарынан қолдау таба алмаған «дыбыстық еліктеу» және «одағай» теорияларын тірек етеді. Айталық, Б. Сағындықұлы: «Адамзат баласы ақ пен қараны айыра алмаған кезде (өте ежелгі дәуір Ш.Б.) ішкі флекция да болмаған. Әр түсінік үшін (қазіргіше айтқанда, тақырыптық-семантикалық топ үшін) бір дауысты жеткілікті болған. Мысалы, желдің табиғи қасиетіне байланысты «а» дауыстысы қолданылған. Тоңу, ысыну сияқты эмоциялық әсерлерді «и» дауыстысы білдірген. Демек, тіл дыбыстары әуелде адамды қоршаған ортамен табиғи байланыста болған» [4; 102], - дейді. Советтік тіл білімі сарынымен қазақ тіл білімінде де бел алған бұл теориялар қазірде қалыптасқан пікір ретінде қолданылып жүр. Шынтуайтына келгенде, еліктеу теориясы тіл пайда болу процесін санадан тыс, табиғи, механикалық сипаттағы құбылыс деп түсіндіруге бейім екені айқын көрінеді. Әрине, бұл – саналы әрекет ретіндегі адамзаттың дыбыстық тілінің пайда болу негізімен мүлде қабыспайтын пікір.
Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «У» дыбысының, мысалы, жүйесі бөлек деп есептелетін орыс немесе басқа ұлт тілдеріндегі «у» дыбысынан айырмашылығы бар ма? – деген мәселеде де тұжырымды пікір жоқ. С. Мырзабеков: «у» фонемасының айтылуы орыс тілінен енген дауысты «у» сияқты» - дегенде шындыққа бір табан жақын келеді. Бірақ «у» фонемасы тек орыс тілі арқылы енген сөздерде ғана айтылады» - дегенде, қазақ тіліндегі дауысты «у» дыбысын мүлде дыбыс деп есептемейтіндігі көрінеді. Сонда айтылуы жағынан екі тілде де бірдей бұл «у» дыбысы бірінде /орыс тілінде/ толық хақылы дыбыс болып, ал қазақ тілінде мұндай дәрежеде бола алмауы қалай? Автор мәселенің бұл жағына бармайды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет