Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады. Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты.
Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз әскерін Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейіқаза тауып, 393-і мүгедек болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан бастады.
«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді.
ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды.
Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.
Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезіндежасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық даму бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы қанағаттандырды. Бірақта «қайта құруға» сай жүзеге асырыла бастаған косметикалық реформалар республика басшылығын ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады.Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті.
Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды.
Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында “Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады.
Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады.
Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді. Бейбіт шеруді басып-жаншу кезінде тәртіп сақтау органдары заңдылықты өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді пайдаланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын тезірек шығару жөнінде қысым жасады.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп айыптауға дейін барды.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адамжұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.