1 -дәріс кіріспе: курстың мақсаты мен міндеттері, топырақтану ғылымының ҚЫСҚаша даму тарихы


Топырақтану ғылымының ХХ ғасырда Ресейдегі дамуы



бет6/72
Дата14.03.2023
өлшемі0,89 Mb.
#74403
түріҚұрамы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   72
Байланысты:
Дәріс топыр 1-15-3

Топырақтану ғылымының ХХ ғасырда Ресейдегі дамуы. ХХ ғасырда Ресейде топырақ зерттеу жұмыстары негізінен топырақтың географиялық жұмыстарымен байланысты болды. Топырақтану саласында кейін аса белгілі тұлғаларға айналған В.В.Докучаевтың шәкірттері Л.И.Прасолов, С.С.Неуструев, А.И.Безсонов, Н.А.Димо, Б.А.Келлер, М.М.Филатов сияқты ғалымдар шықты. 1908 жылы Ресейдің бас көші-қон басқармасы Сібір мен Орта Азияға да (Қазақстанды қоса) топырақ-ботаникалық экспедициялар ұйымдастырды. Бұл жұмыстарды К.Д. Глинка басқарды. Экспедиция мақсаты - Ресейдің Еуропалық бөлігінен халқы аз Азиялық бөлігіне көшіру, топырақ жер жағдайын зерттеу еді . Бұл материалдардың бастапқы есептері арнайы еңбектерде, ал ең соңғы нәтижелері 1920 жылдары К.Д.Глинканың авторлығымен бірнеше монографияларда жарияланды. (К.Д.Глинка, 1923). Бұл аймақтарда бұрын топырақтанушылар кездестірмеген топырақтар типтері (құба, қара қоңыр, сұр, сортаң және сор топырақтар) кездесіп картаға түсірілді. Бұл зерттеулер ауылшаруашылық өндірісіне жаңадан жер қорларын игеруге мүмкіндік берді. 1913 жылы Еріктік экономикалық қоғамның топырақ комиссиясы өз алдына жеке Докучаев топырақ комитетіне айналды, оны К.Д.Глинка, Л.И.Прасолов пен С.С.Неуструев басқарды. Комитет топырақтану саласында экспедициялар ұйымдастырып еңбектерін жариялап тұрды. Сонымен қатар топырақтанумен Петербург университетінде профессор С.П.Кравков, орман институтында проф. П.С.Коссович, академик К.К.Гедройц шұғылданды. ХХ ғасыр басында Мәскеу университетінде топырақтану кафедрасын талантты ғалым А.Н.Сабанин басқарды, кейін профессорлар В.В.Геммерлинг, М.М.Филатовтар жалғастырды.
Мәскеудегі топырақтанудың тағы бір орталығы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясы болды. Мұндағы аса көрнекті тұлға - академик В.В.Вильямс (1863-1939) еді. Ол топырақтанудың биологиялық бағытын қолдады. Топырақтың құнарын арттырудың егіншіліктегі шөптанапты жүйесін ұсынды. Егіншіліктің бұл жүйесі ТМД елдерінің көп аймақтарында осы күнге шейін қолданылып келеді.
Топырақтану ғылымының кеңес кезінде дамуы. 1925 жылы Докучаев атындағы топырақтану комитеті, КСРО Ғылым академиясының В.В.Докучаев атындағы топырақтану институты болып қайта құрылды. Оның директоры болып академик К.Д.Глинка тағайындалды. Кеңестік заманның әр кезеңдерінде КСРО-ның әр республикаларында да арнайы топырақтану және агрохимия институттары ұйымдастырылып, жемісті зерттеу жұмыстарын бастады. Бұлардың барлығына В.В.Докучаев атындағы Топырақтану институты методикалық жетекшілік етті. Кең байтақ Кеңестік елдердің басым территорияларында топырақ-географиялық зерттеулер өріс алса, кейбір республикаларда топырақты мелиорациялау бағыттарында зерттеулер жүргізіле басталды. Еліміздің ылғалы мол батыс аймақтарында топырақты құрғату,ал Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан, Кавказдың оңтүстігінде топырақты суару мелиорациялары дамыды.
Осы кездегі топырақтанудағы ірі тұлға К.К.Гедройц (1872-1932) болды. Ол топырақтану химиясы саласында, дәлірек айтсақ топырақтың сіңіру комплексін, сор топырақтар мен сортаң топырақтарды зерттеуде аса ірі теориялық жетістіктерге жетті (К.К.Гедройц, 1933). Топырақтану, жалпы жер қыртысы геохимиясы саласындағы ірі ғалым Б.Б.Полынов (1877-1952) болды. Бұл екеуінің кейінірек академик болып сайлануы кездейсоқ емес екені анық. Кеңестік заманда топырақтың органикалық бөлігі туралы ірі жетістіктерге академик И.В.Тюрин жетсе, топырақтың географиясы саласында академиктер Л.И.Прасолов, И.П.Герасимов, ал топырақ агрохимиясы саласында академиктер Д.Н.Прянишников пен Я.В.Пейве терең зерттеулер жүргізіп, көптеген жаңалықтар ашты. В.В.Докучаевтың шәкірті академик В.И.Вернадскийдің айтуынша топырақ - аса күрделі, әрі өлі, әрі тірі («биокосное тело») дене. Сондықтан оны зерттеу де оңайға түспейді. Бір жағынан оған геологиялық ғылымдар әдісі қажет болса, екінші жағынан биологиялық ғылымдар әдістерін қолдану қажет. Алайда топырақ таза геологиялық та, таза биологиялық та дене болмағандықтан оны зерттеу әдістері үнемі дұрыс нәтижелер бере бермейді. Топырақ сияқты күрделі денеге екі әдіс жеткіліксіз.
Топырақ осындай күрделі дене болғандықтан осы күндерге шейін оны белгілі бір ғылымдар қатарына жатқызу туралы әлемде біртұтас пікір жоқ. Мысалы біздің елімізде (бұрынғы Одақта) 1948 жылға шейін топырақтану ғылымы Жер туралы ғылымдарға жатқызылып, ол саладағы мамандар жоғарғы оқу орындарының геология-топырақтану факультеттерінде дайындалды. 1948 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының тамыз сессиясынан кейін Топырақтану ғылымы бірауыздан биологиялық ғылымдарға жатқызылды. Мамандарды да дайындау оқу орындарының биология-топырақтану факультеттерінде басталды.
Сонымен топырақтану ғылымы аса күрделі және өте қажетті ғылым. Халық санының күн сайын өсуі, олардың әл-ауқатының көтерілуі үшін топырақтанудың маңызы жылдан-жылға арта бермек.
Топырақтану ғылымы жалпы табиғаттану ғылымдарының қатарына қосыла тұрып, оның қолданбалы ғылымдар ішінде және халық шаруашылығының басқа салаларында да алатын орны ерекше.
Топырақтану ғылымының халықаралық мәселелерін шешу үшін «Халықаралық топырақтанушылар қоғамы» құрылды. Бұл қоғам 1924 жылы ұйымдастырылған. Содан бері топырақтанушылардың Халықаралық XV конгрестері болып, оның екеуі бұрынғы Одақ кездерінде Мәскеуде (1930, 1974 ж.ж.) өтті.
Топырақтанушылардың Одақ кезінде бүкілодақтық қоғамы жұмыс атқарды. Бұл қоғамның Одақ кезінде VІІІ съездері өтті. Бұл форумдарда Топырақтанудың бүкілодақтық мәселелері талқыланып, съезд өткен аймақтардың топырақтарымен бірнеше күндік экскурсиялар арқылы танысатын. Кезінде Алматыда 1971 ж. Бүкілодақтық топырақтанушылардың ІV съезі өткен. Одақтың әр бұрышынан және шет елдерден келген мыңнан аса ғалымдар жер шарындағы табиғаттың биіктік белдеу зоналығының бір үлгісі болып саналатын Іле Алатауының топырақ- климаттық зоналығымен көзбе-көз танысқан еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет