1-15 дәрістер. Микроскопиялық техниканың негіздері
Дәріс 1. Тақырыбы: Кіріспе. Микроскопиялық техниканың негіздері, оның мақсаты және міндеттері.
Дәрістің мақсаты: Цитология мен гистологияда қолданатын зерттеу әдістерін, гистологиялық және гистохимиялық, микроскопиялау техникаларын және қазіргі кездегі қолданылып жүрген заманауи зерттеу әдістерін (люминесценттік, интерференциялық және электронды микроскопиямен) меңгеру қажет, келешекте осы микроскоптармен өздігімен жұмыс жасауды, гистологиялық, гистохимиялық препараттарды және электронограммаларды дайындауда оқып үйрену керек болады.
Жоспары:
Пәннің міндеттері мен негізгі мақсаттары.
Гистологиялық және гистохимиялық, микроскопиялау техникалары
Қазіргі заманауи микроскоптар.
Биология мамандығын игеруде цитология және гистология пәндері маңызды рөл атқарады. Тіршіліктің негізгі көзі – жасушалардың құрылысы мен қызметтерін білу, ондағы күрделі зат алмасу процестерін игеру қазіргі биологтарды дайындауда өте маңызды болып саналады. Цитология және гистология ілімі көптеген биологиялық пәндердің (анатомия, адам және жануарлар физиологиясы, жеке даму биологиясы, генетика, ботаника, зоология және т.б.) фундаменті болып саналады.
Цитология және гистология пәндерін оқығандағы кедергілердің бірі қазіргі мемлекеттік тілде шыққан уақытқа сай оқулықтар мен оқу құралдарының аздығы, оның ішінде арнайы лабораториялық-практикалық сабақтарға арналған әдістемелердің жоқтығы.
Осы оқу құралы университеттердің биология факультеттерінің, биология мамандығы бойыншы оқитын студенттерге арналған.
Практикалық сабақтарда студенттер белгілі тақырыптар бойынша препараттарды оқып үйренеді және студенттердің өздігінше жұмыс істеулеріне мүмкіншілік береді.
Цитология және гистология пәндерінен теориялық білімдер алуына байланысты, практика жүзінде өткен тақырыптарды пысықтау, препараттар мен электроннограммаларды зерделеу биолог, биотехнолог мамандары үшін маңызды сұрақтардың бірі болып саналады.
Лабораториялық сабақтарда цитологиялық және гистологиялық препараттар арқылы әр түрлі микроскоптарды қолдана отырып клеткалар мен ұлпалардың құрылыстары мен қызметтерін анықтайды.
Оқу құралының бірінші бөлімінде прокариот және эукариот клеткаларының құрылысы, ерекшеліктері, олардың дамуы, өсіп-жетілуі, қызметтері баяндалады. Клетканың құрамындағы негізгі құрылымдар (плазмалемма, ядро, хроматин, органоидтар) қамтылады. Екінші бөлімінде студенттер ұлпалардың негізгі түрлерімен, олардың морфологиялық ерекшеліктерімен танысады. Эпителий, ішкі орта ұлпалары (қан, дәнекер, шеміршек, сүйек), бұлшық еттер мен нерв ұлпасы қарастырылады.
Цитология және гистология практикумы жоғары оқу орындарының биология, биотехнология, балық шаруашылығы, экология, медицина факультеттерінің студенттеріне арналған.
Микроскопиялық техниканың мақсаты мен міндеті. Осы сабақтан бастап цитология мен гистология бойынша тәжірибелік сабақтар басталады. Студент цитология мен гистологияда қолданатын зерттеу әдістерін, гистологиялық және гистохимиялық, микроскопиялау техникаларын және қазіргі кездегі қолданылып жүрген заманауи зерттеу әдістерін (люминесценттік, интерференциялық және электронды микроскопиямен) меңгеру қажет, келешекте осы микроскоптармен өздігімен жұмыс жасауды, гистологиялық, гистохимиялық препараттарды және электронограммаларды дайындауда оқып үйрену керек болады. Бұл сабақта биологиялық микроскоптардың (МБИ-1, МБР-1, МБИ-3, МБИ-6, МБИ-15) құрылыстарымен жұмыс істеу принциптерімен танысу және меңгеру.
Қарапайым биологиялық микроскоптағы микроскопиялау. Препаратты микроскопиялауды оңтайлы жарық жағдайында үстелдің үстіне микроскопты орналастырудан бастау керек. Бұлыңғыр электр лампасы жақсы жарық көзі болып саналады. Электр жарығымен жұмыс істеу кезінде айнаның ойыс бетін қолдану ұсынылады. Микроскопты жарық көзіне қарсы орналастырған соң, микроскоптың револьверды жүйесін әлсіз үлкейтуге ауыстыру қажет. Макробұранданың көмегімен әлсіз үлкейту объективін 1 см қашықтықта заттық үстелше саңылауына келтіріп, содан соң, окулярға сол көзбен қарап және айнаны айналдыра отырып, микроскоптың көру шегінің бірқалыпты және жарқын жарығын алу қажет. Көру шегінің жақсы жарығын алу үшін конденсорды жоғарғы шеткі қалыпқа көтеріп және диафрагманы толықтай ашу керек екендігін есте сақтау керек.
Содан кейін ғана препаратты зерттеуге кірісуге болады. Микроскопиялауды әрқашан микроскоптың әлсіз үлкейтуінен бастау қажет. Препаратты әйнек жамылғысы жоғары қарайтындай етіп микроскоптың заттық үстелшесіне орналастырып және тубусты макробұранданы айналдыру арқылы объективтің фронтальды линзасы әйнек жамылғысынан мөлшермен 0,5 см болғанша шетінен қарап түсіру қажет. Артынша окулярға оң көзбен қарай отырып және микробұранданы ақырын айналдырып препараттың анық бейнесін алу керек. Препарат жатқан микроскоптың заттық үстелшесін қозғалта отырып, препаратты барлық көлемі бойынша зерттеп білу керек. Микроскоптың заттық үстелшесі оның екі жағында орналасқан бұрандалардың көмегімен қозғалады (қарапайым жүйелі микроскоптардың қозғалмалы үстелшелері болмайды, бұндай жағдайда препаратты қолмен қозғалтады).
Объектті әлсіз үлкейтумен зерттеген соң, микроскоптың көру шегінің дәл ортасына күшті үлкейтумен көретін препараттың аумағын орналастыру керек. Препаратты үстелшеге қысқыштардың (заттық үстелше ұяшығына орнатылған серпімді пластиналар) көмегімен бекіту ұсынылады. Тубустың орнын ауыстырмай микроскоптың револьверды жүйесін үлкен үлкейтуге ауыстыру керек, линза объективін көз бақылауымен препаратқа тығыздап келтіріп және тубус пен объективті микробұранда көмегімен анық бейне алғанша көтеру қажет. Үлкен үлкейтумен аса сақтықпен жұмыс істеу керек, себебі препаратты езіп немесе зақымдап алу мүмкін. Үлкен үлкейтумен жұмыс жасағанда үздіксіз микробұранданы қолданып, оны әр жаққа ақырын айналдырған жөн, себебі препараттың гистологиялық құрылымы әр түрлі деңгейде жатады және микробұранданы айналдырумен объектіні жақсы көруге болады.
Иммерсионды объективпен жұмыс жасағанда препараттың әйнек жамылғысына иммерсионды май тамшысын тамызу керек. Микроскопқа шетінен қарап, объективтің фронтальды линзасын май тамшысына байқап түсірген жөн. Содан соң окулярға қарай отырып, макробұранданың көмегімен объективті бейне пайда болғанша ақырын көтеріңкіреу, оны микробұранданың бірсарынды айналуымен бір орынға жинастыру керек. Препаратты зерттеп болғаннан кейін тубусты көтеру қажет және микроскоптың револьверды жүйесін әлсіз үлкейтуге қайтадан келтіріп, препаратты алып, оны препараттарға арналған қорапқа салу керек, иммерсионды объектив пен препараттан жұмсақ майлықпен майды байқап кетіру қажет. Алдын ала тубусты көтермей жатып, препаратты үлкен үлкейту объективі мен иммерсионды объектив астынан шығарып алуға болмайтынын есте сақтаған жөн, себебі онымен препарат пен объективті зақымдап алуға болады.
Қолданылатын әдебиеттер:
1. С.М. Шалгимбаева, Ж.С. Омарова, Г.Б. Джумаханова Микротехника негіздері Алматы, Қазақ университеті, 2021, 71 б.
2. Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н. – Атлас по гистологии, цитологии и эмбриологии «МИА» 2002
3. Роскин Г. И. Микроскопическая техника. — М.: Государственное издательство «Советская Наука», 1946
Ғаламтор ресурстары:
1. http://elibrary.kaznu.kz/ru
2. https://studfiles.net/
3. https://www.litres.ru
Достарыңызбен бөлісу: |