Байланысты: 1. Абай а ынды ыны ал аш ы кезе дерін к рсеті із
58. Абай қара сөздерінің жанрлық сипатын тұжырымдаңыз. Абай прозасы iшiнде Ғақлия, нақыл сөздер де, ғылыми мақала да, ойшылық трактат та, өткiр сын, мысқыл ретiнде келетiн сатиралық әңгiме де, адамгершiлiк өсиеттер де, публицистикалық насихат түрлерi де, шешендiк әңгiме кеңестерi де бар. Тек көлемдi көркем проза жазбаған. Қысқасы бiз: 1) Абайдың қара сөздерiң негiзiнен прозаның шағын түрi деп атау керек. 2) Абайдың қара сөздерiнде шағын прозаның мынадай түрлерi бар деп бiлу керек демекпiз
1. Өсиет Ғақлияға Абайдың адамгершiлiк мораль, мiнез-құлық туралы мысал жөнiмен келетiн өсиет мазмұнды эссе ретiндегi сөздерi және дiни ғибрат ретiнде жазған бiраз дидактикалары жатады. Олар: Он үшiншi, Жиырмасыншы, Жиырма сегiзiншi, Отыз сегiзiншi сөздерi деуге болады. Абай өсиет Ғақлия реттi эссенi тек түр ретiнде өз мақсатына сай жаңа мазмұн бере отырып, пайдаланған. Мұны Абай ағартушы насихатшының талабына, өнеге, ақыл айтып кету арманына сай жазған. Сондықтан оны түр ретiнде пайдаланудан қашпаған.
2. Тастих немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын бiлдiретiн ғылыми пiкiрлер айтқан эсселерi жатады. Мысалы, Жетiншi сөз, Он жетiншi сөз, Қырық үшiншi сөз, Қырық бесiншi сөз. Бұдан басқа Жиырма жетiншi сөзi мен Отыз сегiзiншi сөзi де трактат үлгiсiне ұқсайды. Бiрақ олар терең ойлылығы жақынан жақын болса да, түрi жақынан бiраз алшағырақ. Соңдықтан бұл сөздердi өсиет ретiндегi диалог - кеңес сөз үлгiсiне жатқызған жөн.
3. Нақыл тұспал сөз (афоризм, изречение). Абайдың өлеңдерiнде де, қара сөздерiнде тауып айтқан, тұжырымды үлгiлi деп аталып жүрген сөзi түгелдей афоризм (23 афористiк сөз), тұспал сөздер де көп. Осындай афоризм тiзiмi Қабуснамада да кезiгедi. Қара сөздерiнiң iшiнде Отыз жетiншi сөзде, бұдан өзге афоризмдерi көп. Олар әр жерде шашылып жатыр, өлеңiнде де, қара сөздерiнде де, әркiмнiң еске алған сөздерiнде де кездеседi. Оларды өз алдына тiзсе, мол дүние болып шығады. Мысалы: Сақалын сатқан кәрiден еңбегiн сатқан бала артық, Дүние бiр қалыпты тұрмайды, адамның қуаты бiр қалыпта тұрмайды. Ендеше көңiл қайдан бiр қалыпта тұра алады (Жиырмасыншы сөз). Осылайша, тұспал сөзбен ақыл айтып, тұжырымды ой берiп, әдебиетте тұспал мәтел сөз формасын дамытты.
4. Әңгiме, кеңес ретiндегi диалог, монологтарында Абай кейде екi адамды не адам мүшелерiн сөйлестiрiп, кеңестiредi. Кейде өзi әңгiме-дүкен құрып, тыңдаушысымен не өзiмен өзi кеңесiп отырады. Бiреуге сұрау қойып, жауап күтедi, не өзi екiншi кiсiнiң ролiнде толғанады. Жауабы өзiнен-өзi белгiлi сұрақтар қояды. Мысалы: төртiншi, бесiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы, он екiншi, он алтыншы, он тоғызыншы, жиырма бесiншi, жиырма жетiншi, отыз бiрiншi, отыз екiншi, қырқыншы сөздерi
5. Публицистикалары: бiрiншi, екiншi, үшiншi, он төртiншi, жиырма төртiншi, жиырма алтыншы, жиырма тоғызыншы, отыз үшiншi, отыз тоғызыншы, қырық бiрiншi, қырық екiншi сөздерi және Бiраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы мақаласы. Публицистика - мерзiмдi баспасөздiң шығуына байланысты пайда болған белсендi жанр. Онда саяси-әлеуметтiк, қоғамдық маңызы бар мәселелер қозғалады. Жағымсыз құбылыстар, мiнездер сыналады. Кейде ғылыми мәселелер көтерiледi. Абайдың екiншi, үшiншi, бесiншi, тоғызыншы, отыз үшiншi, қырық екiншi сөздерi мен Бiраз сөз қазақтың қайда шыққаны туралы сөздерi - ғылыми мақала ретiнде жазылған публицистикалық еңбек. Онда Абай алуан түрлi қоғамдық саяси - әлеуметтiк, ғылыми мәселелердi қозғайды. Бұл сөздердiң мақалалық сипаты айқын байқалады. Күнделiктi бiр мәселенi қысқаша жай ғана баяндап берушiлiк, оған әлеуметтiк тән бере сөйлеу - мақалаға ұқсататын қасиеттер. Абай қазақтың болыс, билерiн, байларын келеке еттi, елдегi қырсыздық, еңбексiздiк, надандық тағы басқа жағымсыз iстердi сынай сөйлеп, алтыншы, он бiрiншi, он төртiншi, жиырма екiншi, жиырма тоғызыншы, қырық бiрiншi сөздерiнде публицистиканың сын-сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын әдебиетке әкелдi. Памфлетте ирониялық күлкiнiң, сатираның элементтерi басым болады. Памфлет адамшылыққа жат қылықтарды мұқату, халықты оған қарсы қою, жақсылыққа шақыру мақсатын көздейтiн публицистика. Әсiресе алтыншы, он бiрiншi, жиырма екiншi, жиырма тоғызыншы, қырық бiрiншi сөздерi памфлетке ұқсайды. Ал Абайдың бiрер сөзi ("бiрiншi сөзi") мемуарлық, кейде күнделiк деректi бiлдiредi. Соның элементтерi байқалады. Мұнда Абай өз жайын, ойын, мақсатын, талаптарын айтып отырады. Абайдың қара сөздерi тек жанры - прозалығы жақынан ғана маңызды шығарма емес, сонымен бiрге, ол өзiнiң тiлi, стилi жақынан да аса маңызды еңбектер.